Өкпек жолаушы

“Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?” дегендей, Зейнеп те үнсіз қалған аз уақыттың ішінде өзімен-езі дауласып, өзін-өзі кінәлап, белгісіз бір кінә мен айыптың салмағынан құтылғандай сезінді. Манадан бері мұның басында өтіп жатқан ерсілі-қарсылы өзгерістерді ойымен оқып, енді оның немен бітерін ғана күтіп отырған адамдай Зейнеп бір тоқтамға келе бергенде Айтөре де қайта сөз бастады.

— Елден жырақ жүрген адам уайымшыл болады екен,— дейді ол бояусыз шараптан ұрттап қойып. — Бәлкім, қарны тойған жерді туған жерім деп алаңсыз жүре беретіндер көп те шығар, бірақ қанша ұмытуға тырыссам да мен өйте алмадым. Келейін десем, келтірмесім келтірмейді, ойламайын десем, сананың түбінен сағыныш деген бар болғыр сәт сайын бас көтеріп, мазамды алып бітті. Мына жақта — ол қала жаққа қолын сілтеп қойды —ағайын-туыс, жора-жолдастар көп. Көп болатын. Бұдан отыз жыл бұрын. Қазір білмеймін. Көрісе қалсам, бәлкім, шұрқырасып табысармыз. Бірақ мен өзім өгейсіп қаппын. Ешкіммен жолыққым да, хабарласқым да келмейді. Адамға өзінің үйренген, өмірді қуанып бастаған жері осыншалықты жат боп кетеді деп басқа біреуден естісем, шынымды айтайын, сенбеген болар едім.

Айтөренің “состиып тұруды” үйрену кезіндегі аса бір көңілді, аса бір алаңсыз әлгі бір сәттен ауысып, аз ғана уақыттың ішінде үрейлі де мұңлы бір тарихтың ұшын көрсете бастауы Зейнептің алда тұрған әңгімеге деген ынтызарлығын әрі қоздырып, әрі бәсеңсітіп кетті.

— Ол соншалықты ауыр болса айтпай-ақ қойыңыз, — деді Зейнеп оның кесесіндегі суыған шайды жаңалап құйып жатып. — Түріңіз тіпті адам аяйтындай өзгеріп кетті ғой.

— Айтпауыма да болар еді, бірақ оны қашанғы ішіме сақтаймын және бұл жаққа енді қашан келемін? — Ол кенет болар-болмас езу тартты да: — Сіз бөтен емес, менің бұрынғы үйімнің қазіргі иесісіз ғой, — деді. — Симферопольден Якутскіге Алматы арқылы ұшуым да осы үйдің әсері шығар. — Осыны айтты да ол ыстық шайдан бір-екі ұрттап, шараптан тағы құйып ішті. — Адам дегеннің өзі – мына өмірге құдайы қонақ, — деп сөзді тағы да әріден бастады. — Өзі құдайы қонақ бола тұрып әр таңнан күнде бір жаңалық, жақсылық күтеді. Қонақ күткендей күтеді. Бәрі де солай. Хан да, қайыршы да. Жаңа айттым ғой, мына қалада ескі таныстар да, ағайын-туыстар да баршылық деп. Олармен ұзақ араласпағандықтан арамыз суысып кеткені өз алдына, қазір мен осы жаққа аттап басуға жүрегім дауаламайды. Егер жүре қалсам…— Оның даусы дірілдеп, сөйлей алмай қалды да, қайта қалпына түсті, — егер жүре қалсам, ұлымның сүйектерін басып өтетін сияқтымын.

— Не дейді, құдай-ау! — Зейнептің көзі шарасынан шығып, шошынғаннан қатты дауыстап жібергенін өзі сезбей қалды. — Сүйегі несі? Сіз не айтып отырсыз?

— Кәдімгі сүйек бар емес пе? Сол. Көшемен жүрсем аяғымның астынан сол сүйектердің шықырлағанын естігендей боламын.

