Дермене

— Қалай, құлыным, осы жер жақсы ғой деймін, ә? Түнде ауыл оттарын көріп жатамыз, — деді шал немересіне күлімсірей қарап.

— Арықтан алыстап кетпейміз бе?

— Бір шақырымдай-ақ ұзадық қой, алыстық қыла қоймас. Су әкелуді қиынсынып тұрсың-ау, ә?

— Су әкелу дермене орудан ауыр емес.

— Ал саған керек болса! — Шал сақалы шошаңдап кеңкілдей күлді. — Келмей жатып ненің ауыр, ненің жеңіл екенін де біліп апсың ғой. Ештеңе етпейді, бірер ай қиналсақ қиналармыз, сонан соң екеуміз орған дерменемізді Арысқа апарып өткізіп, ақшаны уыс-уыс қып ап қайтамыз. Саған маймен жүретін белесебет, үстіңе екі сыпыра шыттай киім аламыз. Көп ақшаны көргенде әжең қандай қуанар екен.

— Онда ала сиырды сатпаймыз ғой?

— Неге сатамыз? Өзіміз мыс-мыс ақша аламыз да қазықтағы жалғыз малды сатып не көрініпті. Құдай қаласа ендігі бұзауын қабыққа байлап, күзге салым деңгене қыламыз да, пұлына уақ мал аламыз. Қайткен күнде де бір қараның бес-алты саулықтық құны бар. Қой басы онға жеткен соң үстінен жонып же-еп отыра беруіңе болады. Әне, сенің жаман атаңның ойы. Тамақ та, киім де, оқу да бәрі соның арқасында. Дұрыс па айтып тұрғаным?

Немересі күлімсіреп басын изеді.

— Ендеше, ана шотты әпер, шұқыр қазып жіберейін.

Мен қадаларды қағып болғанша, сен бір шелек су әкеле ғой, шай қойып ішейік. Ертең ана ауылға барып мәгәзіннен азық-түлік алармыз.

Олар шайланы күн тас төбеге келгенде бітірді. Жер ошаққа жалпылдақ отын жағып шай ішіп біткен соң күннің беті қайтқанша дем алмақ боп қапшықтағы көрпені жерге төседі. Шайла үстін жапқан кеурек пен қурайлар арасында кесіртке жүргендей шытыр-шытыр етіп басылып жатыр.

— Ата, біреу жөтеле ме?

— Қой, кім келеді дейсің бұл жерге. Ұйықтап ал. Кешкі салқынмен ораққа кірісеміз.

— Жоқ, тыңдаңызшы, жусанның шытырлағаны естіледі. Осы кезде ошақ басында қалып қойған шелектің бауы сарт ете қалды. Іштегі екеуі селт етіп, орындарынан ұшып-ұшып тұрды. Олар далаға шыққанда түйенің жарты етіндей науша біреудің шайдан қалған суды төбесінен төмен қарай сарылдатып құйып тұрғанын көріп, әрі сасқаннан, әрі қорыққаннан жүректері көмейлеріне кептеліп үн шығара алмай қалды. Бейтаныстың қаперіне дәнеме де кіріп шығатын емес. Киім атаулыдан үстінде әбүйірін жасырып тұрған бір жапырақ қана көк шүберегі бар. Суды асықпай құйып болып, басын рахаттана шайқады да, күнге күйген қара қайыстай денесін алақанымен шапақтап қойды. Осы шайлада біреу-міреу бар-ау, иесі көрсе ыңғайсыз болмас па екен деп ойлау жоқ, теріс қарап тұрған бойы шелекті иілместен жерге тастай салды да, құлқайырға іліп қойған дағарадай ши қалпағын алып басына киді. Екі иығына екі кісі малдас құрып отырардай арбиған неме екен, осы бетімен ішке кірмек болса шайланы мойнына іліп кететін түрі бар.

Тоқсанбай қарт іргеде жатқан шотты қолына алғанда аздап өзіне-өзі келейін деді. Немересі үрейленіп, атасының артына тығылып тұр.

— Әй, адамбысың… шайтанбысың?

— Ассалаумаликом!

— Астапыралла! Не дейд тағы?

— Ассалаумаликом деймін. — Бейтаныс бетін бұрып, бермен қарай жүрді. — Немене, адам көрмеп пе едіңдер, состиып-состиып қалғандарың қалай бұл? Қане, қол алысып амандасайық.

Шал сасқалақтап амандаса беріп еді, бейтаныстың қолына қолын емес, шотты ұстатты. Еңгезердей жігіт жерді солқылдатып қарқылдай күлді.

— Мені… мені… шотпен… аха-аха-ха-ха… Шотпен ұрмақ! Уһ-уһ-уһ, ішегім-ай… Катю… катюшамен атпаса мен анау-мынау мылтыққа өле қоймаймын. Ал бұлар… шотпен! — Ол шалдың қолынан шотты алып аспанға шиырып жіберді де, сабынан қайта қағып алды. — Ал, ішке кірейік. Қарным да ашты, жейтін бірдеңелерің бар ма еді?

— Е, бар… бар ғой. — Шал абдырап шайлаға кірді де кемпірі берген он бес пәтірдің ең соңғысын бейтаныстың алдына қойды. Жігіт көрпешеге шынтақтай жатып нанды төртке бөлді де, бір бөлігін қабаттап-қабаттап аузына бір-ақ ұрды.

“Алла-ай, қайдан сап ете қалды бұ жалмауыз, — деді іштей Тоқсанбай қарт. — Айдалада нағып қаңғып жүрген жан? Кетер ме екен, әлде қонам деп масқара қылар ма екен? Бастан-құлақ садаға, маған десе шайланы мойнына іліп кетсін, тек кетсе екен әйтеуір. Қашан қарасын батырам дегенше де немеремнің жүрегін ұшырып бітетін болды-ау. Түрі де түсіңе кірсе шошып оянардай келбетсіз екен. Аузына аттың тісін салдырып алған ба өзі, немене?”

— Ана шәугімде шай бар ма?

— Бар.

— Алып бере қойшы. Нандарың сағырдам боп қалған екен, өңешті қытықтап бара жатыр.

— Құлыным, шәугімді әпере қойшы ағаңа. “Ағаңа” деген сөзді шал баса айтты. Әлі үрпиіп тұрған баланың бойындағы үрейді осы сөзбен сейілтпек. Бала батылсыз барып шәугімді көтерді де, жігітке жасқана ұсынды.

— Атың кім сенің? — Жауапты тоспай-ақ шәугімнің шүмегінен суыған шайды құрқылдатып жұта бастады.

— Ергешбай.

Бейтаныс жігіт шайды сіміріп жатып неге екені белгісіз балаға бақырайып бір қарады да, шөлі қанған соң шәугімді жерге қойды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17