Өкпек жолаушы

Бұл әңгімені Айтөре ешқашан естімеген еді. Діни аңыз бола тұрса, да, оның қаншалықты мәнді, қаншалықты әсерлі құрылғанына ол қайран қалды. Үлкен толқу мен таңданыс үстінде Айтөре әлгінде ғана өз кеудесін тұмандай торлап тұрған қайғы-шерін ұмытып та кетті. Адамата мен Хауана боп жер үстінде екі жыныс пайда болғалы бері әйел көрген азап пен қорлықты еркек көрген қорлықпен салыстырса, әйелдікі –асу бермес асқар тау, еркектікі –еріншек адам шыға беретін төбе болар еді. Басқаның қалай ойлайтынын Айтөре білмейді, өз басы осылай деп топшылайтын. Сондықтан, жер бетіндегі барлық әйел атаулыға ол аянышпен қарайтын, егер қолынан келе қалса, оларға барлық-барлық жақсылықты үйіп-төгіп бере салғысы келетін-ді. Ал мына әңгімеден соң әйел жайлы, әйелдің шексіз де ұлы мейірбандығы жайлы ғажайып бір жаңалық ашқандай, ішкі жан сарайында айрықша бір толқу, айрықша бір жаңару, сол жаңарудың әсерінен нәзік бір қуаныш сезімі пайда бола бастаған секілді. Жан дүниесінің алыс бір түкпірінде пайда болып, бүкіл өн бойына дуадай жайылып қеле жатқан сол бір ерекше сезім жөргекке енді-енді бөленіп келе жатқан сәтте Зейнеп қайта сөз бастады.

— О дүниеде де, бұ дүниеде де жаныңа жалау боп жалбырап жүретін сол қызым… — Ол Айтөреге сұраулы пішінде қарап қойды да: — Нәзипаны айтам — деді, ол жайлы талай әңгіме шерткен адамдай. — Жоқшылық, кемтарлық дегенді жаялығынан ұғып өскен қызымды айтам. Сол қызым… Он бір жасында қайтыс болды. Анаға баланың өлімінен артық бататын ештеңе жоқ екен. Әлгінде, өзіңіз айтқандай, ата-ана үшін барлық бала бірдей қымбат қой, ақылы аздау еді деп, немесе тентек еді деп оларды шетке итермейсің ғой. Сонда да болса… Сонда да болса… — Зейнеп жайбарақат сөйлеуге қанша тырысса да, көмейіне кеп кептеле берген әлдеқандай бір түйінді іште тұншықтырып, әңгімесін үзіп барып жалғастырды. — …Әрқайсысының орны әр бөлек болады екен. Әсіресе, нәзік жаралған қыз бала. Әсіресе, бәрін түсініп, бәрін көтеруге көндігіп өскен қыз… сол батады екен… — Ішке қайта жұтылған әлгі түйін бәрібір көзден жас боп шығып, клеенка үстіне тырс етіп тамған тамшы боп тынып еді, Зейнеп оған мән де бермей әңгімесін іркіп барып, жалғап кетті. — Байғұс бала көп те ауырған жоқ. Екі-ақ күн жатты. Екі-ақ күн… Сол баяғы бәріне көндіккен, момақан да ақылды, сабырлы пішінде:

— Апа, о дүниеге барғанда мен саған үш орамал беремін, — деді аспанға қарап жатып. — Міне, үшеуі де түгел. — Ол жастығының астынан тап-таза етіп жуылып, төрт бұрыштап мұқият бүктелген аппақ үш орамал суырып көрсетті. Мен не дейін: — О не дегенің, балапаным-ау, қайдағы о дүние! — деп жан дауысым шықты. Ол сабырлы қалпынан таймаған бойы:

— Бірақ сенің күнәң жоқ шығар, — деді маған тесіле қарап. — Онда мына орамалдарды күйіп бара жатқан бір байғұстарға берермін. — Оның даусы сондай таза, сондай ап-анық естіліп жатты. Мен оны өледі деп ойлаған жоқпын, сандырақ немесе мені әдейі қорқытып жатқан ғой деп топшылағам. Қайдан білейін мен сорлы. Ал білгенде не істемекпін, қолымнан не келмек?

Мен ыстық шай әкеп, қасына отыра беріп едім ол:

— Апа, мені молаға апара жатқанда қолымнан ұстап отыршы. Қасымнан кетіп қалма, жарай ма? — деді. Сол кезде барып әлдеқалай бір сұмдықты сезіп, ішім мұздап сала берді.

Зейнеп үнсіз қалды. Айтөре қорғасын тыныштықтың езгісіне төзбей:

— Ім… м… Ол… неден қайтыс болды? — деді, даусы қарлыға шығып.

— Суық тиіпті, — деді Зейнеп аз-кем мүдірістен соң. — Ол да менің кесірімнен өлген сияқты. Мен науқастанып, үйден шықпай жатқан едім. Өзіңіз білесіз, балалардың әрқайсысы әр жерде оқып жүрген. Қыс ішінде соларды жинап жүргенде адасып кетіпті. Автобусқа отыра бергенде бірінші кластағы Ертай мініпті де, ол мінем дегенше есік жабылып қапты.

— Содан?..

— Содан не болсын, оны таңертең… біреулер тауып әкелді.

— Қайдан?

Зейнеп екі тізесіне басын қойып, солқылдап жылап жіберді.

— Қайдан болушы еді, бұзып жатқан ескі тамның ішінен. Жұмысшылар тауып апты.

— Шыдамды екен…

— Иә, шыдамды екен… Мен албасты ауырмасам ғой, ондай бәлеге тап болмас па еді.

— Дегенмен… қалайша ол бірден өліп кетті?

Зейнеп тізесінен басын жұлып алып, оған оқты көзімен ата қарады. Оның жанары қанталап кетіпті.

— Немене, енді соны білгіңіз кеп тұр ма? — Даусының қатты шығып кеткені сондай Айтөре селт ете түсті.

— Кешіріңіз. Басқа еш нәрсені де білгім кеп тұрған жоқ. Айып етпеңіз!

Зейнеп қайтадан сабасына түсе бастады. Бірақ саусақтары мен еріндерінің дірілдеп тұрғанын жасыруға шамасы жетпейтін сияқты.

— Адамдар жауыз боп барады! — деді кенет Зейнеп күйінген үнмен кіжіне сөйлеп. — Шетінен жауыз боп барады. Мейірімсіздер! Тас жүректер! Қалай ғана көздері қиды екен десеңші… Құлыным-ай сол!..

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29