Дермене

— Иә…

— Мәс-саған ендеше! — ол қуыс құлақ күректей алақанымен оның бетінен салып жібереді.

— Қалай, кетесің бе?

— Ата-а! — Немересі бетін басып атасына тығылды.

— Жылама, иттің күшігі! Сендерге жақсылық ойлап түн ұйқымнан безіп жүрсем, оны жамандық деп ұққан екенсіңдер. Мен сендермен басқа тілде сөйлесейін. Тұрындар орындарыңнан!

— Қарағым-ау, бұл қай қылғаның? Мына мені ұрсаң болмай ма, немеремде нең бар?

— Тұрыңдар деген соң, тұрыңдар тез! Екеуіңді қосып байлап, қазан арыққа лақтырып жіберейін. Болыңдар!

Шал немересін құшақтап, орнынан қалтырай көтерілді. “Япырмай, мына дүлейдің ойыны ма, шыны ма?” Омаш бұрышта жатқан кендір арқанды алып, шатысын асығыс, тез-тез жаза бастады.

— Екеуіңді түнімен суға байлап қояйын, таңертең тәубелеріңе келесіңдер.

Әлгінде лақтырып жіберемін деген жігіттің аузынан енді байлап қояйын деген басқа сөзді есіткенде, әйтеуір өлтірмейді екен деп ойлаған шалдың қорқынышы аздап сейілейін деді. Омаш оларға тақала бергенде атасының бауырына жабысып тұрған бала кенет есікке ыршып шығып, қаша жөнелді. Жүгіріп бара жатып: “Қазір келемін, ата-а! Қазір!” деп айқайлады. Омаш арқанын тастай салып артынан тұра қуды. Қуып жетсе мына бейміттің оңдырмайтынын біліп шал да екеуінің соңынан жүгірді.

— Ергешжа-ан, тоқта, құлыным. Ағатайың саған тимейді. Өзіңнің ағатайың ғой, өзіңнің. Тоқта, құлыным, тоқта…

Бала алды-артына қарайтын емес, өңкең-өңкең қуып бара жатқан еңгезердей Омаштан тас лақтырым жерде ноқаттай боп безіп барады. Екі өкпесін қолына алып жусан түбіріне сүрініп-қабынып шал да келеді: “Құлыным, тоқташы, тоқта! Ағаң ұрмайды сені, әшейін қорқытқаны ғой. Өзіңнің ағаң, өзіңнің” деп айқайлап келеді.

Шал сүрініп, етпетінен түсті. Қайта тұрып, қайта жүгірді. Бір кезде өкпесі күйіп, аяғынан әл кетіп, алға ұмтылған бойы сүйретіле құлады.

— Қозым-ау, жалғызым-ау, қашқаның… қашқаның не бұл… Құдайым-ай, өзің жар бола гөр! — Ол жер қауып жас баладай еңіреп жылады. Жалғыз немересін дүлей Омаштың суға тұншықтырып жатқаны елестеді. Жанұшыра қайта тұрып, тәлтіректей басып тағы жүгірді.

Екеуі қараңғылыққа шым батып кетіпті.

Бір кезде сонау арық жақтан немересінің “ата-а” деп айқайлаған даусы естілді. Шалдың беті омырылып ішке түсердей иегі кемсеңдеп барды да, көзінен жасы төгіліп-төгіліп кетті.

Әлдекім бауырын өкшеге салып езгілеп жатқандай үні бітіп қыстыға, қинала жылады.

Арық жағасына қашан, қалай жеткенін де білмейді. Шүйкедей баланы тулақ қаққан құрлы көрмей сілкілеп жатқан енгезердей тұлғаның үстіне шырқырап кеп құлағаны ғана есінде.

— Омашжан, садағаң кетейін, қоя берші баланы!.. Жігіт жауырынға жабысқан шалды шыбыннан қорынғандай қолын сермеп қалғанда ол көткеншектеп барып жалп ете түсті. Тұра салып қайта ұмтылды.

— Көкетай, бір ашуыңды берші. Өзіңнің інің ғой… ұруға да жарамайды ғой ол. Бала неме ойына келген соң қаша салды. Мен оған жазасын беремін әлі мұнысы үшін. Болды ғой, қоя берші енді.

