Пері мен періште

Құлахмет ағайдың жүрек ауруы қайта қозып, жиі-жиі төсек тартып жатып қала беретін болды. Мұның үстіне, оң жамбасында қалып қойған оқ күн суытқан соң кеселіне кесел қосып, кіріп-шығуына да мұршасын келтірмей тастады. Дәрігерлер операция жасамақ боп талай әрекет еткен, бірақ, оң аяқты жамбастан кесіп тастау өзі сырқат адамға қауіпті болғандықтан, онсыз да он екі мүшесі түгел емес адамды бір аяқтан тағы айыруға тәуекел ете алмады. Және де, жамбаста қалған оқтың өмірге қатер төндіріп тұрмағанын, тек күн суытқанда болмаса жайшылықта жанды қинамайтынын ескеріп, операция жасауды әзірге тоқтатқан. Бүгін де оның сырқаты қозып, сандырақтап жатыр. Ара-арасында мені шақырып алып темекі сұрайды, жұмысымның қалай жүріп жатқанын, ауылдағы ата-анамның амандығын, халін білгісі келеді. Оған жауап беріп болуымды күтпей-ақ: “Осы сен қашан үйленесің, тездетсеңші” деп өтінеді. Сонан соң Орынбордағы туысын еске алып, олардың хат жазбайтындықтары, жат боп кеткендіктері жайлы айтады. “Егер сырқатымнан айықсам сол жаққа барып қайтамын, сені де ала барам. Онда әкемнің інісінің баласы тұрады, қызметі үлкен. Балжан деген бойжеткен қызы бар. Ол ақылды, ажарлы. Саған таныстырамын. Сен оған үйленесің. Ол тамаша қыз!” — деп тамсанып қояды. Мен оның сөздерін мақұлдай беремін, бәріне де келісемін. Құлахмет ағай шексіз риза болып, мені туған бауырынан да артық көретіндігін қайталай береді. Нәзікетін еске алып, “сен сол жаққа барып, бір көріп қайтсаң қалай болады, менің көгершінімнің халін біліп келер едің” дейді. “Құлахмет ағай, алдымен сіз айығып алыңыз, сонда сөз жоқ барамын, әзір сізді жалғыз тастап кете алмаймын ғой” деймін. Ол бұған да риза болып, “әрине, әрине, мен көп жатпаймын, ертең-ақ сауығып кетемін” деп жауап береді.

Осындай бір күні терезені біреу ақырын ғана тықылдатты. Ымырт үйіріліп, даланы қараңғылық басқан шақ еді. Құлахмет ағай көп сөйлеп, жаңа ғана ұйықтап кеткен. Ол селт етіп көзін ашты.

— Сапар, терезені біреу тықылдатты ма?

— Иә.

— Кім екен, сыртқа шықшы.

Мен ауызғы үйге келіп “кім бұл?” деп дауыстадым. Жауап жоқ. “Кім деймін келген?”

Сырттан жауап орнына жай ғана жөтелген әйел даусы естілді. Тани кеттім — Сафура!

Сол сәтте мен қуандым ба, шошындым ба, ұйықтап жатқан жүрегім шошып оянып, лүпілдей жөнелді. Сафураға деген барлық сезімім мен ықыласым қанша суыды десем де, тағдыр айдап тағы бір жерде кездесе қалсақ сырт айналып өтермін деп қанша ойласам да жүрегімнің бір түкпірінде оған деген сәуле қозға көмілген шоқтай жасырын сақталып қалыпты. Мен оны дәл осы кезге шейін, сыртқы есіктің ілгегіне қолымды созып жатқан сәтке шейін байқамаппын. “Бұл кім?” дегенде Сафураның “мен” деуге батылы жетпей, жай ғана бір жөтелгені кеудедегі әлгі бір құпия сақталып келген шоқтың бетіндегі қозды бір-ақ үрлеп ұшырып, оны жарқыратып кеткен секілді. Бірақ, өз сезімімді өзім тұншықтыруға тырысып, сабырлы қалыппен есікті аштым. Сафура басқыштың ең төменгі сатысына да аяқ басуға арланғандай үнсіз тұр екен. Есіктің ашылғанын сезіп ол жоғары қарады да, басын қайта құлатты.

— Сала-мат-сыз-ба, Сафура апай!..

Ол амандасқан жоқ, ишарат та білдірмеді. Ол да, мен де көпке дейін осылай үнсіз тұрып қалдық.

— Сафура апай, бұл не тұрыс, үйге кіріңіз, тоңып қаласыз ғой.

Сафура аз-кем кідірді де, аяғының астындағы басқыш опырылып кетердей жаймен ғана жоғары көтерілді. Ауызғы үйге енген соң еріндерін болар-болмас күбірлетіп: “Құлахмет қалай?” деді. Мен жауап беріп үлгергенше түпкі бөлмеден өзінің жөтелгені де естілді.

Сол кезде барып Сафура жүзіме тура қарады да: “Әлі айықпаған екен ғой” деді.

— Солай…

–Өзім де ойлап ем…

Сафура жай ғана күрсініп қойды.

— Мен қайтайын, бүрсігүні жұмыста болуым керек.

— Сафура апай, мұныңыз қалай? Келмей жатып па?

— Иә. Басқа амалым жоқ. Тек, оның халін біліп кеткім келді.

— Сонда, сіз оны көрмей-ақ, осы ауызғы үйден қайтпақшысыз ба?

— Көргім де келеді, қайтейін, оның жарасын ұлғайта түсемін бе деп қорқамын. Сен менің келгендігім жайлы оған айта көрме.

— Жо-жоқ, мұныңызға мен көне алмаймын, Сафура! Ердей келіп тұрып, жолықпай кеткеніңіз мүлде мейірімсіздік және үйіңізге барған соң да “тым болмаса өз көзіммен бір көрмедім-ау” деген ой бәрібір маза бермейді. Әрине, көрмесеңіз тұра алмайтындай оған ғашық емес екеніңізді білемін, әйтсе де, сонау жақтан арнайы келген соң онымен бір сәтке болса да жүздесіп кеткеніңіз жақсы болар еді. Құдай үшін отырып, тілдесіп кетіңіз, сағынып-сарғайып жүрген жалғыз қызының жағдайын айтып, қуантып кетіңіз.

— Оны қуанту қолымнан келе қоймас. Қарабет боп кетіп ең, қарабет боп қайта келдің деп ойлап тұрған шығарсың, мейлі, еркің білсін, мен онымды өзім де мойындаймын. Бұл жаққа неге келдім, не үшін келдім, сонау жақтан осында жетектеген не мақсат, қандай қиял екені де белгісіз, әйтеуір, бір келіп кетсем деген ой мазамды алып бітті. Осында қимас нәрсем қалған секілді. Кімді қимаймын, неге алаңдаймын — ол да белгісіз. Әлде, байғұс Құлахметке жаным аши ма? Жаным ашығанда енді қолымнан не келеді?.. Әсте, жынданып кететін шығармын…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29