Дермене

— Ойбай, мейлің. Қарсы боп жын ұрып па? Әйтеуір, істің біткені жақсы ғой.

— Енді бір-екі жүз сомды аямасаң үш-төрт адам жалдап, машинаға қап тиетіп аламыз. Әйтпесе немереңіз екеуіңізге ауыр соғады ғой.

— Тілеуіңді берсін, қарағым. Мұнша қапты қайтіп тиейміз деп уайым ғып та отыр едім… Айтпақшы, оның бәріне қазір пұл қайда?

— Менен алтын сұрасаңыз да табылады, ақсақал. Ол жағынан қам жемеңіз.

— Көсегең көгерсін, қарағым. Мені сыйласаң, сені құдай сыйласын. Ал енді не істейміз?

— Ерік өздеріңізде. Үйге қайтқыларыңыз келсе қайта беріңіздер. Арысқа бірге барып ақша күтем десеңіздер, онда да мейілдеріңіз.

— Онда қанша күтеді екен ?

— Ары кетсе он, сәті түссе бес-алты күн ғой. Дұрысы былай етіңіздер: бұрын қалада болып па едіңіздер?

— Е, болдық қой.

— Болсаңыз, вокзалдың жанында дермене қабылдайтын пункт бар. Мен күндіз-түні сонда боламын. Сіздер келгенше ақшаны мә деп ұстата салмас. Сол жерге балаңыз екеуіңіз келсеңіз, көп дегенде екі-үш күн бірге күтерміз, сонан соң ақшаны алып, ой гүрілдетіп той жасайық бір. Бұған қалай қарайсыз?

Шал не деп жауап берерін білмей мүдіріп қалды. Омашпен бірге кете берейін десе дуананың киіміндей алба-жұлба киіммен қалаға қайтіп барады? Барған соң ақшасы түскірді бере қойса жақсы, бермей жарты айға жуық  сазартып күттіріп қойса не істейді, қайда жатады? Бір жағынан “дермене орып біттік” деп жұрт сияқты бұл да екі көзі төрт, екі құлағы елу боп отырған кемпірін қуантуға асығып-ақ отыр. Қай жағына шыққан жөн болар екен, ә?

— Ой, шал, — деді Омаш наразы үнмен даусын көтере сөйлеп, — шал-ау, үндемеуіңізге қарағанда маған сенбей отырсыз ғой деймін. “Дермене ұрлаған бәле, ақшаны да ұрлап құрып кетер” деп отырсыз ғой, ә?

Тоқаң селт ете қалды.

— Қой… қой, қарағым. Қайдағыны айтпашы. Саған сенбей не көрініпті. Үйдің жайын ойлап отырғаным да. Одан да үйге жүр, үшеуміз барып, кемпірді қуантайық. Сақтағанын жеп қайт. Сол жерден сен жүре бересің, артыңнан біз де жетерміз.

— Ақсақал-ау, бала болғансыз ба? Мына қыруар дерменені қайда тастаймыз? Одан да өздеріңіз бара беріңіздер. О кісінің сақтағаны болса ақшаны қолға ұстаған соң жерміз.

— Мейлің, ендеше, қалқам. Ал, құдай жолыңды оңғарсын. Үш-төрт күннен кейін біз де барармыз.

 

* * *

Тоқаң мен немересі арқаланып түн жарымында үйге кіріп келгенде, кемпір, сенерін де, сенбесін де білмей, көзі атыздай боп өң мен түстің арасында отырып қалды. Немересінің “әже” деген даусы естілгенде ғана орнынан құстай ұшып кеп, жусан мен күн иісі сіңген баланы құшақтай алды.

— Жарығым, жалғызым, күнім, айым, аспаным… Жер бетінде ол теңемеген, ол айтпаған қасиетті нәрсе қалған жоқ.

