Дермене

— Тіфә-тіфә, шайдың самасы ма, есек мияның жапырағы ма, ащы ғой жүдә.

— Есек миясы несі, шайға мияның жапырағын салып жын ұрып кетті ме? Сейлонның-ақ шайы болатын.

Әуелгідей емес, бейтаныстың шай ішіп, нан жеп отырғанын көрген соң шалдың бойы аздап үйренейін деді.

— Нандарыңның бәрі осы ма, әлде тағы бар ма? — деді ол соңғы бөлікті қабаттап жатып.

— Болғаны осы еді.

— Оқасы жоқ, күн қайтқан соң Ергешбай екеуміз ойдағы ауылға барып тамақ-памақ әкелеміз.

“Құдайдың ұрған жері осы болды, — деді шал селт етіп.

  • Мына бәле асығатын емес”.

— Қорықпаңдар, мен де өздеріңдей адаммын, — деді ол нанды жеп біткен соң қарнын сипап. — Атым Омаш. Бұйыртса үшеуміз серіктес боламыз.

Шалдың зәресі ұшты. Көзі атыздай боп немересіне бір, дәуге бір қарады. Бұларды адам құрлы көріп жатқан ол жоқ, “Осым қалай болады” деп кеңеспек сыңай танытса нағыл деген екенсің. Айтты, бітті — құй көн, құй көнбе, серік етіп аласың, алмасқа қауқар да, амал да жоқ.

— Шырағым, мынадан басқа киімің бар ма еді?

— Бар. — Ол плавкасының резеңкесін көтеріп, шарт еткізіп қайта қоя берді. — Жаңа бәрін жуып, қазан арықтың жағасына жайып кеткем.

— Біреу-міреу іліп кетпесе…

— Алып көрсін, аузын теріс қаратып жіберейін.

Мына жалпақ дүниеде өзінен басқа жан жоқ сияқты. Сәлден соң қайта сөз бастады.

— Жағдайларыңды жақсы білем. Аналар айтқан, — деді ол қолын алдың күні үш жігіт қалған жаққа нұсқап. — Мен олар секілді емеспін, мынау бала, мынау шал деп кісі таңдамаймын. Үшеуміз орамыз, үшеуміз ақшасын тең бөліп аламыз.

Шал үндеген жоқ.

*  *  *

Омаш тамақты қалай жапырып жесе, жұмысты да солай еңсеріп кетеді екен. Адам тамағынан өтетін ас атаулыға ешқашан тәбеті болмай қалған емес, ал жұмысқа келгенде ауық-ауық айнып қалатыны бар. Мұндай жағдайда ол орағын жерге шаншып, екі бүйірін таянып, талтайып тұрады да: “Шал, мен шомылып келемін”, — дейді немесе қысылып-қымтырылмай: “Шал, мен ұйықтауға кеттім”, — деп дүңк еткізеді. Тоқаң не десін, дегеннен түсер пайда қайсы, “е, бара ғой” дейді.

Күн ұясына батуға бақан бойы қалған кез. Аптаптың беті қайтып, жан-жануардың жаны жай тапқан. Дерменешілер де осы сәт барынша қимылдап қалады. Күннің саңы семіп, қас қарайғанша бүгілген белді жазу жоқ. Ешкім ешкіммен сөйлеспейді, бәрінің де есі-дерті алдындағы жусанда. Құлағыңның бар еститіні де орыс орақтың дермене сабағын бырт-бырт қиғаны ғана.

— Шал, — деді Омаш орағын жерге шаншып, — Мен кеттім.

— Бара ғой. — Қайда барасың, қашан келесің деп сұраған да жоқ.

Түн жарымы ауды. Немересі сөйлеп жатып-ақ ұйықтап кетіпті. Жас ұлғайған сайын ұйқы үркек бола ма, ертеңге де керек адамбыз, тынығып алайық деп қанша көз жұмса да Тоқаңның кірпігі айқаспай-ақ қойды. Әрі Омаштың осы кезге дейін қайтып оралмауы ойын сан саққа жүгіртіп, көңіліне әлдеқалай бір күдік пен қорқыныш туғызды. “Бұ, пәтшағар қайда жүр? Әне бір тентек суды ішіп-ішіп қазан арыққа түсіп кетті ме екен? Жеті түнде мас боп келсе апшымызды бидайдай қуырып, немеремнің жүрегінің отын алады-ау. Аспаннан түскен әзірейілдей боп қайдан ғана сап ете түсіп еді бар болғыр. Ала сиырды үш мезгіл аударып арқандау мұң боп жүргенде адырда түнеп, дермене ору не теңім еді. Е, алла, әйтеуір, арты қайырлы болса болғаны да!”

Осы кезде шайланың дәл іргесінен жусанның шытыр-шытыр еткені естілді. Тоқаң селт етіп басын көтерді де, есіктен кірер адамды көзбен тосты. Шайланың аядай есігінен көрініп тұрған бозамық сәуле бір сәтке түнекке айналып, артынша Омаштың гүр еткен таныс даусы естілді.

— Шал, ұйықтаған жоқсың ба?

— Қарағым-ау, бұл сенбісің?

— Мен. Сайтан болмаса бұл жерге басқа кім келеді.

— Тамақ іштің бе?

— Жоқ.

— Ойпырмай, осы уаққа дейін… Лып еткізіп шай қойып жіберейін.

— Қажеті жоқ. Аш адамға қара су мен қара наннан өтер ас болмайды. Немереңізді оятыңыз.

— На… нағыл дейді?!

— Немереңізді оятыңыз деймін.

— Омаштай… Омашжан, оны қайтесің?

— Жұмыс бар.

— Осындай жеті түнде ме? Ертең-ақ…

— Ертеңге қалдыруға болмайды. Тұрғызыңыз.

Шал дірілдеп кетті. Болмашы сәулені табалдырықтан бері өткізбей тұрған осы бір адамның қандай ойы бар екенін білгенше сабыры қашқан байғұс шал немересін оятарын да оятпасын да білмей жалтақ халде үнсіз қалды. Бейуақта келіп “немереңді оят” деуі шалға мір оғындай тигенін сезген Омаш даусын бұрынғыдан сәл жұмсартып: “Төмендегі ауылға арба апарып тастаса болды. Сонан соң шауып отырып қайтып келеді”, — деді.

— Түн ішінде ме? Ойбай-ау, ол неғылған арба?

— Бері жүріңіз.

–Ой, жаппар ием-ай, ертең де күн бар еді ғой. — Шалдың буындары сырт-сырт сынып орнынан әрең тұрды да еңгезердей тұлғаның артынан ерді. Тас лақтырым жердегі қырманның маңында әлдене қараң-құраң етеді. — Япырай, мына тұрған арба ма… — деп Тоқаң сөз бастай беріп еді, Омаш үндеме дегендей қолымен ауа кесті. Қырманға жеткен кезде шалдың төбе шашы тік тұрып, алған демін қайта шығара алмай қалды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17