Жүз жылдық махаббат

Драмалық эссе

Кейіпкерлер:

Мағжан Жұмабаев

Зылиха Жұмабаева

Мәдина – актриса

Валерий Брюсов

Гүлсім

Кәжен – Гүлсімнің күйеуі

Тергеуші.

 

*       *        *

Алматы қаласының шеткі аудандарының бірінде, дәлірек айтқанда, тоғызыншы мөлтек аудан деп аталатын панельді үйдің аядай бір бөлмелі пәтері. Үй жиһаздары мейлінше жұпыны. Оң жақ қабырғада ескі шкаф, оның жанындағы сары тумбаның үстінде ескі телевизор, сол жақ қабырғада отырған адам жерге ойылып түсіп кетердей темір торы әбден тозған шиқылдауық сым кереует.

         Кірген адамның жаны құлазитындай аядай тар бөлмеде қазақ халқы мақтаныш тұтатын, өмірін өз елінің болашағына арнаған, бойындағы жалын атқан өз талантының жалынына өзі өртеніп кеткен, орыстың әйгілі ақыны Валерий Брюсов «қазақтан шыққан жаңа Пушкин» деп атаған Мағжан Жұмабаевтың зайыбы, 92 жасар Зылиха апай тұрып жатыр.

         Арпалыспен өткен бір ғасырлық өмір артта қалды. Ендігі қалғаны – үй маңын көптен торуылдап, анда-санда есік-терезеден сығалап кетіп жүрген өліммен бетпе-бет келу. Сүйікті жары Мағжаншылап айтқанда – «Әлдиле, өлім, әлдиле» деп өлім құшағына ену. Мағжан өмірін сонау балалық шағынан бастап соңғы сәтіне дейін түп-түгел білетін, ешқандай оқулықтар мен зерттеу  еңбектері қамти алмайтын, таратып жазсаң жүз кітапқа сыймас ақын өмірінің барлық шындығы көкірегінде қаттаулы жатқан соңғы адам осының бәрін өзімен бірге о дүниеге алып кетпек.

         Зылиха апай сүреңсіз үйде сүлесоқ қимылдап, кереует пен шкаф ортасында тұрған дөңгелек столға кесе-шәйнектерін қойып, біреу-міреуді күткендей есік жаққа ауық-ауық қарап қояды. Ол стол үстіне қант пен сары майын қойып, енді нан турауға кіріскен сәтте есік қоңырауы шар ете қалды.

         Зылиха  жаймен барып, есікті ашады. Өзінің аса жауапты кездесуге бара жатқанын білген сұңғақ бойлы, жасы отыз-отыз бестер шамасында аққұбаша келген әдемі келіншек аса талғампаздықпен мейлінше әсем киініпті. Келіншек үйге кірген бетте Зылихамен ежелгі танысындай жайдары амандасты.

МӘДИНА.  Ой, сәламатсыз ба, Зылиха апай! Сізбен кездесудің ешқашан сәті түспейтін шығар деп үмітімді үзе бастап едім. Кездесуге келісім бергеніңіз үшін сізге мың да бір рахмет! Мың жасаңыз, апа!

ЗЫЛИХА.  Мың жаса дейсің бе? (күліп) Қолынан келмейтін нәрсені ауызбен лақ еткізіп төге салатын қайран қазақтар-ай! Сағыздай созылған осы өмірімнің өзі қашан бітеді деп күн емес, сағат санап күтіп отырсам, сен кеп мың жаса дейсің. Мен асарымды асап, жасарымды жасап болған адаммын. Әне, терезеден қайта-қайта сығалап жүр ғой!

МӘДИНА.  Ол кім?

ЗЫЛИХА. Ажал да! Менің тереземнен одан басқа кім сығалаушы еді! Ал, жоғары шық!

Екеуі столға кеп отырады. Мәдина үрейленіп, терезе жаққа қарап қояды.

МӘДИНА.  Артық айтсам кешіріңіз, «мың жасаңыз» деген сөзімді көңіліңізге алып қалдыңыз ба? Мені көкірегімнен итермей қабылдағаныңыз үшін Сізге деген ризашылығымды білдірмек болған түрім ғой. (жан-жағына қарап) Аты аңызға айналған Мағжан Жұмабаевтың жұбайы кең сарайдай үйде тұрып жатқан шығар десем…

ЗЫЛИХА. Көп адам солай деп ойлайды екен. Мағжан жайлы білгісі кеп бұл үйге талай адам келіп кетті. Араларында ғалымдар да, журналистер де, үкімет адамдары да бар.

МӘДИНА. Үкімет адамдары дейсіз бе? Олар Сіздің қандай жағдайда тұрып жатқаныңызды көріп ешқандай көмек көрсетпеді ме?

ЗЫЛИХА (кенет ызаланып) Әй, шырағым, сен НКВД-ның тергеушісі сияқтысың ғой. Менің бүкіл өмірім тергеумен өткен. Одан да тез жөніңе көш! Маған қандай шаруамен келдің?

МӘДИНА. Япыр-ай, мен байқамай Сізді тағы да ренжітіп алдым-ау… Құдай үшін, маған бүйтіп ашулана көрмеңізші. Менің ойымда инедей де кемсіту жоқ. Сізбен бүгін кездесетін болғаныма шексіз қуанып, түнімен кірпік ілмей шықтым. Сізбен жолыққанда өзімді-өзім қалай ұстаймын, не айтам деп әбден дайындалып-ақ келген сияқты едім, өзіңізді көрген соң жинақтаған ойымның бәрі тарыдай шашырап, апыл-тапыл сөйлеп отырғаным содан шығар.

ЗЫЛИХА. Жарайды, сен де айып етпе. Менің көргенімнің оннан бір бөлігін көрсең Мұхтар Әуезовтің Қарагөзіндей баяғыда жынданып, тоғай аралап кетер едің. Иә, сонымен өзің кім боласың? Журналистпін дедің бе?

МӘДИНА. Жоқ, Зылиха апай, Сіз дұрыс түсінбеген екенсіз ғой. Мен журналист емеспін, мен – актрисамын. Атым – Мәдина, фамилиям Ержанова.

ЗЫЛИХА. Актриса?! Актрисаның менде қандай шаруасы болуы мүмкін? Бұл – күтпеген жаңалық екен. Қай театрдансың?

МӘДИНА. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрынанмын.

ЗЫЛИХА. Сәбит Мұқанов атындағы театр дейсің бе?

МӘДИНА. Иә.

ЗЫЛИХА. Оның атында театр бар ма еді?

МӘДИНА. Иә. Петропавлда қазақ театры ашылған. Ашылған күннен бастап театр со кісінің атында.

ЗЫЛИХА. Бір кездері ол Мағжанның шәкірті болып еді… Ал, Мағжанның атында әлі ештеңе жоқ…

МӘДИНА. Енді болатын шығар. Ол кісінің жолы енді-енді ашылып келе жатыр ғой.

ЗЫЛИХА. Сонда сен Петропавлдан келдің бе?

МӘДИНА. Иә, Зылиха апай. Сізбен жолығып сөйлесу үшін Алматыға келіп жатқаныма бір жеті болды.

ЗЫЛИХА. Әу бастан-ақ солай деп анықтап айтпадың ба? Қайдан білейін сенің Мағжанның туған жерінен келгеніңді! Соңғы кезде Мағжаншыл боп алған ғалымдар мен журналистердің бірі шығар деп аса мән бермеген шығармын.

МӘДИНА. Сөзіңіздің төркініне қарағанда… көп кісіге өкпелі сияқтысыз ғой.

ЗЫЛИХА. Соғар дауыл соғып, емендерді түп-тамырымен қопарып өтті де кетті, енді опынғаннан түсетін пайда қайсы? Орны толмас ашу-ыза мен қайғы-шерімді көрге алып кетуден басқа амал қалған жоқ. Мағжан ақталған соң да оның аты аталғаны үшін баспа редакторларын жазаға тартқан басшылар да қазір ұялмай, қызармай осы үйге талай келіп кетті. Бір кездері Мағжанды қудалауда алдына жан салмағандар бүгін кеп жұрттан бұрын Мағжаншыл болып алды. Опасыз жалған деген осы…

МӘДИНА (күрсініп) Иә-ә, ондай опасыз адамдар арамызда әлі де баршылық. Реті келсе олар қайта тірілуге сақадай сай тұр. Шет жағасын көріп те жүрміз.

ЗЫЛИХА. (Шай құйып, Мәдинаға ұсынады). Ал, шай алып отыр.

МӘДИНА. Рахмет!

ЗЫЛИХА. Ал, актриса бикеш, менімен не туралы сөйлесейін деп едің?

МӘДИНА. Қалай десем екен?.. (орнынан тұрып, келген мақсатын қалай айтарын білмей, арлы-берлі жүре бастайды). Ім-мм… Біздің театр…. Биылғы маусымды… «Мағжан–Зылиха» деген спектакльмен ашуды жоспарлап отыр еді. Соған байланысты…

ЗЫЛИХА. Не-ме-не? Спектакль?

МӘДИНА. Ия, солай, Зылиха апай.

ЗЫЛИХА. Ол ойындарыңның аты «Мағжан – Зылиха» деп атала ма?

МӘДИНА. Әзірге солай…

ЗЫЛИХА. Оны кім жазбақшы?

МӘДИНА. Әзірге белгісіз. Театр басшылары қайтсек те биылғы жылы ұлы жерлесіміздің өмірі жайлы спектакль қоямыз деп шешім қабылдап отыр. Алматыдағы бір драматургпен келісіп жатқан сияқты.

ЗЫЛИХА. Солай де! Театр басшылары шешім қабылдап отыр де? Шыныңды айтшы, сол басшыларыңның өзі Мағжанның өлеңдерін оқып көрді ме екен сірә?

МӘДИНА. Неге оқымасын, апа! Бүгінде бар қазақтың аузында Мағжан аты жүр емес пе? Театрымызда Мағжан поэзиясын жатқа оқитын артистер аз емес.

ЗЫЛИХА. Ал, сен өзің ше? Мағжаншыл болсаң бір өлеңін оқып берші!

МӘДИНА. Ой, апай, мені бүйтіп сынамаңызшы. Мен ол кісінің өлеңдерін жастайымнан жаттап өскенмін. Қаласаңыз, оның «Батыр Баян» поэмасын түгел оқып бере аламын. Бірақ, оған көп уақыт кетеді ғой.

ЗЫЛИХА. Сонда да болса, бір өлеңін оқып берші, бәлкім, сенің аузыңнан тыңдағым кеп отырған шығар.

МӘДИНА. Жарайды, тілегіңізді орындайын. Іһм! (Даусын кенеп). «Батыр Баян» поэмасынан үзінді.

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл – қолым емес кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп жанады да.

Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

Толғанып қарауым сол баяғыға.

 

Ертегі уатпай ма баланы да,

Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да.

Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,

Еркімен өзі-ақ отқа барады да.

 

Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын,

Күрсініп көзіне жас алады да.

Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сырын айтар қаламына…

–Ары қарай оқи берейін бе?

ЗЫЛИХА. Осы да жетер! Актриса болмай тұрып өзің де өлең жазғансың ғой деймін.

МӘДИНА. Әлі де жазам. Бірақ, ешкімге көрсеткен емеспін.

ЗЫЛИХА. Егер пьеса әлі дайын болмаса оның атын «Мағжан–Зылиха» деп кім қойып жүр?

МӘДИНА. Ол әзірге біздің жұмыс жоспарымыз ғой. Театрда ондай жағдайлар жиі болып тұрады.

ЗЫЛИХА. Сонда сен кімнің ролін ойнамақсың?

МӘДИНА. Сіздің. Егер келіссеңіз.

ЗЫЛИХА. Менің бе? (күліп). Жоқ, актриса бикеш, келіспеймін! Менің күйген-сүйгенімді айтып дүйім жұрттың алдында масқараламақсыңдар ғой. Жазушылар махаббаттан басқа нені жазушы еді. Көрерменге қызық болсын деп Мағжан екеумізді сүйістіре беретін шығарсыңдар. Қазір сондайлар көбейіп кетті ғой, қарап отырып ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың.

МӘДИНА. Жоқ, апай. Мұнда тек махаббат жайы ғана айтылмайды.

ЗЫЛИХА.  Ал, Мағжанды кім ойнамақшы?

МӘДИНА. Оны әлі шешкен жоқпыз.

ЗЫЛИХА. Сонда қалай? Әлі пьеса жазылмаған, Мағжанның ролін кім ойнайтыны тағы белгісіз. Сонда сен маған не үшін келіп отырсың? Бәрі дайын емес, жалғыз сен ғана дайынсың ба?

МӘДИНА. Иә… Солай деуге де болады. Мен Сіздің бейнеңізді сахнаға шығаруды өмір бойы армандап келдім. Өйткені, Сіздің өміріңізді ес білгелі зерттеп келемін. Тіпті, Мағжан аға ақталмай тұрғанның өзінде ел ішіндегі Сіздер жайлы әңгімеге құлақ түріп, Сіздермен бірге өмір сүрдім десем де болады. Актриса болсам деген арманымның оянуына сіз түрткі болғансыз.

ЗЫЛИХА. Сахнада жылтыр сөйлеп үйреніп қалғаның көрініп тұр. Осының бәрі рас болса, осыған дейін қайда жүрдің?

МӘДИНА. Сізбен кездесуге дайындалып жүрдім. Арманым – Сіздің бейнеңізді сахнаға шығару.

ЗЫЛИХА. Сол да арман боп па? Актрисалардан: «қандай арманыңыз бар?» деп сұраса бәрі де келісіп қойғандай бір ауыздан: «арманым – «Медеяны», Клеопатраны, Лисистратаны ойнау», одан қала берсе «Қарагөзді», Баян мен Ақтоқтыны сахнаға шығару» деп сарнап қоя беруші еді ғой, сен  нағып менің деңгейіме дейін төмендеп қалғансың? Әлде, театр саған ондай рольдерді бермей жүр ме?

МӘДИНА. Зылиха апай…

ЗЫЛИХА. Зылиха апай дегенді қоя тұр! Сендерде аздап болса да этика деген бар ма, жоқ па? Көзі тірі адам жайлы пьеса жазып, оны сахнаға шығару деген қазақтан басқа қай елдің дәстүрінде бар? Сен менің ролімді ойнайсың, ал, мен (күліп) көрермен залында шалқайып отырамын! Сонан соң сахнаға көтеріліп, қазіргі газет тілімен айтқанда, «менің образымды ойдағыдай ойнап шыққаның үшін» саған рахмет айтуым керек! Не деген тоғышарлық! Сендер өзі жан-жақтарыңа қарап, өзге жұрттың не жазып, не қойып жатқандарымен істерің бола ма, жоқ әлде, бастарыңды бұғып алып, табан жолдарыңнан басқаны көруге шамаларың жетпейтін зағипсыңдар ма? Әлде жазушыларыңның тақырыбы таусылып, әртістерің үй ішіндегіден әріні көре алмайтын көр соқыр боп тынған ба? Иектеріңнің асытындағыдан әріні көруге шамаларың жетпейді. Көрмейсіңдер! Үйренбейсіңдер! Өмірдің шындығына терең бойлай алмайсыңдар. Сондықтан да айтар әңгімелерің, қояр пьесаларың ауыл арасындағы өсек-аяңнан әрі аса алмай жатады. Өмірдің сан-сапалақ шындығына әрі кетсе жатаған тамның басына шығып қарайсыңдар да, өздеріңді құс ұшар биікке шықтым деп ойлайсыңдар. Бастауыш мектептің білімімен өздеріңді академикпін деп санайсыңдар. Өздерің білмейсіңдер, білгеннің тілін алмайсыңдар. Кемшіліктеріңді мойындауға озбыр өзімшілдік пен жалған намысшылдықтарың жібермейді. Өзімшілдік пен кеудемсоқтық өнерді орға жығатынымен шаруаларың болмайды. Кемшіліктеріңді айтқан адамнан өткен жау жоқ сендер үшін!

МӘДИНА. Зылиха, апай, Сізге не болған? Сәл сабыр етіңізші… (шай құйып ұсынады) Міне, ыстық шай ішіп жіберіңіз.

ЗЫЛИХА. Керегі жоқ! Немене, мені есінен адасқалы отыр деп қорқып барасың ба? Қорықпа! Мен есімнен мың адасып, мың қайтып үйренген адаммын. Мені Мағжаннан басқа жұбатып көрген тірі пенде болған жоқ. Және… ол сияқты ешкім жұбата да алмайтын.

МӘДИНА. Иә, айта түсіңізші… Ол қалай жұбатушы еді.

ЗЫЛИХА (оның сөзін естімегендей). Міне, сол Мағжанды… орыстың әйгілі ақыны, ұлы жазушы Максим Горькидің досы, Мәскеудің жоғары әдебиет институтының ұйымдастырушысы Валерий Брюсов менің Мағжанымды қазақ топырағында туған екінші Пушкин деп атап еді.

МӘДИНА. Міне ғажап!

ЗЫЛИХА. Сол Брюсов бүкіл әлем әдебиетінің классигі боп қалыптасып үлгірген Гогольдің «Үйлену» комедиясы мен «Өлі жандарын», «Тарас Бульба» повесі мен «Нева проспектісі» повесін аяусыз сынап, кейбіреуін іске алғысыз ғып тастап еді. Мен мұны неге айтып отырмын? Біз  біреуді пір тұтсақ, оған пұтқа табынғандай табынып, оған өмір бойы шаң жуытпай өтеді екенбіз. Сонан соң да бізде ілгерілеу жоқ. Қаптаған шала білімді тоғышарлар осындай ой айтқан адамның соңына шам алып түсіп, арадай талайды. Білімдіні білімсіздер, ойлыны ойсыздар, саналыны санасыздар жеңеді. Өйткені олар көп, ал, талант жалғыз-жарым. Білесің бе, Мағжанға Сталиннің репрессиясынан гөрі талантсыздардың талауы қатты батты. Ол өз заманынан озық туды. Оны ешкім түсінбеді, түсінгендері қасақана мойындамады. Бұл жөнінде Пушкиннің не айтқанын білесің бе?

МӘДИНА. Жоқ..

ЗЫЛИХА. Әрине білмейсің! Ауыл арасының әләулайынан арыға бара алмайтын адамдар нені білуші еді, нені мойындаушы еді? Дарынсыз, қызғаншақ тоғышарларға әбден ызаланған Пушкин байғұс: «Осындай талант пен ақыл беріп, менің Россияда туылуыма қай сайтан түрткі болды екен!» деп күйінбеп пе еді. Әлем әдебиетіне талай алыптарды берген Россияда жүріп Пушкин осылай күйініп жазса, Мағжан байғұстың халі қандай болғанын айтпай-ақ түсінерсің.

МӘДИНА. Кешіріңіз, Валерий Брюсов Мағжанды не үшін Пушкинге теңегенін айта алмайсыз ба?

ЗЫЛИХА. Не үшін болушы еді? Албырттығы үшін, тентектігі үшін, бойын өртеп бара жатқан жалындаған таланты үшін, намысшылдығы үшін. Ол кезде Брюсов бұл сөзді жай қолпаштау үшін айта салған шығар деп қабылдап едім, енді қарасам, ол Мағжанның болмысын тап басып айтқан екен. Пушкин ар мен намыстың өртіне күйіп өлді ғой. «Погиб поэт невольник чести» деген Лермонтовтың өлеңін білетін шығарсың?

МӘДИНА. Әрине, мектепте жаттап өстік қой.

ЗЫЛИХА. Оны білгеніңе де Құдайға шүкір!.. Сол Пушкиннің қалай өлгенін білесің бе?

МӘДИНА. Білем. Дуэльде.

ЗЫЛИХА. Несінші дуэльде?

МӘДИНА. Ол жағын білмедім.

ЗЫЛИХА. Он алты рет дуэльде атысып, он жетісінде ажал құшты. Сол заманда өмір сүрсе, Мағжан да дуэльде өлетін сияқты боп көрінеді де тұрады. Брюсов әлгі сөзді Мағжанның албырт мінезіне қарап айтқан екен-ау деп ойлаймын. Бірақ, оның алдынан дуэль емес, репрессия шықты.

МӘДИНА. Сонда, Мағжан бәрібір өз ажалынан өлмес еді дегіңіз келе ме?

ЗЫЛИХА. Маған солай көрінетін де тұратын. Онымен бірге өткізген әр күнім, әр сағатым тәңірдің маған тартқан теңдесі жоқ бақытындай көрінуші еді. Мен сол бақытымды аяқ астынан жоғалтып алатындай, оны бір беймәлім күш менен тартып әкететіндей, ылғый да қорқыныш құрсауында ғұмыр кештім. Баянға аттанып бара жатқан Қозыға: «Мен түсімнен шошып ем, ей жалғызым, әйтеуір тірі күнде маған жоқсың!» деп анасы зар жылап қоштасушы еді ғой, мен де Мағжанның маған тірі бұйырмайтынын сезіп, әр таңды үреймен қарсы алатынмын.

МӘДИНА. Соншалықты үреймен өмір сүруіңізге не себеп болды? Қызғаныш па, әлде махаббат па?

ЗЫЛИХА. Екеуі де.

МӘДИНА. Егер сүйген адамыңыз қасыңызда болса, соншалықты неден қорықтыңыз?

ЗЫЛИХА. Сұрағыңа қарағанда сен ешқашан ғашық боп көрмегенсің ғой деймін. Күйеуің бар ма?

МӘДИНА. Бар. Екеу.

ЗЫЛИХА. Сонда, екі күйеумен бірдей тұрып жатсың ба?

МӘДИНА. Бұрынғы күйеуіммен әлі заңды түрде ажырасқан жоқпын, ал, жаңасымен, яғни, соңғысымен әлі некелескен жоқпыз.

