Өкпек жолаушы

— Бастауыңыз жаман емес! Тіпті, маған да қарайлайтын түрініз жоқ!

— Енді… ақыры ішетін болған соң… Алыңыз!

— Рахмет!..

Айтөре әлденеге разы пішінмен сыпайы ғана жымиып, фужерді ерніне апарды.

— Қызық, — деді ол босаған фужерін столға қойып, — мен сізді көптен білетін сияқтымын. Тіпті, мен өз үйімде отырғандаймын.

— Расында да бұл сіздің өз үйіңіз ғой, — деді Зейнеп күліп.

— Болған! — деп жауап берді Айтөре. — Баяғыда… Ал мен енді жүрейін. Ертай қайта айналып соқса ұят болар. “Роза болғанда басыңды кесіп алатын едім” деді ғой, енді менің кім екеніме қарамай жүрер.

— Япырым-ай, әуре боп жасаған тамақты да жөндеп жей алмадыңыз ғой.

— Тағы да жол түсер…

— Қызық, адам мен адам кездеседі, сөйлеседі, түсініседі, айырылысады. Содан қайтып бірін-бірі ешқашан көрмейді.

— Иә, солай! — Зейнеп селсоқ күйде ыдыс-аяқтарды жинауға кірісті. Айтөре оның қимылдарынан, тұнжыраңқы қабағынан болмашы бір наразылықты, наланы, әлдеқалай бір қимастықты аңғарды, бірақ ол қандай нала, қандай қимастық екенін, оның анық неден туындап жатқанын жыға тани алмады.

Он шақты минуттан соң Айтөре ауызғы үйге шығып, сырт киімін, шляпасын киді. Сырт киімі мен шляпасын әперіп жатқан Зейнептің қимылынан ол тағы да әлгі бір нала мен қимастықтың ұшқынын көріп қалды. Айтөре есік жаққа қарап киініп тұрып-ақ Зейнептің әрбір қимылын, оның плащ пен шляпаны әперіп жатқанда шамадан тыс ұқыптылық көрсетіп, ондағы қонып қалған болмашы шаң-тозаңды мұқият тазалап жатқанынан уақытты созу, қоштасу сәтін сәл болса да, кейінге ысыра тұру ниетін байқап, мына абыр-сабыр қалада, балаларының ешқашан бітпейтін шаруасына көміліп жүргеніне қарамастан оның ешқандай жанашырсыз, жақынсыз, жалғыз қалып бара жатқанын байқап, кенет оған деген мұңлы бір аяушылық сезімі оянды.

Осы сәт оның есіне жұртқа таныла алмай ерте қайтыс болған ақын досының бір айтқаны түсе кетті. Не деп еді ол, құдай-ай? “Әрбір әйел танылмаған планета. Жай ғана планета емес, әрқайсысы мұңлы планета. Бүкіл дүниежүзінің ұлы ғалымдары жиналып, әйтеуір бір кезде әлемнің құпияларын ашуы мүмкін, ал бірақ ешқандай ғылым, ешқандай данышпан қарапайым әйел жанының құпиясын аша алмайды. Әйел жаны әрқашан жаралы. Өйткені ол таза да нәзік жаралған, сондықтан ауруға тез шалдығады. Әйел жанын таза сақтайтын қоғам жер бетінде әлі құрылған жоқ, оған дақ түсірмей аялай білетін еркек әлі туылған жоқ. Жаман әйел болмайды, оны біз қолдан жасаймыз. Арал теңізінің суы тартылып, тұзы молайғанда әсем ақ шабақтар жан сақтау үшін түрі мен түсін өзгертіп, балшыққа кіріп тіршілік етеді екен. Біз суы азайып, тұзы молайған теңіз сияқты, әйелдерімізді дөрекілендіріп алғанбыз. Біз олардың алдында, олардың өліп бара жатқан нәзіктігі мен тазалығының алдында мәңгі бақи айыптымыз. Сол қасиетті тұншықтырғанымыз үшін біз күнәһармыз. Жаман әйел жоқ. Ең арысы жалмауыз кемпірдің де арғы тегі әйел, үңіліп қарай білсең ол да жетіскенінен жалмауыз кемпір болып жүрген жоқ, оны да осы халге түсірген біз, өзіміз, мына ит тіршілік…”

Өзгенің жанын түсіне білу адамға қандай ауыр еді! Түсінесің, қолыңнан еш нәрсе келмейді, оған инедей де жақсылық жасай алмайсың, сол шарасыздықтан жүрегіңдегі сыздауық сезім сәт сайын ұлғайып, кеудеңнің кенересін аш жыландай кеміріп бара жатады.

Айтөренің осы ойға берілуі мұң екен, оның өн бойын қимастыққа ұқсас жадау бір ой жайлап алғандай болды. “Иә, ойдың шегі жоқ, — деді сананың бір түкпірінен тағы бір ой шақпақ отындай жылт етіп. — Шегі жоқ! Адам жанына үңіле беруге болмайды, үңіле берсең ол түпсіз тұнғиық, тереңдеп қазған сайын қайғы қатпарлары молая береді. Оның түбіне жете алмайсың, жете қалған күнде бар табатының бір-ақ нәрсе, ол — жер бетінде бақытты адамның жоқ екендігі және оның ешқашан болмайтындығы. Тіпті, жаңа туған балаңның, әйтеуір бір кезде өлетіндігін сезінудің өзі шексіз бақытсыздық. Жоқ, күйреуік сезімге беріле беруге болмайды. Тіршілік ету үшін қаталдық керек”.

— Ал сау болыңыз, — деді Айтөре әлгі ойларынан еш нәрсе сездірмеуге тырысып. — Таныстық, сөйлестік, енді қоштасайық. Тұз-дәм үшін, сіздің барлық ақ ниетініз үшін рахмет! Қалай, қол алысып қоштасамыз ба? Әлде, бүгінгі қысқа кездесуіміз қол алысып қоштасу үшін аздық ете ме?

— Білмейім… өзіңіз біліңіз. — Зейнеп зорлана езу тартып күлген болды.

— Онда жарайды, бүгінгі танысу дәрежеміз қол алысып қоштасуға аздық ететін болса, алдағы кездесулерден қарыз алып амалын таба тұрайық. — Айтөре әлгі тұнжыраңқы ойдың шырмауынан біржола арылған боп, оған жайдары кейіппен қолын ұсынды. Зейнеп аса бір ұятты тірлікке тәуекел етіп тұрғандай қорғасын қолын әрең көтеріп, қымсына созды. Зейнеп те, Айтөре де осы қол алысудан қоламтадай жылылық сезінді, әрқайсысының да ішкі дүниесіне бір-бір жылы тамшы тамып өтті.

— Сау болыңыз, — деді Зейнеп оның сағырдам тартқан алақанынан қолын абдырай тартып алып.   — Жолыңыз болсын! Қайда жүрсеңіз де… аман болыңыз. Үй-ішіңізге ескі үйіңізден сәлем айта барыңыз.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29