Өкпек жолаушы

— Көнім кеуіп қапты-ау! — деді ол рахаттана күлімсіреп.

—  Ішіңіз тағы.

Айтөре кесесін қайта ұсынды.

— Қызық-ақ, — деді ол басын шайқап. — Қырымда демалып жатып дәл осындай үнді шайын, дәл осындай шәйнекке, дәл осындай суға демдеп талай іштім. Бірақ әйел қолынан шыққан шай мүлде бөлек болады ғой деймін.

Көлденең адам өзі демдеген шайын мақтағанына Зейнеп іштей риза боп қалды.

— Кейде судан да болады ғой, — деп ол кішірейе жауап берді.

Осы кезде күні бойы үнсіз тұрған телефон шар ете түсті. Оқыс шыққан дауысқа екеуі де жалт қарады да, Зейнеп орнынан ұшып тұрды.

— Әлгі бала шығар, Ертайды айтам. Өздері кеп қалу керек еді, неге телефон соқты екен? — Ол жүгіріп барып, трубканы көтерді.

— Әлоу, иә! Мен ғой, не болды? Неге кешігіп жатсыңдар? Неге кешігіп жатырсыңдар деймін? Таңертең шығамыз деп едіңдер, кеш болды ғой, жаным-ау! Жұмыс? Неғып бітпейтін күйбең ол? Келін қасыңда ма? Кімді? Ағасын күтіп отырмыз? Қайдан келу керек еді? Айналайын-ау, көрмей жүрген ағасы емес, ертең қайта барып шығуларыңа болады ғой. Көп кешікпеңдер! Жарайды. — Ол трубканы орнына қойып, стол басына қайта келді.

— Осы бала да менің шашымды мезгілсіз ағартып бітті әйтеуір, — деді ол Айтөренің баяғыда босап қалған кесесіне шай құйып жатып. — Біресе анда тұрам дейді, біресе мұнда тұрам дейді. Әйелі қайда айдаса, солай қарай томпаңдап бара жатқаны. Қазіргі жастар әйелдеріне қарап қарсы сөз айта алмайтын мәнжубас боп кетіпті ғой. Адамның намысын келтіреді. Өй, жігерсіз!

— Кенжеңіз бе?

—  Иә. Оны қайдан білесіз?

— Солай шығар деп топшылағаным ғой. Менің тұңғышым тентек болды. Ойбо-ой, оның маған көрсетпеген құқайы жоқ! Тіпті, соның кесірінен түрмеге де түсе жаздадым.

— Не дейді, құдай-ау! Сіздің не кінәңіз бар еді?

— “Баласына дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін!”

— Ол не істеп қойып еді?

— Не істеді деріңіз бар ма? Тентектік қой баяғы! Көлге шомылуға бір қора қыз-жігіт боп барады да, көңіл көтеру үшін ащы судан біраз ұрттаған ғой. Әбден көңілденіп, бірін-бірі суға лақтырып ойнайды. Біздің бала мен тағы бір жолдасы “сен неге суға түспейсің” деп, қыздардың қасынан шықпай қойған бір жігітті бас салып ұстап алады да, екеуі екі аяқ қолынан ары-бері салмақтап-салмақтап тұрып көлге лақтырып кеп жібереді. Әлгі бала әлі шығады әлі жоқ, бері шығады бері жоқ, жым-жырт болады да кетеді. Бізді қорқытқалы су түбінде әдейі жатыр деп олар аңтарылып біраз күтеді. Ол көріне қоймайды. Жігіттер мен қыздар абыржи бастайды. Екі-үшеуі суға қойып-қойып кетіп, тұс-тұстан іздеуге кіріседі. Төрт-бес минуттан соң оны су түбінен тауып алады. Жігіттің аяқ-қолының сіңірі тартылып қалған көрінеді. Ол жедел жәрдеммен ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс бопты. Ары қарай белгілі ғой, екеуі де түрмеден бір-ақ шықты. Жігітті суға лақтырған екеуді айтам. Мені қызметтен төмендетті. Е-е, сүрінгенімді аңдып жүрген кейбір қулар, сол оқиғаны тәп-тәуір-ақ пайдалана білді ғой. Адамдардың күресінде аяушылық бар дейсің бе?

— Енді о балаңыз… азамат боп кеткен шығар?

