Дермене

Қарттың ішкі дүниесі ду-ду етіп, көмейі бүлк-бүлк ете түсті де, көз алды бұлдырап кетті. “Тек, құрғыр, мұным не? Жас баладан жаман боп көзіме жас алғаным қай алжығаным бұл!” Ол өзін берік ұстап, жанарында төңіректеген жасын немересіне сездірмеуге тырысып ширақ адыммен сыртқа беттей берді. Ә дегенде асығыс шыққанымен сәлден соң кібіртіктеп қалды. “Япыр-ау, беталды құла дүз қайда барады? Бірдеңеден құр қалғандай қайда ентелеп келеді? Бағыт-бағдар не болмақ? Соны ойлап алмағаным не?”

Шал аз-кем аялдады.

— Ата, үйге қайтамыз ба?

— Сәл демалып алайықшы. Сонан соң көрерміз.

Ол қапшығы мен көрпе-жастығын жерге қойып отыра кетті.

Далада қонбай ел ішіне жетіп алайын дейтін күн әлі кеш емес, бәрі бөтен ауылдың қайсы үйіне бас сұғып, құдайы қонақ едім дейді. Әлде, айдың күні аманында үйге қайтып-ақ кеткені жөн бе екен? Олай етейін десе, кемпірім әлгі жайды естіп менен бетер жасып қала ма деп тағы тайсақтайды. Оның үстіне биылғы жаз азын-аулақ қаржы таппаса жалғыз пенсия үш жанға түк болатын емес, әрі, биыл күз немересі жетінші класты қалаға барып оқиды. Қазықтағы жалғыз сиырды сатып жібергенмен не болады, «пұл болды, күл болды» дегендей, қант-шаймен-ақ құрып кетпей ме? Ана кемпірдің де ыңқыл-сыңқылы көбейіп кетті, жаман айтпай жақсы жоқ, ойламаған жерден санаулы демі біте қалса жер сипап қалу тіріге сын. Жаман немеренің несібесіне құдай есіркеп бойынан қайратын алмай тұрған шағында қор жинап қалмаса бола ма, қашанғы өстіп қақаңдап жүре берер дейсің, кеселдің көзі кәріде, бүгін болмаса ертең топ етіп төсек тартып жата қалса не болмақ? Біреудің бергені біреуге ырзық бола қоя ма?

Кеурек күркенің астында аптаптан бас сауғалап жатып Тоқсанбай қарт көп ойланды. Осы екі-үш сағаттың ішінде ол сонау жастық шағынан бастап, күні бүгінгі оқиғаға дейінгі өмірін еске түсіріп өтті, бәрін де көріпті. Қайғысы да, қуанышы да, өксігі де бар екен. Бірақ өткен қайғы-қасірет өшкен шоқтай жанды күйдіре қоймайтындықтан ба, оған ең ауыр тигені де әлгі оқиға сияқты. Бәлкім бұл адам баласының қартайған шағында сәбидей кінәмшіл болатындығынан шығар, бәлкім, ұлының артында қалған әкенің қырық жамау көңілі жетім ботаның көңіліндей әрі пәс, жалтақ болатындығынан шығар, әйтеуір жаңағы жігіттердің сөзі оның жүрегін тағы тістелеп өтті. “Тепсе темір үзетін білдей-білдей азаматтар. Сөздерін қарашы! Менің Молдасан жарығым кемтарды көрсе аузындағы асын беріп үстіндегі жалғыз жейдесін беріп жалаңаш қалуға дайын еді-ау! Мыналарда соның инедей де ұшқыны болмағаны ма? Өздері түйедей, сөздері сүйемдей екен ғой. Енді не істейміз? Әлде, құдай жалғыз, мен жалғыз, жеке кетсем бе екен? Оның да реті болмайды-ау. Жалқының ісі өне ме? Әрі мына немеремнің көңіліне қаяу салып қайтейін, онсыз да әке-шешесінің жоқ екенін біліп, іштей жетімсіреп жүрмеген деймісің, біледі, біледі ғой бала бәрін де. Әлде айтқандарың болсын деп аналарға қайта барып қосылсам ба екен? Жо-жоқ, көңіл деген демдеулі шай емес, бір суыса жылуы қиын болушы еді ғой, түбі қайырлы бола қоймас. Мейлі, тәуекел, жалғыз-ақ кірісермін! Үйде кемпірдің тұтқышына таласып отырғаннан не түседі, одан да, базар бар да бақытыңнан көр дегендей, несібемді сынап көрейін. Жалғыздың жары құдай, жаратқан бойға қуат берсін!”

