Өкпек жолаушы

— Сөз жоқ! Бәрін де жыр ғып айтамын ғой.

Айтөре осыны айтты да, әуелі Зейнеппен, сонан соң тар дәліздің бүкіл көрінісімен қоштасқандай жан-жағына бір қарап алып, енді сыртқа аяқ аттай беріп еді, Зейнеп кенеттен:

— Әнебір қазықтың жайын айтпадыңыз ғой, — деді дәліздің түпкі қабырғасында жарты қарыстай сорайып тұрған темірді көрсетіп. Айтөре мойын бұрып қарады да:

— Ә-ә, ол ұзақ оқиға! — деп қарқ етіп бір күліп алды. — Оны айтып беру үшін мен самолеттен қалуым керек. Бір ауыз сөзбен айтқанда, әйелім мені бір әйелден қызғанамын деп, осы қазыққа асылып өлгелі жатқан жерінен босатып алғамын!

— Нағыл дейді, құдай-ау! Сіздің де сондайыңыз бар ма еді?

— Бар, бар! Бар болғанда қандай!

— Ұят-ай, мен сізді ондай адам емес деп іштей ұнатып… а-а… іштей сыйлап тұрсам…

— Онда тұрған не бар? Мәселен, мен сізбен талай уақыттан бері оңаша отырып сөйлестім, тамақ жедім, тіпті, сіз үшін деп шарап іштім. Ал менің марқұм әйелім тірі боп, осы үшін асылып өлгелі жатса, сіз оны қостар ма едіңіз?

— Құдай бетін аулақ қылсын! Соған бола ма?

— Міне, көрдіңіз бе? Бұл да соған ұқсас оқиға болатын.

Жұмыстан қайтып келе жатсам, бала көтерген бір әйел жол жиегіндегі сәкіде жылап отыр екен. Қасына бардым. Сөйлестім. Сүп-сүйкімді, жасы отыз үш-отыз төрттердегі аққұбаша келген орыс әйел екен. Күйеуіне сеніп бұл ешқашан жұмыс та істемеген, тек бала тәрбиелеп үйде отырыпты. Сөйтіп, құдайдай сеніп жүрген әлгі күйеуі мұны үш баласымен тастап кетіпті. Ең кенжелері бес айлық, әлі емшектен шықпаған. Әбден қиналыпты. Қайыр сұраудың аз-ақ алдында жүрсе керек. Алдын күні Магаданнан анасының қайтыс болғандығы туралы телеграмма алыпты. — Айтөре сағатына қарап қойды. — Барайын десе ақша жоқ, балаларын тастап кететін адам тағы жоқ. Әбден қиналып отырған кезі екен. Мен ақша бердім. Алмаймын дегеніне қарағам жоқ. Қарызға деп бердім. Оның арына дақ түсіргім келмей менен ақша алғандығын растайтын қолхат жаздырып алдым. Билет жоқ. Бір ғана үміт — аэропорт кассасында ғана. Ұшуға бір-екі сағат қалғанда алуға болатын көрінеді. Қызықты қараңыз, — деп мырс етті Айтөре, — Самолетке билет алатын кезде мені Орталық Комитетке шақырып қойған еді. Қызметімнің жоғарылауы жөнінде. Алдымда екі түрлі жол тұрды: бірі әйелді жалғыз қалдырып кету, екінші Орталық Комитетке баруды кейінге қалдыру. Мен соңғысын таңдадым. Арпалысып жүріп әйел мен оның тоғыз жасар баласына билет әперіп, самолетке салып жібердім. Сонан соң оның үйіне кеп, балаларына тамақ бердім. Сөйтіп, ол әйел келгенше мен оның балаларына бас-көз боп тұрдым.

— Сонан соң?

— Сонан соң ол келді. Жылап тұрып рахметін айтты.

— Сонан соң?

— Сонан соң не болушы еді. Біреулер әдейі айтты ма, әйелім сезіп қойып, ал кеп жыласын. Сол кезде ғой асылып өлмек боп мына қазыққа шыжым жіп байлай бастағаны.

— Иә, сонан соң?

— Не сонан соң?

— Әлгі әйел? Орыс әйелмен… қалай?

