Өкпек жолаушы

Есік қоңырауы тағы қағылды.

— Қазір, — деп дауыстады Зейнеп қолы босамай жатқан адамдай, — қазір ашамын! — Сонан соң аяғының ұшымен басып барып, Айтөренің плащы мен шляпасын әкелді. — Келіңіз, — деді, — тез! Қазір кірген адам боп тұра қалыңыз.

— Сонда… мен кім болам?

— Кім болсаңыз екен? Сантехник? Жоқ, оған ұқсамайсыз, саймандарыңыз да жоқ. Үй басқармасынан? Бірақ олар түн ішінде неғып жүреді? О, таптым, үгітші!

—  Нені үгіттейді?

— Білмеймін, әйтеуір бірдеңені бірдеңеге үгіттерсіз.

— Қазір сайлаудың да кезі емес…

— Қап, солай екен ғой… Онда… адасып жүрген біреу боласыз.

Қоңырау, үстін-үстін тағы қағылды.

— Болды, басқа уақыт жоқ! Бейтаныс адамдай жан-жағыңызға қарап, состиып тұрыңыз.

Зейнеп есік ашуға кетті. Айтөре екі қолын артына ұстап, жан-жағына қарап, қақиып қатып қалған.

Үй иесі әлдеқалай бір ер адаммен дәлізде күңгір-күңгір сөйлесіп тұр. Абырой болғанда, олардың сөзі көпке созылмай бір минуттан соң сыртқы есік тарс жабылып, ілгіштердің сатырлағаны естілді. Артынша Зейнеп кіріп келді.

— Келген кім екен? — деді Айтөре, әлі үрейден арыла алмай.

— Ой, несін айтасыз! Сіздің танысыңыз ғой.

— Ол қандай таныс?

— Менің телефонымды сұрап алатын бесінші пәтердегі шал. “Бағана, үйде жоқ болған кездеріңізде сіздерді бір “солидный” ер кісі іздеп келді, телефондарыңызды сұраған соң айтып едім, айып етпеңіз” деп, кешірім сұрау үшін кепті.

— Шынымды айтсам, Ертай екен деп қатты састым.

— Біздің ол көрші солай. Осында тұратындардың үйіне құрбақа кіріп кетсе де, біліп отырады. Не сиқыры бар екенін білмеймін, келген кісілердің бәрі әйтеуір бір есебін тауып соның көзіне түспей қоймайды. Иә, өзіңіз неғып тұрсыз?

— Состиып.

— Сіздің состиып тұрғаныңыз бар болсын!.. Адам состиғанда екі қолын артына ұстап тұра ма екен?

— Енді қалай тұрады?

— Міне, былай, — Зейнеп көрсетпек болып еді, қарадан-қарап тұрып құлап қала жаздады. — Состиып… Қалай еді өзі? Баяғыда тоғайдан отын теруге барғанда сәл тұрып қалсам анам: “Неге тұрсың состиып!” деп ұрысушы еді. Со кезде қалай тұрушы ем?.. Ә-ә, былай, міне! — Зейнеп екі қолын түсіріп, мойнын созып, қимылсыз қалғанда, біраздан соң тепе-теңдігін сақтай алмай тәлтіректеп барып, Айтөренің қарынан ұстай алғанын өзі де байқамай қалды.

Ол екеуі бұл қылықтарына мәз боп, ішектері қатқанша күлді.

— Япырым-ай, сіз екеуміздің өстіп күліп отырғанымызды балалардың бірі көрсе не дер еді? Құдай сақтай көрсін! — деп Зейнеп тап қазір біреу-міреу кіріп келетіндей есік жаққа үрейлене қарап қойды. — Жүріңіз, шайымыз суып қалған шығар.

— Келсе несі бар? — деді Айтөре бұрынғы орнына жайғасып жатып. — Танысамыз. Мен ұры емеспін ғой. Осы үйдің бұрынғы иесімін. Олар мені жатсынбас.

— Жатсынбауын жатсынбайды ғой, әрине, — деді Зейнеп Айтөренің кесесіне ыстық шайдан жаңалап құйып. — Бір күні ана тентегіміз ашуы келсе, “өзің шалмен оңаша отырғанда көңілдісің, бізбен отырғанда тұнжырайсың да қаласың” деп айтып салудан тайынбайды. Ал айтыңызшы, өзіңіз сонау жердің түбіне қалай кеттіңіз?

Зейнепке қарап жайдары күлімсіреп отырған Айтөренің екі қасының ұшы бір-біріне болар-болмас жақындап барды да қайта жазылды. Сонан соң ол алдына қойған кесенің түбіне ұзақ үңіліп отырды да:

— Менің Якутскідегі үйіме қонақ келді ғой деймін, —деп сұраққа мүлдем қатысы жоқ керексіз әңгіме айтып кетті.

— Келсе келген шығар, бәйбішеңіз күтіп ала береді ғой,— деп Зейнеп те самарқау үн қатты.

Осыдан соң екеуі көпке дейін үнсіз қалды. Орынсыздау қойылған сұрақ, керексіз айтылған әңгіме ұйып келе жатқан көңілдерге қаяу түсіріп кеткен секілді. Соны іштей түсінгендіктен бе, Айтөре бұл ыңғайсыз сәтті ұзарта берсе, ушығып кетерін сезіп,–Құданың құдіреті, бұрын қонақ келсе, қуанатын едік, — деді дауысын көтере сөйлеп. — Сіздер ше?

— Бұрын ғана емес, қазір де қуанамыз. Өмірі көрмеген сізге ренжіп отырған жоқпыз ғой.

Айтөре Зейнептің үнінен жарасымды наз бен нәзік реніш табын аңғарды. “Шынында, менің әлгі сөзім не сөз? — деді ол іштей өзін-өзі кінәлап. — Танымайтын қайдағы бір қайбана қазаққа барып құшақ жайып құрақ ұшып отырғаны қуану емес пе?”

Айтөре елден кеткен талай заманнан бері қонақ келсе қуанатын қазақы мінез жамау шапандай ескіріп, бірте-бірте ұмыт болған шығар деп ойлап еді. Қалада отырса да Зейнептің бар болмысынан баяғы бала кезде әр үйден табылатын жылылық пен мейірбандықты, пенде атаулыны жатсынуды білмейтін, есігінің алдына қырық қадам жақындаса болды, «кімсің, қайдансың?» деп сұрамай үйіне жетелейтін, балаларының аузынан соңғы асын жырып алып, қонағының алдына тосатын адал да ақ көңілді көрді. Егер біреу-міреу үйіне бас сұққан адамға байқаусызда “неге келдің?” дей қалса, бүкіл ауылға дөкір мінезділігімен аты жайылушы еді. “Неге келдің?” деп сұрау көргенсіздіктің белгісі деп саналар еді. Қазір ешкімді ешкім күтпейді, үйге келген адамға қуанбайды. “Амандықтарыңды білейін деп келдім” деп әлдеқалай біреу келе қалса, оған нақұрыс көргендей қарайтын болдық.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29