Өкпек жолаушы

Айтөре мына сөзден қатты толқып, Зейнептің қарсы алдына кеп, оның жүзіне тұңғыш рет көз тоқтата қарады.

— Сіз ақылды әйелсіз, — деді ол ақырын ғана. — Сіз тұнып тұрған қазынасыз. Бірақ өкінішті!..

— Ол қандай өкініш?

— Сіз сияқты әйелдердің жер бетінен жойылатындығы. Енді бір отыз-қырық жылда сіздің орныңызды басқа адамдар басады. Олар табиғаты мен тақылеті жағынан мүлде жаңа, мүлде кереғар. Кітаппен көзін ашып, кітаппен немесе телевизормен қартайған кемпір мен шалдар. Байқайсыз ба, қазір немересіне ертегі айтатын әжелер құрып барады!..

— “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” дейді.

— Солай-ау, ә! — Айтөре Зейнептің иығынан жұп-жұмсақ қана бір ұстап қойды да, тез столға жақындап, екі фужерге шарап құйып, біреуін оған ұсынды. — Елу жылда біздің орнымызға жастар келеді, тағы бір елу жылда олар да жаңарады. Ал біз!.. Әлгі сіз айтқан қазан боламыз. Қайтып бір-бірімізді көрмейміз, аспан асты жер қуыс, сол шексіз кеңістіктің бір түкпірінде тозаң боп ұшып жүреміз. Егер тозаң бола алсақ! Енді… сары уайымға салына бермей, тозаң болуға аз ғана уақыт қалғанда мына тосты сіз үшін алғым келеді. Адам баласын жатсынбайтын, жауына да жамандық тілемейтін, жаны сұлу Сіз үшін! Тағдыр мені жаңбырлатып айдап келгенде, осы үйдің ішінде сіздің болғандығыңыз үшін!

— Құдай-ау, сіз не деп кеттіңіз? Мен… менде жүрген қайдағы сұлулық! Ұят-ай! Балалар ести көрмесін! Ал алып қойыңыз! Мен закөске дайындайын! — Зейнеп столға қарай қозғала беріп еді, Айтөре оны қолынан ұстап тоқтатты.

— Әлгінде ескерттім ғой, енді қайтып кездеспейтін болған соң амалсыз айтып тұрмын деп. Солай!.. Сіз де алыңыз!

— Мен шарап ішіп көрген емеспін…

— Ешқашан ба?

— Ешқашан.

— Тіпті жас кезіңізде де ме?

— Иә, жас кезімде де.

— Адам сенгісіз нәрсе екен…

— Сенбейтін несі бар? Аузыма алып көрген жоқпын. Бар болғаны сол. Тіпті, той-томалақтарда да кешкі сегіз-тоғыздан ары кешігіп көрген емеспін. Балаларға асығатынмын. Әуелгіде олар жас болды, жалғыз тастай алмадым. Кейіннен есейді, балалар есейген соң үйге олардан кейін келіп қоңырау соғып тұрған масқара екен. Онан соң шешеде қандай бедел болмақ? Оларға не дейсің, не деп түсіндіріп жатасың? Түсіндіргенмен олар түсіне қоя ма?

— Олай болса… олай болса тәуекел, бірінші рет болсын! Әкеліңіз! — Айтөре өзі қолын созып, Зейнеппен фужер соғыстырды. Фужердің “ыз-зың” еткен маржан үні естілгенде, екеуі де бір-біріне қарап күлімсіреді.

— Жарайды, тәуекел! — Зейнеп әзіл-шыны аралас, құдайдан кешірім сұрағандай маңдайы мен иегіне оң қолының үш саусағын үш рет тигізіп алды да, фужерді ерніне апарды, сонан соң, кәнігі ішкіштердей “уф” деп демін терең бір алып, ешқандай шімірікпестен қара су ішкендей сіміріп салды да, оның соншалықты тез бітіп қалғанына таңданғандай ыдысын көтеріп түбіне қарады.

— Мынау бір көп тұрып қалған кермек су сияқты бірдеңе ғой, — деп бетін тыржитты. — Дәмі қандай жаман!

— Менің бір жолдасым айтатын: “Бояусыз шарап — ақ арақтың прелюдиясы немесе ішкіліктің міндетін атқарушы су” деп.

— “Ішкіліктің міндетін атқарушы су?” Жолдасыңыз тауып айтқан екен! Расында да, су десе су. Мен соншалықты қорқып, терең суға секіретін адамдай тәуекелге бел байлап ішіп қарасам… Құда-ай, жай бірдеңе. Еркектер осыған да мас бола ма сонда?

— Мас болғанда қандай? Ол мастық ұзаққа созылады! Көшелерде, міне, былай, тәлтіректеп жүрген мас адамдарды көріп пе едіңіз? — Айтөре мас адамның жүрісін салмақ боп тәлтіректеп көріп еді, онысының аяғы шынға айналып, төсеулі алашаның қайырылып қалған бұрышына сүрініп кетті де, Зейнепті сүзе жаздап барып әрең тоқтап үлгерді. Егер Зейнеп оны иығынан ұстап қалмағанда оның құлап түсуі де ғажап емес еді.

— Астапыралла! Байқасаңызшы, қайдағы бір мастарды саламын деп майып бола жаздадыңыз ғой.

Айтөре орнынан тұрды да, бойын тіктеп біраз кеңкілдей күлді.

— Сол… сол мастар бар ғой, сол мастардың көбісі осындай шарап ішкен. Сонан соң олар көшеде тәлтіректеп жүреді.

—  Тәлтіректемесе онан әрмен! Өзіңіз құлап қала жаздадыңыз ғой. Қалай, тағы ішеміз бе?

Айтөре екі фужерге тағы шарап құйды. — Келіңіз. Тағы да сіз үшін!

— Мен үшін бе?

— Иә, сіз үшін.

— Тым көп емес пе?

— Несі көп? Бар болғаны екі-ақ рет қой. — Қайдам… Бір түрлі сияқты.

— Несі бір түрлі?

— Білесіз бе… Ім-м… мен үшін ешқашан шарап ішіліп көрген жоқ еді. Үйренбеген нәрсе болған соң ба, ыңғайсызданып тұрғаным…

— Сіз үшін ешқашан тост көтерілген жоқ па?

— Жоқ. Ешқашан. Бүгін бірінші рет!

Айтөре оған тағы да көз тоқтата қарады. Қарады да, момақан, жайдары, сабырлы, қанағатшыл мінезбен тағы да ұшырасып, ішкі дүниесіне мамыражай бір жылылық енгендей болды.

— Ендеше, осымен екінші рет болсын! Келіңіз!

Екеуі тағы фужер соғыстырды. Зейнеп шімірікпестен тағы да сіміріп салды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29