Өкпек жолаушы

— Әлбетте, — деді Зейнеп. — Әлбетте ұят болуы керек!

— Міне, өзіңіз де келісіп отырсыз ғой.

— Ойбай, жоқ! — деп ол өз сөзінің төркінін енді түсініп екі қолын сермей сөйледі. — Мен оны айтып тұрғаным жоқ!

— Ендеше дүкенге екеуміз барып келейік.

— Ойба-ай, масқара-ай! — деді Зейнеп қолымен бетін шымшып, — сөзімізді біреу-міреу естіп қояр ма екен дегендей сыбырлай сөйлеп, — көршілер не дейді? Қой, қайдағыны айтпай тыныш отыра беріңіз. Мен қазір келем!

Зейнеп іргедегі сөмкені жол-жөнекей іле көтеріп, асығыс сыртқа шықты. Айтөре оның соңынан қарап біраз тұрды да, басын шайқап, жымия күліп қойды. Өзі оңаша қалған соң стол үстінде жатқан альбомды алып, жайымен қарай бастады. Ешкім алып кетпесін деген болуы керек, ер адамның түрегеп тұрып жеке түскен суреті алғашқы бетке желімделіп қойыпты. Бұл елуінші жылдарға тән типтік сурет еді. Сталиндік ақ китель, маңдайы кетік фуражка, галифе шалбар, қонышы “гармошка” құрым етік. Ер адам әлденеге ерекше разы, запорожьеліктерге ұқсаған қайқы мұрты едірейіп, “мен осындаймын, ал сен қандайсың?” дегендей сұраулы пішінде күле қарап тұр. Оның оң жағындағы үш аяқты биік көтерменің үстінде кішкене ваза, вазада төрт-бес тал жасанды райхан гүлі тұр. Ер адам оң жақ шынтағын вазадан қалған аядай орынға тіреп тұрғандықтан бір жағына сәл ғана қисайып, “мен осындаймын, сен қандайсың?” деген әлгі сұрағының жауабын мұқият күтіп тұрған сияқты көрінеді екен. Ал вазаның бүйіріне кішкентай әріптермен “жди меня” деп қиғаштай жазылыпты. Айтөре мырс етіп күліп жіберді. “Қызық, кімге айтып тұр, жұрттың бәрі күтуі керек пе? Түріне қарағанда соғыста емес, базар аралап, әлгі киімдерді сол базардан алған секілді, енді оны жұрт неменеге күтуі керек?”

Келесі бетке шашын бір бұрым етіп алдына түсіріп, үстіне кең жағалы жолды көйлек киген, сұңғақ бойлы ашаң қыз жапсырылыпты. “Зейнеп қой, — деп ойлады Айтөре оған үңіле қарап, — шашы неткен қалың, бір емес, екі адамға жетеді ғой!” Ол да сәл күле қарап, сол тұрысының өзінен әлденеге қысылатындай. Сурет ескіріп, кей тұстары сарғая бастаса да, жастық шақтың сұлулығы мен ешқашан қайта оралмас бақытты сәті сол күйінде сақталып қапты. “Қайран қатыгез уақыт-ай, — деді Айтөре Зейнептің қазіргі бейнесін көз алдына елестетіп. Сенің ермегің — адам да, ойыншығың — сұлулық-ау! Алақанға сап аялап-аялап келесің де, бір күні бәрін қайта ұрлап ап, кінәсіз адамдай моп-момақан күйде ілгері жылжи бересің”.

Ол альбомнан басын көтерді. Көз алдына “мен осындаймын, ал сен қандайсың?” деп жауап күтіп тұрған тоқ көңіл сұлу еркек елестеді.

Есік жақтағы қара телефон безілдеп қоя берді. Дауысы аш қозының дауысындай ащы екен. Алғашқыда Айтөре көңіл бөлмеп еді, төрт-бес қоңыраудан кейін еріксіз сол жаққа назар аударды. Ол безілдеуін тоқтатар емес. Ар жағындағы адам қадалған жерден қан алмай тынбайтын біреу болу керек, қойшы дейтін түрі жоқ.

Телефон әлден соң шаршап барып тоқтады. Айтөре де “уф” деп альбомды қайта ашты. Бейтаныс адамдардың суретін сыдыртып өте берді. Өзіне мүлде керегі жоқ, қызықсыз жат альбомды ашып отырып Айтөре жай ғана суреттердің өзі бір семьяның ғана емес, бүтін бір кезеңнің, уақыттың тарихы бола алатынын аңғарды. Қоғам тұрмысы, қоғам талғамы, қоғам мәдениеті, уақыт талабы — бәрі-бәрі де бір үйдің альбомынан көріне алады екен. Ол осындай ой жетегімен бейтаныс адамдардың суретіне қызығып үңіле түскенде телефон қайта шырылдады. Әлгі адам болуы керек. Бұл жолы да он шақты рет безілдеп барып тынды. Ол альбомға қайта бас қойғанда тағы шыр ете түсті. Тым болмаса үй иесінің жоқ екенін айтайын, босқа жүйкесін тоздырмасын деп ол асықпай тұрып телефонға жақындады асықпай қолын созып, жаймен құлағына тосты. Ар жағындағы адам ала шапқын боп сарнай жөнелді.

— Алло! Мама! Сен неге трубканы алмайсың! Немене ұйықтап қалдың ба, әлде бір жаққа шығып кеттің бе? Айгуляның мамасымен неге ренжісіп қалғансыңдар? Онымен неге ұрсысасың? Мен немене, өз басын алып жүре алмайтын бала деп пе ең? Алло, алло! Мама! Неге үндемейсің? Алло! Алло!.. Мама! Айтөре трубканы орнына қоя салды. “Ертай болды ғой, — деді ол ішінен. Қап, бекер тыңдаған екенмін”.

Сәлден соң телефон қайта шырылдады. Бұл жолы Айтөре міз баққан жоқ.

Енді бір он минуттай өткен соң, Зейнеп те келді. Ол үйге сөйлей кірді.

— Қалай, баяғы өз үйіңізге қайтадан бауыр бастыңыз ба? — деді ол Айтөре екеуіне ортақ болған бүгінгі қол шатырдың суы кепсін деп түсірмеген күйі бұрышқа қойып жатып. — Дүкенді жапқалы жатыр екен, сәл болмағанда кешігіп қала жаздаппын. Айтпақшы, әлгі виноны кешке қарай сатпайды екен ғой, өлердегі сөзімді айтып жүріп екеуін әзер алдым.

— Екеуін?

— Иә.

— Оның бәрін қайтесіз? Маған беріңіз? — Айтөре Зейнептің қолындағы заттарды алып ас үйге қарай жүрді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29