Өкпек жолаушы

Әйелім трубканы құлағына тосты да, “иә, иә” деп тұрып, кенет жан дауысы шыға айғайлап жіберді…

Біздерді бір милиция бөлімінің кезекшісі шақыртыпты…

Бөлімшеде біз баламыздың қанға боялған пиджагін көрдік. Пиджактың қалтасынан оның блокноты шығып, сол арқылы бізді тауыпты.

Әйелім есінен танып құлап түсті. Оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті.

Сол баламыздан өзге хабар болмады. Бес күн етті, он күн өтті. Өлі ме, тірі ме, тірі болса киімі неге қан? Өлі болса, сүйегі қайда?

Жұмыс орнындағы бірге жүрген жігіттер де жауапқа алынды. Олар еш нәрсе білмейтін боп шықты. Дәл сол күні оның қалааралық автовокзалдың кассасынан билет алып тұрғанын бір таныс қыз көріпті. Бірақ “қайда барасың?” деп сұрағанда: “Айға барамын” деп күліпті де қойыпты.

Басқа ешқандай дерек жоқ. Үйленген ортаншы баламыз басқа қалада болатын, олар да аяқ жетер жерді қалдырмай іздеу салып көрді. Одан да ештеме шықпады. Әйелім мен қызымның сол кездегі қасірет шеккен түрін көру дүниенің ең азабы еді. Қан тиген пиджакты қолына алып, екеуі екі жақтан жылағанда, екі қолымды төбеме қойып лағып кеткім келді. Не күлкі, не ұйқы жоқ. Кешке жақын мынау үй — ол екі қолын жайып, өзі отырған үйдің екі қабырғасын нұсқады, — үй емес, қараңғы қапасқа айналды.

— Құдай сақтай гөр! — деді маналы бері, әрең демалып үнсіз отырған Зейнеп үйге үрейлене қарап. — Сонымен? Таптыңыздар ма?

— Иә. Бір жылдан соң!..

— Астапыралла!.. Қайдан?

— Көшені қазып жатқанда сүйегі асфальттың астынан табылды. Шалбарының жамбас қалтасындағы куәлігі тап-таза сақталыпты. Онда да денесі түгел емес, белден жоғары жағы жоқ боп шықты.

— Не дейді, құдай-ау! — Зейнеп мынадай сұмдықты көрмейін дегендей екі қолымен бетін басып шыңғырып жіберді. — Болды, болды! Керегі жоқ, ары қарай айтпай-ақ қойыңыз!.. Неткен сұмдық! Неткен жауыздық!..

Өзі айтқан әңгіме көкірегіндегі шемен боп қатқан қасіретін жібітіп жіберді ме, Айтөре де көпке дейін толқып, боп-боз боп отырып қалды. Шай да, шарап та, бағана кірген кездегі әдемі бір көңілді сәт те енді қайтып оралмастай ұмытылып алыстап кеткен секілді.

Зейнеп орындық басында ілулі тұрған орамалмен көзін сүртті. Көзін сүртіп болып Айтөреге қарап еді, ескі қайғы буырқанып бойды буғанмен қайтуы тез бола ма, жүзінде әлгіндей емес, тіршілік белгісі пайда болыпты. Ол қалтасынан орамалын алып, көзілдірігін мұқият сүртіп шықты. Сонан соң суыған шайдан бір ұрттап кесені орнына қойды.

— Кесеңізді беріңіз, ыстық шай құяйын, — деді Зейнеп болар-болмас қана күбірлеп. Айтөре оның сөзін естімеген адамдай бейтарап күйде отыра берді.

Үй ішінде өлі тыныштық орнады. Бұл тыныштық бірте-бірте ауыр тартып, Зейнепті иығынан төмен баса берді. Осыдан бірнеше сағат қана бұрын мүлдем бейтаныс адамның алдында мына, тыныштық тұтқынынан жол таба алмаған шарасыздығы үшін өзін кінәлі санап, сол мойындаудың әсерінен Зейнеп бұдан әрі не істерін білмей іштей қатты қиналды. Қинала отырып, мына шала таныс адамның өзгемен, қарсы алдында отырған әйелмен мүлдем ісі болмай кеткеніне, ауыр әңгімені айтуын айтып алып, сол әңгіменің әсерінен үнсіз қалған байғұс әйелге көңіл жұбатарлық тағы бірдеңе айтуға талпынар ниет танытпағанына да ызаланды. “Сонда біреудің қайғысын мен ғана түсінуім керек те, өзгелердің менімен ісі болмауы керек қой? Мен ғана құрақ ұшып, мен ғана бәйек боп біреу үшін түнгі көбелектей жалпылдап отқа түсе беруім керек! Өмір бақи осылай келе жатқан жоқ па? Өмір бойы! Осы жасқа келгенше ол өзін ойлап па екен?” Кішкентайынан ауру шешесін бақты. Ол ұзақ ауырды, он жыл бойы төсек тартып жатты. Одан қала берсе өзінен кіші інілері мен сіңлілері тағы бар, оларға да қамқорлық керек. Соларды жетілдірем деп жүргенде ол өз басы туралы, өмірдің өзге де қызықтары жайлы ойлады ма? Жоқ. Оған уақыт та болмады. Бұл байғұс осылай от пен суға түсіп шырылдап жүргенде “саған обал болды-ау, бір сәт өзіңді де ойласаңшы” деп ешкім айтпапты. Тіпті, түсінеді, мейірбан деп сенген адамдардың өзі де бұл жөнінде тіс жармапты. Сол жармаған бойы кетті. Олардың бәрі оң-солын танып, бір-бір азамат болғанда: “Біз үшін көбелектей шарқ ұрып, жастық шағыңды құрбан етіп едің” деп солардың бір де біреуі айтпады. Солай болу керек, солай болуға жаралған!

Тұрмысқа шыққан соң, анасы өз қолында қайтыс болды. Сол ғана, жалғыз сол ғана мұның қадірін түсінді. Өлер алдында:

— Бәріміз сен үшін туған сор болдық, — деді ол көз жасын көлкілдетіп жатып. — Қауынның түбіне біткен сұңғыладай сенің барлық шырыныңды сорып алып, көктей солдыра жаздадық. Не ары, не бері болмай мен де төсек шірітіп жатып алды… Ақ сүтімді ақтадың, жаным. Қайтесің, маңдайыңа жазылғаны сол шығар, қайырымдылық деген де екінің біріне емес, бір атадан таңдап жүріп біреуіне қонады дейді ғой. Сол қайырымдылық қонған адам туған-туысқандары үшін өмір бақи от пен суға түсіп өтетін көрінеді. Құдай о баста оны солай жаратады дейді. Сен де сол, қайырымдылық қонған қыздың бірі шығарсың. Қапаланба. Жақсылық ешқашан жақсылық боп қайта бермейді, ақырын Алладан ғана күтесің…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29