Өкпек жолаушы

Нәзипа сөйлеп жатып-ақ ұйықтап кетті.

Зейнеп мойнын қысып бара жатқан қызының қолын босатты да, үн-түнсіз егіліп жылады.

Таңертең ерте тұрып, бірін мектепке, бірін таныс үйлерге қайта таратады. Өзгелермен салыстырғанда жігіт боп есептелетін, қазір бұлармен сыйыса алмай, сонау Сахалиндегі Холмск деген қалада кеме капитаны боп жүрген Бектұр жарты құрсақ боп мектепке кетіп бара жатып: “Мама, он бес тиынға ештеңе де келмейді, отыз тиын берші. Екі пирожки мен біл лимонад ішпесем, үйге келгенше әбден қарным ашады”, — демесі бар ма.

Өзі ішетін түскі тамақтың есебінен оған тағы он бес тиын қосып берді. Ол мәз боп күліп, мамасының бетінен сүйді. Өмірде жолы болмай, тегіс жерден сүрініп опық жеп жүретін, қазір Чита жақта түрмеде жүрген Салауат та мұның қасына жатпаса ұйықтамаушы еді.

Ол кезде тіршіліктің барлық тіні мамаларына кеп тірелетін. Қорықса да “мама”, қуанса да “мама”, күлсе де “мама”, қайғырса да “мама”, мамасыз өмір жоқ еді. Енді олар “маманың” ақылына да, алақанына да, қосымша он бес тиынына да зәру емес.

Пенсияға шыққан бір айдың жүзі бойы Зейнептің ойы онға, ақылы алтыға бөлініп, өзі жайлы, өмір жайлы, балалары жайлы сарылып ойлаумен болды. Қанша ойласа да, қанша санасын сарылтса да, балаларының өзіне деген бұрынғы ыстық ықыласын таба алмайтын секілді. Шынымен бе, шынымен олардың осы кеткені кеткені ме? Енді олар мына жаман шаңыраққа қайтып оралмай ма, бәрі мұны ортаға алып, тұс-тұстан кеп “мамалап” ұмтылмай ма? Мұның енді ешкімге керегі болмай қалғаны ма? Расымен бе? Өмір заңы деп айта беретін нәрсе осы ма? Ана баланы туады, ол жер бетін шарлап кете береді де, өзін дүниеге әкелген, өзі дегенде айлар бойы кірпік ілмеуге, нәр татпауға дайын ұлы жүректі ол ұмытуы керек, келе қалса моласына топырақ салуға келеді, үлгермесе ол да жоқ. Осылай. Ол — өмір заңы. Осылай заңдастырылған! Осылай қалыптасқан.

Пенсияға шығып, аздап өзімен-өзі болған соң, түнемеге көз ілмей шыққан сәттерде Зейнептің ой-санасы да осы төңіректі маңайлап жүріп алады. Әсіресе еңсені басып, қабақ тұнжыратқан қарашаның мына бір суық жаңбыры да оның ойын қайдағы бір қараңғы қалтарыстарға қарай қақпайлай беретін секілді. Ол өмір жайлы, өмірдің өткіншілігі мен қысқалығы жайлы бұрын да ойлайтын, тіпті, күйеуге шықпай тұрған кезінде де ойланатын. Бірақ олардың бәрі де тай тұсаудай қысқа, жазғы жаңбырдай ызғарсыз өте шығатын-ды. Өйткені, ол шақта өмір бітпейтін жол, кәрілік жетпейтін төбе, жалғыздық төнбейтін пәле боп көрінер еді. Кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге, бір жыртықты жамаса екіншісіне ала өкпе боп асығам деп жүріп жас ғұмырының, қайратты ғұмырының өте шыққанын байқамай қалыпты. Япыр-ау десеңші, пенсияға жеткенше мұның тағаты таусылып, кейбір кеңсе қызметкерлерімен жұмысты жай істейсіңдер деп сөзге келісіп те қалмады ма? Ал асықты, жетті, енді бұдан әрі не болмақ? Керегі болсын, болмасын, алыс-жақында тұратын балаларының тірлігіне орынды-орынсыз араласып, өзін-өзі зорлап бөтен өмірге таңа беру керек пе? Бөтен өмір? Рас-ау, қанша қатал болса да, өз балаңның өмірі қара шаңырақтан қырық қадам ұзаған соң-ақ, бөтен өмір болатынын мойындамасқа лажың қалмайды екен ғой. Өзің бөтенсімейсің-ау, жағдай бөтенсиді, өйткені ол жағдайлар сенсіз-ақ шешіледі.

Балаларынан осы қалада тұратыны — баяғы стол басында ұйықтап қала беретін Ертай. Келін екеуі бүгін үйге біржола көшіп келеміз деп кеше телефон соққан. Әй, оның да әуресі бір басына жетерлік болды-ау! Жиырма бесте жасы болса да, осымен екінші рет үйленіп отыр. Әуелгіде бұлардың үйлері үш бөлмелі болатын. Бұл үйленген соң бөлек шығару керек болды. Келіннің мінезі жайсыздау, есіл-дерті бөлек отауға шығу екенін байқаған соң, Зейнеп оларға кесірімді тигізбейін деп, үш бөлмелі үйін екі бөлмелік және бір бөлмелік екі үйге айырбастады. “Кейін біздің баламыз болады, ал сіз енді бала тумайсыз, екі бөлмені бізге беріңіз” — деп, келіні біраз қияңқылық танытты. “Мен бала тумасам басқа жақтан немерелерім келеді, жападан-жалғыз қу бас боп отыра береді деймісің! Тілің қандай ащы еді!” деп, Зейнеп оның дегеніне көне қоймады. Ертай бәрібір онымен ұзақ отаса алмады, екінші жылы ажырасып тынды. Зейнеп бұған қуанбаса қайғырған жоқ, екеуі осы үйде тұра берді. Өткен жылы ол тағы отау көтеріп, кәдімгідей тату-тәтті өмір сүріп отыр еді, екеуі тал күбідей тағы айныды. Келін айтты “оқуға алыс” деп, (ол әлі студент болатын) баласы айтты “жұмысқа қашық” деп. Сөйтті де, табан асты келінінің орталықтағы әке-шешесінің қолында тұратын боп шықты. Ал Зейнеп болса, сол балалардың бәрін осында тұрып-ақ жетілдіріп, қаланың қақ ортасындағы жұмысына қашықсынбай осы жерден қатынап-ақ істеп еді! “Әні, жастардың жаны ардақты, олар біз сияқты маубас емес!” деп ойлады ішінен ол.

Бүгін міне, әні-міне Ертай келінді ертіп кеп қалар деп, есік пен қара телефонға қайта-қайта қарайлап отырған жайы бар. Әзірге есік те, телефон да жым-жырт.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29