ҚОШТАСУ ВАЛЬСІ

Екі бөлімді ертегі 

                                        ҚАТЫСУШЫЛАР:

Ермек

Мугара

Ермектің анасы мен әкесі

Карасача (мыстан)

Тюльтан-99

Тсара

Көмекші

Қазынашы

Қарақұл

Ачирал

Махпурана

Тхан патшасы және оның зайыбы

Сандра патшасы және оның зайыбы

Саримори патшасы және оның зайыбы

Қозған-тозған патшасы және оның зайыбы

Дию

Қылышты Дию

Маэстро

Әңгүдік

Жаушы

Жас Сайтан, кәрі Сайтан

Жендеттер

Қашқын

Сарбаздар

Сақшылар

Қай кезде де болмасын шындап істеген жұмыс ауыр болатыны белгілі. Бесінші класс оқушысы Ермектің әке-шешесі колхоздың құс фермасында істеуші еді. Фермада екі-ақ адам жұмыс істейтін. Толып жатқан тауық, түйе тауық және үйрек-қаздарға жем, су беру, олардың астын тазалау, жұмыртқаларын жинап орталыққа апарып өткізу, ауырған құстарға қарау, тағы сондай толып жатқан қыруар жұмыстан олар үйлеріне түн ішінде ғана қалжырап оралатын. Содан асығыс тамақтарын ішеді де, ұйықтауға жатады. Таң қараңғысында қайта тұрады. Өйткені құстар ерте оянады. Жазғы каникулға шыққан Ермек азаннан кешке дейін не істерін білмей ерігетін. Оның бір кемшілігі — тез өкпелегіш болатын. Әлде бір құрбы-құрдастары байқаусызда бір сөз айта қалса, не оны байқамай қағып кетсе ол көпке дейін бұртиып, олармен сөйлеспей жүретін. Әке-шешесі биылғы жазда оны қалаға апарып екі-үш күн қыдыртуға уәде берген еді, бірақ қасындағы серіктестері аяқ астынан ауырып қалып, олардың бұл ойлағандары жүзеге аспады. Ермек қалаға келіп жатқан көшпелі зоопаркке бара алмағандығына қатты ренжіп жүрді.

Ермектің бұл қылт етпе өкпешілдігі орны толмас өкінішпен біте жаздап барып қалды.

Ол былай болған еді.

БІРІНШІ БӨЛІМ

 Азан-қазан құс фермасы. Онда ер адам құстарға жем шашып, әйел адам себетпен жұмыртқаларды жинап жүр.

Ермек әкесіне келеді.

 ЕРМЕК. Папа, қалаға қашан барамыз?

ПАПАСЫ. Келесі жетіде. Біз кетсек мына құстар аштан өліп, далаға қаңғып кетеді. Сондықтан бізді ауыстыратын серігіміз ауруханадан шықпай ешқайда бара алмаймыз, ұлым.

Ол үндемей мамасына жақындады.

ЕРМЕК. Мама, қалаға қашан барамыз, а?

МАМАСЫ. Ұлым, саған әкең түсіндіріп айтты ғой. Серіктесіміз шықпай ешқайда бара алмаймыз?

ЕРМЕК. Сендер уәдеде қайткенде де тұру керек деп бізді үйретесіңдер. Ал, өздеріңнің келесі жетіде деп уәде бергендеріңе үш жеті асты.

МАМАСЫ. Ұлым, бір сөзді қайталай берген соң адамның қадірі кетеді, Сені жұрт сыйлаудан қалады. Күте тұр. Шыда. Қолымыз тисін.

ЕРМЕК. Біздің қолымыз тигенше зоопарк кетіп қалады.

МАМАСЫ. Қайтеміз. Біздің жұмысымыз солай. Сен есейдің. Одан да бізге көмек бер. Түйе тауықтарды сыртқа шығаруды ұмытып кетіппін. Бос сұрақпен менің мазамды алғанша барып соларды далаға шығар.

Ермек кетеді. Ол қамаулы тұрған түйе тауық пен тауық қораның қасына келеді.

ЕРМЕК (өзіне-өзі). Тауықтарды босату керек пе, түйе тауықтарды ма? Ұмытып қалғанымды қарашы.

Ол тауықтардың есігін ашады. Ақ шағаладай көп тауық даланы қаптап кетеді. Мұны көрген Ермектің мамасы жүгіріп келеді.

МАМАСЫ. Мұның не, балам-ау! Туғалы тұрған тауықтарды далаға шығарғаның қалай? Енді қайттік? Мен саған түйетауықтарды шығар деп едім ғой.

Папасы да келді.

ПАПАСЫ. Ай, ай, ай! Қап, балам-ай! Бұлар ешқашан бостандық көрмеген тауықтар. Енді көбісі адасып кететін болды ғой! Ал, мамасы, тауықтарды тез сарайға айда! Бол!

Папасы мен мамасы зор әбігерге түсіп жүріп тауықтарды қайтадан әрең қамайды.

ЕРМЕК (мамасына). Мама, көршілер қалаға барады екен. Мен зоопаркті солармен бірге барып көріп келейінші.

МАМАСЫ (ашулы күйінде, айқайлап) Құрып қал сен сол зоопаргіңмен бірге! Бар! Жоғал!…

Ол жұмысымен айналысып кетеді.

Ермек мамасының сөзіне қатты ренжіді.

ЕРМЕК (өзіне-өзі). Олар мені жек көреді екен. Маған кет деді ғой. Құрып қал, жоғал деді ғой. Жарайды, мен құриын, жоғалайын!

Ермек беті ауған жаққа жүре берді. Өзеннен өтті, жыралардан секірді. Кетіп бара жатып: “Қай жерге барып құрысам екен? Қай жер ыңғайлы?” — деп ойлады. Ақырында ол үлкен шұқырдың жиегіне кеп тоқтады. “Ең қолайлы жер осы, Мен осы жерге секіріп түсем де жоғаламын” деп шешті ол ойын. Ол үлкен апанға секіргелі көзін жұмды. “Қош бол, папа! Қош бол, мама! Жоғал деген соң мен жоғалуым керек!” деп суға сүңгитін адамдай демін терең алып енді секіргелі жатқанда апан ішінен әлдене қозғалғандай болды.

Ермек оған анықтап қараганда алба-жұлба киінген бір кемпірді көрді.

ЕРМЕК. Сіз мұнда неғып жатырсыз? Жылан шағып алады ғой.

Кемпір басын көтеріп, орнынан тұрды.

МЫСТАН. Мені жылан шақпайды.

ЕРМЕК. Қалай шақпайды?

МЫСТАН. Сол, Мыстан кемпірді жылан шақпайды.

ЕРМЕК. Сіз мыстан кемпірсіз бе?

МЫСТАН. Әрине.

ЕРМЕК. Өтірік! Сен мені алдап тұрсың.

МЫСТАН. Сенбесең міне, көр!

Ол Ермекке куәлігін ұсынады.

ЕРМЕК (дауыстап оқып). “Аға мыстан кемпір. Аты-жөні Карасача… Өй қандай ұзақ! “Сиқыр” бірлестігі, “Тылсым” бөлімшесі. Куәліктің берілген уақыты 1988 жыл”. Куәлікті биыл ғана алған екенсіз ғой. Құттықтаймын!

КАРАСАЧА. Қайдағы биыл? Сауатың бар ма, жөндеп қара. Біздің дәуірімізге дейін. Биылы 3976 жыл болады.

ЕРМЕК. Мәссаға-ан! 3976 жыл! Жұмыс істегеніңізге 3976 жыл болды ма?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15