Өкпек жолаушы

Зейнеп трубканы орнына қойды да, ойланып қалды. “Япыр-ау, үйде ет те жоқ еді, шақыруын шақырып алып енді қайттім? ” Ол жүгіріп барып тоңазытқышты ашты. Онда мандитын ештеңе жоқ екен. Бір тауық, жарты үйрек, еті жоқ екі-үш қабырға және толып жатқан арзымайтын ұсақ-түйектер. Жалма-жан сағатына қарады: сегізден он минут өтіпті. — Жабылып қалмай тұрғанда дүкенге барып келсем бе екен, ол тоғызға дейін істеуші еді ғой. Бірақ мен кеткен кезде келсе, есік алдында состиып тұрып қалады-ау. Танымайтын адам,  ұят боп жүре ме?” — Ол әмиянын алып, ақшаларын стол үстіне түгел шығарды да санап көрді. Он бес сом отыз сегіз тиын. Екі кило ет — сегіз сом, қант — жетпіс сегіз тиын, тәуір конфеттердің әр түрлісінен үш жүз грамдай, оның бағасы екі сомнан аспауы керек, бір бөтелке қаймақ, ол — сексен тиын. Барлығы болады — он бір сом елу тиын, мұның өзінде қалатыны — төрт сом сексен жеті тиын. Төрт сом сексен жеті тиын!

Ойланып қалды. Пенсияға дейін әлі сегіз күн бар. Қалған ақшаны сегіз күнге бөлсе, әр күніне алпыс тиыннан келеді екен. Несі бар, сегіз күн қара су, қара нанмен отыра тұрады. Бұған далаға шығудың керегі қанша, тіпті де қажеті жоқ. Оның есесіне ол көңілі қалаған адамды қонақ етіп, онымен рахаттанып әңгімелеседі.

Ол үй ішін тағы бір ретке келтіріп, Айтөре келген бойда дүкенге шығып кетуге дайындалып, киініп, сөмкесін іргеге қойып, дайын отырды. Үйге сыймай сенделіп, сағатына қайта-қайта қараумен болды.

Есік қоңырауы да қағылды-ау! Ол сол мезетте ұшып тұрып, үй тірлігінен қолы тимей жатқан адамдай “кіре  беріңіз” деп айғайлады да, өзі ас үйге барып ыдыс-аяқтарды салдырлата бастады. Айтөренің үйге кіріп, есікті ақырын ғана жапқаны, басқа үйге келген адамның әдетімен сол орнында аз ғана ыңғайсызданып тып-тыныш тұрып қалғаны, сонан соң ақырын ғана шеше бастаған дымқыл плащының сусылдағаны, бәтеңкесін шешкеніне дейін ас үйге анық естіліп тұрды. Жарты минуттай өткенде ол жасқана басып бергі бөлмеге өтті де, қонақты қарсы алуға “қолы тимей” жатқан Зейнепті көріп, ұяла күлімсіреді.

— “Тойған үйге тоғыз кел” деген, тағы кеп қалдық. Бұл қазаққа насыбай берсең де, насыбай сұрасаң да бәлеге қаласың, ыстық ботқадай жабыса кетеді де, айырылмай қалады. Жұмысыңыздан бөліп жібердім-ау.

— Оқасы жоқ, бітпейтін үй тірлігі ғой. Төрлетіңіз. — Зейнеп оны баяғы диванға алып келіп, дәл сол орынды нұсқады. — Айып болмаса, — деді ол қысыла сөйлеп, — мен дүкенге барып келе қояйын.

— Жо-жо-жоқ, мен үшін әуре болмаңыз! Мен деген ерігіп жүрген адаммын. Онда ренжимін.

О не дегеніңіз, мен сіз келмесеңіз де дүкенге барғалы отырғанмын. Телефон соққан кезіңізде, әні, анау бұрышта тұрған сөмкені алып шығып бара жатқан болатынмын. Қонақ келмеген күнде де тамақ ішуіміз керек қой. Күні бойы ана баланы күтіп едім, ол да ұйықтап… а, құдай-ай, ұйықтағаны несі, кешігіп жатқаны. Мен қазір келем. Телевизор қойып берейін бе?

— Керегі жоқ.

— Ендеше мына альбомды қарай отырыңыз. Бәлкім, Алматыдағы ескі таныстарыңызды кездестіріп қаларсыз.

Зейнеп оның алдына сырты көк масатымен тысталған, ішінде суреттері ретсіз шашылып жүрген көне альбомды қойды да, сыртқа беттеді. Ол есіктен шыға бергенде Айтөре:

— Айып болмаса, маған бір бөтелке бояусыз шарап ала келіңізші, — деді.

Зейнеп ақша жағын ойлап шошып кетті.

— Бояусыз шарап? Ол не, әлгі сухой деген бе?

— Иә.

— Ім… Бұрын ондайды алып көрген жоқ ем…

— Қымбат емес, екі-үш сомнан аспайды. Міне, ақшасын алыңыз. — Айтөре Зейнепке елу сомдық ұсынды.

— Бәріне ме?

— Жо-оқ! — деді Айтөре күліп, — мұның бәріне сухой ішсек, суға кетерміз. Бір бөтелкесі де жетеді. — Зейнеп Айтөре ұсынған жап-жаңа елу сомдыққа қызығып, алғалы ұмтыла берді де, өзін-өзі тежеп қалды. Сөйтті де ашуланған боп:

— Япыр-ай, қайтер екен десе шынымен міндірмелетіп барасыз ғой, керегі жоқ ақшаңыздың. Сіз айтпасаңыз да, өзім-ақ алғалы бара жатқанмын. Шетте жүріп әбден тақыс боп кетіпсіз ғой өзі. Келген үйіне арақ әкел деп қай қазақ ақша береді. Жолдан ала келмей ме екен! — Соңғы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін байқамаған Зейнеп ернін тістелей қойды. “Бүлдірдім-ау, —деді іштей, — ұят болғанын қарашы”.

— Иә, өзім де солай етейін деп ем, бірақ шарап көтеріп келуге ұялдым, айып етпессіз. Ары кетсе, үйіңізге берген көрімдігім болар, алыңыз.

— Жоқ, мен сізге келе қойыңыз дегенде ақша алу үшін айтқаным жоқ қой, салып қойыңыз қалтаңызға көгереңдетпей. — Ол көзінің қиығын ақшаға бір тастап қойып, қолын сермей сөйледі.

— Енді бар ғой, әжей… атыңыз?..

— Зейнеп, — деді ол мүдіріп қалған оған тез көмекке келіп.

— Иә, Зейнеп. Енді мен сіздің үйге қашанғы құрқол келе беруім керек? Оның үстіне екінші рет табалдырық аттап отырмын. Менде де ұят болуы керек қой.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29