Зейнеп бойын билеп ала жөнелген үрей әсерінен өзін-өзі ұмытып, не сұрақ қоярын, не таңданыс білдірерін білмей ішін тартып үнсіз қалды.

—  Есіңізде ме, баяғы шатақ істеп түрмеге түскен балам бар еді ғой. Сол. Тұңғышымыз. Сол баланың жолы болмай-ақ қойды әйтеуір. Түрмесінен босанып, көңіл кірбіңі ұмыт болып, бір құрылыс мекемесінде тас қалаушы боп тәп-тәуір жұмыс істеп жүрді. Айлығы да жаман емес, өзінің шығынын өзі көтеріп, бізден бір тиын сұрамайтын болды. Жолдас-жорасы көбейді. Үйдегі телефон соныкі. Шар ете түскенде көтеріп қалсаң: “Мұрат бар ма екен?” деген дауысты естисің. Кейде олар түн жарымында, кейде таң атар-атпастан оны сұрап жатқаны. Трубканы көтере-көтере шаршаған әжесі: “Мына байғұстар Мұрат жоқта қалай күн көрген?” деп күңкілдеп жүретін. Кейде ол үйде ұйықтап жатқанда оятқысы келмей: “Нет! Его нету. Он ушоль. Ни знаю. Не сказаль!” деп зекіп-зекіп трубканы лақтырып тастаушы еді. Бұл кезге дейін “баласына дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін” деген менің де баяғыдағы алғаш сөгісім өшіріліп, қызмет бабында қайтадан бедел жинап, кәдімгідей көтеріліп қалған кезім еді. “Геологоуправление” бастығының орынбасарына дейін көтеріліп, енді бір секірсе, мекеменің бастығы болады деп жұрт сөз ете бастаған болатын. Қазір ол басқарма емес, үлкен бір министрлікке айналды деп естігем. Міне, өстіп жығылған жүніміз қайтадан көтеріліп, “тасымыз өрге домалай” бастаған шақта табан асты бәрінің шаңырағы ортаға түсіп, ойраны шықты. Мені сол басқарманың бастығы боп кетер ме екен деп қауіптенген “достарым” үстімнен арыз ұйымдастырып, неше түрлі бәлені ойлап таба бастады. “Мекемеге берілген сексеуілді сатып жіберді”, “көмірді жеп қойды”, “ағайындарын жұмысқа орналастырды”, “пәленшенің үйінде қонақта отырғанда араққа тойып алып, үкіметке қарсы сөз сөйледі”, “көңілі жақын адамдарға сыйлық ақша жазып, оны солармен бірігіп бөлісіп алды”, “моральдық жағынан бұзылған, бір өзінде үш әйел бар, біреуі заңды, екеуі заңсыз” тағы тағылар және басқалар. Осылай кете береді. Сексеуіл сатпағанымды, көмір жемегенімді, ешкімге сыйлық ақша жазбағанымды, үкіметке қарсы сөз сөйлемегенімді, үшеу емес, жалғыз-ақ әйелімнің бар екенін дәлелдеп, райкомның бюросынан үйге түн жарымында қатты қапаланып келіп, енді ыстық шайдан ұрттай бергенім сол еді, телефон шар ете түсті. “Тағы да Мұратты сұрап жатыр-ау, бұлар түнімен қарауылда тұратын адамдар ма, тәйірі” — деп әйелім трубканы көтерді. Мұрат үйде жоқ болатын, таңертең жұмысқа кеткен, содан хабарсыз. Оның бұлай кеш келуі үйреншікті нәрсеге айналып кеткен ғой, қашанғы оның әр адымын, әр кешіккен сайын тергеп жатасың? Жас бала емес, оң-солын танитын жігіт болды, өз басын алып жүретін ақылы бар ғой деп қыдыңдай беруді тоқтатқамыз.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29