ЗЫЛИХА. Ескі көйлекті әлі тастаған жоқпын, жаңасын әлі киген жоқпын. Қосылу да оңай, айрылу да оңай боп кеткен заман-ай! Біреуді жан-тәніңмен сүймеген соң одан айрылып кете салу түкке де тұрмайды. Сонан соң да асылымды жоғалтып алар ма екенмін деп ешқашан қауіптенбейсің.

МӘДИНА (Енді бұл ашуланып). Жоқ апай, менің өмірім де Сіздің өміріңізден жеңіл болған жоқ! Мен сіздің алдыңызда отырған соң ғана оңайлатып айтып отырмын. Әр заманның өзіне лайық мұңы мен зары бар. Мен де Сіз сияқты екінші рет күйеуге шыққан әйелмін. Сіз сияқты мен де соңғы күйеуімді өлердей сүйем…

ЗЫЛИХА. Сен… (дірілдеп) Сен… Актриса бикеш, менімен жолығам деп бірнеше күн бойы есігімді аңдығанда Мағжан менің екінші күйеуім екенін айтып табалағалы келдің бе? Сен өткенді есіме түсіріп, жазылмайтын жараның аузын тырнағалы келіп пе ең? Осымен әңгіме бітті! Енді маған жолаушы болма! Аулақ! Аулақ!

Зылиха дірілдеген қолымен стол тартпасынан таблетка алып аузына салады да, кеседегі шайдан қылқылдатып жұта бастайды. Мәдина оның босаған кесесіне шай құйып, қолтығынан демемек болып еді, Зылиха «кете бер» дегендей қолын есік жаққа сілтейді.

МӘДИНА. Егер сіз мені қуып шығатын болсаңыз… Сіздің образыңызды мейлінше жаман ойнап шығуға тырысамын. Қысқасын айтқанда, жағымдыдан жағымсыз бейне жасаймын.

ЗЫЛИХА. Онда… онда мен сені сотқа берем!

МӘДИНА. Рольді жаман ойнағаны үшін сотталған актер театр тарихында болған емес!

ЗЫЛИХА. Онда қуана бер – соның ең алғашқысы сен боласың!

МӘДИНА. Мені Мағжан аға сияқты Карелияға айдап жібермейтін шығар, ары кеткенде шартты мерзімге кесілермін (шек-сілесі қата күліп). Міне, сол кезде көресіз менен көресіні. Үйіңізден шықпай, айтпаған сырыңызды ақтартамын. Айтасыз! Айтқызбай қоймаймын. Ойнаған екенсіз шартты мерзімге сотталған адаммен! Маған неге сонша тесіліп қарап қалғансыз? Мені жаңа көріп тұрсыз ба?

ЗЫЛИХА. Менімше, сенің есің онша… дұрыс емес сияқты.

МӘДИНА. Өнер адамының бәрінің есі дұрыс емес, әйтпесе, арзымайтын жалақыға бола театрға байланып қала ма? Ал, мен кеттім. Сізбен сөйлесіп, қиялымды байытпақ болып едім, амал не, оның сәті түспеді. Енді не болса да өз бетімше ойнаймын.

ЗЫЛИХА. Бір трагедия басталды, енді екіншісіне дайындалу керек!..

МӘДИНА. О-оһо, Гамлетті жатқа айтып тұрсыз ғой. Дегенмен, Сіз өте білімді адамсыз.

ЗЫЛИХА. Рахмет! Сау бол! Мен бәрібір сендер жобалаған спектакльді қойғызбаймын!

МӘДИНА. Кеңес Одағы баяғыда тарап кеткен, қазір цензура жоқ, не қойғысы келсе де театрдың өз еркі. Ал мен… Ім-мм… Брюсов Мағжан Жұмабаевты  қазақтан шыққан Пушкин деп атаса, мен Сізді қазақтан шыққан Анна Сниткина деп бағалар едім. Оның кім екенін жақсы білетін шығарсыз.

ЗЫЛИХА. Оны кім білмейді! Мен сияқты оның да бағы ашылмаған әйел. Жастай жесір қалды.

МӘДИНА. Бірақ, Сниткина болмаса Достоевский бізге түгел жетпес еді. Оның бақыты да сонда. Ім-мм… Сіздің де!.. Сіз болмасаңыз Мағжан бізге түгел жетпес еді.

ЗЫЛИХА. Ессіз адамнан да есті сөз шығады деген осы екен-ау.

МӘДИНА. Ерлік ессіздерге тән.

ЗЫЛИХА. Жырласақ ерлердің ессіздігін жырлайық!

МӘДИНА. Бұл сөзіңіз Максим Горькиден ғой.

ЗЫЛИХА. Иә. Горькидің «Дауылпаз туралы жырын» Мағжан аударған, оны неге білмейін!

МӘДИНА. Сіз Горькимен жолығыпсыз ғой, сол рас па?

ЗЫЛИХА. Оны біліп қайтейін деп едің? Көрген жоқпын! Ал, жолыңнан қалмай жүре бер. Сау бол!

Осымен әңгіме бітті дегендей Зылиха кесе-шәйнектерін жинай бастайды.

МӘДИНА. Сіздің сөзіңіздің төркініне қарағанда біз енді қайтып кездеспейтін сияқтымыз. Пьеса жазылар, жазылмас, мен басты рольді ойнайын, ойнамайын, мәселе онда емес. Мәселе…

ЗЫЛИХА. Айналайын, сен өзің желімдей жабысқан әйел екенсің ғой. Мен саған сау бол дедім ғой.

МӘДИНА. Иә, қазір кетем. Бірақ… Сізге арнаған сыйым бар еді. Әңгімеміздің қалай біткеніне қарамастан мен ол сыйымды Сізге тапсырып кетуге міндеттімін.

ЗЫЛИХА. Маған ешқандай сыйлықтың керегі жоқ. Сен мені оңаша қалдырсаң маған деген үлкен сыйың сол болады.

МӘДИНА. Ел аузындағы әңгімеден естіген шығарсыз, Мағжан туылған кезде Жұмабай ақсақал жүрегі жарыла қуанып: «Менің атымды осы бала шығарады!» деп сәуегейлік айтқан екен ғой…

ЗЫЛИХА. Иә, естігем. Сонымен не демексің?

МӘДИНА. Жұмабай ақсақал ырым етіп Мағжанның ит көйлегін сақтап қойған екен.

ЗЫЛИХА. Не-ме-не? Ондай сөзді мен неге естімегенмін?

МӘДИНА. Бәлкім, ол кезде мұндай нәрсеге ешкім мән бермеген шығар.

ЗЫЛИХА. Сонымен?!

МӘДИНА. Сол әңгіме құлағыма тиген сәттен бастап мен соның ізіне түстім. Ақыры таптым. Оны қалай таптым – ол бір күнге созылатын ұзақ жыр.

ЗЫЛИХА. Сен… Сен не деп тұрсың? Мағжанның ит көйлегін таптым деп тұрсың ба?

МӘДИНА. Иә!

ЗЫЛИХА. Ол қайда?

МӘДИНА. Міне! Көріңіз!

Мәдина сөмкесінен қағазға оралған жас нәрестенің қолдан қиып тігілген ит көйлегін шығарады.

         Зылиха сенерін де, сенбесін де білмей, Мәдинаға жайлап жақындап, ит көйлекке ұзақ қарап тұрады.

         Саусақтары дірілдеп, оны қолына алады. Тоқсан жылдық ұзақ ғұмырдың бір ғана сәті. Бәлкім, осы бір қас-қағым сәтте оның Мағжанмен және Мағжансыз өткен ғұмыры көз алдына түгел елестеп өткен шығар.

ЗЫЛИХА. Мынау… шынымен Мағжанның ит көйлегі ме?

МӘДИНА. Иә! Жұмабай ақсақал қайтыс болар алдында әлдеқалай заман болады деп бұл көйлекті Бекен атаның қолына тапсырыпты. Кейіннен үйді тінтушілер көбейіп кеткен соң оны шүберекке орап, «Мағжанның ит көйлегі» деп жазып, Мағжанның кіндік шешесіне берген екен. Кейіннен ол кісі де қайтыс боп, қолдан қолға өтіп, солардың үрім-бұтағын түгел аралап жүріп, жақында ғана таптым. Өзінің иесі сияқты, бұл көйлектің де көрмеген азабы жоқ екен.

Зылиха көйлекті алып, бетіне басып, ұзақ иіскейді. Көзінен жасы ағып, диванға сұлқ түсіп отыра кетеді.

МӘДИНА. – Зылиха апай, Зылиха апай, Сізге не болды? Жаңағы ішкен дәріңіз мыналардың қайсысы еді?

         Ол стол үстіндегі валидолдың бір таблеткасын Зылиханың аузына салып, графиндегі судан ұрттатады.

–  Ойпырмай, жақсылық жасаймын ба деген ниетім жамандық боп шықпаса жарар еді. Зылиха апай, есіңізді жиыңызшы!

         Зылиха көзін ашады. Мәдинаға ұзақ қарап тұрып өзімен-өзі сөйлеп кетеді.

ЗЫЛИХА. Мынадай бір жапырақ матаға сыйған Мағжан кең дүниеге сыймай кетіп еді. Айтшы, ит көйлек? Иең қайда? (тағы иіскейді) Иісі бар да өзі жоқ, елесі бар да көзі жоқ. Ақыл мен ақындықтың қазынасы болған асыл тәнің қай жырада, қай шұңқырда қалды екен, қайран бекзатым! Адам өмірі қаңғыбас итпен теңелген заманға туралап әкеп тудырған қай сайтанның түрткісі болды екен? Ақылды керек қылмайтын мына заманда ақын боп туып нең бар еді, оза туып нең бар еді!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Құдай мені солай жаратса қайтпекпін, Зылиха!

ЗЫЛИХА. Ия, солай дейтініңді білгенмін. Сенің нең кетті, өлдің де қалдың, мен қалдым зар илеп. Жүз жылдық азап арқалап!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Халқым аман ба?

ЗЫЛИХА. Иә, халқың аман, бекзатым!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Олар мені есіне ала ма?

ЗЫЛИХА. Алғанда қандай! Сен қазір әр қазақтың аузындасың. Еліңнің азаттығын армандаған талай асыл азаматтар «Кеңес өкіметінің қас жаулары» деп жазықсыз құрбан болып еді, сол Кеңес өкіметі атыссыз, шабыссыз сендерден соң бас-аяғы елу жылдың ішінде өзінен-өзі тарап кетті. Қазір елің тәуелсіз елге айналды.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Шіркін-ай, қабірімнен тұрып барып, бір көріп қайтар ма едім! Бірақ… менің қабірім жоқ қой.

ЗЫЛИХА. Иә, өкініштісі сол – қабірің жоқ. Азаттық аңсаған алаш азаматтарының бәрі қабірсіз қалды.

«Өлгенде мені көмбеңдер, көмуге мені бола ма!

