Өкпек жолаушы

— Әлгі бала қайда кетті? Министрдің баласын айтам?

— Ол қайда кетуші еді, жүрді ғой тайраңдап. Өзіне де, әкесіне де жолықтым. Қайда-а, олар менің сөзімді тыңдаушы ма еді. “Балаңыздың төбелескені рас па, рас, өзі мойындап хат жазды ма, жазды, енді бізге неғыл дейсіз” деп баласы да, әкесі де мені маңайына жолатпады.

— Сатқындар! — деді Айтөре кіжініп. — Адалдықты аттап, тазалықпен аяқ сүртіп, күн көргендер! Ертеңгі күні Отанын сататындар да солар. Әттең олардың арамдығын дәлелдей алмайсың! О-о, мына өмірде ондайлардың қаншасы жүр десеңші! Оған қапа бола-бола үйренгенбіз, қарынд… Айтпақшы, сіздің жасыңыз менен әлдеқайда кіші болар, қарындас десем ренжімессіз.

Жылап отырған Зейнеп көзін сүртіп орамалын тез төмен түсірді де, күліп жіберді. Соған қарағанда, ескі қайғы қанша көңілді босатқанмен, реті келгенде тез ұмытыла салатын болуы керек.

— “Бір шалды бір шал «жезде» дейді” демекші, қайдағы қарындас! Шашы ағарған адамды қарындас деу, сиырға ер салғандай ерсі емес пе тәйірі!

— Мәссаған! Манадан бері дәмдес-тұздас боп, біраз әңгіменің тиегін ағытып үлгірсек те, сіздің атыңызды сұрамаған екенмін-ау. Иә, атыңыз кім болады, қарындас? — Айтөре “қарындас” деген сөзді әзілге бұрған боп, әдейі көтере айтты.

— Атым — Зейнеп. Бірақ мені білетін жұрт “Әже” дейді. Зейнеп деген үлкен әжеміздің аты екен. Жарықтық жүз үш жасқа келіп, алжымай өліпті. Қазақтар өзінен үлкен адамның атын атамайды емес пе, соны білген бір ағамыз менің атымды бүкіл ауыл боп атай алмай жүрсін деп, әдейі осылай деп қойыпты. Бүкіл ауылдың менің атымды атай алмай тосылып қалғанына әуелгіде мәз болған әлгі ағамыздың қуанышы ұзақка бармапты, ойы ұшқыр жеңгелеріміз үлкен әжелеріне ұқсатып мені “Әже” деп атап кете барыпты. Бір жасымда әже болғам, содан күні бүгінге дейін әжемін, ал сіз мені қарындас дегіңіз келеді! — Зейнепке өз атына байланысты елдің әу баста дүрліккені ұнайтын болуы керек, осы әңгімені айту үстінде ол уайым-қайғысы жоқ, төрт құбыласы тең әйелдей өзін мейлінше көңілді ұстады. Оған осылай ашық-жарқын отырған сәт ерекше жарасатынын, күлкі бар болмысы мен бет-әлпетін әрлендіріп жіберетінін, бірақ оның мұндай бақытты кездері өмірінде тым сирек болғанын Айтөре көңіл көзімен шалып өткендей болды. Ішкісі келмесе де, әлгінде құйған жылымшы шайды сирек ұрттап, кесе түбінде көз құлатып, бір сәтке үнсіз қалған осы әйел кесеге емес, өзінің артта қалған сан-сапалақ өмір жолына үңіліп кеткендей әсер қалдырды. Әрі әже, әрі қарындас боп, шай құйып отырған тап осы шаққа жеткенше бұл әйелдің мына тіршілікте зейнеттен гөрі бейнеттің, қуаныштан гөрі реніштің, жеңістен гөрі жеңілістің дәмін молырақ татқанын, әйтсе де, солардың бәрінен мойымай, мүжілмей, тозбай аман шыға білгенін, “Өмір” деген үлкен мектептің барлық “пәнінен” сабақ алып шыққанын, күресу, жеңілу, қорлану, көну деген ұғымдармен жиірек қоңсы қасиет тапқан жан екенін де Айтөре осы сет байқап үлгерді. Бұл әйелдің өмірі оған бітпейтін жырдай, таусылмайтын тарихтай боп көрінді. Осы бір сәт жан дүниесінің сонау-сонау тереңінен оған деген нәзік бір ықылас, аяушылықпен астасқан жазғы тұмандай әрі жеңіл, әрі жылы мейірім булыға көтеріліп келе жатты.

— Солай, — деді Зейнеп көрген-білгеннің қайсыбірін айта бересің дегендей терең күрсініп. — Самолетіңізге қанша қалды?

—  Ойбай-ау, әжей-ау, самолетті ұмытып кетіппін ғой! — Айтөре бір күліп алды да, сағатына қарады. — Мұндайда уақыт деген дүлдүл боп кетеді. Әні-міні дегенше қырық минут өтіпті. Бағана аэропортта отырған кезде бір минут бір жылдай боп еді. Қой мен енді солай қарай жылжи берейін. Балаларыңыздың біреу-міреуі кеп қалса, ұят боп жүрер.

— Мен де содан аздап қысылып тұрмын, кім біледі, тентек неменің тілі тиіп кетіп жүре ме? Әйтпесе, біраз отыра тұруыңызға да болушы еді. Аэропорт деген біздің — ол сәт жымиып қойды, — немесе, сіздің үйден тиіп тұр. Такси деген ағылып жатыр. Немесе, отырыңыз, ет асайын.

— Е-е-е, көңіліңізге мың да бір рахмет! Жаңбыр болса мынау, — ол терезе жақты иегімен мегізеп қойды, — әлі сабалап тұр. Осындай күні далаға шықпай-ақ, сіздің дәмді шайыңызды ұрттап, қасыңызда отыра бергенге не жетсін! Ертең дүйсенбі, сіз жұмысқа баратын шығарсыз.

— Сіз мені мүлде жасартып барасыз ғой тегі. Қайдағы жұмыс! Оны қойғалы бір ай болды. Бір айдан бері пенсиядамын. Әні, сіздің қарындасыңыз бүгінде солай, ағасы, — деп Зейнеп күліп алды да, кесе-шәйнектерін жиыстыра бастады. Оған Айтөре де қосыла күлді. Күліп болған соң:

— Япыр-ай, ә, сізді пенсияда деп ешкім ойламайды, —деді.

— Бүгін ғана паспорт алған қыз деп ойлайтын шығар? — Зейнеп ыдыс-аяқтарын баяғы подносқа тиеп, ас үйге қарай алып кетті.

— Жас кезіңізде жігіттердің аузын аштырмайтын тілді болғансыз-ау, — деді Айтөре ол кеткен жаққа бұрылып. — Байқаймын, ағайға оңай тимеген болуы керек.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29