Дермене

Немере деген неме өз балаңнан да тәтті болады екен. Бәрі содан басталатын болу керек.

“Е-е, бәрі де ойыншық екен ғой, — деді Тоқаң күрсініп, — өзіңді өзің жұбатып, өзіңді өзің алдау екен. Түптеп келгенде аузынан ақ майын айырмай отырса да, қара су мен қара нанды қақ бастан қойып қалып берген туа шөккір әке-шешені бала бәрібір табады екен ғой. «Бала — зәлім» деп бекер айтпаған-ау, бұрынғылар. Кемпір-шалдың көзі жұмылған соң көке деп қасыма кеп тұрушы еді-ау, ол зәлім. Со құсап, бұл да сөйтіп жүр екен дә. Мейлі ғой, бұл шіркіннің бір қызығы да осында шығар”.

 

*  *  *

Былғанар қол былғанды, дозаққа күйер тән бәрібір күйетін болды, енді аянар ештеме қалған жоқ. Тоқаң Омаштың айтқанын екі етпеді. Немересінің қамы үшін немересін алдап-сулап қасынан тастамады. Ақыреттің зауалындай азап боп көрінген нәрсеге де адамның еті үйреніп, бірте-бірте дендеп алады екен. Талай дермене ұрланып, ойдағы ауылдың есек арбалары талай рет көпірден бос өтіп, өз бетімен төмен құлады. Арбаларының ұрланғанын білсе біліп жатқан шығар, бірақ кім ұрлағанын қайдан біледі, сонау адырдағы біреу алады деген кімнің ойына келіп жатыр, әрі жоғалып кеткен мүлік жоқ, қайтып табылған нәрсенің түбін қай қазақ қазбалай берсін.

Айтқанын қылып, айдауына жүрген соң Омаш та бұрынғы ызасын ұмытып, шалмен қалжыңдайтынды шығарды. Қорықсаң да, үріксең де күні-түні бірге болған соң қашанғы томсыраясың, бұлар да араларында бұрын ештеңе болмағандай, онымен ауық-ауық әзілдесіп қояды. Кейде дермене ұрлап келе жатып қызықты әңгімеге кіріскенде Тоқаң кәрі көзінен су ағып кәдімгідей селкілдеп күліп те алады. Жоқшылықты көп көрген адам кекірсе де Құдайды еске алады, сол сияқты осылай ынты-шынтысымен күлген сәтте харам тіршілігі есіне түсіп, күлкісін пышақ үзді сап тыя қояды да, қасындағы оспадарсыз ожар серігіне байқатпай: “О, тоба-а, өзің кешір”, — дейді күрсініп.

Қауын піскен кезде Омаш түн баласына жатпайтын болды, екеуіне де маза бермейді. Шал мен балаға көпірдің астын күзеттіріп қойып, өзі қазан арықты өрлеп жүріп кетеді. Үш-төрт сағаттан соң қара ала, сары ала қауындар бір батып, бір шығып қаздай тізіліп жүзіп келе жатады. Ұстап ал да үйіп қоя бер. Омаш келген соң үшеуі үш қаппен екі рет қатынаса түгел тасып алады. Кімнің қауыны болса, оның қауыны болсын — колхоздікі ме, жеке меншіктікі ме, Омашқа бәрібір, дермене ұрлағаны сияқты, ақ-қарасын ажыратып жатпайды, арыққа жақын пәйкелге түседі де, үзіп алып суға тоғыта береді. Әшейінде тарсылдатып мылтық атып жататын қарауыл шіркіндер бұл барғанда құптан оқып жата ма, әйтеуір бірде-бірі қымс етпейді.

 

*  *  *

Іштей арбасып, іштей арпалысқан адырдағы өмірдің үш айы артта қалды. Сары ала күз келіп, құлқайыр мен дермене басын мизам торлады. Адырдағы дерменешілерде бұрынғыдай жанталасқан қимыл жоқ, көбісі тоқмейілсіп, тояттап қалған. Құмырсқадай өнімсіз қыбыр-қыбырмен-ақ мына көз жеткісіз қыратты даланың жусанын қырнап бітіп те қапты. Бұрынғы көгілдір дала енді шегірлі далаға айналып, аралары ат шаптырым-ат шаптырым жерде биіктігі екі түйе бойы, ұзын-ұзын дермене таулары пайда болған. Қиындықтың көбі кетіп, азы қалды. Қаладан арнайы бригада боп келген топ-топ дерменешілер басты жұмысты біттіге санап, айттап жүргендей қырман мен ойдағы магазиннің арасындағы иір қобыз жолға дамыл берер емес. Бәрі көңілді. Әндетіп барады, әндетіп қайтады. Көңілді болмай қайтсін, жан аман болса — сөзсіз аман болуға тиісті — енді жиырма шақты күннен соң мыс-мыс ақша алып, бәрі өтендеріне ауыр қайтады. Өкімет берген ақ шатырдың астына тал түсте жиналып алып, қазірдің өзінде мая-мая боп үйілген дерменені ойша ақшаға шағып, әрқайсысының шамамен қанша алатынын бөлісіп те қояды. Күніне екі-үш мәрте есептейді, әр есептеген сайын он сом болса да бұрынғыдан арттыра түседі. Бұрын мұндай маусымға араласып көрмеген біраз шыдамсыздары үйлеріне хат жазып, пәлен сом алатынын, одан жолға, тамаққа, киімге, ақша алған күнгі тойларына   қанша   жұмсалатынын   көрсетіп, үйдің босағасын аттағанда  қалталарында  қанша болатынына шейін нақты айтып үлгеріп те қойды. Ендігі бір сүргелең — комбайн әкеп дерменені бастыру, оны қаптап Арыстағы қабылдау пунктіне жөнелту. Мұның да өз машақаты көп. Кейде комбайн жетпей, қап жетпей, қап  жетсе машина жетпей, қайтадан тыңайып, қайраттанып алған адамдарды тақыр   қырманга   жіпсіз   байлап,   сеңдей соғыстырып қояды.

Омаш бұл жерге де өтімділік көрсетті. Өкіметтің арнайы жасақтаған бригадасына жетпей жатқан комбайн мен машинаны екі күн жүріп алып келді де, бас-аяғы бір-ақ күнде ойпан-тойпан жегізіп, ертесіне бұлар қырман көтеріп шыға келді.

— Ал, ақсақал, — деді Омаш қапшық үстінде аяғын салбыратып отырып, — біттік деген осы! Қалай, ризасыз ба маған?

— Е, риза болмағанда… Қарағым-ау, қандай амалын таптың мұның?

— Қандай амалы болушы еді? Міне, мынау, — деді ол кеңірдегін шертіп. Тек тамақ адамға не істетпейді. Комбайнерге жүз сом, екі шоферға екі жүз сом бердім. Кейін ақша алғанда бөліп төлеуге қарсы емес шығарсыз.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17