— Болды ғой, — деп Айтөре сөзін қысқа қайырды. — Одан оның жолы болмай-ақ қойды. Мұзға жығылған түйедей, орнынан қалт-құлт тұрып келе жатса, қайта жығылады…

Зейнеп Айтөренің қатты күйзеліп кеткенін көріп, ол баланың одан арғы тағдырын сұрауға батылы жетпеді.

Екеуі сөзді қалай жалғастырудың ретін таппай, біраз үнсіз отырып қалды. Айтөре өзінің әлгі сөзінен кейін үй иесінің қатты қобалжып, сабыры кете бастағанын сезді. Оны бұл өзінше, менің тез кетуімді күтіп отырған шығар деп шешті де, босаған кесесін алдына қойып, “болдым” дегендей алақанымен оның бетін жапты.

— Ішіңіз, — деді Зейнеп ақырын ғана. Оның бұл үнінде өтінуден гөрі сыпайылық сарыны басымдау жатыр еді. Айтөре қалтасынан орамалын алып, аузын сүртіп, енді рахмет айтқалы оңтайлана бергенде, Зейнеп:

— Менің әлгі… ортаншы ұлым да, ой, әупірім тәңіріммен әрең адам болды ғой, — деді күрсініп. — Аяғын тәй-тәй басқаннан ұрыншақ болды, әлі ұрыншақ. Ол да бір рет қамалып шықты.

— Не үшін?

— Төбелес дағы баяғы. Бәріне себепкер — әлгі тентек су. Енді ішуді тоқтататын заң шыққан соң адам болмаса, біздің қазақтың жігіттері ақымақ, боп кетті ғой. Не іше білмейді, не көңілдене білмейді. Ауыздарына бірдеңе тиіп кетсе, орынды-орынсыз жұдырықтарын ала жүгіреді. Сөйтіп, ойнақтап жүріп қой, әлгі біздің баланың да от басқаны. Қостанай жаққа астық жинауға барғанда солдаттармен төбелесіпті. Бір солдаттың көзі шығып, бір құлағы жұлынып қалған дей ме, сондай бір шатағы бар. Ауданнан милиса кеп, бәрін қамауға алыпты дейді. Бірнеше күн тексерген көрінеді. Араларындағы бір баланың әкесі міністір дей ме, үлкен бір қызметкер екен. Сол бала біздің балаға айтыпты, “төбелесті бастаған да мен, әлгі солдаттың көзін шығарып, құлағын жұлып алған да мен” деп бәрін мойныңа ал, мен құтқарып алам. Ал сендермен бірге мен отырсам, бізді ешкім де құтқара алмайды” депті-міс. Біздің аңғал бала иә” деген ғой. “Бәрін істеген мен, солдаттың көзін шығарған да мен, құлағын жұлып алған да мен” деп, өз қолынан қағаз жазып, қол қойып беріпті. Содан не керек, бәрі құтылыпты да, бұл тұтылып қала берген. Оны құтқарған да, құтқарам деп әрекет жасаған да адам болған жоқ. Шырылдап жүгірген мен ғана. Менің неге шамам келеді, шамамның жететіні екі көзім ғана дә, баяғы. Көз жасымды көл қылып, анда шапқыладым, мында шапқыладым, бәрі зая кетті. Баламның алданып қалғанын, төбелестің ішінде жүргені болмаса, оның ешкімге қол жұмсамағанын, бірінші бастамақ түгілі жанжал шыққан жерге жұрттың соңынан жеткенін, шыққан көз бен жұлынған құлақ туралы милиса келгесін ғана естігенін айтып, талай адамның алдына бардым. Баламның өз қолынан жазып берген қолхаты таудай бәле болды. Заңның аты — заң, одан ешкім аттай алмады. Баламның ол қолхатты біреудің алдауымен жаза салғанын бәрі біледі, бәрі түсінеді, бірақ амал бар ма, қаламмен жазғанды қылышпен шаба алмайсың деген сол. Содан сотталып кетті. Алты жылға кесілді. — Зейнеп баласы дәл бүгін сотталғандай иығы солқ-солқ етіп, егіле жылады. Халатының қалтасынан үлкен шаршы орамал шығарып, лезде бетін жуып шыға келген жасын, мұрнын сүртті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29