Дермене

— Көрдіңіз бе, бір түнде қырманыңызға бір арба дермене бір-ақ төгілді. Құмырсқадай қыбырлап жүріп, осыны немереңіз екеуіңіз үш күн орар едіңіз. Білем ғой мен, білем істің өнер жерін! — Ол масаттанғандай шалдың иығынан ұстап, ақырын күліп қойды. — Мені босқа қаңғып жүр деп ойладыңыз-ау, ә? Клуб төңіректеп, қыз алдында сызылып тұратын адам мен емес. Алдымен дүние жинау керек, дүние! Үйіңде тойып ішер асың болмаса құр селтең сенің не теңің! “Түстік өмірің болса — кештік дүние жи” —деген, биыл бір жақсылап ақша тауып алайық, сонан соң бәрі де ешқайда қашпайды. Қырық қызды бір шыбықпен үйіремін! — Ол біреу-міреу естіп жүрер дегендей, аузын алақанымен көлегейлеп, шиқылдап күлді.

— Шырағым-ау, бұл кімнің дерменесі?

— Оны қайтесіз, ақсақал? Дермене болса болды емес пе, кімдікі екенінде шаруаңыз не? Кімдікі екенін өзім де білмеймін. Адырда не көп — андыздаған адам көп, не көп— десте көп, соларды шетінен тиедім де алдым.

Омаш қарайып тұрған бір құлқайырды сындырып алды да, “ықы” деп есекті салып қалды.

— Сіз мына дерменені көзге ұрмайтындай етіп жайып тастаңыз. Ал мен немереңізді оятып арбаға мінгізіп жіберейін. Көпірден өткізіп жолға салса болды ғой, ары қарай өзі барады. Бармаса маған десе құдыққа түсіп кетсін.

— Немеремді өзім оятайын.

Омаш шалға жалт бұрылып, жеп қоярдай тесіле қарады.

— Немене, өті жарылып кетер деп тұрсыз ба? Әлде мен адам емес аюмын ба? Қашанғы оны алақанға сап әлпештей бересіз, үйренсін, — деді.

Шал ләм деп тіл қата алмады. Қолы дір-дір етіп, төбе боп үйіліп жатқан дерменеге айыр шаншыды.

“Ой, алла-ай, — деді ол дерменені жайғастырып жүріп,— ой, Алла, енді маған істетпегің осы ма еді? Қарадан қарап жүріп күнәға баттым-ау. Бір байғұстың өзіміз құсап тырбанып жүріп орған дерменесін қырманға түсіріп, қарғысына ұшырайтын болдық қой. Мына бір мың болғырды құдай қайдан сап еткізіп еді! Аюдай ақырып тұрған неменің көн құлағынан сөз өте ме, тыңдай қоя ма айтқаныңды!”

Осы кезде шайла жақтан арба тықыры естілді. Тоқаң айырын дерменеге шанши беріп, артына мойын бұрып қарап еді, есек үстінде қалқиып бара жатқан немересін көріп, жүрегі шым ете қалды. “Құлыным-ау”, әшейін… ұйқысырап құлап қалмаса етті!”

Тоқаң дерменені жатаған дестелерге бөліп болып, шайлаға беттегенде немересі де қайтып оралды.

— Ой, күнім, сенсің бе? — Кекілінен сипап, ай бойы көрмегендей шөпілдетіп сүйіп жатыр. — Қай жерге шейін апардың?

— Ауылдың шетіне дейін.

— Қорыққан жоқсың ба?

— Жоқ. Тек көпірден өткенде ғана қорықтым.

— Ой, алтыным. Жүр, жүре ғой, енді ұйықтайық. Екеуі төсекке кеп жантайды. Омаш шалқасынан түсіп, ұйқыны періп жатыр. Көктемде жер айдауға шыққан трактор секілді, шайланы басына көтеріп барады. Жұрт дем алғанда ғана қорылдаушы еді, бұл бар болғыр дем шығарғанда көкірегіне ит байлап қойғандай ырылдайды екен. Өзінен басқаға көз іліндірту былай тұрсын, тіпті, шайла маңына ұйқы атаулыны жолатар емес.

Тоқаң көрпеден кеудесін шығарып, созылып барып оның аяғынан жасқана түртті.

— Омаш, Омаш шырағым, бір қырыңмен жатшы.

Ол әлден соң барып, арс етіп ары қарай аунап түсті де, сандырақтай жөнелді: “Ой, әкең… кеңірдегіңді суырып алайын!”

Ол сандырағын қойып, тыныш тапқан соң немересі:

— Ата, — деді.

— Әу, шырағым.

— Бұл кісі дермене ұрлап келді ме?

— Е, жоқ-ә, ұрлағаны несі. Әнеукүні қалың жеріне барып орып келген екен, соны әкепті.

Бұлай деуін десе де қырманға ұрлық дерменені қабылдап бір, онысымен тұрмай немересін алдап күнәға екі батқанын сезіп іштей күйзеліп жатыр.

Алыстағы қыр астынан бері келе жатқан трактордай Омаштың қорылы қайта басталып келеді.

 

*  *  *

Дермененің дәні толып, басы ауыр тартқан кез. Сабақтары бұрынғыдай майысқақ емес, сәл исең сіріңке шырпысындай  сырт-сырт сынады. Күн жаңа ғана ұясына батқан. Жусанды даладағы өрмекшінің торындай қым-қуыт сүрлеу жолмен ойпаңдағы ауылға құлаған мың сан тұяқтан көтерілген шаң күндізгідей аспан қуалап кетпей тандырдан жаңа шыққан нандай ыстық жер мен қоңыржай ауаның арасында еңсесі басылып, жусан басын сипай ұшып, қойнау-қойнауды кеулеп, жайлап жылжып барады.

Аспаннан күн кетіп, жарғанат құтырған, бәйтерек пен бетегенің көлеңкесі теңескен осындай апақ-сапақ сәтте қыр басындағы жалғыз шайланың алдындағы жер ошақ маңында үш адам кешкі астың қамымен әлек боп жүр. Өзге дерменешілер ақшам салқынымен адыр кезіп тұмысығымен жер иіскеп жанталасып жатқанда бұлар бастаңғы жасауға келгендей көк түтінді қисық будақтатып, қалайы кастрюльге май шыжғырып жатыр. “Бүгін ас-суды ертерек жұтайық, сонан соң ай батқанша жақсылып тұрып демаламыз” деген Омаштың жалғыз ауыз сөзі аталы-балалы екеуін ошақ басына еріксіз тұсап тастады. Атасы қуырылған еттің үстіне шар еткізіп су құйып, немересі отқа жалпылдақ тастап жатыр. Ал Омаш дәу ошақтың бір бүйірінде ошарылып жұмыртқа жарып отыр. Бозторғайдың жұмыртқасы. Далада жүргенде оның бір көзі жусанда болса, екінші көзі ұяда болады. Ұя көрсе бітті, жұмыртқасын түгел ши қалпағына төңкеріп ала қояды да, орнына толтырып топырақ салып кетеді. Алғашында Тоқаң кәдімгідей қабақ шытып қатты кейіді, одан ештеңе өнбеген соң бозторғайдың көз жасы жібермейтінін, оның да құдай жаратқан жәндік екенін, о дүниеде алдынан шығарын айтып ақыретпен шошытып байқады. Одан да ештеңе шықпады. “Шал, бұл дүниеде жарымағанда о дүниеде жаримын деп жүрсің бе? Неужели мені какой-нибудь торғай үшін ақыретте сотқа тартады?” деп қойып қалғанда қарияның иманы ұшып, жағасын ұстап тұрып қалған.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17