Шарықтап жүрген өр кеуде, сияр ма сірә молаға!» – деп жырлап еді жас кеткен ақын Марат Отарәлиев. Сендерді пір тұтатын сол жас ұрпақ қай жерге барып гүл қойып, тағзым етерін де білмейді.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Білмесе білмей-ақ қойсын, тек көңілдерінен өшпесек болғаны. Тау мен даласын азаттық жырымен жаңғыртып, жеткен екен ғой мақсатына жас ұрпағым!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға?

Иман күшті оларда

Мен жастарға сенемін!

 

Айбынды «Алаш» ұраны,

Қасиетті құраны.

Алаштың олар құрбаны

Мен жастарға сенемін!

 

Мен сенемін жастарға:

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!

ЗЫЛИХА. Айтпақшы, сенің ит көйлегің табылды.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ (мырс етіп). Қойшы, қайдағыны айтпай! Ол қайдан табылды?

ЗЫЛИХА. О-о, ол ұзақ әңгіме!

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Қызық екен! Оны кім әкеп берді?

ЗЫЛИХА. Сәбит Мұқанов атындағы театрдың актрисасы. Олар екеуміз жайлы спектакль қойғалы жатыр екен. Менің ролімді ойнайтын актриса дәл қазір менің алдымда отыр. Сенің ит көйлегіңді сол тауып әкеп берді. Өзің сенген қазіргі жастардың бірі.

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Онда ол сен сияқты сұлу болды ғой. Қазір кіріп барып көрер ме едім!

ЗЫЛИХА. Көре алмайтының қандай жақсы болды! Әйтпесе, Гүлсімге ғашық болғандай ғашық боп қалар едің. Гүлсімің болмаса Жәмилаң тағы бар. Сенің ғашық болмай жүрген кезің болды ма?

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Сол қыздардың бәрін сен үшін тәрк етіп, дәл Жәмилаға үйленетін күні әке-шешем мен ағайын-туысты құдаларының алдында жерге қаратып, екеуміз қол ұстасып Орынбор қаласына, сенің оқуыңды жалғастыру үшін із-түзсіз кетіп қалмап па едік. Одан Тәшкенге, одан Мәскеуге. Сені өлердей сүймесем ондай ессіздікке бармас едім ғой.

ЗЫЛИХА. Сол ессіздіктің зардабын әлі тартып келемін. Сенің ағайын-жұртың сол қылығыңды әлі күнге шейін менен көреді. «Мағжанның бақытсыздығы Зылихаға үйленген күннен басталды… Дәл той болатын күні Зылиха Мағжанды ұрлап әкетті» деп бір жерлес жазушың мені масқаралап мақала да жазыпты. Бір кездегі ессіз махаббаттың азабын әлі шегіп келемін. Махаббат деген у екен…

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Оны ішкен адам ғана түсінеді, Зылиха. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп Абай бекер айтпаған. Өмірінде біреуге өлердей ғашық боп көрмеген, махаббат отына күйіп, азабына төзбеген адамдар ғана шын ғашықтарды күндеп өтеді. Өйткені, пейілдеріне қарап, Құдай оларды махаббат сезімінен жұрдай ғып жаратқан. Адамға тән асыл қасиеттен  құр алақан жаратпағаны үшін сен Алла-тағалаға рахмет айт. Бір француз жазушысының керемет сөзі бар еді ғой, мен саған Мәскеуде жүргенде  оқып бергем, есіңде ме?

ЗЫЛИХА. Иә, есімде. «Жырласақ махаббатты ғана жырлайық, басқаларының бәрі қылмыс».

МАҒЖАННЫҢ ДАУСЫ. Міне, солай! Ал сенің роліңді ойнамақ боп келген актриса махаббат дегеннің не екенін біле ме екен? Өзі біреуге өлердей ғашық боп, азабына төзіп көріп пе? Олай болмаса әуре болмай-ақ қойсын.

ЗЫЛИХА. Білмедім… Қазір өзінен сұрап көрейін. Актриса бикеш, сен өзің біреуге өлердей ғашық боп көріп пе ең?

МӘДИНА. Зылиха апай, Сіз менен сұрап тұрсыз ба?

ЗЫЛИХА. Енді кімнен? Бұл жерде сенен басқа ешкім жоқ қой.

МӘДИНА. Оны неге сұрадыңыз?

ЗЫЛИХА. Өзі ғашық болып көрмеген актриса ешқашан Баян бола алмайды дейді ғой Мағжан ағаң.

МӘДИНА.Бағана айттым ғой, ғашық болғанмын, әлі де ғашықпын деп. Оны қоя тұрыңызшы! Сіз манадан бері Мағжан ағамен сөйлестіңіз бе?

ЗЫЛИХА. Иә. Бүгін күн жұма ғой. Әр жұма сайын мен онымен сөйлесіп тұрам. Бүгінгі тілмен айтқанда – сеансқа шығып тұрам.

МӘДИНА. Осы сөздерді шын айтып тұрсыз ба?

ЗЫЛИХА. Жаңа не тыңдап тұрдың?

МӘДИНА. Мен Сіздің сөздеріңізді ғана естідім.

ЗЫЛИХА. Ә-ә, саған оның даусы естілмейді екен ғой. Ол жағы есімде болмапты. (Мағжанға) Ал, әулием, осымен бүгінгі сеанс бітті, келесі жұмаға дейін жоқ қабіріңе барып, өлім әлдиімен ұйықтай ғой.

Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!

МӘДИНА. Зылиха апай, менің өн бойымды үрей билеп барады. Мен бір тылсым дүниеге еніп кеткендеймін.

ЗЫЛИХА (ит көйлекті иіскеп). Міне, мына көйлекті мен о дүниеге өзіммен бірге ала кетемін. Бәлкім, кең дүниеге сыймай кеткен Мағжан екеуміз басқа дүниеде осы ит көйлекке сыйып, қайтадан сәби болармыз.

МӘДИНА. «Әлдиле, өлім, әлдиле!» . Иә, мен бұл өлеңді оқығанмын. Оқыған күні түні бойы кірпік іле алмай шықтым. «Өлім әлдиі» дегенді Мағжаннан басқа ешкім айтпапты.

ЗЫЛИХА. Мәскеуде  оқып жүргенде орыс декаденттерімен дос болды ғой. Константин Бальмонт пен Александр Блок оның ең сүйікті ақындары еді. Олар өмірде де сырлас болды. Институттың ректоры Валерий Брюсов болса Мағжанды ерекше жақсы көрді, тіпті, туған інісіндей еркелетті. Мағжанның сорына ол ерте қайтыс боп кетті.

МӘДИНА. Әрине, Мағжан ағаның олармен қалай дос болғаны жайлы қанша жалынсам да айтпайсыз.

ЗЫЛИХА. Айтқым да келмейді.

МӘДИНА. Неге?

ЗЫЛИХА. Егер оны айтсам, сендер пьеса жазасыңдар да, Мағжанның ролін біреуге тапсырасыңдар. Ал, менің роліме жұлқынып сен дайын тұрсың. Мен Мағжанды қызғанамын!

МӘДИНА. Кімнен?

ЗЫЛИХА. Сенен де!

МӘДИНА. Менен?! (Мәдина ішек-сілесі қатып күледі)

ЗЫЛИХА. «Сенің сұлу  ақ бетіңе

Шыбын  қонса қызғанамын»… Көрдің бе? Мәжнүн  Лейліні шыбыннан да қызғаныпты.

МӘДИНА. Ой, Зылиха апай, қойыңызшы қайдағыны айтпай. Мағжанның ролін ойнайтын адам  бар-жоғы театрдың актеры ғана ғой. Мен  сол театрдың актрисасы ғанамын. Бәлкім, Мағжанның ролін мен ұнатпайтын актерға тапсыратын шығар.

ЗЫЛИХА. Жо-жоқ! Ол екеуін міндетті түрде бірін-бірі жақсы көретін актерлар ғана ойнаулары керек. Өздерің бір-біріңді жек көре тұрып қалай бір-бірін ғашық адамның бейнесін жасамақсыңдар. Онда  ойындарыңа ешкім де сенбейді.

МӘДИНА. Егер жазылатын пьеса Қазақстанның бірнеше театрларында қойылатын болса, бірін-бірі Мағжан мен Зылихадай жақсы көретін актер мен актрисаны табу қиын болатын шығар.

ЗЫЛИХА. Оны өздерің біліңдер!

МӘДИНА. Зылиха апай, артық айтсам кешірерсіз, Мағжан ағаның қайтыс болғанына елу жылдан асты. Сіз болсаңыз тоқсаннан астыңыз. Ал, өзіңіз оны әлі күнге шейін қызғанамын дейсіз. Ол кісінің жас кезінде қызғаныш отына өртеніп кетпей қалай аман қалғансыз?

ЗЫЛИХА. Әйел табиғаты солай жаралған, жарқыным! Бір  адамға өлердей ынтық етіп қою  Алланың  әйелге жіберген азабы ма деп қалдым. Актриса болсаң Медеяны жақсы білетін шығарсың. Ясоннан  кек алу үшін екі бірдей баласын құрбандыққа шалмап па еді? Әр әйелдің ішінде бір-бір Медея жататынын ұмытпа. Қызғаныш деген ешқашан қартаймайды. Ол әйелмен бірге туып, әйелден кейін қайтыс болады.

МӘДИНА. Әйтсе де, әр нәрсенің шегі болуы керек қой.

ЗЫЛИХА. Бәрінің шегі бар, тіпті, галактиканың да шегі бар, ал, қызғаныштың шегі жоқ. Әсіресе, күйеуің Мағжан болса!

МӘДИНА (ол да күліп) Япыр-ай, сонда, ол кісі сұлулардың бәріне ғашық бола берген бе?

ЗЫЛИХА. Жоқ, Мағжанға сұлулардың өздері ғашық болатын. Қызылжарда Гүлсім деген бет біткеннің көріктісі, жаннан асқан сұлу да тәкаппар келіншек болды. Өзі Петербордың педагогика институтын үздік бітіріп келген, күйеуге тигеніне үш жыл болса да жаңа бойжеткен қыздай талғаммен киінетін, қаладағы ең алғашқы сән салонын ашқан, мейлінше кербез келіншек еді. Жан адамды менсінбейтін сол келіншек  Мағжанды көрді де есінен тана ғашық болды да қалды. Мағжан секілді көрікті, білімді, Қызылжардағы орыс мұғалімдер семинариясына орыс және әлем әдебиетінен сабақ беретін, Пушкиннің «Евгений Онегин» романын жатқа айтатын Мағжанды кім сүймесін, кім ғашық болмасын! Қандай сиқыры барын кім білсін, Қызылжарда да, Омбыда да, Челябі мен Мәскеуде  де Мағжанға ғашық болмаған сұлу жоқ шығар. (пауза). Өйтпесе ол Мағжан бола ма!..

МӘДИНА. Сонымен?..

ЗЫЛИХА. Не сонымен?

МӘДИНА. Гүлсімге деген махаббаты немен бітті?

ЗЫЛИХА. Немен бітуші еді? Дуэльмен!

