Пері мен періште

Ол тез-тез басып үйге кірді. Сәлден соң біз де кірдік. Құлахмет ағай кереует астынан чемоданын алып, қағып-қағып жіберді де:

— Міне, мынаған бар ғой, дүниенің мүлкі сыяды, қалғандары ана екеуінен артылмас, — деді.

Мен Сафураның қасына келіп:

— Алған бетіңізден әлі де қайтпайсыз ба? — деп сыбырладым.

— Жоқ, — деді ол жұлып алғандай. — Жоқ, жоқ, жоқ!

Сафура ілулі тұрған киімдерін алып, чемоданға қарай ызалана, долдана лақтыра берді. Ол ақ-қарасын ажыратып жатқан жоқ, қолына түскен заттың бәрін салып жатыр.

Бас-аяғы ширек сағаттың ішінде олар жиналып бітті. Құлахмет ағай құрақ ұшып жүріп қара чемоданды толтырды да, қалып қойғандары болса басқа чемоданға тез-тез асығыс салып жатты.

—Түу, маған не көрінген бұл? Сапар, Нәзікетіме деп алған қып-қызыл ленталар мен көйлектерді қайда қойып едім осы? Құдай-ау, Сафураға да алған туфли бар екен ғой, есіңде ме, өкшесі біздей. Сәл болмағанда ұмытып кете жаздаппын-ау. Ә-ә, енді есіме түсті.

Құлахмет ағай өз бөлмесінен ақ матаға оралған заттарды алып шығып, чемоданға сала бастады.

– Сендерді әні келеді, міні келеді деп көп күттім ғой, қуантуға асығып едім ғой мен! Мейлі дә… қайтемін… Менің Нәзікетім биыл оқуға барады. Құлыным менің! Мына көйлектер мен ленталарды көргенде қандай қуанар екен ол!.. Ал, енді жүріңдер…

Осы бір сәт менің көз алдымнан әлі кетер емес. Арада қанша жыл өтсе де дәл жаңа ғана болып өткен оқиғадай жадымда берік сақталып қапты. Құлахмет ағай теңселіп тұрды. Ол ешқайсымызға қараған жоқ. Өкпе-бауырын әлдекім білдірместен суырып алып жатқандай көзін жұмып үнсіз қалыпты. Тыныс алғаны да сезілмейді. Оның жүзінде әбіржу де, қайғыру да, опыну да жоқ, сүйікті Сафурасына, қатыгез Сафурасына деген реніші мен күйініші де жоқ, бәріне көнген, бәріне разы. Лапылдаған қайғысы мен күйініші, бұрқанған намысы мен ызасы, ешқашан орны толмай өтетін азабы мен өксігі, бәрі-бәрі де мейірім мен ізгілік үшін ғана жаралған кеудесінде қамалып, тұншығып жатыр. Ол Смағұлды да, Сафураны да, ешкімді де кінәламайды, ешкімді де қаралап, қарғамайды. “Бұларың адамдық емес, хайуандық!” — деп даурықпайды да. Бәрін үнсіз көтереді, әл-қуатының жеткенінше шыдап бағады. Ет жүрегі суға түскен кесектей езіліп, жаншылып, ішкі дүниесіне қара қан боп тамшылап таусылғанша төзіп бағады.

— Қане, жүрелік, — деді Сафура өлі тыныштықты бұзып. — Смағұл, сен нағып қалшиып қалғансың, болсаңшы!

— Ә-ә, шынында да… мен өзі… япыр-ай, не боп барады бұл? Қане, Құлеке, қоштассақ па екен?

Ол Құлахмет ағайға жақындап қолын ұсынды. Бірақ, Құлахмет ештеңе сезбегендей үнсіз тұра берді.

— Қ-қош болыңыз, Құ-леке, — деді Смағұл. Үні дірілдеп әзер естілді. — Қо-қош болыңыз!..

Олар үш чемоданды көтеріп, өлік шығарғандай үнсіз жүріп кетті. Үйде Құлахмет ағай екеуміз-ақ қалдық. Ол әлі қимылсыз. Осылайша екеуміз ұзақ тұрдық. Бір кезде сырттан дүрсілдеген адам аяғының дыбысы естілді де әлдекім есікті жұлқа тартып, қатты ашып қалды. Мен селт етіп, келген адамға жалт қарадым. Бұл келген Смағұл еді. Ол ентігіп, жүгіріп барды да, өлген адамдай әлі қалшиып тұрған Құлахмет ағайдың тізесін құшақтап құлай кетті.

— Кешіріңіз, кешіріңіз мені! Бұлай болады деп мүлдем күтпеп ем. Керегі жоқ, керегі жоқ маған мұндай бақыттың. Естіп тұрсыз ба, керегі жоқ! Кеше көріңіз мені!

Құлахмет ағай оны иығынан ақырын көтеріп тұрғызды да, қолын жай ғана сілтеді.

— Барыңыз.

— Жо-жоқ, мен сізді мұндай халде қалдыра алмаймын, оған арым жетпейді.

— Барыңыз, — деді Құлахмет ағай оның сөзін бөліп. — Сафураны қорламаңыз. Барыңыз.

Ақырын айтылса да бұл сөздер өктем естілді. Смағұл оның алдында қалтырап ұзақ тұрды да, есік жаққа қарай шегіне берді. Ол шығып кеткен соң Құлахмет ағай: — Сен де бар. Шығарып сал, — деді күбірлеп.

Бұл сәтте оның дегенін екі ету мүмкін емес еді. Мен далаға сытылып шықтым да, олардың соңынан жүгіре жөнелдім. Көшеде жүргіншілер аз екен. Таң атып, маңай түп-түгел күміс нұрға малынып қапты. Алатаудың арғы бетінен қайнап шығып жатқан таң сәулесі бірте-бірте күшейіп, зәулім теректердің ұшар басына қонақтап жатыр. Көше-көшені қуалап, емін-еркін сайран салып жүрген жібек самал салқын алақанымен бетті аймалайды.

Мен оларды екі көше өткен соң қуып жеттім. Сафура үлкен қайыңның түбінде қолымен бетін басып, жылап отыр екен. Екі иығы солқ-солқ етіп, ауық-ауық көз жасын бет орамалымен сүртіп қояды. Смағұл екі қолын артына ұстап, үнсіз тұр.

— Шығарып салуға келдің бе? — деді Сафура өздеріне жақындағанымда маған бетін бұрып.

— Иә.

— Керегі жоқ, әуре болмай-ақ қой. Біз қастерлеп, шығарып салуға тұратын жандар емеспіз.

Адам жауына да құрмет көрсетеді, ал сіздер жау емессіздер, бақытын іздеген жансыздар ғой.

— Сен тым болмаса осы жолы келеке етуіңді қойсаң етті… Сорлы Құлахмет… — Сафура егіліп жылап жіберді. Бұл жолы оның даусы қаттырақ шықты. — Сен… сен мені мазақ етпе. Мен… онсыз да тағдырдың тәлкегіне ұшыраған әйелмін. Ой, құдай-ай, маған арнаған сыбағаң –көз жасы мен азап қана ма еді?!..

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29