Өкпек жолаушы

Ол жұлқи ашылған сыртқы есіктің сартылынан селт ете түсті. Зейнеп есікті ілмеген екен, ішке алқын-жұлқын Ертай кіріп келді. Кіріп келді де, жүгіріп залға өтті.

— Қайда? — деді ол анасының ас үйде екенін қарамай-ақ сезіп. Зейнеп оған жақындады.

— Не қайда?

— Әлгі шал.

— Оны қайтпексің?

— Танысайын деп едім!

Әлгіндей емес, оның мастығы тарап, денесі ширап қапты.

— Ол кетіп қалды. Осы үйдің бұрынғы қожасы ғой.

— Өтірік айтасың, — деді Ертай мысқылдай жымиып. — Қорықпа, мама! — Ол кенет анасының иығынан қос қолдап құшақтады. — Мен де ойлап жүруші едім, мама! Сен бізді ештеңе ойламайтын, түкті де түсінбейтін бір түйсіксіз маубас деп жүрсің ғой. Біз түсінеміз. Бәріміз түсінеміз. Сен… сен біз деп қана өмір сүрдің… Бізден басқа сенде мақсат болған жоқ.

— Сен… сен не деп тұрсың, Ертай-ау?

— Не естіп тұрсаң — сол! Ширек ғасырда анық ұқпаған нәрсемді мен бүгін ғана ұқтым, мама! Сен кешір! Мен сені… сені… Біз сені енді өмір бақи ренжітпейміз, мама!

— Роза қайда?

— Білмейм… Мен оған… енді оған қайтып бармаймын. Ол мені… ол бәрімізді қорлады. Мен енді тәртіпті боламын, енді сенің айтқаныңнан шықпаймын, сені ешқашан ренжітпеймін, мама! — Ол анасын құшақтап тұрып солқылдап жылады. Зейнеп ұлының шашынан сипап, маңдайынан сүйді.

— Сонда, жиырма беске жетпей үшінші рет үйленбексің бе?

— Білмейм, мама. Бәлкім үйленбеспін. Сен қалай десең солай болады, мама!

— Өй, тентегім менің! Айтпақшы, келін екіқабат емес пе еді.

— Иә. Бірақ ол баласын алдырып тастаған.

— Не-ме-не? Сен не айтып тұрсың?

— Қайыршыдан қайыршы туғым келмейді деп алдыртып тастады. Ол… басқа күйеуге шықпақ… Бүгін… олар… мені сабады… Розаның ағасы, оның болашақ күйеуі…

— Сабағаны несі? Бағана телефон соққанымда құдағи сені ұйықтап жатыр деп еді ғой.

— Жоқ… иә, талып жатқам…

Зейнептің бойын ыза мен намыс, шарасыздық пен дәрменсіздік кернеп, көзінен жасы бұрқ ете қалды.

— Оңбағандар!.. Осындайда қол ұшын беретін ана бала да алыста…

— Кеше мен Холмскімен сөйлескемін. Жақында Бектұр келеді, мама! Ол — кеме капитаны! Бәрін көрсетеді бәріне! Мен оны өзім күтіп аламын! Бәрін айтамын оған!..

Осы кезде телефон шар ете түсті.

— Аналардың біреуі болса, мені үйде жоқ деп айт! —деді Ертай су-су плащын шешіп жатып.

Трубканы Зейнеп көтерді. Ар жағынан Айтөренің қоңыр даусы естілді.

— Біз ұшқалы тұрмыз, — деді ол жайдары да жұмсақ үнмен. — Қалай, Ертайдан хабар бар ма?

— Иә. Бар.

— Телефон соқты ма, әлде өзі келді ме?

— Келді.

— Мен жай… самолетке отырғызу басталған соң, ақтық рет дауысыңызды естіп қалайын дегенім ғой.

— Рахмет.

— Сізге не болған? Даусыңыз дірілдеп тұр ғой.

— Жай! Бізде тыныш өмір бола ма!..

— Ал, қош болыңыз!

— Қош… қош болыңыз!

Зейнеп трубканы орнына қоюды да ұмытып, сілейіп-тұрды да қалды. Басындағы сан-сапалақ сезімдер мен жауабы жоқ мың сауал байғұс әйелдің бүкіл болмысын сығымдап келді де, тағы да көзінен жас боп аға беріп еді.

Ол өзінің жылап тұрғанын да сезген жоқ. Оның жылап тұрғанын, жылағанда да үн-түнсіз, тамшы бұлақтай сыбыссыз жылап тұрғанын Ертай көріп қалып, оған жүгіріп келді.

— Мама! Маматай, саған не болды? Сен неге жылап тұрсың? Мама?!

Зейнеп есін жиып, кірпігін қағып қалып еді, жапырақ үстінен төгілген таңғы шықтай көз көбесіндегі үймелеген жас сау ете қалды.

Ол қарсы алдында тізерлеп отырған баласының бұйра шашынан сипады, сонан соң қолтығынан демеп тұрғызды.

— Тұр, тізерлеме! Енді қайтып ешкімнің алдында тізерлеп отырушы болма.

— Мама, бұл сен ғой. Мен сенің алдыңда ғана тізерлеп отырмын.

— Бәрібір!.. Тізерлемей-ақ табынуға болады.

Ертай диванда жатқан орамалды алып, мамасының көз жасын сүртті.

— Айттым ғой саған, мама, мен енді тентек болмаймын деп. Жыламашы енді. Сен қиналдың ғой, сен шаршадың ғой, мама. Енді сені шаршатпаймыз. Шаршатпаймын! Бұдан былай сен бізді емес, біз сізді аялайтын боламыз, мама! Мен бұл жайлы көптен ойлап жүргем, бүгін ғана айтудың реті кеп тұр. Біз ұзақ-ұзақ бақытты өмір сүреміз. Келесі жылы Нартай абақтыдан біржола босанады. Ол қаланың сыртынан зәулім үй саламын деп жүр. Сахалиннен Бектұр да келеді. Ол да өткен жолғы хатында сізді ренжітіп көшіп кеткені үшін қатты опынып жүргенін жазыпты. Міне, саған бір-екі жолын оқып берейінші.

“…Ертай, сен апама бәрін түсіндіріп айтып көрші, сен біздің ең кенжемізсің ғой, сенің айтқаныңды ол тыңдайды. Мен оны қатты ренжітіп кеттім. Ол үшін өмір бойы кінәлімін. Егер ол кісі келіссе, мен көшіп келемін. Мұндағы төрт бөлмелі үйімді Алматыға ауыстыруға болады. Пәтеріміз жақсы, дәл теңіздің жағасында, екінші қабат. Келіні де көшуге келісіп отыр. Ол да кінәлі екенін түсініп келеді. Үлкен баламыздың бұрынғы Шарль деген атын Шәріп деп, қызымыздың Элеонора деген атын –Елігай деп өзгертіп алдық. Мен олармен қазақша сөйлесемін. Олар қазір әжемізге қазақша хат жазамыз деп жүр…”

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29