МӘДИНА (күліп) Қойыңызшы әзіліңізді! Ол кезде дуэль деген жоқ еді ғой.

ЗЫЛИХА. Қызғаныш деген адамға не істетпейді? Әйелін Мағжаннан қызғанған күйеуі Мағжанды өлтірмек боп жекпе-жекке шақырды. «Қазақтың Пушкині» атанған Мағжан жекпе-жектен тайына ма? «Шықсаң-шық!» деді. Сөйтіп, екеуі қаланың сыртында кездесті.

МӘДИНА. Екеуінде де пистолет бар ма еді?

ЗЫЛИХА. Қайдағы пистолет! Құс мылтықпен!

МӘДИНА. Сұмдық-ай! Ал, Сіздер ше? Қарап тұрдыңыздар ма?

ЗЫЛИХА. Олардың қала сыртына атысуға шыққанын балалардан есітіп, бәріміз солай қарай лап қойдық емес пе? «Сенің күйеуің сенің ғашығыңмен атысқалы жатыр», – деп жол-жөнекей күйеуі үйіне қамап кеткен Гүлсімді де ертіп алдым. Ол кезде Мағжан екеуміздің әлі қосылмаған кезіміз.

ДУЭЛЬ

         Қала сыртындағы топ қайыңдар шоғыры. Саунаның бір жақ бұрышынан Гүлсімнің күйеуі Кәжен, екінші жағынан Мағжан шығып, екеуі бір-біріне қарсы жүреді. Олар оқ жетер жерге кеп тоқтайды.

МАҒЖАН. Сен менімен не үшін атыспақсың, Кәжен?

КӘЖЕН. Ә-ә, қорқайын дедің бе? Оның себебін менен гөрі мылтықтың оғы жақсырақ түсіндіретін шығар.

МАҒЖАН. Ажалдан қорқатын адамың мен емес. Оқ – мылқау, ал, әзірге сенің тілің бар. Себебін түсіндір!

КӘЖЕН. Адамда айтар сөз қалмағанда олар қаруға жүгінеді.

МАҒЖАН. Қайсымыздың өлерімізді құдай білсін, Кәжен. Бірақ, сенің алдыңда арым таза!

КӘЖЕН. Неткен арсыздық! Ұятың жетіп осы сөздерді қалай айтып тұрсың, Мағжан! Сенің орныңда кез-келген басқа адам болса, менің тіземді құшып кешірім сұрар еді, не мынадай масқараға ары шыдамай өзін-өзі мерт қылар еді. Ал, сен, менің киелі от басымның тас-талқанын шығарып отырсың.

МАҒЖАН. Сенің алдыңда менің арым таза! Сенімен атысқалы шықсам өз басымның емес, Гүлсімнің арын сенен, өз күйеуінен қорғап шығып отырмын. Бар кінәм – оны жақсы көрдім, бірақ, сен ойлағандай от басыңды ойрандайтын қиянатқа барған жоқпын.

КӘЖЕН.  Осыны да сөз деп айтып тұрсың ба? Сені де нәзік жанды ақын дейді-ау! Қазақтан шыққан Пушкин! Сен қазақтан шыққан Пушкин емес, қазақтың сорына біткен Дон Жуансың!

МАҒЖАН. Ха-ха-ха! Олар жөнінде қайдан біліп жүрсің! Аздап болса да әдеби сауатыңды ашқаны үшін Гүлсімге рахмет айт!

Осы кезде бір шеттен Гүлсім мен Зылиха жүгіріп шығады.

ЗЫЛИХА. Кәжен аға! Мағжан! Бұл не масқара! Тоқтатыңдар ерегісті!

ГҮЛСІМ. Кәжен, атсаң мені ат, Мағжанда нең бар? Сенің алдыңда оның ары  таза!

КӘЖЕН. Ә-ә, солай ма? Ақтық сәтте ғашығыңды ажалдан арашалап қалу үшін торғайдай жеткен екенсің ғой! Ендеше, нақ сүйеріңнің қасына кеп тұра қал! Қозы мен Баян сияқты екеуіңді бір молада табыстырайын!

Ол Гүлсімді сүйреп әкеп Мағжанның қасына тұғызады да, қайтадан орнына барады.

МАҒЖАН. Кәжен, біле білсең әйелін қызғану – еркектің әлсіздігі! Міне, мен Зылихаға үйленгелі жүрмін. Егер сен оған ғашық боп қалсаң, сол үшін мен сені атуым керек пе? Оған он жігіт ғашық болса, солардың бәрін жекпе-жекке шақыруға тиіспін бе? Ақылға кел, Кәжен!

КӘЖЕН. Менде қазір ақыл жоқ! Ақылдан адастырған сен!

Ол мылтығын тез-тез оқтай бастайды.

МАҒЖАН. Бытыра мылтықпен атысу мергендікке жатпайды, Кәжен.

КӘЖЕН. Ол жағынан қам жеме! Патронда қабан шошқа атуға арналған жалғыз-ақ оқ бар.

ЗЫЛИХА (Гүлсімге). Әй, болашақ күйеуімнің ғашығы, қарап тұрып өлмексің бе? Жүр былай!

Кәжен мылтығын кезей бергенде екі әйел жүгіріп кеп оның қолын қағып жібереді. Мылтық аспанға атылады.

КӘЖЕН (Гүлсімге). Бет пердең енді ашылды ма, оңбаған сайқал!

МАҒЖАН. Өз әйеліңді өзің қорлама, Кәжен! Тағы қайталаймын – сенің алдыңда оның ары таза! Қош бол!

Мағжан мылтығын аспанға атып, Зылиханы қолынан жетектеп бұрылып кете береді. Кәжен өзінен өзі қорланғандай екі тізесіне басын қойып, жүрелеп отыра кетеді. Иығы солқ-солқ етеді.

         Гүлсім оның алдында үнсіз тұр.

МӘДИНА. Мынауыңыз нағыз кино ғой. Сол қылығы үшін Сіз Мағжан ағаға ренжіген жоқсыз ба?

ЗЫЛИХА. Жоқ, керісінше риза болдым. Өйткені, ол Гүлсім екеуінің араларының таза екенін дәлелдеу үшін, Гүлсімнің намысын қорғау үшін оның күйеуімен атыспақ болды ғой. Өйтпесе ол Мағжан бола ма? Ондай жігітті қалай сүймессің, қалай қызғанбассың!

МӘДИНА. Жарайды, солай-ақ болсын! Біз пьеса да жазбай-ақ қояйық, спектакль қоюдан да бас тартайық. Қарадан қарап жүріп шартты мезгілге сотталатын жайым жоқ. Сонда да болса, Мағжан ағаның Мәскеудегі өмірі жайлы өз аузыңыздан айтып берсеңіз ғажап болар еді. Бірақ, Сіз менің бұл өтінішімді қабылдамайтыныңызды білемін, әбден шаршаған шығарсыз.

ЗЫЛИХА. Иә, шаршадым. Бірақ, Мағжанның ит көйлегін сыйлап, мені өмірге қайта әкелгендей болған сенің тілегіңді жерге тастамайын.

МӘДИНА (қуанып) Ой, Зылиха апай, мың жа…а… сізге мың да бір рахмет!

Мәдина әңгіме тыңдауға оңтайланып, оның қарсы алдындағы орындыққа кеп жайғасады.

–Ал, бастаңыз!

ЗЫЛИХА. Жиырма жасынан бастап басына төнген қара бұлт өле-өлгенше бір ашылмай қойған Мағжанның қайғысын жіпке тізіп айта бергеннің несі қызық дейсің!..

МӘДИНА. Сол қара бұлттың арасынан ауық-ауық жарқ етіп күн сәулесі көрінген шығар-ау. Сондай сәулелі сәттері болмаса ол Мәскеудің атақты ақындары мен жазушыларын – Валерий Брюсов пен Александр Блокты, Есенин мен Мережковскийді, тіпті, ұлы жазушы Максим Горькидің назарын өзіне аудара алмас еді ғой. Бізге Мағжан ағаның сондай сәттерін айтыңызшы.

ЗЫЛИХА. (креслоға шалқалай жайғасып) – Онда… Ертең кел! Бүгін мұршам жоқ. Мағжанмен сеансқа шыққаннан кейін қатты қалжырап қалам…

Ол Мағжанның ит көйлегін иіскеген бойы креслода қалғып бара жатады.

         Мәдина кетерін де, кетпесін де білмей, оған аңтарыла қарап тұрып қалады.

                                   ЕКІНШІ  БӨЛІМ

         Мәскеу қаласының орталығындағы Қазақстан өкілдігінің В. Брюсов атындағы Жоғары әдебиет институтының соңғы курсында оқып жатқан Мағжан Жұмабаевтарға берілген отбасылық жатақханасы. Бұдан кейінгі оқиғалардың бәрі осы жерде өтетін болғандықтан бұл әрі пәтер, керек кезінде кабинет болуға ыңғайлы кең бөлме болуы тиіс.

         1923 жылдың жаз айы. Сахнада Зылиха. Оның 30-31 жастағы ең келісті, ең әдемі шағы. Зылиха рөлінде – Мәдина.

         Зылиха бөлмеге кіріп, шам жағады. Қабырғадағы бой айнаның алдына барып, шашын тарайды. Өзін-өзі жөнге келтірдім-ау дегенде бері бұрылып, көрерменге жақындайды.

ЗЫЛИХА. Бала кезден бірге өсіп, бір медреседе оқыған Мағжанмен 1922 жылдың сәуір айында қосылдық. Қосылдық деп қазір айта салу оңай, ал, ол кезде біз естімеген сөз, тағылмаған айып қалмаған еді. Осы кезге шейін ол абақтыға  екі рет түсіп шыққан болатын. Бір күні екі кештің арасында әлдекім жамықтырып есік қақты.

КӨРІНІС

ЗЫЛИХА. Бұл кім?

МАҒЖАН. Мен ғой, Зылиха. Тез есігіңді аш!

ЗЫЛИХА. Менің кім? Мағжан? Бұл сенбісің!

МАҒЖАН. Иә! Мен!

ЗЫЛИХА. Түн ішінде неғып жүрсің? Тыныштық па?

МАҒЖАН. Әуелі есігіңді аш, сонан соң бәрін айтам!

ЗЫЛИХА. Ойбай-ау, мен үйдегі халатпен қалай болса солай жүрмін. Шашым да ебей-себей. Саған бұл түрімде көрінгім келмейді.

МАҒЖАН. Мен үшін сен үстіңе кебін киіп тұрсаң да әдемісің. Аш, тез!

Зылиха үсті-басын жүре жөндеп, есікті ашады. Үйге Мағжан кіреді. Бір бойында ақындығы мен албырттығы шарпысқан, жастық жалыны мен қайсарлығы лаулаған Мағжан.

ЗЫЛИХА.  Жарқыным-ау,  мына жүрісің не жүріс? Түрің не боп кеткен өзі?

МАҒЖАН. Мен сенен бір нәрсе сұрағалы келдім.

