Өкпек жолаушы

— Жоқ, — деді — Зейнеп әлгі әңгіменің әсерінен арыла алмай. Әңгімені жақсы айтады екенсіз. Сенесіз бе, мен ешқашан, ешкіммен оңаша сөйлесіп көрмеппін. Ер адамдармен дегенім ғой. Сіздің бір сиқырыңыз бар-ау, шамасы. Жүріңіз, ет қайнағанша залға барайық. Сіз өз орныңызға, мен өз орныма отырайық. Көрдіңіз бе, өз үйіңізден қайта орын таптыңыз.

Айтөре күле сөйлеп ас үйден ортаңғы бөлмеге өтті. Әлденеге айналсоқтап ас үйде қалып қойған Зейнеп дауыстай сөйледі.

— Мыналарды апарайын ба?

— Нені?

— Кермек татыған сүреңсіз бірдеңені? Айтөре қарқ етіп бір күліп алды.

— Әкеліңіз! Қайтеміз, бұл күнде асқазан деген содан басқаны есігінен сығалатпайтын болды емес пе!

Олар осыдан үш сағаттай бұрын отырып кеткен столдарына қайта жайғасты. Зейнеп баяғы подносқа шай жабдықтарын біржолата тией келіпті. Манағыға қарағанда дастарқан үсті молшылық екен. Қонағының алдында қысылмайтын болғанына іштей қуанып жүрген болу керек, Зейнептің көңіл-күйі де өткендегіден көтеріңкі.

— Әйел адам жоқтан өзгеге ренжіп, жоқтан өзгеге қуана салады, — деді ол осы сәтте Айтөренің ойын растағысы келгендей, — бағана құр шайдан басқа ештеңе болмағанына қатты қысылып едім.

— Оқасы жоқ, оған несіне қысыласыз? Сонан соң, өзім де басқа емес, тек шай сұрадым ғой.

— Иә, сол тілегіңіз айна-қатесіз орындалды!

— Баяғыда, Алматыға алғаш оқу іздеп келгенімізде, арамызда Сақан деген жігіт болды. Өзі ешкімге қосылмайды, ешкіммен сөйлеспейді, тамақты қақшиып қарақан басы ғана ішіп отыратын. Өзіне аулынан апта сайын ақша кеп тұрушы еді. Бүгін келген ақшаны ертең құртып біз жатамыз пәтерге жалдаған бір орыс кемпірдің подвалында. Бір бөлмеде жеті-сегіз бала едік. Бәріміз тапқан-таянғанымызды ортаға саламыз, яғни “колхоз” боп бірігеміз, ол қосылмайды. Сондықтан да біз оны “кулак” деп атайтынбыз. Бір күні бәріміздің ақшамыз жоқ, аш жатырмыз.

— Ойбұй, байғұстар-ай! Сонымен?

— Сонымен, таңертең әлгі “кулакқа” жалындық. Жетеуміз жеті жақтан шуладық. Өлтірейін демесең, бізге “полборщ” әпер дедік. Жарты борш қой.

— Ім, түсініп отырмын, ары қарай айта беріңіз.

— Құданың құдіреті, жартастай мізбақпай отырған әлгі “кулагіміз” кенеттен: “жарайды, сволыштар” дегені бар емес пе. Бәріміз қуанғаннан жапа тармағай шалбарымызға жабысып, көзді ашып-жұмғанша, киініп, сақадай сай тұрдық. Содан “кулактың” соңынан жетеуміз қаздың балапанындай тізіліп еріп кеп берейік. “Япыр-ай, аспаннан нұр жауған мына күнді қалай ұмытар екенбіз” деп арамыздағы қутілді бір жігіт күңк-күңк етіп сөйлеп келеді. Біз болсақ оның бүйірінен түртіп қалып: “Ойбай өшір үніңді, естіп қойса, ол қайтып кетеді” деп білдірмей зекіп қоямыз.

— Ондайы да болушы ма еді?

— Ой, бір рет орта жолдан қайтып кеткеніміз бар… Содан көк базардың төменгі жағындағы асханаға бардық… “Кулак” кезекке тұрды. Кісі көп екен, жетеуміз үйме-жүйме боп бір столға жайғастық. Бір кезде ол бізді саусағымен іліп шақырды да: “Алыңдар, сволыштар” деп қолымызға бір құлаш чек ұстатты. Тамақты алып, столға қойдық.

— Әйтеуір алыпты ғой.

— Иә, алды ғой. Жетеумізге жеті полборщ алыпты. Басқа түк те жоқ. Екіншіні қойшы, оны жоқтап отырған біз де жоқ.

— Ім… м… ойбай, Сақа-ау, тек полборщ қана ма? — деді баяғы жігіт күңк етіп. — Басқа ештеңе алмайсың ба?

— Е, өздерің ғой “полборщ” әпер деген, ішіңдер, сволыштар, — деп тұрып жүре бергені. Бәріміз аңтарылып отырдық та қалдық. “Полборщ” деп тым қуартып айтқаның не, бірінші, екінші, үшінші деп түгел атап көрсетпедің бе” деп осы сөзді алғаш бастаған жігітке дүрсе кеп қоя бердік.

— Сонан соң?

— Сонан соң не болсын, сұп-суық жарты борщты сіміріп-сіміріп алдық та, подвалымызға қайттық.

Зейнеп бетін басып, көзінен жас аққанша күлді. Қолындағы кесе сүртетін шалғышын шыбын үркіткендей сілтеп-сілтеп қойып, сілтеген сайын күлкісін үдете түседі.

—Япыр-ай… Япыр-ай… Сіз мені, сіз мені қатырдыңыз-ау, — деді күлкісінің уыты қайта бастаған  Зейнеп ентіге сөйлеп. — Әлгі “кулак” сияқты мен де сіз сұраған шайды беріп қақитқан екенмін ғой. Ойбай, ұят-ай!..

Ас үй жақтан қайнап жатқан еттің тәбет қоздырған хош иісі келді.

— Оның несі ұят, — деді Айтөре иығын қозғап. — Мен бөтен адаммын. Қайта, шай бергеніңізге рахмет. Басқа біреу болса, үйіне кіргізбес те еді.

— Айтпақшы, әлгі біздің бала телефон соқпады-ау! Телефонның шырылдағанын әңгімемен отырып байқамай қалған жоқпыз ба?

— Жоқ, шырылдамаған сияқты.

Осы кезде есік қоңырауы баж ете қалды.

— Астапыралла! — деді Зейнеп шошып кетіп. — Осы үйдің телефоны да, есігі де адамды кекеш қылатын бір бәлелер. — Ол орнынан тұра берді де, жағдайға енді ғана көз жіберіп. — Ойбай-ау, енді қайтеміз? — деді үрейлі дауыспен. — Балалардың біреуі болды ғой.

Айтөре “өзің бір амалын таппасаң, менен қайран жоқ” дегендей мойнын ішіне тартып, Зейнепке аңтарыла қарады.

— Япырым-ай, өзіміз де тым бейғам отыр екенбіз. Бағана қызу боп ұйықтап жатыр деп еді… Ашу үстінде бірдеңе деп… Келін екеуі келген болса, таза масқара болды-ау, олар түсінеді дейсің бе?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29