Осы ойға бекінуі-ақ мұң екен, Тоқсанбай дүниенің бар қызығы сәл кешіксе-ақ уысынан шығып кетердей орнынан ұшып тұрды.

Кең шайлаға үйренген басы байқамапты, кеудесін оқыс көтергенде кеурек шартақтың бір іргесін саудыр еткізіп қоса көтерді. Қасында ұйықтап жатқан немересі де басын жұлып алып, сасқалақтап қалды.

— Ата… ата, не болды?

— Астапыралла! Байқамай қалғанымды қарашы. Қорқып қалдың ба, құлыным! Кел, таңдайыңды басайын.

Қарт немересінің қарсылық білдіргеніне қарамастан, оның мойнын өзіне күштеп бұрды да, басын қыса құшақтап тұрып, көз ілеспес жылдамдықпен тандайына ағаш қасықтың сабындай ұзын саусағын сүңгітіп алды.

— Тіфу-у, ащы екен!

— Ештеңе етпейді, дермененің шіресі ғой. — Сөйтті де жоғарғы ұшы байлаулы болғандықтан ғана құламай қалған шартақты сабан қалпақтай лақтырып жіберіп, үсті-басын қағып бой түзеді.

— Ал, құлыным, қалай, екеуміз-ақ ора береміз бе?

— Орсақ орайық.

— Қорықпайсың ғой?

— Сіз бар емессіз бе?

— Сөзін қарай гөр өзінің. Ендеше бопты, бүгін кешке дейін ана төбенің астына шайла тігеміз де, ертеңгісіннен бастап жусан дегенді жусатып орып кеп береміз. Сол жерден қазан да алыс емес.

Сөйтіп, ұрса ұршық сындыра алмайтын шал мен бала тепсе темір үзетін үш жігітке қайтып баруды қор санап, ай далада екеуден-екеу қалды.

Жаңа жерге келгелі екі күн өткенмен екеуі бір десте де дермене ора алмады. Салқындау болар деп шайланы ойпаңға тігіп еді, түн баласы екеуі де елегізіп шықты. Бұл адырда ұры да, қасқыр да, жын-жыбыр, дию-пері деген атымен

жоқ деп өзіне тығыла түскен немересінің көңілін қанша алдаусыратқанмен, шалдың өз басы әрбір тысырға құлақ түріп, бозторғай шырылдағанша көз іле алмады. Аман-есен таңға ілініп, немересі көзін ашқан соң оразаларын қара сумен ашты да, бір күн бойы тер төгіп әрең қалқитқан шайласын әп-сәтте бұрқыратып бұзды да тастады. Кісі бойы келетін төрт қада мен шыжым жіптерін арқалап төбе басына тоқтады. Бұл жердің күні ертерек шығады екен. Сонау мұнар таудың ар жағынан тең бөлінген пәтір нан тәрізді жартылай көтеріліп қапты. Әзірге моп-момақан, жұп-жуас. Аспан мөп-мөлдір. Күн қызғанша сайраңдап қалғысы келген бозторғайлар бір түйір жасымықтай боп сонау, сонау көз ұшында дір-дір етеді. Тоқсанбай қарт күнге жотасын бергенде жайшылықта мұнартып жататын алыстағы бейтаныс ауылды ап-анық көрді. Тіпті өріске айдаған ірі қара малдарды да ажыратуға болады екен. Оның кеудесіне қуаныш құйылып, жүрегі лүп ете қалды. Алып-берері жоқ алыста жатса да ел қарасы жалғызілікті адамға кәдімгідей ес болады екен.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17