Өкпек жолаушы

Сыртта жаңбыр күшейе түскен секілді. Арты қарға айнала ма, ұйтқыған желмен әлде жаңбыр, әлде қар қиыршықтары терезені сытыр-сытыр соғады.

Күте-күте жалыққан соң, Зейнеп ас үйге кіріп шай демдеді. Асықпай демдеді. Асықпай кесеге құйып, енді ерніне апара беріп еді, есік қоңырауы да баж ете қалды. Келіні мен баласын күтіп отырса да, ол алғашында селт ете түсті де, ізінше жүрегі лүпілдеп, “келді, ой, тентектерім сол!” деп орнынан күбірлей көтерілді. Ол өз аяғына өзі сүрініп, орнынан тұрам дегенше қоңырау тағы қағылды.

—                                                                                     Әй, қазір, қазір! — деп айғайлады Зейнеп есік жаққа сүріне-қабына ұмтылып. — Өздері күні бойы күткізеді де, енді жанұшырып бара жатыр. Күні бойы бір телефон соға салсаңдар болмас па еді! Сөйлеп жүріп есікті ашты да:

— Ой, түрлерің құрысын, ал кірің… — Ол “дер” деген көптік жалғауды айтып үлгіре алмады. Есік алдында Ертай да емес, келіні де емес, шляпасының етегінен су сүмектеген, үсті-басы малмандай, жасы алпыс-алпыс бестер шамасындағы бейтаныс ер адам тұр еді. Зейнеп бұдан әрі не дерін білмей сәл ғана сәтке мүдіріп, бейтанысқа қарап қалды.

— Иә… сіз… кімнің үйін іздеп жүр едіңіз? — деді ол аздап шошынып қалғанын да жасыра алмай.

— Қалай десем екен, — деді бейтаныс күлетін жағдайда тұрмаса да, зорлана езу тартып. — Мұнда сіздер тұрып жатыр екенсіздер ғой… — Ол кемпірмен ісі болмай, есік тұтқаларына, есіктің дермантиніне, босаға мен табалдырыққа назар аударып, алақанымен сипап өтті. Зейнеп бейтаныстың бұл қылығынан секем алғандай оған таңырқай қарады. Бейтаныс есік тұтқасына екі саусағын тигізіп:

— Әлі тұр екенсің-ау, амансың ба? — деді ескі досымен кездескендей елжірей сөйлеп.

Басқа бір үйге келіп, үй иесінің қарсы алдында тұрып есік тұтқасымен сөйлесіп кеткен адамның есінің дұрыстығына күмән келтірген Зейнеп енді тіксіне сөйледі.

— Сіз кім боласыз өзі? Кімді іздеп жүрсіз?

Бейтаныс өзінің қайда тұрғанын енді есіне түсіргендей, Зейнепке қарап аз-кем абдырап қалды.

— Мен… мен жолаушы едім, — деді ол шляпасының суын сілкіп. — Аэропорттан келе жатырмын. Әлгінде таксиден түскен соң үйлеріңізді көп іздеп қалдым. Маңайларыңыз өзгеріп кетіпті. “Елу жылда ел жаңа” деген осы ғой.

— Түсінсем бұйырмасын, — деді Зейнеп иығын қозғап. — Сонда іздеп жүргеніңіз кімнің үйі?

Бейтаныс қабырғаларға суын шашыратып, шляпасын тағы бір-екі сілкіп қалғанда, одан ұшқан ұсақ тамшылардың үш-төртеуі Зейнептің де бетіне бұйырды.

— Мұныңыз не, адамға қарай суыңызды шашып? Қас қарайғанда ерігіп қайдан жүрген адамсыз? Бұл үйде сіз танитын адам тұрмайды! — Зейнеп есікті сарт жапқалы тұтқа ұстап тұрған оң қолын қозғалта беріп еді, бейтаныс оған аса бір мейірімді күлкімен езу тарта қарады да:

— Өрескел қимыл танытсам кешірерсіз, — деді, “осы бәле болды ғой” дегендей су шляпасын басына киіп. — Мен… баяғыда… осы үйде тұрып едім. Зулап бара жатқан заман-ай десеңші? Бұл қаланы көрмегеніме жиырма жыл бопты… Өмір өзгерді, жас ұлғайды… Жас ұлғайған соң өткенді көп ойлап, оны сағынады екенсің. Алдың — сағым, артың — сағыныш. Беймезгіл уақытта кеп, беймаза әңгіме айтып кеттім-ау. Мына тұтқаны, — ол оны тағы ұстап қойды да, басын шайқап күліп жіберді. — Е, оның тарихын айтып жатудың сізге керегі қанша. — Ол Зейнептің жүзіне назар тоқтатып бір қарап алды. — Дегенмен, кәдуілгі қала тұрғыны секілді бейтанысқа қарақшы көргендей бажырайып қарамайды екенсіз. Түсіңіз игі. Балаларыңыз біраз бар-ау, шамасы…

Әрі сабырлы, әрі сыпайы, әрі бірдеңені біліп еркін сөйлеп тұрған мына кісінің үніндегі жылылық Зейнептің бастапқы кездегі оған деген күдігін біршама сейілтіп, әлгіндей бетіне шашыраған судың салқынын томыртқалап өткендей болды.

—Япыр-ай, келеңсіз жағдай боп тұрғанын қараңызшы, — деді Зейнеп әрі-сәрі күйде. — Үйге кіріңіз дейін десем, оның реті жоқ, мен сізді танымаймын, кірме деп айтуға тағы да ауыз бармайды. Ар жақ, бер жақ боп тұра беру тағы ыңғайсыз. Ал сіз болсаңыз мынау — құдыққа құлап шыққандай. Не де болса үйге кіріңіз, бұрын тұрған болсаңыз ішін көріп кеткеніңіз жөн шығар. Баскесер емес шығарсыз!

— Ой, көп рахмет! — деп, бейтаныс Зейнептің соңғы сөзіне кеңкілдей күліп алды. — «Ішке кіріп шығайыншы» деп айтуға аузым бармай тұр еді.

Ол табалдырықты аттап үйге енген бетте жан-жағына асықпай қарап шықты да, дәліздің қарсы беттегі қараңғылау түкпірінде, киім ілгіштен екі қарыстай жоғарыдағы шегеден жуан, қазықтан жіңішке сүңгіге көзі түсіп, қимылсыз қалды.

— Әлі тұр екен-ау! — деді бейтаныс күбірлеп.

— Ойбай-ау, сыртқы киіміңізді шешсеңізші. Су сүйегіңізден өтіп кеткен шығар, ол қазықты тап қазір біреу суырып алып кетейін деп тұрған жоқ.

— Иә, иә, солай екен-ау, — деді бейтаныс зорлана езу тартып. — Рахмет. — Ол плащын шешіп киім ілгішке ілді. — Ал рұқсат болса, басқа бөлмелерді де қарап шығайын.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29