Дермене

— Қой, қарағым, қашқаны несі? Қашып қайда барады… Жай кеткен шығар.

— Үйтіп сылап-сипағанды қойыңыз. Немене, мені түк сезбейтін саңылаусыз деп пе едіңіз?

— Қалқам-ау…

— Қалқамды да қоя тұрыңыз. Қалқам дейтін жастан әлдеқашан өтіп кеткенмін. “Арыстан момын болса құлағында тышқан ойнайды”. Бір мезгіл үндемесең бұ жұрт төбеңе қарай бір елі жақындай түседі өстіп. Апшысын бидайдай қуырып, ашсаң алақанда, жұмсаң жұдырықта ұстап отыру керек. Қойшы деген сайын… Қазір төмендегі ауылдан арба әкелемін, мен келгенше киініп, дайын отырыңыздар.

Шалдың бүйіріне біз сұғып алғандай селт ете түсті де, бірдеңе деп сөз айтуға оқталып барып, Омаштың кәрінен жасқанып, сөзіне тұншығып қала берді.

— Осының бәрін мен тап бір қара басым үшін жасап жүргендей көрінемін ғой деймін. Жайлы төсекте тыныш ұйықтағанды кім жек көреді? Жеті түнде сонау ауылдың бір үйінен арба, бір үйінен есек, қала берді айыр мен арқан ұрлап, жолсыз адырдан дермене тасығанда өзім үшін тасығам жоқ қой. Осы бір шайланың астындағы үшеуміз үшін. Ақыры үйден безіп уақытылы ыстық ішпей қурай жастанып жүр екенбіз, ақша табудың амалын қарастырайық деген ой.

— Шырағым, кісі бейнеті…

— Кісі-місімен шаруаңыз болмасын. Үшеуміздің орғанымыз шынымен бір әжептеуір дүние болады деп ойлап жүрсіз бе? Бір сілтеуге де келмейді. Осы далада ақша үшін жүргеніміз рас па, рас, ендеше, менің айтқанымды екі етпеңдер. Күзге қарай кісі басы мың жарымнан айналдырмасам тіфу бетіме. Мынау жас, мынау кәрі деп алаламаймын дедім ғой, сол айтқаным айтқан. Ал мен ертерек барып арба әкелейін. Бүгін түнде екі-үш қатынасақ дүниенің дерменесін түсіреміз.

Омаш осыны айтты да, темір тостақтағы суыған шайды басына бір-ақ төңкеріп, апыл-құпыл киіне бастады.

Шал апиынға мас болған адамдай, басы кеудесіне құлап, үнсіз отыр. Омаш жүріп кеткенде де орнынан тапжылған жоқ, мүлгіген қалпы қимылсыз қала берді.

 

*  * *

Есік іліп ұйықтамайтын, қораға құлып салып мал ұстамайтын қазақтың жайбарақат ауылына есек арба ұрлайтын адам пайда болар-ау, деген ой қайдан келсін. Арбасы жоғалса ұрланды екен деп ойламайды, “сендер алдыңдар ма?” деп қоңсысынан сұрайды, одан табылмаса арғы үйге сұрау салады, сүйте-сүйте ел шетіне шығып, ақыры, есегіне жегулі арбасының үстінен түскенде: “То-ба-а! Мұнысы несі? Шіркіндер-ай, алған нәрселерін орнына апарып қойса, бұты айырылып кете ме екен” деп есегін жетектеп үйіне қайтады.

Бұл ауылдың қаралы малы түгіл ұйықтап жатқан өздерін төсек-мөсегімен көтеріп әкетсең де сезбейтін бейқам екеніне әбден көзі жеткен Омаш бұл жолы қолына іліккенді олжа тұтпай оқтықтарын көкке қаратып, тап бір ертең керек еместей бүгін отын-шөп түсіріп болғаннан кейін тұрған-тұрған жерінде жасау-жабдығымен қора сыртына тастап кеткен көп арбаның бірін шертіп жүріп таңдап алды. Ауылда не көп — босып жүрген есек көп. Анадай жерде күлге аунап жатқан төрт-бесеуін тұрғызып жіберді де, қарасы ірі, құлағы тіктеу біреуін дуалға қақпайлап әкеп ұстап ап, әп-сәтте мойнына мойынтұрық салып үлгерді. Әне-міне дегенше екі өкпесіне екі оқтық байланып, жаңа ғана өздері рақаттанып жатқан күлдің үстімен жалпақ арбаны белгісіз жаққа қарай дыңғырлатып ала жөнелді.

Омаш арбаны шайла алдына тоқтатып ішке кіргенде өз көзіне өзі сенбей аңқиып тұрып қалды. Шал мен бала заттарын буып-түйіп, екеуі білте шамның жанында шоқиып-шоқиып отыр екен. Бұлай болар-ау деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген Омаш жансыз адамдай сілейіп біраз тұрды да оларға жайлап жақындады. Сол кезде барып шал басын көтеріп дірілдей үн қатты.

— Біз… біз кетейік, қарағым. Дүниесі де, дерменесі де бар болсын. Сені күтіп отырмыз, рұқсат бер.

— Неғыл дейсіз? — Күрең сәуледен онсыз да қарақошқыл көрініп тұрған жігіт жүзі өртеңдей қарайып, түтігіп кетті. Жылқы еріні жыбыр-жыбыр етіп, қырғи алдындағы торғайдай бір уыс боп бүрісіп отырған аталы-балалы екеуіне жеп жіберердей, қас пен көздің арасында қанталап шыға келген буыршын көзбен шаншыла қарады.

— Мені ақымақ қылғыларың келген екен, ә! Қиянат пен қияметті еске алған екенсіңдер ғой. Бағанағы айтқанымның бәрі далаға кеткен десеңші. Немене, етегіне намаз оқитын періште екеуіңсіңдер де, иықтарыңа қонған шайтан мен болдым ба? Бір кештің ішінде құдайшыл бола қалуын бұлардың! Күнәдан бәрібір қашып құтыла алмайсың. Қырманына бір емес үш рет ұрлық дерменені түсіріп отырып, әулие болғысы келеді. Тозаққа түсу үшін арба да жетеді, күйдің екен түгел күй.

— Қартайғанда масқара қылма, қарағым. Алда әлі үмітім бар, ол мына жаман немерем. Жұрттың көз-жасы осының алдынан көлденең шықпасын. Бейнетім қалды деп өкінбеймін, зән ақысын қара күзде әкеп бер деп те айтпайын, бәрі өзіңе бұйырсын. Құдай риза, мен риза. Шал түгіл азамат бейнеті қайда қалмай жатыр, көп болса бұ да соның бірі болар. Кетейік біз, балам.

— Айтып тұрғаныңыз ақтық сөзіңіз ғой?

— Жалған айтып қайтейін.

— Ал сен ше? Сен де кетемісің? — Ол балаға төне қарады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17