 

*  * *

— Құдайым-ау, аман көреді екемін ғой сені де, — дейді ебіл-дебіл боп көзінен сорғалаған жасын етегімен қайта-қайта сүртіп. — Бір жапырақ болған садағаң кетейін-ау сол. Дермене дегенді қайдан шығарып едіңдер, аштан өлетін заман жоқ, сорлы басым, қайдан ғана жібере қойып едім деп көз жасым көл болды ғой. «Даладағы май ішеді, үйдегі қан ішеді» деген осы екен дә, түн баласына кірпік ілу деген қалды ғой менде. О, шыбыным, азып-тозып… Ақшасы… ақшасы құрысын бүйтіп тапқан…

Күні бойғы жылау бастамасы екен. Кемпір енді баланы босатты да, отыра қалып екі қолымен жер тіреп еңіреп қоя берді. Әр шашының түбінде, әр әжімнің қатпарында ұялаған сағынышы мен мұңы осылай көсіліп жылап алмаса анау-мынауға тарай қоятын түрі жоқ, тұншықтырып, буын-буынын байлап тастады. Бәлкім, дәл осы сәтте ол бұл екеуіне білдірмей өлген баласын да есіне ап жылап отырған шығар, “азып-тозып”… деген сөзінің ар жағында: “әкең тірі болса өстіп жүрер ме едің?” деген арманды өксігі жатқан шығар. Шал мұны анық байқады, байқаса да байқамаған боп:

— Болды! Түн ішінде сұңқылдама былай, — деді өктем үнмен. — Немерең жаудан келген жоқ, жігіт боп мал тауып қайтты. Қуанудың орнына жылағаны қай сасқаны түге. Шам жақ. Шай қой!

Көшкен ауылдың жұртында қалған ошақтай тобарсып жататын жұпыны үйдің көңілсіз тіршілігі түн жарымы ауа, кенет жанданып, ортаға дастарқан жайылды. Николай заманынан келе жатқан сары самаурын әндете ызылдап үш айға жуық көріспеген үшеудің көңіліне қуаныш таратып тұрғаны секілді.

Бала деген де арнада өсер құрақ секілді, сәл көзден таса болса, есейіп, естияр боп қалады екен. Осы бір жапырақ қара бала үшін май боп еріп, жалпылдақ боп жанып кетуге дайын қушиған кемпір оны бұрынғысындай қасына отырғызып, айналып-толғанып, біраз мауқын басып алғысы келіп еді, баласы түспегір ұяла ма қайтеді, төмен қарап күлімсіреді де, өзі мен шалдың қақ ортасына малдас құрып отырып, байсалды кейіппен шай ішуге кірісті. Үйреншікті мекенінен секем алған киіктей кемпірдің жүрегі басын көтеріп алды. Ол немересіне көз кідіртіп ұзақ қарады, қанша қарағанмен монтиып қана кесе күтіп отырған оның бар болмысынан бұрынғы сәби кескінді таба алмай мейірімі өгейсиді. Бес құрсақ көтеріп, бес бала өсіріп, төртеуінен соғыста, соңғысынан қарадай айырылған кемпір мына немересінің де балалықтан кетіп, осы аз ғана уақыттың ішінде жөргек иісін жусан иісімен айырбастап келгенін байқап үлгерді. Қалға біткендей қап-қара шашынан сипап, “құлыным” деген сайын құшағына тығыла түсіп бірге ұйықтайтын бала күні ертең, тіпті дәл бүгін-ақ төсегін бөлектейтінін, сөйтіп, кеуде толы қап-қап мейірімін айыз қандырып атқара алмай өтерін, тоғаннан қашқан судай ауық-ауық үгітіле айтқан айналып-толғануының көбісі немересіне сіңбей, бос уайым боп қала берерін ойлады. Көңілі соған құлазыды. Әйтсе де көпті көрген кәрі жүрек осы құлазудың ар жағында  сәуірден кейін қаулап өсер қозы желкектей үлкен мәртебенің күн санап жақындап келе жатқанын, ол мәртебе — арттарында қалатын жалғыз тұяқтың ер жету мәртебесі екенін және оның қуанышы немересі есейгенге дейінгі нәзік қуаныштан әлдеқайда салмақты, әлдеқайда биік екенін ұғынып, іштей тәңірге жалбарынып қойды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17