ЗЫЛИХА. Иә, ол не сұрақ?

МАҒЖАН. Сен маған жар болуға келісесің бе?

ЗЫЛИХА. Уһ! Мен бір жаман хабар айтқалы келген екен деп зәрем қалмай тұр еді! Ол жөнінде бұрын неге  сұрамадың,  бағана клубта би билеп жүрген кезімізде неге айтпадың? Ертең де уақыт бар еді ғой.

МАҒЖАН.  Ертеңге қалдыруға болмайды. Ертең менің үйленетін күнім!

ЗЫЛИХА. Жәмилаға ма?

МАҒЖАН. Иә! Ертең келінді алып келеміз деп әке-шешем мен туыстарым Жәмиланың ауылына аттанбақ. Сондықтан түнделетіп саған келдім.  Егер сен мақұл десең бүгін түнде кетеміз.

ЗЫЛИХА. Мағжан-ау, мұның қалай?  Ойда жоқта… Табан астында… Ел-жұртты  шулатып…

МАҒЖАН. Бізде екі жол жоқ: не ертең  Жәмиланы алып келуге аттану, не  сенімен қол ұстасып ізім-қайым жоқ болу.

ЗЫЛИХА. Сонда қайда кетпекпіз?

МАҒЖАН. Орынборға.  Сен оқуыңды жалғастырасың. Сонымен, менімен қол ұстасып кетуге келісесің  бе?

Зылиха  мынадай албырт ұсыныстан есеңгіреген  адамдай үй ішінде өзімен-өзі арпалысып, әрлі-берлі сенделіп  кетеді. «Есің дұрыс емес», «Бұл есті адамның  сөзі емес», «Енді қайттім?»  деп күбірлей  береді.

         Жауап күтіп  Мағжан тұр.

–  Маған сенсіз өмір жоқ, Зылиха! Мен мына дүниеге сен деп келгемін. Ит  көйлектің ішіндегі  үйректің бүйрегіндей  кішкене жүрегім  сен деп соққан. Айт жауабыңды, айт!

         Зылиха  жайлап басып келіп, Мағжанның бұйра шашынан сипайды. Иығына басын қойып жылап жібереді.

ЗЫЛИХА. Көндім айтқаныңа! Ердім соңыңнан!

Мағжан да оны құшақтайды.

МАҒЖАН. Саған қояр тағы бір шартым бар. Менің өмірім – поляр түніндей. Күн бір жылт етеді де қайта қараңғылық басады. Жас кезімнен ізіме түскен жамандықтың жауыз  күшігі уақыт өткен сайын есейіп, қызыл көз итке айналып келеді. Соңымда азулы көкжал  жүргенде өмірім қуанышқа толы болады деп айта алмаймын. Сондай  күнім көп болса, күндердің күні маған  қосақтаған тағдырыңа іштей лағнет айтып,  көзімше күлімсіреп,  оңашада  көз жасыңды төгіп  жүрмейсің бе?

ЗЫЛИХА.  Бұл қай айтқаның  Мағжан! Ақылды басыңа мұндай  сұғанақ сұрақтар қайдан кеп қонақтап жүр? Сен айттым  деме,  мен естідім демейін мына сөздеріңді. Егер құдай тағдырымды саған расымен қосатын болса, алдымнан кездескен азапты ләззат деп, тозақты жәннат деп қабылдауға Алла  алдында ант етем!

МАҒЖАН. Алтын сәулем, ақ періштем жан салған,

Кім біледі, айырса  егер сұм жалған.

Жүргенімде жер жүзінде тірі боп,

Бағынатын, табынатын  сен – Аллам!

Екеуі қол ұстасып шығып кетеді.

*       *        *

Зылиха қайта шығып, әңгімесін жалғастырады. 

ЗЫЛИХА. Мен Орынбордағы оқуымды бітірген кезде Түркістан компартиясы  орталық комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожанов Мағжанды Тәшкент шаһарына шақыртып алып,  «Ақ жол» газетіне бас редактор етіп  тағайындады.

Тәшкенде өткен осы аз уақытта Мағжан  мектеп оқулығын жазды, қазақ  жазушыларының «Алқа»  деп аталатын манифесін  барлық зиялы қауымға таратты. Ең бастысы,  бір топ жазушылармен бірігіп Ленинге хат жазып, онда: «Совет үкіметі шын мәнінде халықтық үкімет болса неге бізге басшылыққа ылғи да орталықтан орыс кадрлары жіберіледі, неге  біздің өз ұлтымыздың өкілдері еленбей келеді» деп батыл талап-тілектер қойды.

Осылардың бәрі арада аз ғана  уақыт өтпей жатып алдынан тажал боп шығатынын  Мағжан іштей сезіп те жүрді. Бірақ, өз ұлтының  ертеңі үшін, өзге елдерден көш бойы қалып   қоймай, олардың да жарық сәулеге ұмтылуы үшін ол қандай  қауіп-қатерге де басын  тігуге  даяр еді.

Өйтпесе ол Мағжан бола ма?

Сөйтіп, сол жылдың күзінде Мағжан Мәскеудегі жаңа ашылған Валерий Брюсовтың жоғары әдебиет институтына  оқуға түсті.

Қазақстан өкілдігі берген отбасылық жатақханада екеуміз  бірге тұрып жаттық. Аспандағы қою бұлт арасынан жалт етіп қайта жоқ  болған күн нұрындай, бұл кезең де Мағжан өмірінің жарқын бір сәті болды. Ол мұнда көптеген ұлы тұлғалармен араласып, өзіне рухани дос  тапты, өзгелерге өз талантын мойындата білді.

Есте қалар сондай сәттердің бірі – институт бітірушілерге диплом тапсыратын  күн еді.  Кештің құрметті қонағы ретінде Максим Горький, Демьян Бедный,   Сергей Есенин шақырылды. Диплом табыс етілер алдында ақындар өлең оқыды.

КӨРІНІС

         Залда отырған қазақ жастары «Мағжан, Мағжан!» деп шулапы қоя берді.

         Сахнаға Мағжан шығады.

МАҒЖАН. Мен Сіздерге Александр Блок қайтыс болғанда жазған  «Александр Блок» деген өлеңімді оқып берейін.

Александр Блок –

Мәңгі жас жүрек

Үмітін бір үзбеген.

Батып алтын ойға,

Талмай қарап Айға,

«Әдемі әйел» іздеген.

 

Көрінер деп күнде,

Табылар деп түнде,

Шарқ ұрудан талмаған

 

Александр Блок –

Мәңгі жас жүрек,

Қай жерге ол бармаған!

 

«Әдемі әйел» – идеал,

«Әдемі әйел» – бір қиял

Блоктың басын байлаған.

 

«Әдемі әйел» – бір гүл,

Блок – бір бұлбұл

Блок – бұлбұл сайраған.

 

Күндерде бір күн,

Түндерде бір түн

Улы-балды бітті жыр

 

Төсекте Блок

Көз ашып көред

Алдында бір кемпір тұр!

 

«Әдемі әйел» – идеял,

«Әдемі әйел» – бір қиял,

Идеял, қиял – бір сағым.

Жанады жүрек,

Жылады Блок,

Көріп сөнген шырағын

«Әйел» – идеял,

Кемпір – Ажал

Тұр Блокқа үңіліп.

Сөнді енді Өмір,

Бітті енді Жыр,

«Әйел» қалды жыр болып!

Есенинге қол соққандай Мағжанға да жұрт ду қол шапалақтайды. Брюсов келіп Мағжанды құттықтайды.

БРЮСОВ.  Магические стихи! Магия! Магия! А ты – маг! Есенин сені «Маг» деп бекер атамаған екен! Сенің атыңды да «Магжан» деп  әке-шешең тауып қойыпты.

МАҒЖАН  (қарқылдай  күліп) Жаңа ат тауып бергендеріңіз үшін көп рахмет.

БРЮСОВ. Маг! Мен сені университетке қызметке шақырмақ едім, бірақ, Қазақстан алдымды орап кетті. Олар сені елге шақырыпты. Жолың болсын! «Қазақтан шыққан Пушкин» деп сені бекер мадақтаған жоқпын! Сені ұлы болашақ күтіп тұр! Қош бол, менің сүйікті шәкіртім!        

Екеуі құшақтасып қоштасады.

*         *          *

Сахнада Мәдина мен Зылиха.

ЗЫЛИХА. Сөйтіп, Мағжан институтты үздік бітіріп, оған дипломды Максим Горький тапсырды. Валерий Брюсов   оны Шығыс поэзиясы пәні бойынша сабақ беретін мұғалім етіп, институтта қалдыруға шешім қабылдады. Оны институтта мұғалім етіп қалдыру жөнінде шешім шыққан күні ертеңінде Мағжанның Тәшкенде басылған кітабы кенет Мәскеуде талқыланып, шығып сөйлеушілер оған дүниедегі барлық айыпты үйіп-төкті. Олардың сөзіне қарағанда Мағжан ескілікті көксеген нағыз буржуазияшыл, Кеңес үкіметіне қарсы астыртын жұмыс істеп жүрген контрреволюционер. Тіпті, оның «Жүсіп хан» атты поэмасының өзі Сталинді мазақ етуге арналған. «Иосиф» деген Сталиннің атын «Жүсіп» деп оп-оңай өзгертіп алып отырғаны жас балаға да аян», деп – Оны Сталинге қарсы қойды. Ал, ондағы сөйлеушілердің атын атасам, бұл күнде пайғамбар тұтып жүрген алпауыт азаматтардан түгел теріс айналып кетуге де болар. Айтып-айтпай не керек, осы талқылаудан соң Мағжан Мәскеудің Бутырка түрмесінен бір-ақ шықты.

Оны мұғалім етіп қалдырмақ болғаны үшін Валерий Брюсовты да тиісті орындар біраз әурелепті.

МӘДИНА. Ал, Сергей Есенин оның өлеңдерін аударды ма?

ЗЫЛИХА. Аударып жатыр дегенді естігем. Аударған өлеңдерін редакциялардың біреуіне берді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. «Уәде беріп тұрып өліп кете салатын мен Александр Блок емеспін» дегенде Демьян Бедный: «Асылық сөйлеме, Серега!» деп еді. Албырт ақын шын мәнінде асылық айтты ма, әйтеуір, бір жылдан соң ол жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ал, Брюсов болса, одан бір жыл бұрын, өзінің 50 жылдық тойын өткізіп бола салып, ол да ауырмай, сырқамай табан астында дүние салды. Ол бір сауалы көп, жауабы жоқ жұмбақ заман еді ғой.

МӘДИНА. Мағжан аға Бутыркада жатқанда көмек сұрап Горькиге барған жоқсыз ба?

ЗЫЛИХА. Бардым. Неге бармаймын! Бірақ, арада көп жыл өткен соң! Мағжан Карелияның Соловки деген колониясында жатқанда. Қайғы мен қуаныш дегеннің өзі салыстырмалы болады екен ғой. Ол Бутыркаға қамалғанда қайғыдан қан жұтып едім. Аз уақыттан соң оны өлім жазасына кескенде есеңгіреп кеттік. Бәрі де бітті! Мен үшін өмір тоқтап қалды!

