Өкпек жолаушы

Ас үйге қарай жүре беріп еді, әлдекім сыртқы есікті ашып кіріп келе жатқандай көрінді. Жүрегі лүпілдеп солай қарай бұрылды. Ешкім де жоқ. Көңілі орнына түсіп, дәліздің ұмыт қалған лампасын өшіре беріп еді, қаракөлеңке бұрыштан әлгі еркек күлімсіреп қарап тұрғандай көрініп кетті. “Тиіп-қашып қайғы-шерімізден хабар бергеніміз болмаса, бір-бірімізді танымаған күйі аттанып барамыз” деген қоңыр дауыс естілгендей болды. Ол өзі-өзінен шошып кетті “Құдай-ау, бұл… бұл әлгі кісінің сөзі ғой. Иә-иә, дауыс та соның дауысы!”

Зейнеп ішке қайта кіргенде көзі еріксіз стол жанында тұрған орындыққа түсті. Дәліздегі бейне мен стол басындағы бейне қайта елес беріп өтті. Сонда барып ол өзі ісінен өзі күдіктеніп, ішкі дүниесіндегі қым-қуыт, бейтарап күйге құлақ түргендей, бөлме ортасында аңтарылып, қимылсыз қалды.

Ол осылайша ұзақ тұрды. Ұзақ тұрып тапқаны — әлгінде өзі қорыққандай сырқат емес екендігі, ал әр жерден қараңдап көрінген елес болса, бұл үйде ешқашан бөтен еркектің болмағанынан шығар деп түйді. Ол осы кезге шейін сан рет жалғыз қалып, сан таңды жалғыз өзі көзімен атқарған-ды, бірақ соның ешбіреуінде де дәл осындай жалғыздық сезінбеген сияқты.

Үйге сыймай бара жатқан соң, құдасының үйіне телефон соқты. Төрт-бес рет қоңырау берілгеннен кейін барып біреу трубканы көтерді де, “әл-о-оу” деп даусын әндете созды. Зейнеп құдағиы екенін тани кетті.

— Ә-ә, құдағи, сәламатсыз ба, бұл мен ғой. Ертайдың мамасы. Аман-есенсіздер ме, құданың дені сау ма? Иә, жаман емес, рахмет. Мен ана Ертайдың жағдайын білейін деп едім. Күндіз келеміз деп еді, кеш болды, екі көзім төрт боп әлі күтіп отырмын, өздері үйден шықты ма? Ұйықтап жатыр?! Ойбай-ау, екі кештің арасында ұйықтағаны несі? Қазір шыққалы жатырмыз, деп бір сағат бұрын ғана телефон соғып еді ғой Не? Қызу? Қызуы несі? Ол неге арақ ішкен? Әлгінде ғана сап-сау еді ғой. Е, жоқ-ә, сіздерді жығып салып аузына құйды деп отырған ешкім жоқ, бірақ ішуді мүлде қойып жүр еді ғой. Құдай-ау, осы жасқа дейін көргені аз болды ма екен оған! Өзі қайда? Оянбайды? Келін ше? Ол үйде ме? Түк түсінсем бұйырмасын, оны ұйықтатып тастап өзі қайда кетіп жүр? Енді… енді… құдағи-ау, келін ағасымен бірге қонаққа барғанша күйеуімен бармай ма, немесе екеуі үйге келмей ме? Ана бала сонда ұйықтағанша осында кеп ұйықтаса болмайтын ба еді.

Оятыңызшы өзін! Оятыңыз деймін!.. Құдағи, бала менікі, оят деген соң оятыңыз! Үстіне мұздай су құйып оятыңыз! — Ар жағындағы ашулы құдағиы күйеу баласын оятуға кеткен болуы керек, телефон трубкасы әлденеге соғылып тықыр-тықыр ете түсті де, жым-жырт боп кетті. “Әй, мынау оған шынымен суық су құйып жүрер ме екен?” — деді Зейнеп дауыстай сөйлеп. Бұл ойынан өзі шошынып, телефон трубкасына: “Әй, құдағи, су құймай-ақ қой, оянбаса құрып кетсін” деп айғайлап еді, ана жақта ешкімнің жоқ екені есіне түсіп, “өй, бар болғыр, кетіп қалған екен ғой”, — деп қайта сөйледі.

Сәлден соң ар жақтан құдағиы қайтадан “әло-оу” деп әндетті.

— Не болды, оянбады ма? Тұрған бетте телефон соғамын деді? Демек, ояу екен ғой! Ұйқысырап жатып сандырақтады дейді? Қап, мынаның қылығын-ай, ә. Осыдан көзіме көрінер ме екен? Жарайды, құдағи, ренжімеңіз. Тұрған бетте өзі хабарлассын, мен енді сіздерді мазаламай-ақ қояйын. Жақсы, сау болыңыз!

Зейнеп   трубканы қойды да, үй ішінде сенделіп арлы-берлі жүріп алды. “О намыссыз, — деп күйінді ол тағы да өзімен-өзі сөйлеп. — Келін тойға кетеді, бұл ұйыктап жатады. Ойбай, жетесіз-ау, неғылған ұйқы ол алып бара жатқан а? Өліп бара жатса осында кеп ұйықтамай ма? Ойпырмай, қашан ақыл кіріп, қашан адам болады бұл» Осы кезде телефон шылдыр ете түсті. — Ой, жаным, оянған екен ғой! — Ол жүгіріп барып трубканы көтерді. — Ертай, Ертайжан!.. — Зейнеп мүдіріп қалды. — Кім? Ә-ә, сіз бе едіңіз? Телефоннан даусыңыз мүлде басқаша естіледі екен. Атыңызды келген бетте бір рет айтқансыз, бірден есіме түспей қалғаны. Иә, көп сөйлестік! Әлгі баланың шаруасы ғой. Иә, әлі келмей жатыр. Ұйықтап… а… нетіп, былай заттарын жиыстырып болмай жатқан көрінеді. Иә, самолетіңіз уақытылы ұшатын болды ма? Үш сағатқа кешігетін болды? Әбден әбіржіпсіздер ғой. Үйге келіңіз. Үйге келіңіз деймін. Мен… сіз кеткен соң бір түрлі… жалғызсырап қалдым. Жалғызсырап деймін. Иә. Ой, қайдағы    тәйірі! — Зейнеп қарқылдап күліп алды. — Қорықтым. Тасқын боп кете ме деп қорықтым. Жауынның түрі жаман ғой тегі. Әлі күн күркіреп тұр. Естіле ме сізге? Жоқ? Неге? Міне, тыңдаңыз, — Зейнеп трубканы құлағынан алып, ауаға тосты. — Ешқайда кеткен жоқпын, күннің күркірегенін есітсін деп, трубканың мына сөйлейтін жағын терезеге қараттым. Иә, иә, естілді ме? Ой, жарайды, өздеріңіз, жақта күркірейтін шығар соны тыңдарсыз. Бұрынғы бір сағат, қазіргі үш сағат, төрт сағат бойы не істейсіз сонда? — Зейнептің даусы налығандай кілт баяулады. — А-ау, қонақ үй деңіз. Иә-иә, ол жер жайлы ғой. Барыңыз. Жо-жоқ, ренжіп құдай сақтасын. Білмеймін. Тағы телефон соғатын болды ғой. А? Немене? Асықпай жөндеп айтсаңызшы, не дейсіз? Е-е, тәйір-ай, онда тұрған не бар. Оның неменесіне ұяласыз? Келем десеңіз келіңіз, есік ашық. Әрі-беріден соң үй сіздің үй емес пе?.. Жарайды, келе беріңіз.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29