Дермене

Ши қалпақпен бетпе-бет толтырған шұбар ала жұмыртқаны жанына қойып алып, алдындағы стаканға біреуін тық еткізіп балуан бармағымен екі айырып, уызын темір табаққа құйып отыр. Оның бұл әдетіне екеуі де үйренген, бұрынғыдай жиіркеніп, теріс айналмайды.

— «Торғайдың жұмыртқасын жеуге болмайды, дейсіңдер», неге, әбден болады. Жер бетінде арам ештеңе жоқ, бәрін жей беру керек. Өңештен өткеннің бәрі тамақ. Мен бір адамның жылан жегенін де көргенмін.

— Астапыралла!.. Қойшы шырағым, маған десе қоңыз жесін, айтпай-ақ қойшы соны.

Омаш қарқылдап тұрып күліп алды.

— Несі бар? Жыланды құйрығынан ұстап әкеп қып-қызыл шоққа лақтырып жіберсеңіз тулайды дейсің кеп, сонан соң тынышталады. Сол, сол-ақ екен, парс етіп жарылады.

Шал шарасыз кейіппен жерге қарап түкірді де:

— Құлыным-ай, жусан әкеле қойшы, — деп немересін таусылмаса да отынға жұмсап жіберді.

— Обба-аа-й, мына біреуін қараңыз, балапан боп қапты,— деді Омаш бір жұмыртқаның ішінен балапанды мойнынан суырып алып.

Шал қараған жоқ.

— Бұл әтәңәләттерге бала не керек десеңші! Бар әйтпесе.— Ол балапанды отқа лақтырып жіберді.

— Бұл нағылғаның, балам… Мені қойшы, мен талайды көргем, қоңыз жеп, бақа жұтқанды да көргем. Ана баланы аясаңшы.

— Аяйтын не бар? Сіз көпті көріпсіз, ол да соны көріп өссін. Ер баланы қаталдыққа баулу керек. Ал, мен болдым. Майыңнан қалып па еді?

— Тұр ғой анау тостақта. –Шал жыларман халде отыр.

— Бүгін бір жақсылап құймақ жейікші. Торғайдың жұмыртқасының жанында тауықтың жұмыртқасы тұсау есе алмайды.

Омаш отын арасындағы кепкен қурайдан қасық сабындай таяқша сындырып алды да, қурайдан қолым таза деп ойлады ма екен, бір ұшын шірелі алақанымен сүйкеп, табақтағы ақ, сарысы бөлек-бөлек боп шіпілдеп тұрған уызды араластырып-араластырып жібергенде, ол ұяда жатқан балапанның аузындай сап-сары боп шыға келеді. Сонан соң үстіне екі қасық қүйдірілген пісте май құйып, тұз септі. Қолындағы қурай таяқшамен тағы бір-екі былғап-былғап ошақтың көмейінен қып-қызыл шоқты алға тартты да кострюльді орнықты етіп, асықпай жайластырды.

— Шал, мынаның астындағы шоқты дем сайын ауыстырып тұр, әйтпесе піспей қалады. Беті ақ қабыршақтанып түбіне шейін сұққан қурайдың үңірейіп орны қалатындай кезге жеткенде оттан шығара сал. Мен арыққа барып шомылып келейін.

Омаш кете бергенде Тоқаң күні бойы ақыл-есін шырмап, мазасын алған күдікті сауалын сыртқа шығармақ боп бойын түзеді.

— Омаш шырақ, — деді ол жазықты адамдай жасқана үн қатып. Көн өкшесі орылған жусанның екі-үш кепкен шөгірін шытыр-шытыр ұйпап үлгірген Омашқа ақырын жеткен осы үн жай тартылған тізгіндей боп, бір сәтке іркіліп қалды да, ебедейсіз тұлғасымен түгел бері бұрылып, қолындағы ожауын көзбен шұқып тұрған шалға қарап: “А?” деді.

— Кәрі адам секемшіл келе ме, әйтеуір бүгінгі тірлігің көңілімді үркітіп тұр, қарағым. Өлтірсең де айтып өлтірші, не істемек ойың бар?

Омашқа бұл сұрақ оғаш та оқыс естіліп, қапелімде қандай жауап қайтарарын білмей шалға тесіле қарап тұрып қалды. Мүдірткен шалдың кенет қойған сұрағы емес, сабырлы, салмақты үнінің ар жағында жатқан оның болашақ әрекетіне деген зілдей қарсылық лебі еді. Омаш тіксініп қалды. Бұрынғы зорекерлігі мен адам баласын елемейтін менмендігіне басып бұл сауалды да жүре тыңдап жауапсыз қалдырайын деп еді, шалдың шүңірек көзі ожаудан шығып өзіне тесіліп тұр екен. Жасы жетсе де көзінен от таймапты. Ол осы бір қауқиған шалдың алдында өзінің қас-қағым сәтке абдырап, қапелімде сөз тауып айта алмай, іштей әбігерге түскенін сол мезетте-ақ сезе қойып, онысын жуып-шайып орнын білдірмей жіберуге тырысып: “Ештеңе де емес”, — деп гүж етті. “Ештеңе де емес” деген бұл жауабы өзі күткендей боп естілмеді, қайта, “біліп тұрып несіне сұрайсың, дайындала бер” дегенді ой түбінен ұрлап шығып, көкейіндегі әзірге жасырын ниетін шындықты ауызбен айтқаннан бетер жария етіп кетті.

Омаш суға шомылып, ымырт үйіріле қайтып келгенде де олар ләм деп тіл қатыспады. Өзінің күдігі жайлы шал немересіне шым-шымдап айтқан болса керек, бұл ыдыс-аяқты салдырлатып, манағы торғай құймақты қалайы қасықпен шетінен опырып жей бастағанда даладағы қурай төсектен атып тұрып, шайлаға лып кіріп кетті.

— Ақсақал, — деді бір кезде Омаш шәугімнің астына қайтадан жылтылдатып от жағып жатқан оны өктем үнмен шақырып алып. Тоқаң жерді кебісімен қаси басып оның жанына келді де, “иә, айта бер” дегендей алақандай төсенішке құйрық басты. Омаш сылпылдатып соғып отыр. Келдің-ау, кеттің-ау дейтін түрі жоқ, қараңғыда қалайы қасықтың ауыз бен ыдыстың арасында ерсілі-қарсылы ағараңдап зулағаны ғана көрінеді. Тап қазір мына ауызға мына қасық не апарса да бәрібір, арбаның майы мен балшық болса да бір-екі талғап жұта беретін сыңайы бар.

— Иә, жай ма, қарағым? — деді Тоқаң шыдамы таусылып.

— Немереңіз неге қашып кетті?

Ашу мен ызаға булығып шыққан өктем сөз шалдың жүрегін дір еткізіп, іші-бауырын аяздай қарып өтті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17