Өкпек жолаушы

Зейнепке бейтаныстың өз өміріне жасаған шолақ шегінісі ерекше әсер етті. Осы бір қысқа ғана сөзден, қысқа ғана еске алудан әңгіме иесінің мейірімділігін, жан дүниесінің тазалығы мен жақсы қасиеттерге байлығын, кешірімділігі мен дарқандығын, өмірге биіктеп қарап, қыбыр-қыбыр тіршіліктегі жақсылық атаулыны көре білетін, бағалай білетін адам екендігін байқап өткендей болды. Жақсыға жаттығы жоқ боп көрінген осы бір жайдары адамның манадан бері су костюм, дымқыл көйлекпен сыпайы қалтырап тұрғаны оны өз ойының алдында ыңғайсыз сезіндіріп кетті.

— “Адам мен адам сөйлескенше” деген, күні бойы алушы мен аңдушыдай қақиып тұрғанымыз ыңғайсыз болды-ау. Танымайтын адамдар түнгі судай бір-біріне салқын келетіні бар, оны жылататын да сол сөз шіркін. Сіз келген кезде шайды аузыма апарғаным сол еді, самолетіңізге біраз уақыт бар екен, бір-екі кесе шай ішіп, бой жылытып кетіңіз.

— Япыр-ай, мен шишамын ба, әлде сіздің көзіңіз өткір ме, адамның не қалап тұрғанын қайдан біле қоясыз, — деп Айтөре әзілдеген боп күле сөйледі. — Самолеттен қалып қалсам да, екі кесе ыстық шайдан бас тартпас едім.

— Онда жүріңіз… а, жоқ, жердің түбінен келген кісіні алақандай ас үйге тықпай-ақ шайды осында әкеле қояйын. Отыра тұрыңыз. — Зейнеп диванды көрсетті де, ортада тұрған столға клеенка жапты. — Қазір алыста болғанмен, осы үйдің алғашқы иесі сізсіз. Өз үйіңізден өзіңіз дәм татып кетіңіз. — Бұл сөзге екеуі де қосарлана күлді.

Айтөре бірнеше минутқа жалғыз қалды. Ыдыс-аяқтың сылдырлағаны естілмесін деді ме екен, Зейнеп ас үйдің есігін жауып алған соң бөлмеде тыныштық орнады. Тек сырттағы гу-гу етіп ұйытқи соққан жел мен сол желден көтеріліп, терезені ауық-ауық соққан жаңбыр тамшыларының сытырын ол талай-талай естіп еді-ау! Дивандары да тап осы жерге орналасқан-ды, өйткені    бұдан басқа орынға диван қоюға да болмайтын. Ескі диванның есік жақ шетінде қимылсыз отырған Айтөре бір сәт өзін әрі мүлде жат адамдай, енді бір сәтте осы үйдің күні бүгінге иесіндей сезінді. Уақыт! Сол уақыттардан құралатын адам өмірі-ай десеңші! Бір қарасаң олардың бұл үйден көшіп кеткеніне бір ғасырдай уақыт өтіпті, енді бір ойлап қараса, бәрі де күні кешегідей ғана. Әне, ана бөлмеден қазір анасы шыға келетін сияқты. “Құлыным-ау, келіп қалдың ба! Диванның бір бұрышында неге тұнжырап отырсың, үстің су ғой” деп оған құрғақ көйлек кигізіп, ағарған шашын сипайтындай. Мұның жасы алпыс беске келмек түгілі жүзге келіп, егер ол тірі болса, бәрібір оны құлыным дер еді-ау! Енді бұл үйде мүлде басқа адамдар, басқа дауыстар! Бір кезде өздерімен етене табысып, бұлар болмаса қирап, иесіз қалатындай боп көрінген мына қабырғалар тап сол баяғысынша басқа біреулерге бауыр басып, солармен ауыстасып кеткен секілді. Залмен жалғасып тұрған келесі бөлменің есігі жайлап ашылғандай болды. Айтөренің жүрегі лүпілдеп кетті. Оның ар жағынан әлдекім білдірмей, аяқ киімсіз бері шығып келе жатқан сияқты боп көрінді. Құлағына әл үстінде жатқан анасының: “Айтөре, ау Айтөре, шөлдеген жоқсың ба? ” деген үні жетті. Өзі ауырып жатып, оның жайын сұрап жатыр! Сөйткен ана, әні, бұл дүниеде жоқ, тек елес боп мұның есінде ғана өмір сүреді. Бір күні мына өмірден бұл да кетеді, сонан соң ана елесі де ғайып болып, ондай адам болмағандай, мына дүниеге ешқашан келмегендей тып-типыл, жым-жырт болады да, оның орнын өзгенің дүбірі басады. «Өмір» деген сол! Бесік пен молаға дейінгі қас қағым сәтті адамдар осылай, «өмір» деп атаған.

Айтөренің тұла бойы дуылдап, көз алды буалдырланып кетті. Өткен өмір елесінің құшағында осылай үнсіз отыра беру оған бір жағынан бесіктей жақса, екінші жағынан бітпес азаптай боп көрінді. Бір кезде осы үйде бұлар у да шу, азан-қазан тіршілік кешіп еді-ау! Енді өзінен басқа ешкім қалған жоқ. Есебін тауып, адаспай жететін өлім бір күні бұған да құрық салады. Өлім оның өз бойында, ол да анадан туылғанда мұнымен бірге туылған, тап қазір денесінің бір нүктесінде өз сәтін асықпай күтіп, бөденедей бұғып отыр.  Айтөре суыққа тоңып, әжімі молайған екі қолын көз алдына әкеліп, аударыстырып қарап көрді. Кенет өз қолы өзінікі емес, мүлде жай біреудің қолындай әсер етіп, жүрегі дір ете түсті. Ол қолдарын стол астына қайта түсіре қойды. Үлкен қүміс подносқа шай жабдықтарын тиеп, ас үйден сөйлеп шыққан Зейнептің даусынан ол селк ете түсті.

— Қалай, жалғызсырап қалған жоқсыз ба? — деген қарапайым ғана үйреншікті сөз оған жай оғындай әсер етті.

— Ім… м, жоқ, — деді Айтөре шошынып қалғанына ыңғайсызданып, сол ыңғайсызданғанын сездірмес үшін орынсыз күліп.

— Күлуіңізге қарағанда әр нәрсе ойыңызға түсіп отыр-ау.

— Жоқ, ә! “Адам қысылса — күледі, ит қысылса — үреді” деген, менікі сол, қысылып отырғандықтан шығар.

— Қысылмаңыз, өз үйіңіздей көріңіз, — деді Зейнеп алыс әзілдің ұшын шығарып. Сөйтті де, кесеге шай құйып, қонағының алдына қойды. Айтөре аузының күйгеніне қарамай ыстық шайды сораптап ұрттап, әне-міне дегенше бітірді де, бос кесені Зейнепке қайта ұсынды. Зейнеп өз кесесін қоя салып, оған қою шайдан қайта құйды. Айтөре ай-шай жоқ сораптауға қайта кірісті. Бастапқыдай лездікпен екінші кесені де босатып тастап, өзінің қайда, не істеп отырғанын ұғып алғысы келгендей демін терең бір алып, Зейнепке байыппен бір қарап алды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29