Өкпек жолаушы

Ертай шешінбеген бойы ішке ентелеп кіріп барды. Кіріп барды да, жасаулы столды, стол басында жансыз адамдай сілейіп отырған бурыл басты ер адамды көріп, не ары, не бері қозғала алмай, желді күнгі қамыстай бұлғаңдап тұрды да қалды. Көз алдындағы көріністің елес емес шын екеніне әбден сеніп алғысы келгендей ол қараңғылыққа үңілген адамша біраз тесіле қарап тұрды да:

— Вот жись! — деді күбірлеп. Мен… Роза екен десем… Шал ғой какой-то… Егер Роза болғаныңда бар ғой… — Ол саусағымен кеңірдегін кесті. — Басыңды жұлып алатын едім, білдің бе?

Ертай тәлтіректеп кеп, фужерге шараптан толтыра құйып алды.

— Сіз үшін — деді ол Айтөреге қарап.

— Рахмет, — деді Айтөре міз бақпаған бойы.

Ертай шарапты түгел ішті де, табалдырықтан бері аттаған бойы енді не істерге білмей тас мүсіндей сілейіп тұрған анасына қарады.

— Роза шынымен жоқ па? — деді ақырын.

— Жоқ.

— Ол қайда?

— Білмеймін. — Зейнеп ойда жоқта Ертайдың кіріп келгенінен, мына мамыражай отырыстың үстінен түскенінен жерге кірердей қымсынып, жауаптарын қысқа ғана қайырды.

— Кеттім! — деді де, ол Зейнептің шарабын қағып салды. — Ал, Тото Кутуньо, Чау! — Ол Айтөреге салют берді де, тәлтіректей басып сыртқа беттеді.

— Ертай-ау, енді қайда бармақсың? Далада жаңбыр құйып тұр! — деп Зейнеп бәйек бола бастап еді, зіңгіттей жігіт оны итеріп тастап, есікті шалқайта ашып шыға жөнелді. Зейнеп оның артынан жүгірерін де, орнында тұра берерін де білмей, бар тапқаны көзіне жас алып, соңынан айғайлап қана үлгерді.

— Әй, айтып кетсеңші, қайда барасың? Ертай! Естисің бе, Ертай, қайда барасың деймін?!

Жауап орнына бірінші қабаттың сыртқы есігі сарт жабылды.

Зейнеп сол орнында сілейіп ұзақ тұрды. “Ол қайда барады, қайда кетті, енді не істемек?” Баласының артынан қуып жетіп алдын кес-кестейін десе, өздерінің отырыстары мынау, қумайын десе, оның аласұрған мінезі тағы анау.

Ол екі ойдың қай жағына шығарын білмей тұрғанда Ертай да қараңғылыққа сіңіп жоқ болды.

Зейнеп Айтөре отырған стол басына жайлап жақындап манағы өз орнына сыбыссыз жайғасты. Айтөре де өзін қоярға жер таппай тым қолайсыз жағдайда отыр еді.

— Мен сізге жайсыз қонақ болдым-ау деймін шамасы, — деді Айтөре бірдеңе деу керек болған соң амалсыз тіл қатып.

—  Жоқ, ә, сіздің не кінәңіз бар, — деп Зейнеп мұрнын тартты. — Тамақ та рәсуа болды ғой. Бірде мүйіз, бірде киіз, не боп кетті өзі! — Ол Айтөренің тарелкасына тамақ салып берді. — Алыңыз, қысылмаңыз.

Айтөре кеберсіп қалған еттен, қаязып қалған қамырдан құлықсыз бір-екі шөкіді де, сағатына қарады.

— Уақыт та таяп қапты, — деді ол өкініші де, қуанышы да жоқ сүлесоқ үнмен. — Жиналу керек шығар.

— Иә, жиналу керек! — Зейнеп оның алдына кесемен сорпа әкеп қойды. — Тым болмаса ыстық сорпа ішіңіз. Құрт қатқан сорпа.

— Шынымен бе? — Айтөре айрықша бір жаңалық естігендей қуанып, құрт қатқан қышқылтым да қоймалжың сорпадан екі-үш рет құмарта ұрттады.

— У-уф, қандай ғажап! — деді ол тамсанып. — Құрт қатқан сорпадан кейін ешқандай тамақ таңдайыңа татымайды. Менің бір құрдасым бар, сол круизбен екі-үш рет Азия мен Европа елдерін аралап қайтты. Қайтып келген сайын бірінші айтатыны тамақ жайы болатын.

— Солар да өздерінше тамақ іштік дейді-ау, ә, — деп таңданудан жалықпайтын. — Бір ғасыр сақтасаң да бұзылмайтын құрт ойлап таба алмай жүріп, керегі жоқ мұнаралар, акропольдер мен пирамидаларды қаңырайтып неменеге сала берді десеңші!..

— Ол дүниеге барғанда сенен ешкім “не іштің?” деп сұрамайтын шығар, — деп күлсек:

— “Не салдың?” деп те сұрамайтын шығар, — дейтін қолын сілтеп.

Зейнеп бұл анайылау әңгімені Айтөренің әшейін уақыт өткізу үшін, екеуінің төбесінен төніп келе жатқан ауыр тыныштықты серпілту үшін айтып отырғанын сезді. “Бұ кісі ғой қазір кетеді, — деді ол іштей, — ал мен қайттім? Балалардың алдында енді не бетімді айтамын? Оларға қалай ұрысам? Менің сөзімде енді қандай қадір қалды? Мені енді кім тыңдайды?..”

Күйеуі қайтыс болғаннан бері бұлардың мына шаңырағына бөгде еркек бас сұғып көрген емес-ті. Келе қалса да жұмыс бабы, тіршілік қамы деген қасаң қарым-қатынастың, қуаныш-ренішке байланысты алыс-жақындардың мейірім-ықыластарынан әрі аса қоймаған аралас-құраластық еді. Бұдан өзге қарым-қатынас бар деп, болады деп Зейнеп те үш ұйықтаса түсіне кіргізе алмаушы еді. Ер адам мен әйел адамның арасында ресми, туыстық қарым-қатынастан тысқары қарым-қатынастар болатынын, болып жатқанын ол білмейді емес, білетін, көрмейді емес, көретін, бірақ ондай жағдай дәл өз басынан өтіп көрмеген соң ба, әлде бұл жайлы ойлап көрудің өзі өз еркінмен күнәға батумен пара-пар боп елестеп келгендіктен бе, ол өзін мұндай өмірден оқшау ұстайтын. Түптеп келгенде, мұндай “бейкүнә өмір” оның әлдеқандай бір жазғырушы күштен қорыққандығынан, не болмаса, өзін-өзі әдейі оқшау ұстау ниетінен емес, өз болмысынан, табиғи мінезінен туып жататын-ды. Сондықтан ба екен, кенже баласының үйде отырған ер адамды көріп қалғаны оның өмір бойғы тазалығы мен пәктігіне дақ түсіріп өткендей, олардың алдында аналық адалдығын бөгде тірлікпен былғап алғандай сезіндіретін ішкі дүниесіне жайлап енген беймаза сауал бірте-бірте күшейе түсті де, сабыры мен тағатын алған айрықша бір аласапыранға айналды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29