— Аты Василиса еді. Жұмысқа орналасуына көмектестім. Ол маған құдайдай табынушы еді.

— Енді… Әрине. Ол немен бітті?

— Біз көшіп кеттік… Балаға байланысты оқиғалардан кейін

– Ал… бұл жолы онымен хабарласпадыңыз ба?

— Хабарластым.

— Иә?

— Ол былтыр қайтыс бопты. — Зейнеп мүдіріп қалды.

— Иманды болсын, — деп күбірледі ол абдырап…

— Сөйтіп, өскелі тұрған қызметім де қолдан сусып кетті. Ана жақтағы мен қаламайтындарға менің кешігуім көктен іздеп отырған қосымша факты боп шыға келді. Солай, әжей, бір нәрсеге құлқым ауа бастаса, міндетті түрде көлденең кесірдің пайда бола кететіні ескі қырсық қой.

Ол осыны айтты да, басын изеп, басқышпен төмен түсе бастады.

Зейнеп ашық есіктің тұтқасынан ұстаған бойы оның соңынан қарап тұра берді.

Сыртқы есік сарт жабылған соң ғана ол өз-өзіне кеп, қайда тұрғанын енді аңғарғандай селт етіп есін жиды да, лып етіп үйге кіріп кетті.

Үйде құлазыған тыныштық орнапты. Өмірдің өң мен түстей бір сәті тып-тыныш, бейбіт жатқан біреуді ұйқы-тұйқы қып өте шықты да, мазақ еткендей әлдеқайда ғайып болып, абыр-сабыр тіршілікті молаға айналдырып кетті.

Зейнеп бұрын да талай-талай жалғыз қалған. Апталап емес, айлар бойы қарақан басы тіршілік еткен, бірақ соның бәрінде де дәл бүгінгідей, дәл қазіргі сәттегідей жалғыздықты сезініп, сол жалғыздықтың әсерінен жан құлазытқан жаназа тыныштықты сезініп көрген емес-ті.

Ол үйге сыймады. Желінбей қалған тамақ пен ыдыс-аяқтарды жинауға да зауқы соқпады.

Құлағына Айтөренің қоңыр үні, көз алдына байсалды пішіні, жарасымды күлкісі елестеді.

Баяғы бір кезде ішкі дүниесіне жып-жылы боп тамған бір тамшы өн бойына енді ғана тарап біткен бе. Айтөре жайлы ойлағанда жүрегі әлденеге дүрсілдей қуанып, оның енді қайтып бұл үйге бас сұқпайтынын, оны енді қайтып ешқашан көрмейтінін ойлағанда, өзін айдалада адасып қалған жетім киіктей сезініп, сол сезімнен көңілі босап кеткендей болды. “Мұнысы несі? — деді ол жан дүниесіндегі беймағлұм бір өзгерістерді өзі де жөнді түсіне алмай. — Бұрын жалғыздықты неге сезінбедім? Бір көрген адамды тағы да еске алып отырғаным не? Балалы-шағалы, немерелі боп отырғанда бейтаныс бір еркекті ұмыта алмау деген не масқара? Көп болса осы үйдің бұрынғы иесі шығар, көп болса басынан талай тағдырды өткізген шығар, ал онда тұрған не бар екен? Мұндай адамдар бұрын да талай-талай кездескен. Тіпті, “Зейнепжан, балалар ұйықтап қалған соң үйіне барып шай ішейінші” деп ұсыныс жасаған еркектер де болған. Бұл солардың бірде біреуі жайлы ойлаған да, еске алған да емес. Әлде олардың бәрі жай әшейін ғана “ауыл арасының” адамдары ма еді? Әлде… әлде балалардың арасында ұршықтай иіріліп жүріп басқа ой ойлауға мұрша болмады ма? Әлде адамға сүйеніш пен қамқорлық жас кезінде емес, жасы ұлғайғанда қажет пе? Бәлкім… бәлкім… О масқара-ай!.. Бәлкім, жұрт айта беретін әлгі… бірін-бірі сыйлау, жақсы көру деген адамға қартайған кезде керек шығар? Бәлкім, ол… Түу, не деп кеттім осы? Қияли адамдай қайда лағып барамын? Масқара-ай!..”

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29