Дермене

Сөйткен немере әні, ұйқысынан “көке” деп сандырақтап оянды. Әлде адам баласы қиындық көрген сәтінде пананы мықтыдан іздейтіндіктен бе екен?

Тоқаң өзінің сонау бір өткен өмірін есіне алды. Онда шал жарықтық тірі еді. Ескіліктің адамы емес пе, бала-шағаны әкесі мен шешесіне билетпейтін. Содан көзі жұмылғанша немерелерінің маңдайынан шерткізбей,

емшектен шығысымен әке-шешесінің қасына жатқызбай, өз қойнында өсірді ғой. Осы Ергешбайдың әкесі үшке ме, төртке ме келген кезі. Апыл-тапыл басып, тілі шығып қалған. Әжесі мен атасы қолдан-қолға түсірмейтіндіктен аяғы тым кеш шықты. Алдыңғы бір ұл, бір қыз араға күн салып бірінен соң бірі қызылшадан шетінеген-ді. Әкенің, шешенің көзі тірі тұрғанда қылшылдаған жігітке бала деген не тәйірі, Тоқаң осы үшінші перзентіне шейін баласына шынымен іші жылып көрмепті. Екі нәрестеден бас-аяғы екі күнде айырылып, үй іші оты өшкен ошақтай тобарсып қалғанда Тоқсанбайды бұрын-соңды өз басында болып көрмеген өзгеше бір күй билеп алғандай болды. Үй ішінен үй көшіп кеткендей көңілі елегізіп, күні кеше осы үйді базарға айналдырып жүрген екі баланы осы кезге шейін көзіне ілмей келсе, бүгін көңілінің алыс бір түкпірінде сол екеуін жоқтаған мұңлы бір сезімнің пайда болғанын байқады. Бұрын әйелі: “Балаға ит тиіп қапты” немесе “кеше жығылып қалып қолы шығып, атам сынықшы іздеп кетті” деген сияқты толып жатқан сөзіне: “Қойшы, әрі, қыңқылдамай, өлмесе өмірем қапсын” деуші еді. Енді сол аңдамай айта салған сөзі үшін іштей қатты опынады. “Құдай-ау, басқа айтар нәрсе табылмай қалып па еді, “өлмесе өмірем қапсын” деп нем бар? Асылық сөйлегенімді шайтан қостаған ғой”.

Әйелі көрпесін тас бүркеніп, дауыс шығармай жасырын жылап жатыр екен. «Қой» деп басу айтайын деп еді, бәрібір оның қоймайтынын білді және өзінің де көңілі босап келе жатқанын сезе қойып, онысын білдірмеуге тырысып сыртқа шығып кетті. Әкесі далада ағаш бұтайтын дөңкенің үстінде отыр екен, мұны көріп басын көтерді. Тоқсанбай селт ете түсті. “Қайдан шыға қойып едім, көзімдегі жасымды байқап қалмаса болар еді”. Әкесі байқамады, оған ұзақ қарап тұрды да: “Неғып сенделіп жүрсің? Жат барып!” — деді.

Ол келген ізімен кері қайтты.

Молдасан зарықтырып барып көрген баласы болғасын ба, ана екеуінің кезіндегідей емес, үйден аттап шықса сағынатын сияқты. Қолына алып, құс көпшіктей жеп-жеңіл баласын көтеріп көргісі, там айналып ары-бері жүргісі келеді. Олай етуге әкесінен қаймығады, шешесінен ұялады. Бір күні әке-шешесінің көзі тая бере баласын емізіп отырған әйелінің қасына лып етіп жетіп келді.

— Жазған-ау, саған не болды?

— Салмағы қандай-ей? Бір шелек судың ауырлығындай бар ма?

Әйелі үн шығармай жымиып күліп алды.

  • Қайдағы бір шелек су! Қымыз толы торсықтан аз-ақ ауыр.

“Балаңды бір алып деп ойлайсың ғой деймін” деген жұп-жұмсақ назды дауыстан Тоқсанбай әйелінің де әкесі баласын жақсы көргенін тілейтін жып-жылы ұяң бір сезімнің жылт ете түскенін аңғарып қалды.

Тағы бірде кемпір-шал тойға кетіп, әйел-баласы үшеуі үйде қалғанда қызылшақа баласын емін-еркін бір иіскеді ғой. Дүниенің бар қызығы балада екенін, оны ешқандай өзге ләззатпен алмастыру былай тұрсын, салыстыруға да болмайтынын ол алғаш ұғынғандай болды. Бірақ бұл рахаты мол сәттер үстінен құйын өткен түтілген жүндей көзді ашып-жұмғанша ғайып болды. Кемпір-шал ел ас-суын ішіп бола берген мезгілде күтпеген жерден қайтып келді. Шалдың да қырсықтығы баршылық еді-ау, жарықтық, “арбаның артына отырып тойға бармаймын” деп, тиген орынға көңілі қоңылтақсып кейін қайтып кетіпті. Тоқсанбай баласының жанында қаннен-қаперсіз шәниіп жатқан.

— Әй, немене, емшек емізіп жатсың ба? — деген өктем үннен селт етіп орнынан ұшып тұрды. Сасқалақтап:

— І-і… Кеп қапсыздар ғой, — деді қарап тұрмай.

— Келмей, содан ары қарай құриды деп пе едіңдер. Ө-ө, күшік… Балажанын жаманның. Бесіктен белі шықпай жатып баланы қайтеді-ау бұл шірік неме. Жоғал ары ербимей, шайлаға барып жат! Бұдан кейінгі балаңа жөнді әке боп алсаң да жарар.

Өрттен шығып суға түскендей, бойындағы барынан дем сәтте жұрдай боп, сүмірейіп кете барды. “Шірік неменің” “күшік” емес, жасы жиырма сегізге келген соқталдай жігіт екенін, өлісі бар, тірісі бар үш баланың әкесі екенін, отбасы мен бала қадірін білетін жасқа жетіп қалғанын білсе де білмеген, оны адам қатарына қосса да қосқысы келмеген кейіп танытып әкесі бұл шығып бара жатқанда бұрылып та қараған жоқ.

Адам өмірінің әр кезеңінің өз талабы, өз қызығы болады екен. Сонда, Тоқсанбай аяғының ұшымен басып шығып бара жатқанда әкесі баласының қарсы сөз айтпағанына, өздерінің көзі отырған жерде балаларына жолай алмайтынына қуанады екен-ау. “Бұл не қуаныш, — деп сыбырлаушы еді Тоқсанбайдың жан түбінің алыс түкпірінен бір ұры дауыс, — бұл не қуаныш? Әкесінен баласын бездіріп?!”

Сол баласы ер жетіп, үйлі-баранды болып, немере сүйгенде бұл да тап солай етті. Солай етейін деп еткен жоқ, табиғаттың адаммен бірге жаратқан қасиеті кезегі келгенде өзінен-өзі оянып, көктемде тасты тесіп өскен гүлдей сүйекті жарып шықты.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17