Мен де жас ем,

Мен де мас ем, жас едім.

Өтті өмір,

Жүрек – көмір. Өлемін!

Осылайша, «үміт өлді, жүрек сөнді» деп қараңғы қапаста қайғы жұтып жүрген кезде, кенет… О-о, құдірет, қуаныш оты жарқ ете түсті! Өлім жазасы он жылдық колониямен алмастырылып, өзімді дүниедегі ең бақытты адамдай сезініп, қуаныштан ебіл-дебіл боп жыладым-ай кеп! Мейлі, әйтеуір, тірі қалды ғой. Он жыл деген не тәйірі, әні-міне дегенше өтеді де шығады ғой!

Сөйтіп, қуаныштан гүл-гүл жайнап, Мағжанымның артынан ай сайын барып тұрдым.

МӘДИНА. Батпақты, қамысты жер дейді ғой, ол жақты қалай тауып жүрсіз?

ЗЫЛИХА. Тәйірі, Мағжан тірі қалды дегенді есітігенде батпақ пен қамыс сөз боп па! Қалың қамыстың ішінде адасып кетіп, батпаққа батып, денемді қияқ пен шеңгелге тілдіріп Мағжанды іздеп бара жатқанда өзімді пейіштің бау-бақшасын аралап келе жатқандай сезіндім ғой. Үсті-басым жұлым-жұлым, балтырымнан сорғалап ағып тұрған қанды көріп, Мағжан ағаң жылап жіберді ғой.

КӨРІНІС

Колонияның кездесуге арналған тар бөлмесі. Мағжан колония киімінде. Зылиха ролінде – Мәдина. 

МАҒЖАН. Жаным-ау, түрің не боп кеткен? Мына жүрісің қай жүріс түн ішінде!

ЗЫЛИХА. Уһ, аман көрдім-ау, сені! (оны құшақтап, көзінің жасын сүртеді).

МАҒЖАН. Қамыс тіліп, аяғың қан жоса бопты ғой! Мен үшін көрмеген азабың қалмады-ау күнім! (оның аяғын құшады) Кешірші, кешірші мені Зылихаш!

ЗЫЛИХА. Олай деме Жәжекем! Басыңды көтер! Саған әйелдің аяғын құшу жараспас.

МАҒЖАН. Мені Жәжекем дедің бе?

ЗЫЛИХА. Иә! Ағайын-туыстардың бәрі сені Жәжекем деуші еді ғой. Сол кез есіме түсіп кеткені.

МАҒЖАН. Ол да бір қайтып оралмастай боп артта қалған мәмірежай күндер екен-ау!

ЗЫЛИХА. Неге олай дейсің! Өлім тұзағынан аман қалған соң он жыл он күндей боп өте шығады емес пе?

МАҒЖАН. Енді маған келмей-ақ қойшы, Зылихашым! Сенің мұңға толы жүзіңді, жасқа толы көзіңді көру мен үшін тозақтың азабынан да ауыр.

ЗЫЛИХА. Ал, мен үшін одан өткен рахатты сәт жоқ. Өйткені мен саған келе жатырмын, сені көргелі келе жатырмын! Маған бұдан асқан бақыт жоқ!

МАҒЖАН. Декабристердің әйелдерінің Сібірге күйеулерін іздеп барғандағы көрген азаптары сенің көрген азабыңмен салыстырғанда жай ғана серуенге шыққандай екен.  Олар күйеулерін іздеп бір-ақ рет барған, ал сен маған он төртінші рет келіп отырсың. Енді мені қинамашы!

ЗЫЛИХА (күліп). Олар серуенге бір-ақ рет шықса, мен он төрт рет шығып отырмын! Келмеші деп сен де мені қинама!

МАҒЖАН. Мен туғанда Жұмабай атам «Менің атымды осы бала шығарады!» деп  қуанып, ит көйлегімді ырым үшін сақтап қойған екен. Міне, атын шығармақ түгілі, үрім-бұтағының тоз-тозын шығардым! Төрт ағамның төртеуі де қамауда! Ақын боп келіп, нем бар еді дүниеге!

ЗЫЛИХА. Құдай сені солай жаратса не шара! Олай деп бекер күңіренбе, Жәжекем! Күні ертең көрген қорлық, шеккен азап – бәрі ұмытылып, бәрі қаз-қалпына келеді!

МАҒЖАН. Сәкен мен Бейімбетті де ұстап әкеткендері рас па? Жасырма!

ЗЫЛИХА. Иә… Ілиясты да қамауға алған…

      Мағжан кенет бетін басып, екі иығы солқылдап жылап жібереді.

ЗЫЛИХА. Мағ-жан! Мұның не? Азамат басыңмен, ақын басыңмен жылағаның қалай? Сен мұндай бор кемік емес едің ғой, көтер басыңды!

МАҒЖАН. Олар кетсе… Айтшы, олар кетсе кім қалмақшы қазаққа ақылшы боп! Оның жоғын енді кім жоқтамақ! Бағы ашылмаған сорлы халқымай!

ЗЫЛИХА. Езілме, Мағжан! Сендер езілсеңдер арттарыңда қалған қара халық не күй кешпек?

МАҒЖАН. Айтшы, шыныңды айтшы, Зылиха! Сәкеннің сұлу мұртын біртіндеп жұлғандары рас па? Бейімбетті құйрығынан тепкендері шын ба?

ЗЫЛИХА. Оны кімнен естідің?

МАҒЖАН. Сәкеннің мұртын рахаттанып жұлған, Бейімбеттің артынан құшырланып тепкен өз қазағымыз екен ғой. Оларды атуға, дарға асуға, отқа өртеуге бұйрық берген шығар, бірақ, мұртын жұл, артынан теп деп ешкім бұйырған жоқ еді ғой! «Оян қазақ!» деп зарлап өткен өз тектілеріңнің мұртын жұлып, артынан тебетіндей мәңгүрт халге қалай түстіңдер, қалай құлдырадыңдар, дала толған кешегі асылдар мен батырлардың бүгінгі ұрпақтары-ау! Неге оянбайсыңдар?! Ғасырға созылған бұл не деген ұйқы?!

ЗЫЛИХА. Көсеміне көсеу ала жүгіртіп қойған заман кінәлі, Мағжан! Әкеге баланы, ініге ағаны жау қылған кесапатты кезге тап келдік! Күрсінсең де күңіренбе, күңіренсең де күйреме, Мағжан! Саған күйреу жараспайды!

МАҒЖАН. Ақыл азғын, адам тозғын, санасында сәл ғана саңлау бар адамның маңдайына ақыреттің азабын жазған заманға қалай тап болдық? Ешкімге жамандық тілемей жайбарақат жатқан ел едік қой. Әлде, қасіреттің бәрін сол жайбарақаттық пен момындықтан таптық па?

ЗЫЛИХА. Ақылыңды ашу-ызаға жеңдірмеші, Мағжан! Ажал тұзағынан мойның енді босағанда  өз аузыңнан ажал шақырмашы, жан-жағыңда сақ құлақ жансыздардың қаптап жүретінін білесің ғой. Сен өлім жазасынан аман қалып, құдайыма күн сайын мың мәртеебе құдайы айтып қуанып жүргенде басыма қайтадан қара түнек орнатпашы! Есіктен еніп келе жатқан бақытымызды өз қолыңмен кері итермеші! Өтінемін, мен үшін, мен үшін болмаса елің үшін, еліңнің ертеңі үшін өзіңді сақташы!

Зылиха оны құшақтап, солқылдап жылайды.

         Мағжан оның шашынан сипап, Зылиханың жаулығының ұшымен оның көзінің жасын сүртеді. Ол Зылиханың осыншама ақылды сөз айта алатын әйел екенін енді ғана аңғарғандай, оның бетіне үңіліп, ұзақ қарайды.

 

МАҒЖАН. Еркелік пен нәзіктікке ғана жаралған жарқыным-ай! Басыңа түскен ауыр күн сені де мезгілінен бұрын есейтіп жіберіпті-ау! Әйтпесе, осылардың бәрі саған лайық сөз бе еді?

НАДЗИРАТЕЛЬДІҢ ДАУСЫ. Арестант Жұмабаев! Сізге берілген уақыт бітті!

ЗЫЛИХА. Ал, маған сақтап қойған қандай сыйың бар?

Мағжан жан-жағына қарап, Зылиханың қолына матаға оралған бір түйіншек ұстатады.

МАҒЖАН. Соңғы жазған өлеңдерім. Мәскеуге барған соң Сұлтанбек Қожановқа тапсырарсың. Ал, мынау (екінші ораулы қағазды ұсынып) Максим Горькиге хат. Ол кісіні табу қиын емес. Түсінікті ме?

ЗЫЛИХА. Түсінікті!

                    Екеуі құшақтасып қоштасады.

                                             *                    *                *

ЗЫЛИХА. Сөйтіп, Максим Горькидің араласуымен Мағжаным елге оралып, біздің бақытты күндеріміз қайта туды. Бірақ, жылт етіп көрінген күн көзін көп ұзамай қайтадан қара бұлт басты. Жеті айдан соң Мағжанды қайта алып кетті. Тура үйге кеп, көз алдымда, енді ғана тамақ ішуге отыра берген кезінде қара курткалы екі адам кеп алды да кетті. Әрең дегенде қоштасып үлгердім. Содан кейін Мағжанымды қайта көруге тағдыр жазбапты.

КӨРІНІС

ТЕРГЕУШІ. Жұмабаев жолдас! Сіз өз қателігіңізді мойындайсыз ба?

МАҒЖАН. Кеңес үкіметінің алдында менің ешқандай кінәм жоқ.

ТЕРГЕУШІ. Сіз «Батыр Баян» поэмасын не үшін жаздыңыз?

МАҒЖАН. Ата-бабамыздың ерлігін жырлағым келді.

ТЕРГЕУШІ. Бүгінгі өмірді дәл сондай шабытпен неге жырламадыңыз?

МАҒЖАН. Ондай өлеңдерім көп, бірақ сендердің оны көргілерің келмейді. Біле білсең, олар сенің де ата-бабаларың.

ТЕРГЕУШІ. Сіз пантюркистсіз.

«Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп не үшін жаздыңыз? Түркістан қашаннан бері түріктің бесігі болып еді?

МАҒЖАН. Түрік пен қазақ ежелден бір туған. Олар Тұран империясы ыдырағаннан кейін еуропаға қарай қоныс аударып, бүкіл түркі тектес халықтардың тірегіне айналды.

ТЕРГЕУШІ. Неге оларды «ер түрік» деп бөле-жара айттың?

МАҒЖАН. Жарты әлемді ерлігімен бас идірген халықты неге «ер» деп атамасқа?

ТЕРГЕУШІ. Сізге таңылған кінә үлкен – сіз – ұлтшылсыз! Осыны мойындайсыз ба?

