Дермене

Көз жасының кермек дәмі сезілді.

Ел ас-су ішіп бола берген кезде есік жұлқи ашылып, жылан сорғандай құп-қу Омаш кіріп келді. Ұйқысыз жатқан аталы-балалы екеуі орындарынан ұшып тұрып, тұрған-тұрған жерлерінде сілейіп қалды. Тоқсанбай бірдеңе дейін деп еді тілі орамға келмеді.

Омаш сол бетімен шалдың алдына кеп тізерлей жығылып, еңкілдеп қоя берді. Қорыққанынан қалшылдап тұрған шал дүниенің не боп кеткенін ұқпай, не айтарын білмей кәлимаға тілін келтірді.

— Ойбай, ата құдай ұрды мені! Құдай ұрғанда қос қолдап ұрды! Ақша… ақшадан ай… айырылдым… Түгел! Түгел ап кетті. Сорлы басым-ай сіздерді ертіп бармай нем бар еді, сыпырып кетті-ау, сыпырып… Төрт-бес жігіт… Тапа-тал түсте!

Шал есінен адасып қалшиып тұра берді. Немересі кеп: “Ата, ататай, ақша жоқ! Ұрлап кетіпті!” деп еңірей айқайлағанда ғана өзіне-өзі келгендей, аяғына жығылып жатқан Омашқа қарады.

— Шын ба? — Естілер-естілмес қып күбірлеп айтты.

— Шын! Шын, ойбай! Алдап нем бар! Тонап кетті. Аяқ-қолымды байлап тұрып әкетті-ау! Кешеден бері соның соңында жүрмін. Милициялар іздеп жатыр. Соттатсаңыз да, өлтірсеңіз де ерік сізде. — Омаш шалдың аяғын тағы құшты.

— Тұр, — деді Тоқсанбай ақыл есіне толық келіп, — тұр! Алпамсадай жігіттің аяққа жығылғаны жақсылық емес.

Омаш мас кісідей қалтырай көтеріліп, жердегі төсекке қайта отырды.

— Жылама. Ергешжан, сен де кой. Бір мәнісі болар. Төрт баланы соғысқа беріп, қалған жалғызын жалаңаяқ жар кешіп жүріп жетілдіргенде де жыламағанмын. Енді кеп… ақша үшін…

— Сіз маған сенбей отырсыз ғой! Жүріңіз, іздеп жүрген милицияларға да жолықтырайын.

— Аулақ! Млисаң өзіңе! Сенейін, сенбейін, болар іс болды. Іздесең өзің іздей берерсің. Тапсаң — қайтып келген малдың қайыры бар, бар рәтін сен-ақ көр. Маған бір тиынның керегі жоқ. Араммен келген мал еді, араммен кеткен екен. Бәрі сонымен бірге кетсін!

Омаш жасын тыйып, шалға аңырая қарады. “Япыр-ау, бәрінің осылай оп-оңай біте салғаны ма? Шынымен бе? Қалайша?”

— Шырағым, — деді Тоқсанбай немересінің басынан сипап отырып, — ақша қалай жоғалды деп мен қазбаламаймын. Саған әу баста сеніп ем, сол сенген күйімде кете берейін. Түнеукүні қырман басында біз үшін пұл жұмсап ең, оны базарға әкеп сиыр сатқанда қайырармыз. Кінәлі сен екен деп ақыңды жеп кетпеспіз. Әйтпесе, үйге жүр. Екі күн жатып, бізбен бірге қалаға қайтып келерсің.

— Оған бетім қайтіп шыдамақ? Бара алмаймын.

— Онда өзің біл. Келесі жексенбіде мал базарында жолығарсың. Ал, Ергешжан, киін, үйге қайтайық. Бәсе, “батпан құйрық, айдалада нағып бұл жатқан құйрық” деймін-ау.

— Ата, түн ішінде қайда барамыз?

— Аптауыздың тоқтайтын жеріне барып жатайық. Ертеңгісін бірінші жүргеніне мініп кетерміз.

Жинайтын қанша дүние бар, киімдерін киіп, кемпірінің қыруар сәлемдемесімен толтырмақ боп әкелген қапшықтарын жиып, үлкен қара сөмкеге әп-сәтте салып бітті.

— Ал, Омашжан, — деді Тоқсанбай оған бұрылып. — Біраз күн дәмдес-тұздас болдық. Айыбымыз болса сөге жамандамассың. Сау бол. — Ол Омашқа қолын ұсынды. Омаш өң мен түстің арасында дірілдеп кеп шалға айырдай қолын ұстата берді. Әлдене деп сөйлейін деп еді, тілі күрмеліп үн қата алмады.

Жағы қарысып, көзі маңдайға шыққан қалпы үнсіз қала берді. Ызалансаң екі бүктеп қалтаға салып кете беретін мына қушиған шалдың өзінен мың есе мықты екеніне, жүрсе сықыры естілетін сүйегінің өзінен мың есе таза екеніне қазір ғана көзі жеткендей болды. Және мына шал ақшаның ұрланбағанын, бұл байбалам жігіттің дүниеқоңыз пасықтығынан туғанын сезіп бара жатқанын бұ да байқап, әрі шошына, әрі таңдана тосылып қалған-ды. Онысымен тұрмай, “үйге жүр” деп қонаққа шақыруы мұны мына бөлмеге тірі көміп кеткенмен пара-пар көрінді.

 

                                 *  *  *

Келесі жексенбіде Тоқсанбай бұзаулы сиырын жетектеп базарға шықты. Қасында немересі келеді. Ана жігіттің қарызынан қалған бар қаражатты жұмсап, оны мектепке орналастырмақ. Кеше, осында жүрердің алдында совхоздың директорымен сөйлесіп, жеңіл-желпі жұмысқа араласатын боп қайтқан.

— Асықпа, ақырындап айда, — деді ол Ергешбайға. — Бұзау жас қой, ентігіп қалады. — Сөйтсе де “е, Алла-а” деп күрсініп қойды.

Жалғыз баласын жетілдірем деп баяғыда көрген барлық тауқыметі қартайған шағында алдынан қайта шықты. Оған бұл қиналып келе жатқан жоқ. Тағдырдан тек ақ жол, ақ ниет тілеп келеді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17