Өкпек жолаушы

Зілдей ғой, не ала бергенсіз?

— Кешке қарай дүкендерде ештеңе жоқ, көзге көрінгенді ала бердім, әйтеуір. Ал мен ас қамына кірісейін. Сіз барып демала беріңіз.

Жоқ, Қырымда әбден демалып болдым ғой. Одан да сізге көмек беріп осында отыра тұрайын.

Зейнеп алып келген етін жуып, оған тоңазытқышта сақтаулы тұрған аз ғана қазысын қосып, қазанға салды.

— Әлгінде балаңыз телефон соқты, — деді Айтөре. — Екі рет шырылдатқанда алмап ем, үшіншісінде шыдамадым. Мені әуелгіде сіз деп қалды-ау деймін, біраз нәрселерін айтып тастады.

— Уһ, — деді Зейнеп күрсініп, — аман ба екен, әйтеуір? Келем деді ме? — Ол кенет шошып кетті.     — Айтпақшы, сіз онымен кім боп сөйлестіңіз?

— Қорықпай-ақ қойыңыз. Мен ләм деген жоқпын. Ол тіпті қайда түскенін де білмей қалған болуы керек. Қазір қайта соғатын шығар.

— Айтпақшы, жаңа дүкенде кезекте тұрып есіме түсті, — біздің үйдің телефонын қайдан біліп алдыңыз? Мен айтқан жоқ едім ғой.

Айтөре “сухой виноның” жазуына үңіліп отырып:

— Иә, азғантай бір зәлімдік жасауға тура келді, — деді оған көзінің астымен күле қарап. — Кетіп бара жатқанда бесінші пәтерге кіріп бара жатқан ер кісіден сұрағам. Абырой болғанда сіздің телефоныңызды білетін боп шықты.

— Өзіңіздің кәдімгідей қулығыңыз бар екен ғой, — деді Зейнеп оған сынай қарап. — Оны қайтпек едіңіз?

— Қайтуші ем, кетіп бара жатқанда тағы бір рет қоштасқым келгені-дағы.

Айтөренің дауысынан шынайылық пен жылылық сезген Зейнеп оған  қарсы ештеңе дей алмады, дұрыс дегісі келмеді.

— Алматыдағы таныстарыңызбен жолыға алмадыңыз-ау, — деді Зейнеп әңгіме тақырыбын ауыстырып. — Ондайларыңыз бар ма еді?

— Бар ғой, неге болмасын. Бірақ мені сағынып отырған кім бар дейсің. Бүгінде адамдар бірін-бірі сағынбайтын болды ғой. Отыз жылдан кейін көріссең де, айтар сөзің отыз ауызға жетпей қалады. Оның үстіне, ешқайсысының телефоны да сақталмапты. Кімнің қайда екенін де білмеймін. Қала да көп өзгерген. Мына сіздер тұрып жатқан үйді де әзер таптым емес пе? Бұл үй о баста от жағатын үй еді. Міне, мына жерді көрдіңіз бе? — Ол орнынан тұрып барып, газ плитасының жоғарғы жағындағы орнын білдірмей сылап тастаған ойықты көрсетті. — Осы жерге труба сұғылатын. Екінші қабатқа шелекпен көмір тасып, ертеңгілік күл шығарып әлек боп жатушы ек. Ол кезде мына телефон да жоқ еді, тіпті бұл маңда байланыс жүйесі болмайтын. Сіз алаңдамай тыңдай беріңіз, мен ойыма түскенді айта берейін, жарай ма? Жасы жер ортасынан ауған адамдар үшін өткен өмірді еске алудан асқан ләззат болмас, сірә.

— Кім біледі? Кейде еске алғың да келмейтін кезің болады.

— Мүмкін. Бірақ өткенді өшіріп тастай алмайсың. Мен оның қандай қиын шағы болса да, ерекше мұңлы сағынышпен есіме алам. Ол мен үшін не жылап, не қуанып қана өткізген жеке адамның жалаң өмірі ғана емес, оның мына тіршілік жайлы, оның адамға міндетті түрде көлденең тартуға тиіс боп көрінетін қыруар жақсылықтары мен ғажайып құбылыстары жайлы шексіз қиялдарының бір ғана тамшысындай үлесі деп ұғамын. О, бала кезімде мен қандай қиялшыл болдым десеңші! Өскенше, ержеткенше асығып, тап бір күні ертең үлкен адам боп шыға келетіндей әрбір таңды асыға күтуші ем. Қолыма сия-қалам алып, (ол кезде сондай қалам болатын), қағазға алақанымды жатқызып, оның дәл суретін көшіріп басушы ем де, ертесіне қайта салыстыратынмын. Бір қызығы, ертесіне әлгі сызықтарға саусағым сыймай қалғандай көрініп, қуанғанымнан анама жүгіріп барып: “Апа, мен жігіт болдым, қарашы, кешегі өзім жүргізген сызықтарға қолым сыймай қапты” — деп ентігуші ем. “Әрине, әрине, күнім, сен жігіт болдың” — деп қағаздағы саусақтарымның суретін сүюші еді. “Кіп-кішкентай боп тырбиған саусақтарыңнан айналдым” дейтін маңдайымнан иіскеп. Сөйткен аналар қайда қазір, оған не жақсылық көрсеттім? Түк те!..

— Қойыңыз, қамықпаңыз, — деді Зейнеп оған жұбату айтып отырса да, өз көңілінің босағанын сезбей. — Сонан соң? — Ол әңгімені көңілді арнаға бұрғысы кеп даусын көтере сөйледі. — Алақаныңыздың суретін одан кейін де салдыңыз ба?

Айтөре естелік куып, ұзап кеткен ойын тез қайтарып ала қойды да:

— Ә-ә, салдым ғой, неге салмайын, — деді күліп. — Сол кезде бар ғой, есею, үлкен адам болу деген айрықша елестеуші еді. Үлкен адам — дүниенің тұтқасы, үлкен адамның қолынан келмейтіні жоқ, құдіреттей боп көрінуші еді. Ол дүниедегі барлық-барлық жақсылық атаулының таусылмас қазынасындай, жамандық дегеннің қатыгез қасындай боп елестейтін. Ол ел үшін, жұрт үшін тау көтеретін ер Толағайдай тыным таппайтын қайрат иесі сияқтанушы еді. Сол алып та аса мейірімді тұлғаның тыным таппай ылғи күрес жолында жүруі — дүниенің тынымсыз болатынынан, ізгілікпен қатар жауыздықтың да өмір сүретінінен екенін ол кезде байқамайды екенбіз ғой. Асығасың, аптығасың, сөйтіп, ержеткен соң қарасаң, — ол мырс ете түсті, — ер жеткен соң қарасаң, сүреңсіз, бояусыз ырың-жырың тіршілік. Мынау тұрған алдымыздағы румын шарабындай кермек татыған бірдеңе. — Айтөре Зейнепке аңтарыла қарады. Апырым-ау, шайыңыз қайнап қалған ба? Соған қарағанда көп сөйлеп кеткенмін ғой, шамасы. Жалыққан жоқсыз ба?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29