— Қашып құтылмақ болдың, ә! Қашып құтылсаң жұртқа жаймақ болдың. Ұстатпақсың ғой милицияға. Көрсетейін мен саған милицияға қалай айту керек екенін! — Ол баланы жерге аунатып, қолы тиген жерден төмпештеп жатыр. — Ал, барасың ба, айтасың ба милицияға? Айтасың ба деймін, иттің күшігі?!

Шырқырап жылап жатқан баланың жауап беруге шамасы жоқ, бар тапқаны “ата” деп айқайлау ғана.

— Жауап бер деймін, күшік. Айтасың ба милицияға?!

— Омашжан-ау, қайдағы млиса? Ол әлі млисаның қайда екенін де білмейді ғой. — Шал енді тура Омаштың қолына жабысты. — Баланың қылығын кек санап қайтесің. Жіберші, жіберші енді, шырағым.

— Ақсақал, сізге қолым тимесін десеңіз ары тұрыңыз.

— Ұрсаң мені ұр. Бірақ баланы босата ғой, құлыным. Ініңнің бір тентектігін кеше салмайсың ба? Айтқаныңның бәріне көнейік. Сенің ойлағаның біздің пайдамыз екен ғой.

— Ә-ә, с-солай ма?

— Солайы солай, оны енді түсіндім, шырағым.

— Соны түсінсеңдер бопты.

Омаш баланы босатып орнынан тұрды. Шал немересін құшақтай алып, бауырына қысты. Оның жас жуған бетін аймалап, сүйіп жатып, “қоя ғой, қоя ғой” деп жұбату айтса да немересінің жүзіне өз көзінен сорғалап тамып жатқан жасын тоқтата алар емес.

 

*  *  *

Сол түні олар торғай шырылдағанша дермене тасыды. Жайшылықта өзгенің сабақты жібін аттамайтын Тоқаң екі қырдың ар жағынан әлдекімнің тірнектеп жиған дерменесін айырлап арбаға тиеп жатқанда да, жолсыз адырмен сүрініп-қабынып, өзі арбаның артынан итеріп, немересі “ықы-ықылап” есек жетектеп келе жатқанда да, із жасыру үшін екі көш жер артқа жүріп барып қара жолға қосылып, шайла тұсына келгенде тағы да сонша жер өтіп қырманға адырдан кеп қосылғанда да, құдайдың дерменесін емес, біреудің бір арба көз жасы мен қарғысын өз қырманына түсіріп жатқанда да құдай жолы, ақырет сұрауы, өзі сияқты басқа бір байғұстың обал-жазығы жайлы терең ойлануға мұршасы да болған жоқ. Басқа уақытта болса, “қой, шырағым, ұрсаң ұр, өлтірсең өлтір, бірақ мені күнәға итерме” деп дүние-байлыққа қолын бір-ақ сілтеп, кесіп айтып өз жөніне жүре берер еді. Бұл жолы кәрі емендей тұлғасы шыбықтай иіліп, еңгезердей жігіттің айтқанына құлдық ұрып, құрдай жорғалады. Шыбықтай идірген, құрдай жорғалатқан ана бір жапырақ жаман немеренің қамы. “Ендігәрі қит еткен мінезіңді көрсем, айтпады деме, мына ілмиген мойныңды әнеукүнгі жұмыртқадан шыққан балапандай бұрап-бұрап жұлып аламын да отқа лақтырып жіберемін” деген Омаштың сөзі шалдың жүрегінде қақтай тұрып, кәріге тиген шаншудай қатты да қалды. Буыршындай шабынған дүлейдің бұл айтқаны қорқытқаны ма, үркіткені ме, әлде шыны ма, ол жағын кім білген, әйтеуір Тоқаң осы бір немересі үшін  бәріне бел буған, ойсыз, көзсіз бел буған. Мейлі, не болса да тәуекел, әйтеуір осы жалғызым кесірден аулақ болсын. Бұ да құайдың пешенеге жазғаны шығар, онысын да көрейік”.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17