Дермене

— Мейлі, солай-ақ болсын.

— Е, неге жартылай бөлесіңдер? Ол ешқайсымыздан қалыспайды. Көріп жүрсіңдер ғой, біз қанша десте орсақ, ол да сонша орып жүр.

— Жоқ, — деді баяғы жігіт қабағын тыржитып. — Баланың аты – бала. Мен екі мың алсам, бұл да екі мың ала ма сонда?

— Алса қайтеді?

— Осыны шын айтып тұрсыз ба?

— Е, шыным болмағанда. Осы бала қайсымыздан кем қалып жүр. Күні бойы дермене орғанымен тұрмай сонау етектегі дүкенге де тайдай жұмсап отырған жоқпыз ба? От жақ десең от жағып, су әкеп, шай қойып зыр қағып жүр. Күндіз қолынан орағы тағы түспейді. Анау қыр астындағы он шақты адамның повыры да ақшаны тең бөліп алатын бопты ғой, мұның одан несі кем? Біздің бейнетіміз адал да, мұның бейнеті, қарам ба, о несі-ей түге! Баламды өйтіп шеттетпеңдер! О, айналайын, тұнжырамай-ақ қой! Бұл ағаларыңның жай сөзі ғой.

— Біз жай айтып отырғанымыз жоқ, ақсақал, — деді еңгезердей жігіт. — Істің басын ертерек ашып алайық дегеніміз ғой. Кейін дауласып жатқанның керегі қанша? Біздің айтарымыз мынау — балаңызға жартылай төлейміз. Көнсеңіз әні, көнбесеңіз тағы да әні. Ертерек басқа топқа қосылыңыз, әлі де кеш емес. Ал, екі күн орған дерменеңізді тасып алып кетемін десеңіз еркіңіз білсін. Осы маңнан жер алыңыз, жақсы жер таңдасып берейік. Алда-жалда ешкімге қосылмаймын десеңіз, балаңыз екеуіңіз-ақ, ора беріңіз, жалғыз-жалғыздан жүргендер де аз емес қой.

Шыжыған күннің астында бесеуі де жоталарын күнге төсеп үнсіз қалды. Тұс-тұстан шырылдаған шілде қоңыздардың үні ғана естіледі. Жусан сабағын сырт-сырт сындырып отырған шал әлден уақыттан соң барып еңсесін көтеріп, бұлдыр сағымға көз тікті де: “Імм” — деді. Осылай боларын, қиын болса да амалсыз келісуге тура келетінін біліп, шалдан бір жауап күтіп отырған үшеудің бірі “м” деген үн бітер-бітпестен оны іліп әкетті.

— Солай, ақсақал. Оған налымаңыз. Дермене орып жүргеніміз бір биыл емес. Арамызда әйел де болған, өзіңіз секілді шал да болған, мына немереңіздей бала да жүрді, бірақ біз балаға бүтін төлеп көрген емеспіз. Балаңыздың бізден қалыспайтыны рас та шығар, өзі жерге ұрып алғандай пысық екен, бірақ баланың аты – бала ғой…

— Болды, қарағым, тойдым. Бипаздап тігісін жатқызбай-ақ қой. Біз кетейік. Қой, балам, кәкір-шүкірлерді қапқа сал. Басқа жаққа кетпесек болмас. Ағаларың сені қорашсынып отыр екен, екеуміз-ақ орармыз. Дермене орып мал табамыз деп кім ойлаған, осы бір шірелі жусансыз-ақ күн көрерміз.

— Ақсақал, ақыры кетіп барады екем деп сөзбен шымшымаңыз. “Күн көріс” деп кемсітпеңіз. Бұл да өкіметтің жұмысы!

— Дұрыс, дұрыс, қарағым. Айтқандарыңның бәрі орынды, сендерге өкпелеп қайтейін. Ергеш, бәрін қапқа сап әкеп те қойдың ба? Байқа, ішінде ағаларыңның бірдеңесі кетіп қап жүрмесін, далада бәрі қажет болады, қане, көрейінші. — Шал қаптың аузын кең ашып, ішіне үңіле қарады да, қолымен ыдыс-аяқтарды сақыр-сұқыр аударыстыра бастады. — Айттым ғой, шәугімнің екі қақпағын салыпсың. Қақпақсыз қайнаған шай ыс татып кетеді. Мынау не, түнікелі тостақ па? Балам-ау, түйедей нәрсені қалай байқамағансың, мә, бәрін де қайтарып бер, кісі ақысының сұрауы жаман болады. Болды ғой деймін, қалғанының бәрі өзіміздікі көрінеді. Ал, жүр, балам, көрпе-төсекті жол-жөнекей ала кетерміз.

Шал ыдыс-аяқ салынған қапты салдыр еткізіп арқалады да, немересін қолынан ұстады.

— Қош болыңдар, қарақтарым, еңбектерің жансын! Қарт алыста қарайып түрған шайланы бетке ұстап ілгері қозғалды. Үш жігіт үй ортасына қойылған ұстындай серейіп-серейіп үнсіз қала берді. Қанша дегенмен адам емес пе, дүние шіркіннің алдамшы қызығына арбалып, жас бала мен кәрі шалдың көңіліне қаяу салғандарын әр қайсысы анық сезіп, үшеуі де іштей қиналып тұр, бірақ “ақсақал, қойыңыз, тәңірдің несібесін бөле-жара көрерміз” деп мәрттік танытайын десе, сол баяғы дүние боқ сезім ауыздарына қақпақ боп, ләм-мим дей алмады. Шалға “қош болыңыз” дегенді айта алмағандары да әлгі бір ішкі арпалыстан болса керек. Атасы мен немересі едәуір ұзағанда үнсіз тұрған үшеудің бірінің есіне мана өздері айтқан сөз сап ете түскен болуы керек, жалма-жан алақанымен аузын көлегейлеп айқай салды.

— Ақсақал, жер таңдасып берейік пе-ее? Шал бұрылып, артына қарады.

— А-а?

— Жер таңдасайық па деймін?

— Керегі жоқ, Алла разы болсын!

Қапшықтағы ыдыс-аяқты шайладағы көрпе-төсектің арасына орап далаға қайта шыққанда шалдың көңілі шынымен құлазып, жетімсіреп қалды. Немересіне ештеңе сездірмеген боп төсектерін буып-түйіп жатқанда қайтыс болған баласы ойынан бір сәтке де кетпеді. “Көке, аналар сені ренжітті ме?” деген ұлының даусы әлдеқайдан ап-анық естілгендей болады, тіпті, баласы шайла сыртында машинамен алып кетуге кеп тұрғандай елестеп кетеді. Құлынының көзі тірі кезінде байқамапты, “бастық болсаң қайтейін, маған бастық емессің ғой” деп оны елемеген болушы еді, сөйтсе ол да бір асқар тауы екен ғой. Сол күндер артта қалған соң ба, әлде шыны солай ма, әйтеуір жұрттың бәрі мұны “Тоқа-Тоқа” деп құрметтеп тұрушы еді, енді кеп… мына дерменешілер…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17