МАҒЖАН. Мойындаймын! Ол үшін мақтанамын! Өз ұлтымды сүймесем, несіне жер басып қазақ боп жүрмекпін!

ТЕРГЕУШІ. Ол үшін сіз өлім жазасына бұйырылатыныңызды білесіз бе?

МАҒЖАН. Білемін. Ұлтым үшін отқа күйсем де өкінбеймін!

ТЕРГЕУШІ. Мұның бәрі жылтыр сөз, азамат Жұмабаев. Жерге түсіңіз.

МАҒЖАН. Оны қалай түсінуім керек?

ТЕРГЕУШІ. Орталық комитеттің атына ұлтшыл екеніңді мойындап, кешірім өтініп хат жазыңыз. Және, өз жолдастарыңыздың арасынан… айталық, екі адамның атын атап берсеңіз, жазаңыз жеңілденер еді.

МАҒЖАН. Екі адамды емес, үш адамды көрсетіп берсем қайтеді?

ТЕРГЕУШІ. Онда тіпті жақсы! Ал айта бер.

МАҒЖАН. Онда жаз. Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбей, Шапырашты Наурызбай.

ТЕРГЕУШІ (жазып болып). Бұлар  кімдер? Ақын-жазушылар ма, ғалымдар ма, әлде, әртістер ме?

МАҒЖАН. Сендерге бәрібір емес пе? Бұлар барып тұрған ұлтшылдар. Сен екеуіміз бақытты өмір сүрсін деп осынша жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған ессіз бабаларың.

ТЕРГЕУШІ. Сонда… Сонда олар баяғыда қайтыс боп кеткендер ме?

МАҒЖАН. Жоқ! Олар әлі тірі. Ұрпақтарының ұсақтап бара жатқанын көріп, молаларында тыныш жата алмай тіріліп кетіпті. Егер ол үшеуін азсынсаң Абай мен Махамбетті де қосып ала сал.

ТЕРГЕУШІ. Жұмабаев! Сен кімді мазақ қып тұрсың? Мені ме, әлде Кеңес үкіметін бе?

МАҒЖАН. Мазақ қып тұрған жоқпын, жаным ашып тұр.

ТЕРГЕУШІ. Кімге?

МАҒЖАН. Кеңес үкіметіне. Егер оның мүддесін қорғайтындар дәл сен сияқты білімсіздер мен жандайшаптар болса, ондай үкіметке қалай жаның ашымасын. Оның ертеңі қандай болмақ?

ТЕРГЕУШІ. Оған басыңды қатырма. Оны екеуімізден басқалар ойлайды.

МАҒЖАН. Осымен сұрағың бітте ме?

ТЕРГЕУШІ. Ал, Бейімбет Майлин мен Әуезов жайлы не айтасың? Соларды көрсетіп берсең жазаң одан да жеңілдей түседі.

МАҒЖАН. Біріншіден, ұлтымды сүйгенім үшін ешкімнен кешірім сұрамаймын. Екіншіден, әлгі атаған адамдарымның бір де бірі халық жауы емес, халықтың мақтаныштары. Заман өтер, әділдік жеңер, сол кезде сенің балаларың мен немерелерің солардың атымен қойылған мектептерде оқып, солардың атымен аталған көшелерде өмір сүрер. Біз отқа түссек солардың болашағы үшін отқа түсеміз. Бар айтарым осы! Енді апаратын жағыңа апара бер!

Тергеуші шапалақ ұрады. Екі солдат кеп Мағжанды алып кетеді.

ТЕРГЕУШІ. Өзі ажал тұзағына бара жатып айтқан сөздерін қарашы! «Сенің балаларыңның болашағы үшін отқа түсуден тайынбаймыз» деді-ау, ә? Неткен рухы асқақ қайсар жан еді!

Бірақ, өйтпесе Мағжан бола ма?

МӘДИНА. Неткен қасіретті заманға тап келгенсіздер!

ЗЫЛИХА. Баяғы Пушкиннің: «Черт догадал с таким умом и талантом родиться мне в России» деген опынысы біздің ұрпаққа да арналып айтылған сияқты қайта-қайта еске түсе береді. Ал, сөйле, актриса бикеш, неге үндемей қалдың?

МӘДИНА (селт етіп). Мен қиялыммен мүлдем басқа әлемді аралап кетіппін… Сіздің айтқан әңгімелеріңіз айсбергтің беті ғана сияқты. Арғы жағы түпсіз терең тұңғиық…

ЗЫЛИХА. Айтпақшы, Мағжанға соңғы рет барғанымда онымен бірге отырған НКВД-ның бұрынғы қызметкерімен танысып едім. Кетіп бара жатқан кезімде ол мені қуып жетіп: «Мағжанды ату жазасына кескен үштіктің қаулысы жоқ. Мәскеуге хат жазып, оның ісін біржола тоқтатуға мүмкіндік бар» дегенді айтты. Әрі шапқылап, бері шапқылап жүріп ОГПУ-ге хат жібердік. Олар «өздерің шешіңдер» деп жауап беріпті. Ал, біздің жақ болса, «Мағжан Жұмабаевты өлім жазасына кесу жайлы үштіктің қаулысы болмаса да, Қазақстан жазушылар одағының және Мәскеудегі «Жерлестік» ұйымының Жұмабаевқа таққан айыптары оған өлім жазасын беруге лайық» деп жауап беріпті. Қазір ойлап қарасам, осының бәрінің ар жағында қызғаныш, көреалмаушылық жатқан сияқты. Өйткені, Мағжан өзгелерден қара үзіп, тым шарықтап бара жатты ғой.

МӘДИНА (қатты шошынып) Құдай-ау, сонда… Мағжан ағаны өлімге өзіміз қиғанбыз ба? Масқара! Масқара!

Мағжанның Карелиядағы тебіренісі: «Оян, қазақ!» деп зарлап өткен өз тектілеріңнің мұртын жұлып, артынан тебетіндей мәңгүрт халге қалай түстіңдер, қалай құлдырадыңдар дала толған кешегі асылдар мен батырлардың бүгінгі ұрпақтары-ау?! Неге оянбайсыңдар, ғасырға созылған бұл не деген ұйқы!».

ЗЫЛИХА. Естідің бе, Мағжанның үнін?

МӘДИНА (өзіне-өзі таң қалып) Иә… бұл жолы естіген сияқтымын…

ЗЫЛИХА. Адам деген мына жарбиған құлақпен емес, санамен естиді. Санасында құлағы бар адам ғана о дүниеден жеткен үнді тыңдай алады.

                                            ПАУЗА

–  Сөйтіп, шынтуайтына келгенде Мағжан үштіктің қаулысымен емес, жазушылар одағының және Мәскеудегі «Жерлестік» ұйымының қаулысымен атылып кетті.

Мәдина мынадай хабардан жаншылып, өзін-өзі ұстай алмай егіліп жылап жібереді.

ЗЫЛИХА (Мәдинаның қасына кеп, оның иығына қолын қояды).

Азамат! Жүнжіме, жүрме бос!

Бетті жу!

Өлең айт! Үйге қайт! – Сәкеннің революциялық рухтағы өлеңі ғой. Ал, актриса бикеш, сен де бетті жу, өлең айт, үйіңе қайт! Әлі пьесасы жазылмаған «спектакль» осымен аяқталды.

МӘДИНА. Ал, пьеса жазыла қалса Сіз рұқсат бересіз бе?

ЗЫЛИХА. Оған шейін тірі болсақ… Әні, терезеден тағы сығалап тұр ғой… Бұл жолы форточканы ашып кірмекші.

МӘДИНА. Қойыңызшы, Зылиха апай, мені бүйтіп қорқытпаңызшы.

ЗЫЛИХА. Өлімнен қорқуға болмайды, жарқыным. Әу баста ол да сенімен бірге туылған.

«Любовь к родному пепелищу,

Любовь к отеческим гробам». – Пушкин.

– Айтпақшы, Мағжанның сен әкелген ит көйлегі қайда?

МӘДИНА. Омырауыңызға тығып қойғансыз.

ЗЫЛИХА. Ә-ә, мұнда екен ғой… (омырауынан шығарып, бетіне басады) Анау сөреде тұрған Мағжанның кітабын әперші.

МӘДИНА. Оны қайтесіз? (Кітапты әкеп береді)

ЗЫЛИХА. Мағжаныма ит көйлегін қайта кигізейін. Екеуі қайта табыссын!

Ол кітапты ит көйлекке салып, ұзақ иіскейді де, креслоға шалқайып отырған күйі үнсіз қалады.

МӘДИНА. Мынауыңыз ғажап болды-ау, Зылиха апай! Мағжан ағаға ит көйлегін қайта кигізу – тек Сіздің ғана ойыңызға келетін киелі қасиет шығар!

Зылиха үнсіз.

– Сізді әбден шаршаттым-ау деймін! Қазір мен жаңадан шай демдеп әкелейін, оған дейін аздап демала тұрыңыз.

 

Мәдина ас үйге шығып кетеді.

 

ЗЫЛИХА (күбірлеп):

Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы, әлдилеп…

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!

 

Мәдина шәйнекпен өлеңдетіп қайтып келеді.

 

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарасың қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына!

– Апай, айтыңызшы, Мағжан аға осы өлеңді Сізге арнап жазды дегені рас па?

Зылиха жауап бермейді.

–  Апай, Сіз ұйықтап кеткенсіз бе? Көзіңізді ашып, бір кесе ыстық шай ішіңізші (ол кесеге шай құйып, Зылиханың алдына қояды).

Зылиха сонда да үн қатпайды.

 –  Зылиха апай! Шайыңыз суып қалатын болды, ыстықтай бір-екі ұрттасаңызшы.

Зылиха жауап қатпайды.

 –  Зылиха апай! Зылиха апай! Сізге не болған!

Мәдина оның қасына жетіп кеп ақырын иығынан қозғайды. Оған ояна қоймаған соң қаттырақ қозғайды. Ит көйлекке оралған Мағжанның кітабін иіскеген бойы оның екі қолы сіресіп қапты.

ФОНОГРАММАДАН. Әлдиле, өлім, әлдиле! Әлдиле, өлім, әлдиле!

МӘДИНА. Жоқ! Жоқ! Өлім емес, Өмір! Өмір! Әлдиле өмір, әлдиле! Мағжан екеуіміздің әр күніміз бір дастан деуші едіңіз ғой! Бір ғасырлық сол дастанның екі сағатын ғана айтып, қалғанын о дүниеге өзіңізбен бірге алып кетпексіз бе? Ол әділетсіздік қой, Зылиха апай! Ояныңыз! Ашыңыз көзіңізді!

Әлди! Әлди! Әлдиле өмір, әлдиле!

Әлдиле өмір, Әлдиле!

Ол креслоны бесік сияқты тербете бастайды.

–  Әлдиле өмір, әлдиле! Әлдиле өмір, Әлдиле!

Ол бесік-креслоны тербетіп тұр. Жылап тұр!

Шымылдық.

29 сәуір, 2013 жыл