Пері мен періште

— Иә-иә, көп, өте көп. Бірақ… бірақ айтуға аузым бармайды. Жүрші, оңаша шығайықшы.

Мен орнымнан тұрдым. Екеуміз самолет жаққа беттедік.

— Айтпақшы, сен қашан үйленесің?

— Мені айтасыз ба? — Оған қарап, жай ғана езу тарттым. — Білмеймін, ол жөнінде әлі ойланған емеспін. Қыздар қарамайды. Бірақ, сіздің айтпағыңыз бұл емес сияқты еді ғой.

— Оның рас. Дегенмен, сен өзгеріпсің. “Осында қалыңыз, Құлахметті аяңыз, ол періште ғой, сізді өлердей жақсы көреді, кетпеңіз” деп барын салып, үгіт айтар деп ойлап ем, ол жөнінде ләм демедің, соған риза боп келемін.

— Мұны оңаша шықпай-ақ айтуға болмас па еді?

— Болады, неге болмасын. Өз мұңымды ақтара бермей, сен жөнінде де сөйлейін дегенім ғой… Ал, мұнда да қыс басталып келеді, — деді ол қар тастап тұрған аспанға қарап. — Ал, біздің жақта қақаған аяз.

— Әйтсе де, қалғаныңыз жөн болар еді-ау, Сафура.

— Бірақ, бұл жолы емес.

— Сонда… сіз әйтеуір қайтып келесіз бе?!

— Өзім де анық білмеймін, әйтеуір келетін сияқтымын. Өзің айтқандай, тым болмаса ақыретте пайдасы тиер. Кеше ғана “арғы бетке” талпынып ем, енді ақыретті ойлап келемін. Оһ, жаратқан-ай, енді не болар екен?

— Сізге не болған, сіз неге дірілдеп барасыз?

— Мен… мен екі қабатпын, Сапар…

— На-ғыл-дей-сіз?!

— Иә, солай! Міне, талпынған «арғы бетім». Өттім. Одан да орта жолда суға кетіп, тұншығып өлсемші… О, сорлы басым-ай, ақыры… ақыры келіп жезөкше болып шыққаным ба? Мен Құлахметтің көзіне осы үшін шөп салып па едім, осы үшін оны тірідей көміп кетіп пе ем?! Енді жұрт не дейді! Сұмдық-ай… әкесіз туған бала… Күлу үшін талпынып ем, алдымнан жылау шықты. Енді… енді осы бойы кеткенім ғой. Ол жара жазылмайтын мерезге айналып, жауырыным сызға тигенше маза бермес…

Мен Сафураның иығынан құшақтадым.

— Қойыңыз, Сафура, жұрттың бәрі бізге қарап бара жатыр.

–Қоя алмаймын, қоя алмаймын!.. — Ол иығыма басын сүйеп, бұрынғыдан да қатты жылады, — Сенің… сенің алдыңда жылап қалайыншы, шерім тарқасын. Еркек пен әйел атаулының ішінде менің ең жақыным өзің ғана… Өзге жанға көз жасымды көрсетпей, кеудемде қайғы мен күйініш лапылдап жатса да дүниедегі ең бақытты әйелдей күліп жүруім керек. Жылағанмен бәрібір көп адам түсінбейді, түсінсе табалайды…

Мен енді басу айтқан жоқпын. Мейлі, жыласын, кеудесін от боп өртеп, шоқ боп күйдіріп бара жатқан ащы ызасы мен күйініші жас боп төгіліп, жеңілдеп қалсын.

Сәлден соң самолет аспанға көтерілді де, қызылды жасылды жарығы бір нүктеге айналып, ақыры көзден ғайып болды.

Қош, аяулы Сафура!

Мен таксиге отырып, үйге қарай ағызып келемін.

Құлахмет ағайды бір қуантпақпын. Сафура беріп кеткен сүйікті Нәзікетінің суретін көргенде оның жүрегі жарыла жаздайтын шығар. Мейлі, адам баласының жүрегі жарылса қуаныштан-ақ жарыла берсінші!

