Өкпек жолаушы

— Қарап шығыңыз, сол үшін кірген жоқсыз ба. — Зейнеп оның алдына тапочка қойды. Аяқ киімімен ішке ұмтылып бара жатқан бейтаныс ұялғаннан абдырап қалды.

— Ой кешіріңіз, бәтеңкемді шешуді де ұмытып кетіппін ғой! — Ол бір қолымен қабырғаға сүйеніп, екінші қолымен тез-тез бәтеңкелерін шешті де, аяғына тапочканы сұға салып ішке қарай беттеді. Келесі бөлмеге енер алдында бейтаныс бұрын көрмеген кемерден суға секіргелі тұрған адамдай сабыр шақырып сәл аялдады да, демалысының жиілегенін жасыра алмай соңында келе жатқан Зейнепке күлімсірей бұрылды. Зейнеп оның жанарынан үлкен тебіреніс пен толқуды көрді.

— Қанша дегенмен жиырма жыл өтті ғой! — деді ол өзінің толқып тұрғанын Зейнептің байқағанын сезіп. Сөйтті де, неге екені белгісіз, шалбарының оң жақ қалтасынан орамалын алып, пиджагінің қалтасына салды. Екеуі дәліз бен жататын бөлменің ортасындағы залға кеп тоқтады. Кіре беріс оң жақ қабырғадағы диван мен қарсы беттегі телевизор және келе қалған кісілер үшін қойылған үш-төрт орындық болмаса мұны зал деп атаудың өзі де қиын еді. Өйткені, терезе жақ қабырға мен телевизордың жанынан тағы екі кереует, тозығы жеткен сары тумба мен аласа торшер орын теуіпті. Үй іші әлдеқандай бір салтанатқа дайындалғандай ерекше таза әрі жинақы екен.

Бейтаныс ұйықтайтын бөлме мен ас үйді қарап шықты. Зейнеп оны күтіп, екі ортада қимылсыз тұрған.

Әлден соң ол Зейнептің қасына келді. Әлдеқалай ой құшағында жүріп ол көзіне жас алды ма екен, қасына кеп тоқтағанда орамалымен мұрнын, маңдайын сүртіп, баяу ғана тіл қатты.

— Менің атым — Айтөре, — деді ол тап біреу аты-жөнін қинап сұрап тұрғандай жанарын жерден көтерместен. — Фамилиям — Асқаров. Өтіп бара жатқан жолаушымын. Яғни, қазіргі сөзбен айтқанда, транзитті жолаушымын. Самолетімнің ұшуына, — ол сағатына қарап қойып, — самолеттің ұшуына үш сағат қапты. Қазіргі кезде Новосибирскіде болушы едім, аэропорт жақта қою тұман түсіп, көрмейсіз бе, сіздің үйден бір-ақ шықтық. Одан әрі Якутскіге ұшамын. Қырымда демалып қайтып келе жатқан бетім. Демалысымның бітуіне әлі екі-үш күн бар, сонан соң Алматы арқылы ұшып, тым болмаса ауасын жұтып кетейін деп ем. Енді бұл жаққа қайтып айналып келемін дегенше қай заман… Оның үстіне, қалт еткенде жылт етіп келе қоятын жақын да жер емес.

— Якутск… Якутск деген анау, мұз боп жататын жер ме?

— Иә, мұз боп жататын жер, — деді Айтөре күліп.

— Ойбай, ол алыс қой… — Алыс болғанда айтпаңыз, жердің түбі.

— Құдайдың құдіреті, ол жаққа қайдан барып жүрсіз?

— Е-е, “сен сұрама, мен айтпайын, айтсам жылаймын” депті ғой баяғыда біреу. Ол деген ұзақ әңгіме.

— Біреу-міреулерге ренжіп кеткенсіз-ау, шамасы?

— Ол да бар…

— Біреуге ренжіп сонша алысқа кетуге бола ма екен?

—  Солай боп шықты. Тағдырдың дегені осы шығар. Ал мен жүрейін. — Ол тағы да жан-жағына қарады. — Біз бұл үйге… соғыс біткен жылы кіріп едік. Өй, сондағы куанышымызды айтып ешбір шебер жазушының өзі жеткізе алмас! Ойлап қараңызшы — бармын ба, жоқпын ба деп төрт жыл оқ пен оттың арасында жүрдік. Елде ауру шешем, қалыңдығым қалды. Біз екі күннен соң үйленгелі отыр едік, бәрінің тас-талқаны шықты.

— Ақыры оған үйлендіңіз бе?

— Иә, үйлендім. Соғыстан келе сала үйлендім.

— Әрине, соныңыз дұрыс болған, тағы бірдеңе басталып кетіп жүрсе…

Айтөре Зейнептің сөзіне мырс етіп күліп жіберді.

— Дегенмен, астарлы әзіліңіз бар екен, — деді ол есік жаққа жаймен қозғалып. — Сізге көп рахмет. Өткен өміріммен, жастық шағыммен жүздесіп, қайта туған айдай бір жаңғырып қалдым. Бұл үйдің әр нүктесінен менің барлық ғұмырым анталап қарап тұрған секілді. Қазір ғой бұл үй сіздерге тар көрініп жүр, ал ол кезде, окоптан шыққан біздерге кең сарайдай боп көрініп еді. Осы үйдің босағасын аттап, анау түпкі бөлменің еденіне киіз төсегенде, шешем байғұс қуаныштан көз жасын көл қып жылағаны бар еді. “Құдайдың көрсеткеніне мың да бір шүкір, енді бүгін алса да ризамын” деп қойсыншы кәне. “Апа-ау, олай демеңіз, жақсы өмірге енді жете бергенде өлімге ризашылық білдіргеніңіз не? Қайта, жомарт құдайдан ұзағырақ ғұмыр тілеңіз” десем: “Құдайдан менің бар тілегенім — сені аман көру болатын, жасаған тілегімді берді, енді бүгін кең сарайдай үйге кіріп отырмын, басқа не керек! Көп тілей берсең құдайдың да мазасын аласың” деуші еді. “Сонда қалай, ертең-бүгін түскелі отырған келініңізді де көрмей кетпексіз бе?” деймін бопсалап. Сонда о кісінің уәжден тосылып, сасқалақтап қалғаны бар еді. “Жоқ, ойбай, келінімді көрмей қалай кетемін, екі тілегімді берген құдай үшіншісіне қысастық жасамас” деп еді. Өмір дегеннің қызығына адам баласы тойдым деп айтқан ба, соғыста жүргенде біз оны жас болсақ та қарттай түсіндік қой, сондықтан анамды ары қарай жетеледім. “Апа-ау, келініңізді көрген соң немереңізді иіскемей қалай кетпексіз?” дегенімде ол кісі: “Қап-ай-ә, ол немесі тағы бар екен-ау”, — деп шарасы таусылған адамдай күйзеле күрсініп еді. — Айтөренің өзі де әңгіме үстінде толқып кеткен болуы керек, сөзінің соңында даусы дірілдеп, баяу естілді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29