Өкпек жолаушы

Зейнеп диванға кеп отырды да, егіліп жылап жіберді. Ертай не істерін білмей ербиіп әрекетсіз ұзақ тұрды да, оқылып бітпеген хатты стол үстіне қоя салды. — Мама, мен оған алдың күні жауап жазып жібердім. “Мамам сендерді баяғыда кешкен, сендердің көшіп келеміз дегендеріңе қуанып отыр” деп өтірік айттым. Сен оған ренжімейсің ғой, ол үшін маған ұрыспайсың ғой, мама, солай ма? Солай ғой?

— Иә… со-лай… Солай… Сен дұрыс істегенсің, ақылды тентегім менің. Ақылды тентегім менің!..

Осы кезде үйдің дәл төбесінен дүрілдеп самолет ұшып өтті.

Зейнеп бір сәт жылағанын қойып, жоғары қарады. Дәл бір үй шатырлары арқылы біреу-міреуді көріп тұрғандай самолет гүрілі біржола семгенше осылайша тапжылмай отыра берді.

— Қош-ш! — деді ол әлден соң болар-болмас күбірлеп.

— Не? Кіммен қоштасып тұрсың, мама?

Ертай үрейленіп оған үңіле қарады. Зейнеп сол кезде барып өзіне-өзі толық келгендей бір серпіліп, қолын сілтеді.

— Ә-ә, жай бір… Өзімше ойланып кеткенім, — деді орнынан абдырап тұрып. — Өмір деген адамды ойландырмай тұра ма!

Ертай түкке түсіне алмаса да, анасының кеудесінде бүгін ерекше бір аласапыран барын сезіп, оны өзінше алдарқатпақ боп иығынан еркелей құшақтады.

 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29