Иә, Құлахмет ағай Нәзікеттің суретін көргенде шынымен-ақ талықсып қалды. Еті қашқан арық мойыны басын көтеріп тұра алмағандай жастыққа сылқ ете түсіп, біраздан соң көзін қайта ашты.

— Жары… жарығым… балапаным… Көгершінім менің! Енді мені… сен де керек етпегенің бе?! Мен… мен саған әке боп та жарытпадым-ау! Мына жарық дүниеден тым болмаса саған да ардақты боп кете алмаймын ба шынымен. Өмірімнің бар үлесі осы болғаны ма, осымен біткені ме? — Құлахмет ағай көзін жұмып, суретті кеудесіне қысып, ұзақ жатты. — Жо-жоқ, — деді ол қайта сөйлеп, — олай болмайды, олай болуы мүмкін емес. Олар маған келеді, сөз жоқ келеді. Менің Сафурам ондай тас жүрек емес. Оның кеудесінде мейірім бар, аяушылық бар. Сол мейір бас көтермей, “менің Құлахметім қайда?” деп іздетпей қоймайды. Ол ентігіп біраз жатты да қайта сөйледі. — Мен… мен таңға жетпей өлетін шығармын деп ойлап ем. Сафурам, Нәзікетім еске түскенде өлімді ұмытып кетемін… Мен өлсем, құдай-ау, Сафурам жесір, Нәзікетім жетім қалмақ па? Жо-жоқ, атай көрме, атай көрме! Олар маған сөзсіз оралады. “Папашым, сағындым ғой сені!” деп балапаным мойныма оралады әлі! Ал, олар келмесе бар ғой, — деді ол басын көтеріп, — мен бәрібір, бәрібір өлмеймін.

Құлахмет ағай ахахалап күліп жіберді. Оның кенеттен қатты күлгені соншалық, мен селт ете түстім.

— Не болған сізге, Құлахмет ағай!

— Ештеңе, ештеңе де! Тек, олар келгенше өлмейтін болғаныма қуанып жатырмын, білдің бе, өлмейтін болғаныма! Солай емес пе, ә?

Ол менің жауабымды күтпестен орнынан тұрып, кереуеттен түсті. Етсіз аяқтарының ұзын-ұзын саусақтары мен көйлегінің ашық омырауынан ырсиып көрінген төс сүйектері жан шошырлықтай қорқынышты еді. Ол үлкен кебісін сүйрете басып келіп, маған жақындады да: “Рахмет, рахмет саған, бауырым” деп құшақтай алып, екі бетімнен алма-кезек сүйді. Әлде науқастан ба, әлде тым арық болғандықтан ба, оның саусақтарына шейін оттай ыстық екен.

Мен осы сәтте қуаныш дегеннің не екенін, оның адам баласын қаншалықты бақытқа бөлеп, бойына жаңа күш-жігер қоса алатынын түсіндім. Әлгінде ғана қайраты таусылып, тұруға мұршасы болмай мына дүниеден өзін тұл жетім қалғандай сезініп, үмітсіз халде жатқан ол алыстағы қызының суретін ғана көріп, сау адамдай сергіп кетті. Әрине, оның бұл сергуінің ұзаққа бармайтынын, мұның бәрі жарқ еткен қуаныш пен алыс бір тәтті үміттің уақытша әсері екенін жақсы білдім. Әйтсе де, адам баласының өмір сүруі үшін қуаныш пен үміт қандай қажет еді! Осы сәтте мен оған осында қуаныш әкелгенім үшін өзімді бақытты санасам, Сафураның бұл үйге келмейтініне оның көзі жеткенде, тіпті, келген күннің өзінде өзге біреуден екі қабат болып оралғанын көріп, Құлахмет ағайдың халі қандай боларын ойлап, денем түршігіп кетті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29