Дермене

— Алда айт келе жатыр, өрік-мейізді көп қып ал, көп қып ал, — деп шалына қайта-қайта тапсырды. — Біздің дастарқан да асып-төгіліп жатсын да бір. Ана баланың киімін өзіне кигізіп көріп ал…. Үйге төтенше кісі кеп қап жүре ме, кездей-кездей матадан да ала сал…

Кемпірінің ұсақ-түйек сәлемдемесі бітер емес. Бұлар автобус өтетін тас жолға қарай жүріп, әбден ұзағанша оның даусы естіліп тұрды.

Олар қалаға түске жақын жетті. Күн шыжып түр, асфальт жол іші түскен қауынның бүйіріндей былқ-былқ етеді.

Омаш айтқан дермене пунктін табу, шынында да, қиынға түскен жоқ. Ол вокзалдың күншығыс жақ бетіндегі үлкен қораның ішінде екен. Адам деген ығы-жығы. Әркімнің жүріс-тұрысы, қас-қабағына қарап-ақ қайсысының жолы боп, қайсысының қырсыққа ұшырап тұрғанын бірден байқауға болады.

Қырман басынан ажырасар кезде Тоқсанбай “пункт” дегенді ғана ұғып, Омаштың фамилиясын да сұрамапты. “Омашты көрдіңдер ме?” — деп төрт-бесеуге сұрау салғанда, “ол кім еді тағы” дегендей бұған ажырая қарап, білмек түтілі естімеген де сыңай танытты. Бетіне жан баласы тура қарай алмайтын Омаш секілді ілуде біреу алып күш иесін мұндағылардың ешқайсысының «білмейміз» деуі Тоқсанбайды қатты таңқалдырды. “Ойыпырмау, бұ шіркінді қайдан таптым. Қалай кездесетінімізді жөндеп сұрап алмағанымды көрдің бе? Пәтшағар, қашып кеткеннен сау ма екен өзі?”

Жұрттан сұрай-сұрай тауы шағылып, енді не істерін білмей сыртқы дарбазаның көлеңкесінде дал болып отырғанда, желке тұсынан “Ассалаумаликом” деген дауыс гүр ете түсті. Шалдың сақалы желп етіп, дауыс шыққан жаққа жалт қарады.

— Ой… Омашжан… құлыным-ау, амансың ба? — Салы суға кетіп, сергелдең халде отырған Тоқсанбай қуаныштан жүрегі жарыла жаздап, арбиған Омашты құшақтай алды.

— Ойб-бой-ой, біздің шал сағынып қапты ғой, — деді Омаш еңк-еңк күліп. Сөйтті де күректей алақанымен Тоқсанбайдың арқасынан бір-екі қағып, Ергешбайға қарады.

— Әжеңнің жанында төрт-бес күн боламын деп ағарып қапсың ғой өзің. Міне, велосипед алатын күнің де жақындады. Мен сияқты ағаң тұрғанда қам жеме-е, көзді ашып-жұмғанша бәрін реттейміз.

— Омашжан-ау, айтпақшы, ол тірлік не боп жатыр? Болатын түрі бар ма?

— Болады, ақсақал. Болғанда қандай! Саусағыңызды дымдай беріңіз, үш күннен кейін шытырлатып тұрып ақша санайсыз.

— Ой, бәрекелді! Азаматтың аты азамат қой.

Омаш мақтауға масаттанғандай, бұлтсыз аспанға бір қарап, қарнын сипап қояды. Дәл дермене орып жүргендегідей басына кең етекті ши қалпақ, бұтына плавка киіп алыпты. Жұқа шайы майкасын да шешіп, мол иығының мойын жақ шетіне қалай болса солай лақтыра салған. Сыртында “гымза” деген жазуы бар екі литрлік бүйірлі бөтелкеге толтырып квас құйып алыпты. Одан өзі лақылдатып біраз жұтты да, қайтадан аузын жауып қойды.

— Қалада таныстарыңыз бар ма еді?

— Жоқ, ойбай. Өзіңнен басқа бір адамды да танымаймыз.

— Мұнда менің де таныстарым шамалы. Қонақ үйге орналасыңыздар.

— Қонақ үй дейді! Ақшаның жұты шығар о бәлең!

— Түк емес. Сөткесіне кісі басы жетпіс-ақ тиын. Мен де сонда жатырмын.

— Япырмай, ә… Қонақ үй деген… Былай жүр, былай тұр деп… аяқты көсіліп те жата алмайсың.

— Ой, ақсақал-ай!

— Мейлі, мейлі, мейлі, ойбай, — деді Тоқсанбай Омаштың ренжіп келе жатқанын біле қойып. — Мейлі. Үш күнге құдай ала қоймас. Мына бала үшкілде оқиды десек, жартылай алатын шығар.

— Адамды жартыға есептегенді қайдан көрдіңіз. –Омаш пен шал бір-біріне қарасып қалды. Дермене оруға кіріскен кездегі шалдың өз сөзі есіне түсе кетіп, ол мырс етіп күліп жіберді.

— Қайда болса да апаршы әйтеуір. Мына күн қуырып барады.

 

             *  * *

Омаш бұларды қаланың шет жағындағы өзі жатқан арзанқолдау бір шағын мейманханаға орналастырып болғаннан кейін дермене пунктіне қайта кетті. Мұнда үлкен қалалардағыдай қатал тәртіп жоқ екен, келіп орналасқан қонақ не істеп, не қоям десе де өз еркі. Бұрылыс-бұлтаңы көп елу-алпыс бөлмеге жалғыз ғана жуан сары кемпір басиелік етеді. Қонақтардың бәрі өзінің жекеменшік баласы сияқты, бәріне “әй” деп тіл қатып, керенау қимылдайды. Бөлмеде түн жарымға дейін арақ ішіп, карта ойнамақ түгіл терезенің тұсына машина тоқтатып, бар мүлікті жиып кетсең де ешкімнің шаруасы жоқ. Тоқсанбайға бұл нәмәқұл бола қоймады. Сым кереуеттің бар жабуын сыпырып ап жерге төсеп, үйдегідей жайыла жайғасты.

Бір-бірімен ісі жоқ, әрқайсысы өз шаруасын күйттеген бөтен қалада өзге таныстары болмаған соң ба, Тоқсанбай мен немересіне Омаш ет жақындарындай боп кетті. Дерменелі далада көрсеткен қорлық-зорлығы, желкеден итеріп күнәға батырған қылығы ол кіріп келгенде естен шығып, екеуі де мәре-сәре боп қалады.

Бір күні кешке Омаш көңілдене кірді.

— Ал, шал саусағыңды дымдай бер деп едім ғой, дайынсың ба? — деді ашуланғанда не қуанғанда “сен” деп сөйлейтін әдетіне басып. — Ертең түстен кейін ақша алатын болдық.

— Ура! — деді немересі.

— Е, Алла, өзің жар бола гөр, әйтеуір! — деді атасы.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17