Өкпек жолаушы

Анасының осы айтқан сөзі айна қатесіз орындалып келе жатыр. Жасаған жақсылығы ешқашан жақсылық боп шықпай-ақ келеді. Енді, марқұм анасы айтқандай, бәрінің ақырын Алладан күтетін шығар, егер о кісі де ұмытып кетпесе…

Міне, дәл қазір де мына бейтаныс адамның алдында ол өзін әлденеге кінәлі сезініп отыр.

— Құдай-ау, сонда не үшін? — деді әлден соң Зейнеп тыныштықты ақыры бірінші бұзып.

Айтөре тұңғиық ой құшағынан селт етіп босанып, сұрақтың мән-жайын анықтап біліп алғысы келген адамдай, кезерген еріндерін күбірлетіп, сәл ғана отырды да:

— Оған бір жағынан мен де кінәлімін, — деді күрсініп. — Баяғыда, бір баланы суға лақтырғаны үшін сотталып, сол үшін мені қызмет бабында көп әуреледі ғой. Анда сүйреді, мында сүйреді, партиялық қатаң сөгіс берді, қызметтен төмендетті. Ісімді сотқа бермек болды. Бұл оқиға балама қатты батты. Байқамай жасаған бір қылығы өзіне де, маған да оңай тимегені, әсіресе, менің көп сергелдеңге түсуім оның жанын шындап азаптай бастаса керек. Артынан барған сайын ол көзіне жас алып, менен кешірім өтінумен болды. “Ештеңе емес, бәрі орнына келеді. Сен қылмысты қаскүнемдікпен жасаған жоқсың ғой. Өзіңді-өзің көп қинай берме” деп жұбатқан болам. Ол түрмеге дейін де, түрмеге қамалған соң да, жоғарғы орындарға хат жазып, “Менің қателігім үшін әкемді жазғырмаңдар, көлге шомылуға барғанда екеуің жабылып бір баланы суға лақтырып өлтіріңдер деп маған тәрбие берген жоқ” деген өтініштерін білдірумен болыпты.

Түрмеден босанып келген соң да, қатты күйзеліп жүрді.

Ол оқиға да ұмытылып, ел өміріне көп өзгерістер енді. Мен қызмет бабында қайта өрлей бастадым. Сөйтіп жүргенде министрдің орны босап, босаған орынға кандидаттардың бірі боп менің фамилиям атала бастады. Жұрт сөзіне қарағанда, өзгелерден гөрі менің мүмкіндігім молдау боп келе жатты. Осы кезде зұлымдықтың ескі машинасы кенет мүлтіксіз жұмысқа кірісіп кетті. Баламның сотталғаны, оған дұрыс тәрбие бере алмағаным үшін кезінде қатаң партиялық жаза көргенім, жұмыстан төмендетілгенім — бәрі-бәрі тап күні кеше болғандай алдымнан шыға келді. Менің жоғарылап кетуімді қаламаған “достарым” Орталық Комитет пен үкімет органдарына “осылай да осылай” деп өткен оқиғаға жаңаша мән бере келіп, “семьясына дұрыс тәрбие көрсете алмаған әке бүтін бір министрлікті басқаруы мүмкін емес” деп үзілді-кесілді ойларын білдірумен болды. Ақыры олар жеңді. Менің кандидатурам тиісті жерден өтпей қалды. Ол кезде домалақ арыз дегеннің заманы жүріп тұрған шақ еді. Ол қанша “домалақ” болғанмен ар жағында кімдер тұрғанын жақсы білдік. Бірақ амал не, қолмен ұстамаған соң айта алмайсың.

«Кейіннен білдік, үсті-үстіне арыз ұйымдастырған адам — сол орынға таласып жүрген менің ескі танысым боп шықты. Жазуымды танып қоймасын деп, ол арызды ылғи да арақ ішіп жүретін көршісіне жаздырады екен. Кейіннен, министр боп алғаннан кейін ол көршісін менсінбей кетеді. Түкке тұрмайтын бір-екі шаруамен барса, “ертең келмен” шаршата берген соң, маскүнем көршісі ішіп алыпты да, оның кабинетіне кіріп боқтаған көрінеді. Анау милиция шақырады. Іс шатақпен бітеді, — о көршісі он бес тәулікке қамалады.

Сол зәбір көрген көрші менің балама болған оқиғаны түгел айтып беріпті. Ызаға шыдай алмаған балам әлгі министрді подъезде ұстап алып, қылғындырады ғой. Арыз жазғанын мойындатады. Абырой болғанда подъездің лампасы күйіп кеткен бе, қараңғы екен, оларды ешкім байқамайды. Әлгі кісі бізге жасаған зұлымдығы үшін өмір бойы айыпты боп өтетінін, егер мүмкін болса, тек жақсылық жасауға тырысатынын айтады. Мұны жұртқа жария қылмау үшін ол балама ақша ұсынған ба, сондай бірдеңесі бар. Балам оны әрине, алмайды. Ол жазған арыздың бірнеше даналарын көзіне нұқып тұрып көрсетеді де, кек қайтарудың мұнымен бітпейтінін ескертеді.

Міне, солай!

Айтөре өзі айтқан әңгіменің ауыртпалығынан өзі шаршап, сәл демалып алғысы келгендей ауыр бір күрсінді де үнсіз қалды. Артынша сөзін қайта бастады.

— Баламның өліміне солардың себеп болғаны анық, — деді ол енді жайбарақат сөйлеп. — Бірақ тағы да қолыңмен ұстап алмаған соң кімді кінәлайсың. Оның кеуде жағы сол бойы табылмады.

— Ал жұмысшылар ше? Жолды асфальттағандар? Солардан сұрамадыңыздар ма?

— Арада көп уақыт өтіп кетті ғой. Дәл сол кезде бұл араны кімдер асфальттағанын табу қиын болды. Дегенмен, ұзақ әурешіліктен соң, бір-екі жұмысшының аты белгілі боп еді, сұрастыра келе олардың да әлдеқашан қайтыс боп кеткені анықталды. Сөйтіп, жіптің ұшы жоғалды.

Біз бұл қалада тұра алмадық. Көз көрмес, құлақ естімес жаққа көшіп кетуден басқа амал қалмады. Соғыста бір майданда болған якут жолдасым Якутскіде үлкен қызметте еді, соған болған жағдайды айтып, бұл жерден кеткім келетінін сездіріп едім, ол бұл ұсынысымды қуана қарсы алды.

Сөйтіп жер түбінде тұрып жатқан жайымыз бар.

— Әйеліңіз, бала-шағаларыңыз біргесіздер ғой?

— Әйелім былтыр қайтыс болды. Баласының сүйегі жол астынан табылғанда есеңгіреп қалған. Ауық-ауық өзімен-өзі сөйлесіп, баласының денесін іздеп көшеге шығып кете беретінді шығарды. Мен өзге жұмысты қойып, соны аңдумен, қайда кеткенін іздеумен уақыт өткізетін болдым. Ақыры содан қайтыс болды. Якутияның алапат боранында, полярлық түн кезінде баласының кеудесін іздеп үйден шығып кетіпті. Содан қайтпады. Жерлей де алмадық. Денесі табылмады. Сөйтіп, мына жер бетінен мола да бұйырмады. Осында көшеміз деп қопаңдай бастағаннан-ақ қайғысына қайғы жамылып, қабағы бір ашылмай қойды байғұстың. “Туған жерден топырақ бұйырмайтын болса, жат жердің тоңына тоңып қайтейін” дейтін ылғи да. Оның бұл сөзіне ешқайсымыз мән берген жоқ едік.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29