Өкпек жолаушы

Айтөре әзілінің орынсыз шыққанын, оны Зейнептің тым ушықтырып жібергеніне таңданып, сыбырлағандай ғана:

— Кешіріңіз, — деді естілер-естілмес. — Бұл сөздің сізге ауыр тиетінін байқамай қалдым. Көп болды ма?

— Ол қайтыс болғанда үлкен ұлым он бірде, ең кішісі төртте болатын. Жасы, — ол Айтөреге көз тоқтатып қарап шықты, — жасы сіз құралпы ғой деймін. Сіз нешедесіз? Еркектің жасын сұрауға болатын шығар?

— Неге болмасын, болады ғой, — деп күлді Айтөре галстугін жөндеп қойып. — Алпыс бестемін. Пайғамбар жасынан астым. Япырым-ай, қазір өмір сүрсе пайғамбар да пенсияға шығады екен-ау!

Оның бұл әзіліне ас үйдегі Зейнеп қатты күлемін деп бір кесесін жерге түсіріп алды. Кесенің быт-шыты шықты. Оның бір сынығы Айтөренің алдына кеп түсті. Айтөре оны жерден көтеріп алды да, әлі күлкісін тыя алмай тұрған Зейнепке қарап:

— Жақсылық болады екен, — деді дауыстап.

— Айтқаныңыз келсін! — Ол алжапқышына қолын сүртіп, бәтеңкесін кигелі жатқан оған жақындады. — Далада жаңбыр құйып тұр, мұндайда таксилер тапшы болады, күтіп қалуыңыз мүмкін-ау.

— Ештеңе етпес, кез келгеніне қол көтерермін. Бұл жолы өткендегідей далада үй іздеп көп жүрмеймін ғой.

— Сонда да болса, кім біледі, суық тиіп ауырып қаласыз ба? Суықтың іздейтіні кәрі дене ғой. Ім… м, мынаны ала кетіңіз. — Зейнеп киім ілгіштің үстінде тұрған қол шатырын ұсынды.

— Өзіңіз ше?

— Мен үйдемін ғой.

— Ертең ше, бүрсігүні ше? Оның арғы күні? Немесе, бүгіннен кейін Алматыда жаңбыр болмай ма?

— Е, болса алармыз. Бүгіннен кейін Алматыда дүкендер де жабылып қалмайтын шығар. Алыңыз. Бала-шағаңызға ауырмай жетіңіз. Үйіңізді көрдіңіз, көңіліңіз жайланды, талай нәрсені еске түсірдіңіз. “Екеуміз үйленген ескі үйде болдым, жастық шағымызды еске алдым. Онда пенсияға жаңа ғана шыққан бір әже тұрып жатыр екен, қолынан шай іштім, сәлем айтып жатыр” дейсіз. Жолдарыңыз түссе, тағы келіңіздер. Япырым-ай, костюміңіздің омырауы әлі дымқыл ғой деймін. — Зейнеп оның жағасын сипап көрді. — Иә, әлі кеппепті. Манадан бері ойыма түссе ғой, ыстық өтекпен бір-екі жүргізіп жіберер едім. Шешіңіз, әлде де болса өтектеп берейін.

— Жоқ, рахмет, — деді ол “ризамын” дегендей көзін жұмып, басын изеп. — Сізді онсыз да күтпеген жерден біраз әбігерге түсірдім. Сау болыңыз. — Айтөре қоштасқалы Зейнепке қолын ұсынды. Қол алысып қоштасуды күтпеген Зейнеп табан асты сасқалақтап, алжапқышына алақанын керегі болмаса да бір сүртіп алды да, оған қолын созды. Әрі дымқыл, әрі жылы, әрі жұмсақ Зейнептің алақанын Айтөре тез жібере қоймай біраз ұстап тұрды да, әйел атаулыға біткен табиғи ұяңдықпен қымсынып төмен қараған оған тура қарап:

— Тиіп-қашып қайғы-шерімізден хабар бергеніміз болмаса, бір-бірімізді танымаған күйі кетіп барамыз. Кетіп барамыз емес, мен кетіп барамын, сіз қалып барасыз, — деп Айтөре өз сөзін күле түзеді. — Аз отырсақ та, ашық сөйлесіп, танымайтын адамға ашық қабақ таныттыңыз. Ал басқа не айтамыз, келесі бір жолы жөндеп танысармыз. — Ол Зейнептің қолын қысып, құшырлана сілкіп қойды. — Жолыңыз түссе бізге келіңіз!

— Иә, барамын, барамын! Мұзды мұхит  жаққа күнде жолым түсіп тұрады ғой, — деп ол да әзілге әзілмен жауап берді.

Айтөре тағы бірнеше дүркін бас изеп, “сау болыңыз” дегенді екі-үш қайтара айтты да, шығып кетті.

Есік сарт жабылды. Үйде құлаққа ұрғандай тыныштық орнады.

Ол есік алдында көпке дейін қимылсыз тұрды. Бірінші қабаттағы әлдекімдердің қысқа ғана сөйлескендері естілді де, әлдеқалай бір есік сарт жабылып, бәрі де қайта тынышталды.

Зейнеп ас үйге кірді. Еденде шашылып жатқан кесе сынықтарын көрді. Сол кезде құлағына “жақсылық болады екен” деген Айтөренің жанға жағымды қоңыр даусы естілгендей болды. Ол қалақ әкеп, кесе сынықтарын сыпырып алды да, іргедегі шелекке тастады. Сонан соң ортаңғы бөлмедегі столға жақындады.  Өзі отырған орындыққа көзі түсті. Неге екені белгісіз, сол орындыққа қайта отырғысы келді. Ол өзінің көңіл-күйіндегі бұл секілді өзгерістің неге, неден екенін түсінбеді және оның басына “неге” деген сұрақ та келе қоймаған-ды. Үйдегі өлі тыныштық оның жанын құлазытып, барған сайын сабырын ала берді. Іштегі кенет оянған беймаза бір сезім бірте-бірте күшейіп, көгені ағытылған қозылардай сәлден соң тұс-тұстан жамырай бастады. Ол мұның бәрін өзінше жаман ырымға жорып, алдағы күндердің жақсылығын тіледі. Секемшіл көңілі әр саққа бір жүгіріп, әр жамандықтың алдынан шығып байқап көріп жатты: ол  тым ұзаққа созылған жаңбырдан қорықты, жан-жақта жүрген балаларының жағдайын көзіне елестетті, тым кешігіп, үнсіз кеткен. Ертай аман ба екен деп те ойлады. Телефонға келді. Трубкасын құлағына   тосып көрді, дыңылдап мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Кері бұрылып телевизор жаққа беттеді. Сол сәтте өзі отырған әлгі орындыққа көзі түсті. Құданың құдіреті, сол орындыққа отырғысы келген сезім қайта оянды. “Ал отырайыншы, — деді ол өзінен-өзі іштей күбірлеп. — Мұнысы несі екен?” Ол ескі орнына жайғаса берген сәтте қарсы алдынан ер адамның тұлғасы көрінгендей болды. Ол өзінен-өзі селк ете түсті. “Бұ не бұл? Ауырып қалғаннан саумын ба? ” Лезде қайта тұрып кетті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29