Өкпек жолаушы

Әлі есінде, дәл күні кешегідей есінде. Айтөре ол кезде он үш-он төрттегі бала болатын. Үйде анасы төсек тартып жатқан еді, екі ағасының екеуі де колхоздың малын алыс бір қалаға айдап кеткен, ең тез дегенде бір жеті соғатын қатқақты қара күз еді. Бұлар бірнеше күн бойы талай түнді екеуден-екеу өткізді. Далада ұли соққан жел бұтақ қамыстарды ызыңдатып, жаныңды тырмалап жатқан секілді. Түн болса екеуі де тың тыңдап, әрбір дыбысқа селт ете түседі. “Біреу келді ме, әлдене дүңк етті ғой”, “ауыз үйдегі шелектің бауы сарт еткен секілді ме?” “ит неге үрді?” деп анасы қайта-қайта сұрақ қоюмен болады. Әшейінде топырлап келіп жататын көп адамның, бір де бірі бұлардың үйінің маңынан жүрмей қойды. Адамдар, әсте, бір-біріне қиын-қыстау кезде бауырмал болатын болса керек, сол кезде олар, әйтеуір бір адамның, кім болса ол болсын, табалдырық аттағанын ауызашардай сарыла күтті. Айтөре далаға шығады. Жаныңды тырналаған жел ызыңынан өзге ештеңе естілмейді, тура есік алдынан басталатын адырлы даладан өзге ештеңе көрінбейді. Сонан соң ол жаман сатымен там басына шығып айналаны мұқият шолып шығады. Қыбыр еткен тірі пенде көрінбейді. Дүние деген түгел қирап, бұлар мына жалпақ далада жападан-жалғыз қалған секілді. Мұндай жалғыздық сезімінен Айтөренің жаны бұрынғысынан да құлази түседі. Ызғарлы жел, жадау тұрмыс, қуанышы жоқ сүреңсіз тіршілік, ауру ана, суық үй оның бойындағы ең бір нәзік сезімдерін оятып, көзіне жас үйіретін. Сол бала кезінің өзінде-ақ ол: “Адам неге әлжуаз, адам неге бейшара? — деп ойлайтын. — Бәлкім, мен әлі тым жас шығармын? Ертең, ержеткен соң бәрі басқаша болар?” Ол есейді, ер жетті, жігіт ағасы болды, шашына ақ түсті, бірақ “адам неге әлжуаз, адам неге бейшара?” деген сұрақ көлеңкедей соңынан қалмай әлі еріп келеді. Ол бұған жауап таппады, таба алмады. Ешкім де таппақ емес. Оның соңғы анықтағаны осы болды.

Қарсы алдында отырған Зейнеп неге екені белгісіз, Айтөренің көз алдына өз анасын елестетті. Адам біткенді жатсынбайтын туа біткен қасиет бір-бірінен жер жағынан да, уақыт жағынан да мүлдем алыс жатқан екі адамды әрі туыстырып, әрі ұқсастырып тұрған секілденді.

— Шынымды айтсам, — деді қиялмен талай жерді шарлап барып қайтып келген Айтөре енді Зейнепке өзімсінген жайдары жүзбен күле қарап, — бұл жақтан жер түбіне неге көштім, қалай көштім, ол жақта тұрақтап қалатындай не таптым, осының бәрін біреуге шешіліп айтып бергім кеп жүрген жайым бар еді. Білесіз бе, кейде қараптан-қарап отырып жүрегіңнің терең бір түкпіріне тығып тастаған ең бір құпия сырыңды да біреу-міреуге жыр ғып айтып бергің келетін кез болады. Неге екені белгісіз, әсіресе соңғы үш-төрт жылдың ішінде осы ой мені жиі мазалайтынды шығарды. Қырымда демалып жатқан кезімде жиырма шақты күн әп-әжептәуір сырласып қалған Шымкенттің бір шалы бар еді, өзі де нағыз шежіре, әрі әңгімешіл екен. Шешесінен шыр етіп туып, Қырымға келген кезіне дейін түп-түгел айтып берді. Ішегінің қырындысына шейін жасырмай көрсеткен сол адамға өз сырымды айтып берсем қайтеді деп әлденеше рет оқталған да кезім болды. Бірақ айта алмадым. Қорықтым. Одан емес, өзімнен, сол оқиғаны еске алудан қорықтым. Жаңа сіз сұраған кезде ойланып, ойымды шумақтау үшін аузыма түскен сөзді айтып лағып кеткенім де сондықтан.

Зейнеп қонағының алыстан барып қайтып оралып, жуасыған асаудай өзімен-өзі шешіліп келе жатқанына әрі таңдана, әрі қуана қарады. Оның салмақты да ойлы жүзінен көз алмай отырып Зейнеп өзінің бүгінгі тірлігіне қас қағым сәтте қайта мән беріп үлгерді, қайта мән беріп үлгірген кезде қараптан-қарап отырып өзінен-өзі қатты қысылды. “Қаншама қонақжай, қаншама жайдары болсам да, бүгінгі тірлігім ақылға сыймайды, — деді ол өзіне-өзі. — Жақсы адам екен деп бейтаныс біреуді үйге кіргізіп, соншама құрақ ұшқаным қалай? Оны бұл қалай түсінеді? Жасы келгеніне қарамай жеңілтек мінезді кемпір екен деп жүрсе қайтем? Және мұның жақсы адам екенін мен қайдан біле қойдым? Ал солай-ақ болсын, бұл кісі жақсы кісі-ақ болсын, сонда көрінген жақсыны үйге сүйреп кіргізе беру керек пе? Бұл да қызық адам екен! Кел дегенге келе салып осында қайта көшіп келгендей қаннен-қаперсіз отыр. Қалай болғанда да менің мұным ұят болды. Енді не істеу керек, алдындағы шайын жинап алып үйден қуып шығу керек пе? — деді іштегі бір ойы қарсыласып. — «Кел» дедің, келді. Жаңа ол аэропортқа кетіп қалғанда өзіңнен-өзің оның отырған-тұрғанын көз алдыңа елестетіп, жаның құлазып масқара болмап пе ең? Ұят-ай десеңші, сөйттім-ау! Енді келіп оны кінәлайсың. Шет жақта жүрген соң адам өз елін сағынып, адамдармен шүйіркелесіп сөйлескенді аңсайтын шығар. Қазақтың жаны –жерінде, олар шетте жүріп тапқан сұлтандықты өз елінің ұлтандығына айырбастай салады емес пе? Сонан соң ғой олар «ер туған жеріне, ит тойған жеріне», «жат жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалды жастайынан жаттап өседі. Бәлкім, жасы келген соң бұл да елін аңсап, тілін аңсап жүрген шығар? “Үйден қырық қадам ұзаса, жігіт мүсәпір” дейді ғой. Бұл қырық қадам емес, қанша мың шақырым екенін бір құдайым білсін. “Бір күнге қоян терісі де шыдайды” деген ғой, үйіме кіріп, төріме жайғасқан соң шыдайын. Ол баса-көктеп кірген жоқ, шақырған соң, жылы шырай танытқан соң келді емес пе?”

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29