Өкпек жолаушы

Міне, ақыры осылай боп шықты…

Айтөре әңгімесін бітіріп, диванға шалқалаған кезде Зейнеп те иегінен қолын алып, үйреншікті машықпен шай құймақ боп қозғала беріп еді, манадан бері көз көбесінде көлкілдеп тұрған жып-жылы жас клеенкаға тырс-тырс тамғанын өзі де байқамай қалды.

— Қу тіршілік, — деді ол дүниенің опасыздығын енді ғана танып тұрған адамдай қыстыға сөйлеп. — Бүгін бар, ертең жоқ. Мәңгі жасайтындай алысасың. Жұлысасың, тартысасың, қуанасың, күлесің, ұрсысасың, енді бір ұмтылсаң, ұшпаққа жетіп қалатындай, торғайдай шырылдап от пен суға түсесің. Сөйтсең де… Әні, із-түзсіз ғайып боласың. Енді бір он-он шақты жылда сені білетін, сені көрген он шақты адам да өте шығады. Сонан соң қалдың… Молаң да қараусыз қалады. Ол кімге керек?.. Не үшін келдің, не үшін кеттің, не бітіріп кеттің? Тұңғиық… — Зейнеп өз ойынан өзі шошыды ма, орамалмен бетін басып, кәдімгідей солқылдап жылады. Оның ойына не оралды? Артта қалған ауыр тіршілігі ме, сәулесіз балалық шағы ма, алда тұрған сүреңсіз, ешкімге қажетсіз өмірі ме, әлде мәңгі мұз еліне барып көмусіз қалған бір бейбақтың аянышты тағдыры ма, – Айтөре ол жағын анық біле алмады. Әзірге ол бір-ақ нәрсені анық аңғарды, ол — қарсы алдында отырған бейтаныс әйелдің жан дүниесінің мейлінше тазалығы, оның жүрек қанында бір тамшы да арамдық атаулының жоқтығы.

Өз әңгімесінен өз мұңы оянып, ескі жарасының аузы қайта қанталап тұрса да, айдаладағы біреуге аяушылық білдіріп, көз жасын төгіп отырған мына әйелге қарап отырып Айтөре әйел затының соншалықты қарапайым, соншалықты нәзік, миың жетпестей күрделі екенін, оны бір Айтөре емес, он, жүз, мың, тіпті дүниені тіреп тұрған данышпан еркек атаулының бәрі жиналса да ол құпияны шеше алмайтынын, бұ дүниеден сол шеше алмаған бойы өтетіндері жайлы тағы бір ойлап өтті.

— Жиырма балаң болса да әрқайсысының орны әр басқа, — деді Айтөре әңгіме желісін тұңғиықтан шығарып. — Он тоғыз балам бар деп жиырмасыншысын жек көре алмайсың. Дегенмен, сол тұңғышымның орны үңірейеді де тұрады. Неге екенін білмеймін. Бәлкім, туғаннан жолы болмағандықтан ба?.. «Мінезі тік, тентектеу» дедім ғой өзін. Сол мінезінен тапты ма деп те өкінем. “Министр болам деп нем бар еді! Егер қоңыр тіршілікке разы боп жүре берсем, бәлкім, ол мұндай күйге ұшырамас па еді” деп те қайғырам. Есімде, жұмыс істеп жүргеніне қарамай, ертеңгілік мен үйден шығып бара жатқанда ол: “Перзент ақы тастамайсың ба? ” — дейтін. Баяғы бір кезде оны еркелетіп отырып: “Перзент — адам өмірінің тірегі. Менің қуанышым сендерсіңдер. Сендердің “папа” деген бір ауыз сөздерің үшін мен от пен суға түсуге бармын. Сендер маған арқа сүйеген сайын, сендер маған салмақ салған сайын, сендерді әрбір қуантқан сайын мен бір жасап қалам. Перзент әкеге қандай қуаныш әкелсе, әке де перзентке сондай борышты” дегенім бар еді. — Айтөре өткен окиғаны есіне алып, аздап күлімсіреп қойды. — “Перзент ақы” дейтін содан қалған өзінше бір әзіл ғой.

Айтөре күлген соң Зейнеп те оған қосылып күлімсіреген болды. Бірақ қас пен көздің арасында жер-дүниені шарлап шыға алатын адам көңілі бұл жолы да талай-талай қатпарларды аралап кеп Зейнептің ішкі дүниесін әлем-жәлем етіп кетіп еді. Бейтаныс кісі өз өмірі жайлы, балаларына деген ұлы махаббаты жайлы бейқам халде әңгіме шертіп отырған сәтте, әкесіз өскен өз балаларын, олардың ұзақты күнге нәр татпай аш жүрген кездерін ойлап, ішкі дүниесінің қайдағы бір түкпірінен көз жасының тағы бір бұлағы бүлкілдеп келе жатты. Зейнеп өзін-өзі алдандырып, кеседегі әлдеқашан суып қалған шайын басқа ыдысқа тез төңкере салды да, тез-тез ыстық шай құя бастады. Электр самаурындағы шай да әлдеқашан томыртқалаған судай жылымшы тартып қапты.

— Әке-шеше, бала-шаға деп жүріп-ақ өмірінің өтіп кеткенін білмейді екен ғой, — деді Зейнеп кенеттен өзі жаңа әңгіме бастап. — Солар дей-дей өзіңе қарауға да мұршаң келмейді екен. Торғайдай шырылдап жүріп жетілдіресің. Олар өседі. Өседі де, жан-жаққа пыр-пыр етіп ұшады да кете барады. Әсіресе, ер бала. Міне, бәрі өсті. Кетті ғой жан-жаққа. “Бізді де әке-шеше тапты-ау, олардың ет жүрегі езіліп бізден хабар күтеді-ау” дейтін бірі жоқ… Өлмесең өмірем қап… өле қалсаң топырақ салуға келсе келер, келмесе қояр. Тек… қыз бала екен ғой, шырылдайтын. — Ол ескі танысына сыр ақтарып отырғандай әңгімесін еркін айта бастады. — Анам марқұм айтып отыратын: “Түптеп келгенде анаға жаны ашитын қыз бала болады екен” деп. Білмеймін, сіздерде мұндай әңгіме бар ма, жоқ па… О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір барлық адамның күнәсі мен сауабын таразыға сап тартады екен дейді. Басы жұмыр пенде емес пе, адам атаулының күнәсі көптеу болатын көрінеді. Әке-шеше байғұс жан-жағына жалтақтап қол ұшын берер пенде іздейді екен. Оған кім көмек көрсетсін, бәрінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Құданың құдіреті, жан қалтада жүретін бет орамал о дүниеде үлкен әжетке жарайтын көрінеді. Сауабынан күнәсі бір мысқал ғана ауыр боп, әке-шешесі тозаққа түскелі жатқанда, қыз байғұс қана шырылдап кеп: “Қайтейін, тозаққа күйсем күйермін” деп өз орамалын таразының сауап жақ басына тастайды екен. Сөйтіп, қыздың арқасында ата-ана тозаққа түспей аман қалады деседі… Қыз бала деген сол…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29