БӨРТЕ

(Тарихи  драма)

Кейіпкерлер:

  1. Бөрте
  2. Шыңғыс-хан (Темучин)
  3. Уәлін-әжін – Шыңғысханның анасы
  4. Есукей – Темучиннің әкесі
  5. Дай Шешен – Бөртенің әкесі
  6. Жамұқа – Шыңғыс-ханның досы, кейіннен қасы
  7. Қасар,
  8. Белгітай     Екеуі де Шыңғыс-ханның інілері
  9. Қорши – палуан, кейіннен ноян
  10. Айшан – Бөртенің құрбысы, кейіннен есі ауысқан әйел.

11.Тұғырыл (Уан-хан) Керей тайпасының ханы

  1. Тарғұдай  қырылдақ

13.Бөртені алып қашатын үш Меркіт

  1. Кейқуат кемпір

15.Үрсилә, отыз тұтқын қыздар, көпшілік сахнасы

Ер адам ролі  – 12

Әйел ролі – 5

16. Екі ару – Есуи, Қуан (эпизодтық рольдер)

Ескерту. Пьесадағы өлең жолдарының бәрі «Моңғолдың құпия шежіресінен» алынды.           

                           БІРІНШІ  БӨЛІМ

Қырық тайпа, қырық рудан құралып, монғол деп аталып кеткен ел таулы-тасты, орман-тоғайлы, шөл дала мен өзен-сулардың бойында көшіп-қонып, ғасырлар бойы тайпа мен тайпаның тайталасы бір толастамай, жерге, жайлауға, билікке байлыққа таласып, ырду-дырдумен сынған көзенің сынығындай әр тайпа өз үстемдігін жүргізбек боп, күнде дабыл, күнде шайқас құрсауынан шыға алмай, жартылай жабайы халден арыла алмай, әр тайпа, әр ру өз заңы, өз түсінігімен өмір кешіп бірігуді білмей шашырап жатқан бей-берекет кез.

Дамыл таппайтын дабыл, бітпейтін соғыс, жеңген жақ масайрап, жеңілген жақ уақыт өте қайта бас көтеріп, кекке кек қосылып, бір-бірімен қырқысып жатқан тайпалар.

Қылыш пен найза, шоқпар мен сойыл  соғыстары біршама саябыр тауып, жеңілген жақ жарасын жалап, қайта бас көтергенше ел арасы біршама толас тауып, әр тайпа ештеңе болмағандай үйреншікті тірліктеріне алаңсыз кірісіп кетеді.

Сондай толасты күндердің бірі еді.

      *  *  *

Керулен өзенінің сағасындағы Сексір мен Шақырғы алқабы. Бұл алқапты Дай шешен басқарған Қоңырат тайпасы мекендейтін. Керулен  өзенінің жағасындағы қарағайлы орманның шетіне бір-бірімен жапсарлас тігілген бірі тоғыз қанатты, екіншісі алты қанатты ақ үй. Сол кездегі дәулетті адамдар мен ел билеушілерінің салты бойынша үлкен үй – қонақ қабылдайтын, кіші үй – өздері тұруға арналған, бір-бірімен айқара ашылатын есік арқылы жалғасқан егіз үй.

Қақ  ортасынан қылышпен кесіп түскендей тоғыз қанат үлкен үйдің жартысы ғана көрініп тұр. Үй іші өте сәнді. Кереге басы мен уықтарға аю, қасқыр, түлкі, бұлғын, жолбарыс терілері ілінген.

Негізінен қонақ қабылдайтын үй болғандықтан мұнда артық-ауыс тұрмыстық бұйымдар жоқ, бәрі сән үшін, әсемдік үшін жасақталған.

Үй иесі Дай шешен ырғаққа қондырған мұзбалақ бүркіттің жонын сипап еді, бүркіт иесін танып шаңқ ете қалды.

Дай шешен.  Ә-ә, мені таный бастадың ба, мұзбалағым! Бұдан былай екеуміз ажырамас  дос боламыз. Бір жұма бойы ырғақта ұйқы көрмей, қызыл жемей әбден қалжырадың, енді сені тұғырға қондырамын. Қане, орныңнан тұра ғой да, тұғырыңа қона ғой. Міне, міне, солай! Қорықпа. Қарның да әбден ашқан шығар. Сәтін, ау Сәтін! Ақ жем ғып жуған қоян етін әкеле ғой, мұзбалақты жемдейін.

Әйелі Сәтін ағаш табаққа салынған бүркіттің жемін әкеледі.

Сәтін. Бір жұма бойы не ұйқы көрмей, не жемтік жемей, әбден азап шекті  ғой байғұс. Көзі жұмылып бара жатса ырғақты қозғап ұйқы бермейсің. Қандай  қатігезсің!

Дай шешен. Өйтпесе жабайы бүркіт қолға үйрене ме? Бұл – қатыгездік  емес, тәрбие!

Дай шешен табақтағы жұқалап тілінген еттің бір тілімін алып, бүркіттің аузына апарады. Етті иісінен сезген мұзбалақ Дай шешеннің қолындағы етті бір-ақ шоқып қылғытып салады.

Дай шешен. Әп, бәрекелді! Азап пен аштық артта қалды. Енді бір жұмадан соң екеуміз аңға шығамыз. Бұдан былай өз тамағыңды өзің тауып жейсің. Сәті түссе, бізді де сыбағасыз қалдырмассың, солай ма?

Бүркіт тағы шаңқ етіп, Дай шешеннің қолындағы етті шоқып-шоқып жұта бастайды.

Осы кезде сыртта байлаулы тұрған Дай шешеннің көк дөненінің кісінеген даусы естіледі.

Дай шешен.   Біреу-міреу келді ғой деймін. Бөрте, барып біле қойшы, кім келді екен?

Сәтін. Көк дөненің бөтен атты көргенде кісінеуші еді, қыз бала бөтен кісілердің алдынан шықса үйде ересек адам жоқ деген сөз, өзім барып біліп келейін!

Сәтін қолындағы тостағын  Дай шешенге ұстатып, шығып кетеді.

Сәтін ізінше қайта кіреді. Түрінде әбіржу мен қобалжу бар.

Дай шешен. Біреу-міреу келіп пе?

Сәтін.   Екі ат мініп, бір атты бос жетектеген бір кісі мен бір бала аттарынан түсіп жатыр. Үлкен кісіні бір жерде көрген сияқтымын, бірақ, жыға тани алмадым.

Дай шешен. Қос ат мініп, бір атты бос жетектеген болса алыстан келе жатқан сыйлы кісілер болды ғой. Ұят болды-ау, аттарын қары ағашқа өздері байлап жатқан шығар-ау, жүр, алдарынан шығып, аттарын байлайық.

Екеуі есікке жете бергенде қонақтың үлкені үйге кіріп келе жатады.

Дай шешен өз көзіне өзі сенбей аңырып тұрып қалады.

Дай шешен. Құдай-ау, кімді көріп тұрмын? Есукеймісің?

Есукей. Көрмегелі көп болып еді, танығаныңызға шүкір! Армысыз, Дай шешен!

          Екеуі құшақтасып амандасады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27