Дермене

— «Ура» дегенің дұрыс, — деді Омаш Ергешбайға қарап. Сонсоң шалға бұрылды. — Ал сіздің “Алла” дегеніңіз орынсыз. Алла емес, мына мен емес пе қауынның астына от жағып жүрген.

Шал абдырап қалды.

— Қой, олай деп асылық сөйлеп қайтесің, қарағым. Әуелі құдай, сонан кейін сен екеніңді білеміз ғой. — Шал кібіртіктеп тұрды да. — Імм… қаншадан айналатын бопты, айтты ма ол жағын, — деді.

— Айтты, неге айтпасын. Әрқайсымыз бір мың алты жүз сомнан!

— Құдай рәтін көрсетсін… рәтін көрсетсін..

— Әні, солай! Бейнеттің зейнетін көру деген осы. Баяғыда менің дегеніме көнбесеңіздер ғой, бес жүз, алты жүзден ғана алып, оны қайда жұмсарымызды білмей отырар едік. Істейді ғой Омаштың кәлләсі, істегенде қанда-ай!

Шалдың қызыл шырайлы жүзі сүлік сорғандай бозарып, ернінен күлкі қашты. Адырда дермене ұрлап жүрген кезде төбеңнен төніп тұрған Омаштың жуан жұдырығы болған соң ба, қанша қалтыраса да мүжіле күйзеліп еді. Енді оның бәрі артта қап, жуан жұдырық ақша санайтын алақан боп қайта жазылып, кінәң мен күнәңе алыстан байыптап қарайтын саябыр шақ туғанда, жасаған әр қиянатың бір-бір жуалдызға айналып, жүрегінді тұс-тұстан шым-шымдап шанши береді екен. Ешкімге сыр шашпай бітеу жара боп бұрынғыша бейкүнә қалыппен ашық-жарқын күлгеніңмен “өтер іс өтті, құр қиналғаннан пайда жоқ” деп оны ұмытуға қанша тырысқаныңмен жанға маза бермей, арыңды тырналайтын бір ой, кептердің ұясына туып кеткен көкектің жұмыртқасындай, сенің еркіңнен тыс өз бетіңше балапан боп қабық жарып, күннен-күнге есейе береді екен. Иә, иә, ол өзіне де байқалмайды екен-ау! Қырман басында Омашпен уақытша қоштасып кемпірін кеп қуантқанда да, ауызашарға бір топ шалдарды шақырып қарқ-қарқ күлгенде де, Оспан молдадан тұмар ап, немересінің төсегінің тұсына ілгенде де ештеңе ойламаған сияқты еді ғой. Жо-жо-жоқ, сол кезде-ақ басталмап па еді бұл шаншу? Айта берсең шалдарды ауыз ашарға мал сойып шақырғанда да бір ойы — жасаған күнәсін құдайға құдайы айтып жеңілдету еді ғой.

Наурызда ауыл-ауылдың арасымен алғаш аққан арықтың шөп-шаламы аралас ботана суындай боп ертең адалынан арамы көп ақша да қолға тиеді. Немересі мұны қазір кінәламас-ау, ертең есеймей ме, жігіт ағасы болмай ма, сол кезде балалық шағын есіне алып: “Япырма-ай, адырда дермене де ұрладық-ау! Мен ғой жас болдым, атам жарықтыққа не жоқ екен. Маған тұмар алып, сол ақшамен бір-екі жыл оқытты-ау” десе, көрінде жатып сүйегі сықырламай ма? Енді не істейді? Ол ақшаны отқа жаққаннан не пайда, желге ұшырғаннан келер сауабы қайсы? Бәрін жұртқа таратып бергенде де талай байғұстың төгілген көз жасы көбесіне қайта құйылады дейсің бе? Айтқан қарғысы шумақталған арқандай жинала қоя ма?..”

— Оу, ақсақал, сізге не болған? Қуанудың орнына ұнжырғаңыз түсіп кетті ғой, — деген Омаштың даусынан Тоқсанбайдың сақалы шошаң ете қалды. Омаш өзіне тесіле қарап қапты. Адамға көрсеткен қорлық –жусаң кете салатын табақтағы тамақтың қалдығы емес, жүрек түбінде сынаптай мұп-мұздай боп сақталып жата берерін неге білмесін? Үнсіздіктен соң “Ақсақал” деп тіл қатқанда сақалының не себепті шошаң еткенін мына зәлімнің аңғарып қалған сыңайы бар. Омаштан жүрегі шайлығып қалған шал бұл қылығын жуып-шаймақ боп жалтара жауап берді.

— Е-е, қу тіршіліктің қамы дә! Көп ақшаның төбесі көрінбей тұрғанда дүние түгел еді, шытырын естіген соң қай тесікке тығын қылуды ойлап отырған жай бар.

— С-солай де! Бай байыған сайын қалтырауық келеді. — Ол ырқ-ырқ етіп күліп қойды.

Шалдың әдепкі ойын аңғарса да аңғармаған болды.

Ертең түстен кейін дәл сағат екіде кассаның алдына келе беріңдер деп кеткен Омаш, міне, күн бесін болды, әлі жоқ. Шалдың жүрегі бұл жолы шынымен бір жамандықты сезе бастады. Касса жабылуға айналып, мәре-сәре жұрттың қатары селдірегенде немересінің көзіне жас тірелді.

— Ата, шынымен ол бізді алдап кетті ме?

— Қой, үйте қоймас, құлыным. Кеп қалатын шығар. Тоқсанбай жұртты киіп-жарып кассирге жетті.

— Шырағым, бүгін сізден Омаш деген жігіт ақша алды ма?

— Фамилиясы кім?

— Ойпырмай, соны сұрамаппын.

— Онда қайдан білмекпін. Күніне жүздеген адам ақша алып жатыр.

— Дәу жігіт, дәу, екі иығына екі кісі мінгендей.

— Ақсақал, дерменешілердің бәрі дәу, қайсыбірін еске ұстайсың. Келесі кім?

Шал ысырылып шетке шықты. Атасына үмітпен ентелей берген немересі жақсы хабардың жоқ екенін біліп, қайтадан төмен қарады.

Жалғыз бауырларын жерлеп қайтқандай екеуі қонақ үйге сүйретіліп келіп, сұлық түсіп отыра кетті. Дүниені топан су қаптап келе жатқандай төңірек белгісіз бір шуға толып, көңілдері молаға айналды. Немересі етпетінен түсіп, еңіреп жіберді. Тоқсанбай да кеңірдекке ду-ду етіп тірелген өксігін қайта жұтып, жас шығармай әрең отыр.

Кеше ғана шалқып тұрған көңілдің үстіне қарғын су өтіп, екеуден-екеу елсіз-құссыз жағада қалғандай үмітсіз күйге түсті. Бар жақсылықты шалынан күтіп үйде қалған кемпірі мен ала жаздайғы еңбегі желге ұшып, өксіп жатқан қаршадай немересін ойлағанда қанша бекем болам десе де Тоқсанбайдың екі көзінен жазғы жаңбырдай екі тамшы ытқып шығып сақалына сіңіп кетті.    Сонан соң тағы да, тағы да.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17