Дермене

Немерелеріне төсек сап бергеннен кейін кемпір мен шал ұзақ отырып, әңгіме шертті. Енді он шақты күннен соң осы үйдің табалдырығынан үш мыңдай ақша аттайтынын естігенде дүние шіркіннің еліктіргіш сиқыры кемпірді де қуаншықа бөлеп, екі қария немерелері жайлы, алдағы өмір жайлы тәтті-тәтті қиялға берілді. Жайшылықта бір-біріне “әй” деп сөйлеп, жанашыр пейілге сараң мінез танытып үйренген кемпір сөз арасында: “Жалғызілікті байғұссың ғой, өзіңнен басқа бас көтерер кім бар дейсің. Құдай деніңді сау қылсын дә әйтеуір”, — деп кеселерді бірінің үстіне бірін қойғанда шал да сақалын сипалап үнсіз қалды.

— Ораза айтқа деп жинап жүрген тиын-тебенің, бар еді-ау осы, — деді әлден соң Тоқсанбай басын көтеріп.

— Е, бар ғой. — Оны қайтпексің дегендей кемпір шалына сұраулы пішінде көз тастады.

— Түгел ме өзі?

— Қант-шаймен біразы құрып кетті ғой. Әнеукүні сенің жәрдем ақшаң келгенде үш-төрт бала жарапазан айтып кепті, ішінде Оспан молданың да баласы бар.

— Ие.

— Ергешжанның атын атап айтып тұрғаннан кейін жеті сомын соларға бердім. Қалғаны тұр. Қанша екенін қайдам, көрейінші. — Кемпір орнынан тұрып, үстіне жүк жиылған ескі әбдіренің аузын әрең ашып, ақ шаршыға ораған ақшаны алды. — Мынау ғой, санашы.

Тоқсанбай ақшаны екі қайтара санап шықты.

— Жүз елу бір сом екен. Айдарқұлдың қарызын беріп пе едің?

— Қаша-ан, өзің кете салысымен-ақ беріп қойғам. “Ойбай, Іліңгірәтта оқитын балам брәктикаға жүреді екен, пұл керек деп тілгірәм салыпты” деп екі кештің арасында жетіп келді ғой. Шалдың жәрдем ақшасы ертең-бүгін тиіп қалар, қарай тұр десем, қарамаймын деді. Сасқанымнан Мылқайдар қайнағаның үйіне барып, содан алып бердім. Ақшаң келген күні одан да құтылдым ғой.

— Құтылғаның дүрыс бопты. Енді былай қылайық. Ертең базар ма осы?

— Солай шығар. Күн қызбай базарға жетеміз деп бағана кешке ақсақ Әлім мен қатыны шәрге мал айдап бара жатқан.

— Ендеше, ауылдағы базардан-ақ бір қой алып, кешке қарай кісі шақырып жіберейік. Ергешжанның садақасы болсын. Мал тапқанының басы ғой.

— Ойбай, мақұл, оған пәлен дерің бар ма. Қалған ақшаны Оспан молданың алдына қойып тұмар ап төсегінің тұсына іліп қояйық.

Ертең алынатын мол ақша қалт-құлт есепті естен шығарып, кемпір мен шал қолда барды түгел жұмсауға бекінді.

— Қайда қалмай жатқан дүние, — деді Тоқсанбай қара су ішіп болса да тіс шұқитын әдетімен сіріңке қорабынан сындырып жатып. — Бас аман болсын, мына қара бала аман болсын. Осының қызығынан аяйтын не бар. Екеуміздің ортамызда қиындық көрмей оқып, ер жетіп азамат болғанын көріп барып көз жұмсақ арманымыз не?

— Пайлап жүріп, тәуір жерден қыз айттырып қойсақ та теріс болмас еді.

— Қой, баланың аяғына шідер салмайық. Әкесіне тартса ессіз болмас, қалағанына, бұйырғанына үйленер.

Кемпір шарасыз кейіппен күрсініп қойды.

— Әдіре қалғыр… оқу-оқу деп отызға келгенше жөргек иіскетпейді десеңші тағы.

— Тірі адамға ол да алыс емес, ә дегенше жетіп келеді.

— Мейлі де. Оқыса оқып қалсын. Әкесі қағазға үңілгеннен қор болған жоқ еді. Біздікі әйтеуір бала көз алдымызда болсын деген тірлік қой. Отызында шөбере сүйгізсе кеш демеспіз. Бірақ, оған осы бастан қам жасамаса бола ма! Той-томалақ бар, құда-жекжаттардың киім-киті бар дегендей, бәрі де ақша ғой. “Ал!” деген кезде жер сипап қап отырсақ…

— Жинаймыз ғой, жинаймыз. Осы ақшаға бір қара, бес-алты уақ мал ап қойсақ… Қолда бұзаулы сиыр бар. Айтпақшы біз жоқта туған бұзауы ұрғашы ма, еркек пе?

— Былтырғыдай тағы еркек туды ғой.

— Ештеңе емес, сойып сатып орнын тұрғызамыз. Сөйтіп-сөйтіп мал басы жиылат та. Үстіндегі төлі ас қатық пен киім-кешекті, мына баланың тітірәт-кітабының пұлын ажыратып тұрады. Құдай аманат жанды аман қойса. Ергешжан үнстөтке түсер. Қаражаттың көкесі сонда керек.

— Бір баланы қатарынан кем қылмаспыз әйтеуір.

– Әлбетте, әлбетте.

Арман шіркін кәрі-жасқа қарамай бойыңды ұйқыдай балбыратып алыс-алысқа жетелеп кете береді екен. Бірі жетпістің екеуіне, екіншісі алпыстың сегізіне келген кемпір мен шал он үштен он төртке аяқ басқан немерелерінің шөбересін сүйетіндеріне кәміл сеніп, қазірден-ақ қаражат қамын қарастырып отыр.

Ешқашан ауырмайтын, сырқамайтын сияқты.

 

*  *  *

Тоқсанбайдың шалдарды ауыз ашарға шақырып, той жасауы жұртты бір сілкіндіріп кетсе, “дермене орып пәленбай мың ақша тауып қайтыпты” деген сөз ауылдың о шеті мен бұ шетін ерсілі-қарсылы тілгілеп жатты. Арада төрт-бес күн өтіп, әуелгіде иланғысы келмегендердің бұл сөздің растығына көздері жетіп, енді жұрттың бәрі Тоқсанбайға құрметпен қарап, тіпті үйлерінен ұрыс шыға қалған кемпірлер шалдарына “өзіңдей пәленшені көрдің бе, әні” деп, Тоқсанбайды үлгі тұта бастап қалған шақта, ол немересімен екеуі қыздай киініп, шу деп қалаға жүріп кетті.

Алғаш еңкейіп дерменге орақ салғанда мұндай алып-ұшпа қуанышты сәт қаншама қусаң да жеткізбейтін сағымдай әрі алыс, әрі бұлыңғыр еді. Кемпірдің қой-қойына бой бермей немересі екеуі қапшықтарын көтеріп аяқтың сорына, бастың азабына көрінген бос сандалыс боп елестеген-ді. Сағыздай созылып, сүмелектей шұбатылып өтпей қойған күндер артта қалған соң-ақ құмырсқа адымға айналады екен. “Алжысаң жөніңмен алжы, өлсең қаңғымай, тентіремей өз өтеніңде өл” деп жұлқынған кемпірі сол ашуын лезде ұмытып, бұл қалаға аттанатын күні құлқын сәріден шай қамдаған.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17