Дермене

Бұлар төртінші арбаны тиеп болғанда Шолпан туып, бірен-саран елгезек бозторғайлардың шырылдағаны естілді.

— Болыңдар, — деді Омаш асықтырып. — Дерменешілер келіп қалуы мүмкін, осы да жетер. Барар, қайтар жолда бір ізбен жүріп пе едіңдер?

— Иә, қалқам.

— Сол ізбен тарт. «Ықы» де есекті.

Ергешбай әбден болдырып, титықтаған есекті жіп ноқтасынан сүйрелеп жүргізе алмай қойды. Омаш: “Ықы, әррам қатқыр!” — деп айырдың қыр басымен салып қалғанда есектің бөксесі имиіп, тәлтіректеп барып, төрт аяғына қайта мінді. “Ақсақал, итерейік!”, — деді Омаш. Екеулеп итергенде ғана арба сықыр етіп орнынан қозғалды да, көк есек ілбіп алға жылжи берді.

Омаш қолына айырды алып, кендір арқанмен өрмекшінің торындай етіп шандылған үйеме дермененің үстін қасып-қасып жіберді. Онысы — жусан жол-жөнекей шашылып, із қалдырмасын деген сақтығы. Екі көш жер адырмен селкілдеп жүру жан қоя ма, жолға түскенше ғана сымдай тартылған жіп селкеуленіп, шашау шығып шашылған дермене бәрібір табылады.

— Шайлаға жетуге таянғанда түні бойы түскен жусан сабағының бірін қалдырмай жинап, арбаға салып отыру керек, — деді Омаш.

— Жолдың үстіндегісін ғана емес, жиегіндегісін де қалдырмау керек!

— Дұрыс айтасың, шал. Жарайсың! — Омаш тісін ақситып, қарқылдай күлді.

Ұрлық дермене бірден         көзге  ұрмасын деп бір арбаны екі-үш шөмелеге бөліп түсіріп, үсті-бастарын қағып-сілкігенде Шолпан сәскелікке келіп, өзге жұлдыздар семе бастады.

— Таң қараңғысында бітіргеніміз жақсы болды, — деді Омаш айыр-арқандарды күн жемесін деп жусан астына тығып жатып. — Ергешбай, мына пәлелерді көпірден өткізіп қана қоймай, ауыл шетіне апарып таста. Қарны ашып, шаршаған арам қатқыр жайыламын деп жүріп, шайлаға қайтып келер.

Бала үндемеді. Үнсіз келісті. Арбаға отырып алып “ықы” дегенде еріне қозғалған есек тіркелген жүгінің кенеттен жеңіл боп қалғанына қуанғандай дыңғырай жөнелді.

Сол күні ол түс көрді. Түсіне баласы еніпті. Қасында баяғы ауданнан келген өкіл бар екен-ау дейді. Екеуі машинадан түсіп жатыр.

— Әй, жазғандар-ау, атып алған киіктерің қайда? — дейді.

— Киік пе? Киік машинада. Ой, көп екен. Көп аттық, машинаға сыймайды.

— Ойпырым-ай, сендерді трактірге соғылды деп бағана біреу…

— Рас, рас тракторға соғылдық. Бірақ оның өзі мыж-мыж болды. Әтеңе нәлет! Қазір қайта кетеміз. Киікті тасып алмаса болмайды, еті сасып кетеді.

— Көкем-ау, енді қашан келесің?

— Киікті тасып болмай келмеймін. Сізді ана дәу жігіт ренжітіп жүр ғой деймін?

— Е, жоқ қалқам, жоқ…

— Ренжітсе маған айтыңыз, мойнын жұмыртқадан шыққан балапандай жұлып алып, отқа лақтырып жіберейін.

Ол машинасына отырып, қозғала бергенде әлдеқайдан Ергешбай сап етіп жетіп келіпті.

— Көке, көке, мені де ала кетші, мені де! — деп айқайлайды. Әкесі ұлының сөзін естімей жүріп кетеді.

