Өкпек жолаушы

— Жоқ. Саусақ тұр, қарын көрінбейді.

— Міне, міне, гәп сонда! Егер қарныңыз саусағымыздың басында салбырап тұратын болса, оны бір-бірімізден сұрамай-ақ білмес пе едік. Қазақтың қарны саусағының басында дейтінім — оның саусағы ыстық ет пен қамырға күймей қарны ешқашан тоймайды. Міне, философия қайда жатыр! — Айтөре мен Зейнеп бұл сөзге мәз-мейрам боп қосарлана күлді. Әркім өзінше күліп тұрып бір-біріне іштей сүйсінді, бір-бірінің жақсы түгілі жатқа да жамандық ойламайтын, ойлай алмайтын жайдары мінезге бай жандар екенін қас қағым сәт арасында ойлап өтті.

— Сонда немене, ет турағыңыз кеп тұр ма? — деді Зейнеп пияздың ащылығынан жасаураған көзін жеңімен сүртіп қойып.

— Дәл таптыңыз! Сізде бар ғой, адам ойын дәл таба білетін ерекше бір қасиет бар екен! Осында алғаш келгенімде де ыстық шай ішкім кеп тұрғанын бірден біле қойғансыз.

— Енді даладан тоңып келген адам ыстық шай аңсамағанда мұз аңсап келмейтін шығар. Оны білу үшін ерекше қасиеттің керегі не?

— Байқайсыз ба, әжей, — деді Айтөре “әжей” деген сөзді әдейі баса айтып. — Біз тым көп біліп кеттік. Көп біліп кеткеніміз сондай, тіпті даладан тоңып келген адамға не керек екенін де білмей қалатын болдық. Пышағыңыз мынау ма? — Ол ағаш сапты қара пышақты қолына алып, жүзіне бармағын басып көрді. — Ф-у-у! Балта ғой!

— Еркегі жоқ үйдің пышағы балта, балтасы балға болатын әдеті емес пе.

Айтөре Зейнептің назалы бұл сөзіне мырс етіп бір күліп қойды да, кесені төңкеріп, үш-төрт рет жанып-жанып алды.

— Енді бір мәнісі болар! — Ол буы қайтса да, ыстығы кетпеген, Зейнеп турап үлгіре алмаған қара күрең сүр етті жапалай бастады. — Екі адамға осынша көп асқаныңыз қалай? Мұның бәрін жеп бітіре алмаймыз ғой.

— Қазақ піскен асты көпсінбейді. Ол — жаман ырым. Асты көпсіну — арғы тегінің жарымағандығын көрсетеді.

— Сізге қарсы дау айту мүмкін емес, тұла бойыңыз тұнып тұрған даналық! Дегенмен, — ол ыстық еттен бір кесіп аузына салды да, шайнамай-ақ жұтып жіберген адамдай іле-шала қайта сөйледі. — Дегенмен, сіз екеуміздің бір кешкі тамағымызға франция жұрты отыз адамдық ағылшын делегациясын аттандыра алар еді.

— Ә-ә, солай ма! — деді Зейнеп жас баладай қасақана таңданып. — Амал қанша, отыз ағылшынның жұмысын екі-ақ қазаққа таңып қойса, тәңірге не дерсің. Көнеміз, көнуден басқа амал қайсы!

Қызу әңгіме үстінде екеуі еттің қалай туралып, қамырдың қалай түсіріліп, тұздықтың қалай жасалғанын да аңғармай қалды.

Ас үйдегі екеуара өткен ауыспалы көңілді әңгіме осыдан аз ғана бұрынғы бұйығылық пен солыңқы қабақты жадыратып өткен сияқты.

Сөйтіп, небары бірнеше сағат қана бұрын бірін-бірі мүлдем білмейтін, танымайтын екі адам ағынан жайылған кең дастарқан басына кеп қайта жайғасты. Манағы ауыр әңгіменің әсерінен екі араға тау тұманындай жайласқан самарқаулық шымылдығы біржола көтеріліп, Айтөре бояусыз шараптан екі фужерге құйып, тағдыр дегеннің соншалықты қызық екеніне танданып, жаман ба, жақсы ма, аз ба, көп пе, жер бетіндегі бір күндік тіршілікке ештеңе жетпейтінін, осыған дейін қырын қарап келген тағдыр қабағының енді ашыла түсуі үшін ішпек боп енді соғыстыра бергенде, есік қоңырауы ызың ете қадды.

Екеуі де селт етіп, бір-біріне аңырая қарады.

— Бәсе, — деді Зейнеп фужерін столға қойып. — Манадан бері құдай менің мазамды неге алмай отыр, ұмытып кетті ме деп ойлап ем. — Ол әлде өкініш, әлде ыза аралас күлкімен дауыстап бір күліп алды да, орнынан тұрып есік жаққа қарай жүрді.

Есік қоңырауы тағатсызданып тағы шырылдады.

— Мен қайтем? — деді Айтөре де табан асты сасқалақтап.

— Отыра беріңіз — Зейнеп осыны айтып үлгірді де, ауызғы үйге жүгіре шықты. — Бұл кім?

— Мен… мен!

— И… Иә…

— Неғыл дейді, құдай-ау, мынау әзер сөйлеп тұр ғой! — Зейнептің есікті ашқаны сол екен, Ертай ішке сүріне-қабына кіріп келді. Үсті-басы малмандай су, құлаған ба, шынтағы мен тізесі сауыс-сауыс. Ауызғы бөлме табан асты арақ сасып шыға келді. Зейнеп оны қолтығынан сүйеп, плащын шеше бастады.

— Мына жүрісің қай жүріс, құдай-ау! Сені ұйықтап жатыр дегені қайда? Арақты қайдан ішіп жүрсің?

— Роза… қ-қайда? Ол о-осын… осында ма?

— Ойбай-ау, оның қайда жүргенін мен қайдан білейін, өзіңмен бірге емес пе еді? Ағасын күтіп отырмыз дегенің қайда?

— Жоқ, ол осында! Ол менен қашып кеткен! Сен әдейі айтпай тұрсың!

— Құдайым-ау, келінді үйге жасыратындай не бопты маған? Немене, тағы ұрысып қалдыңдар ма?

— Иә…

— Не жетпей қалды?

— Көрсетемін мен оған!.. Қ-қайыр-шы… Ол… мені қ-қа-қайыршы деді ғой… Ол… өлтірейін деп едім… қ-қашып кетті. Даладан із-іздеп та-таба алмадым. Олар оны осында кетті… деді.

— Жарайды. Айтқан адам айта берсін. Бейпіл ауыз не демейді… — Зейнептің де даусы қорланып шықты. — Шешін!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29