— Көке-е, кө-ө-ке-е! — Ұлы әкесінің соңынан жүгіріп барады.

Тоқаң шошып оянды.

Қасында немересі “көке” деп айқайлап жатыр екен.

— Құлыным-ау, не болды, не болды саған! Ергешбай көзін ашып атасын танымай қалғандай балпиып біраз жатты да:

— Ата, көкем келіп еді… кетіп қалды, — деді. — Жіберіңізші, жіберіңізші мені. Ол әлі ұзаған жоқ, қазан арыққа да жеткен жоқ.

— Ұйықтай ғой, қарағым, түс көргенсің ғой. Тынышталшы, аздап сабыр етші.

Тоқаң Ергешбайды әрең дегенде жатқызып, өзі де қайта қисайды. “О, Алла, — дейді ол іштей ауыр бір күрсініп, — о, Алла! Әкеге баланы, баланы әкеге ыстық қып қойған құдіретіңе болайын, жаратқан! “Осы бала, осы бала” деп асты-үстіне  түсіп, әке-шешесін жоқтатпай-ақ, көңілі пәс  болмасын деп отқа күйіп, суға батып біз жүреміз. “Көке! дейді бұ күшік… Көке дейді…”

Шалдың көңілі жетімсіреп, иегі кемсеңдеп шыға келді. “Сонда бәрі… бәрі бекер болғаны ма, пана тұтпағаны ма бұ шіркіннің? ”

Осы бір ойға тірелгенде Тоқаң өзінен-өзі қорланып, іштей қажып, қорғансыз жетім баладай мүсәпір күйге түсті. «Адамның ойы ұры» деген ып-рас екен-ау, аш жыланның тіліндей сумаң-сумаң етіп, қайдағы жоқ қуыс-қуысты тінткілеп алып жөнеледі. Жетпіс екі жыл сүрген ғұмырының ішінде ол дәл осы жатыста ғана өзін өзгенің алдында тұңғыш рет кем сезініп, көңіліне тұңғыш рет дәрменсіздік, жапа мен жалғыздық ұялады. Немересінің “Көке” деп оянуы кәрі жүректі дір еткізіп, көне дененің сұйқылтым тартқан қанын ұйытып кеткендей құйқа тамыры шымырлап, бетіндегі әжім жыбыр-жыбыр ете қалды. Мына бір ожардың көрсеткен қорлығы еттен өтіп, сүйекке жетсе де, әйтеуір бір кезде ұмытылар-ау, бірақ немересінің озбырлық пен қиындық көрген сәтте “сен үшін жан пида” деп жүрген кемпір мен шалды місе тұтпай әкесін ойлайтыны, әкесін сағынатыны жанды езгілеп, көңілді жасытып кетеді екен. Ойпыр-ау, десеңші, бұ баланы қаршадайынан бауырына басып, “кімнің баласысың” десе, “атамның баласымын” дегізіп, тіпті әке-шешесін барсың ба-ау, жоқсың ба-ау деу былай тұрсын, тілі шыққаннан соларды “әкеңнің аужы…” деп боқтатып-ақ өсіріп еді ғой. Атасы бір күн үйде болмай, ертесіне қайтып келсе жамандайтыны да әке-шешесі сияқты еді. Сонда кемпір мен шал оны еркелетіп, баласы жұмыстан келгенде ұрысып кеп беретін. “Ірістей мейірім жоқ сенде, ірістей, білдің бе? Шикін, ел басқардым деп бала жоқ, бауыр жоқ, екі бүйірден таянып, салт бас, сабау қамшы жүре берсең ғой саған, ә? Бастықтығыңның керегі жоқ маған. Бір баланы айтқаныңа көндіре алмай жүріп, жұртқа қайтіп ақыл айтпақсың? Осы кемпір мен шал көз жұмса мына сен бар ғой, мына сен, үстімізге нам топырақ үйіп болған күні ертесіне баланың қолынан жетектеп апарып інтірнәтқа өткізіп жібересің. Шығады сендерден, шығады!..”

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17