Пушкин. Абай. Және басқалар

Пушкин – негр. Оның бабасын орысқа түріктер сыйлады. Оның шөбересі орыстың ұлы ақыны болды. Оны француз атып өлтірді.

М.Ю.Лермонтов. Шотландық. Арғы  атасы Лермонт тағдырдың айдауымен Ресейге кеп орнықты. Оны орыс атып өлтірді. Ол да Пушкин секілді орыс поэзиясының шыңына айналды.

«Тағдыр етсе Алла,

Не көрмейді пәнда».    (Абай)                                                          

«Құдайға шүкір, Пушкинді  орыс емес, француз атып өлтірді» деп өзін-өзі жұбатты Марина Цветаева.

«Құдайға шүкір, Пушкин о дүниеге мұсылман емес, христиан боп аттанды» деп өзін-өзі жұбатты император Николай Бірінші.

Сол Пушкин «Натальяға» деген өлеңдерінде: «Мен арап та, түрік те емеспін, Пайғамбардың насихатшысы да болған жоқпын» деп әлдекімнің алдында ақталғандай өлең жазғанымен, келесі бір сәтте «Алла  велик! К нам из Стамбула пришел гонимый янычар» деп күллі Христиан әлемін елең еткізген өлеңін жазды. Және ол славян қоғамының кез-келген мүшесі сияқты «Аллах» деген жоқ, «киргиз-қайсақ» салтымен «Алла» деп жазды. Ал, әлімсақтан бері «Алла жалғыз, Пайғамбар оның үмбеті» деген Құран сөзін санасына ана сүтімен сіңіріп келген Абай, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Жаратушының ұлылығына шүбә келтірмейді. Бір-бірінен уақыт жағынан да, географиялық ендік жағынан да, өскен орталарының аспан мен жердей айырмашылығы жағынан да  алыс жатқан екі тұлғаның таным әлеміндегі ой бірлігі кездейсоқ тұжырым еместігін аңғартқандай. Пушкин «Алла велик!» деп жан түбінде өзінен де жасырынып жатқан сырын лап еткізіп сыртқа шығарып қана қойған жоқ, Мұхамед Пайғамбарға деген соқыр сезіммен табынушылықты сынға алды. «Мұхамед Пайғамбарға шын берілгендігін білдіру үшін бір надан молда бүкіл Құранды қиқалап турап  жеп қойыпты» деп әлгі молданы келемеж етті. Өзін таза христианмын деп санаса да, Пушкин ата-баба дінін мүлдем ұмытпаған сияқты. Оның «Құранға еліктеу», «Египет түндері», «Орынбор жазбалары», «Арзрумға сапар» т.б. шығармаларында оның ислам дініне деген нәзік ілтипатын аңғаруға болады.

«Ескерткішті Пушкинге неге қойған?-деді Пушкин ескерткішіне қарап отырған екі аңшының бірі. – Ескерткішті Пушкинге емес, Дантеске қою керек еді ғой. Өйткені, ол дәл тигізді».

«Гончарова Мәскеудің бірінші аруы бола тұрып Пушкинге не үшін тиген?-деп сөйлесіп отыр екі әйел. – Пушкин абиссиниялық қара негр. Бойы қортық, беті бұжыр, нәсілі төмен, ақшасы жоқ, өмірі бақылауда,  ашушаң, ызақор, картақұмар». «Ақындығына қызыққан шығар». «Гончарова өлең түсінеді дегенге кім сенеді? Егер ол өлең түсінетін болса Пушкин «ұйқысыз түнде жазған өлеңдерін» оқып жатқанда: «оқи беріңіз, оқи беріңіз, бәрібір мен тыңдап отырған жоқпын» дер ме еді?».

«Я помню чудное мгновение» деп өлең арнаса да Пушкин Анна Кернге үйленбеді, ақылды ару фрейлина Александра Россетті де жар еткісі келмеді, княгиня Мария Волконскаямен (Раевская) ерлі-зайыпты болуды ойына да алмады. Гончарованы таңдады. Талай арулардың арасынан Гончарованы таңдап, Святогорск шіркеуінде онымен азаматтық актіге қол қоюы арқылы Пушкин өз өліміне өзі қол қойды. Гончаровамен бірге Дантесті де таңдап алды.

«Пушкин өлді. Дантес әрі қарай өмір сүре берді. Дантес жай өмірін кәрілікке қарай сүйрей берді, ал Пушкин өсе берді. Өмірі бақылауда өткен өжет ақын, ызақор ақын, «қартайған шағында» камер-юнкер атағын алған, аласа бойлы, бұжыр бет, қара негр бола тұрып император Николай Біріншіден бастап онымен мазурка билеуді армандайтын аруға  үйленіп, сол сәттен бастап бойында сұрапыл қызғаныш оянып, ақырында қызғаншақтығының арқасында өз қолынан өлтірілген Пушкин оның көз алдында Ресейдің Бірінші адамына айнала бастады. Ол – шыңға  өрмелеп бара жатқан жоқ, шыңның өзіне айналып бара жатты» (М.Цветаева).

Сонымен, Дантес-Геккерн тым болмаса қартайған шағында Пушкинді өлтіргені үшін өкінді ме? Оқ тиіп, құлап бара жатқан Пушкин: «Мен оны кешірдім!» дегенде, «Мен де оны кештім!» деп сарказммен қарқылдай күлген жолы болғыш кавалергард өз қылығының адамзат алдындағы қылмыс болғанын түсінді ме? Жылдан-жылға «Шыңға өрмелеп емес, шыңның өзіне айналып бара жатқан» ақын тұлғасы оны ойландырмай қоймаған сияқты. Бұған әдебиетші А.Ф. Онегиннің: «Ол кезде кімге қол көтергенімді білмеппін» деген Дантеспен екеуара өткен әңгімесінен, «мені  сайтан азғырды» деп өкінгеніне қарап, ол қылмыспен пара-пар өз күнәсін түсінген сияқты. Оның бұл сөзіне де сену қиын. «Өткен іс өтті ғой, енді айта беруге болатын шығар. Сіз Пушкинамен түнедіңіз бе?-деген Соболевскийдің төтесінен қойған сұрағына Дантес ойланбастан: «Оған ешқандай да шүбә келтіруге болмайды» деп жауап бергеніне қарап, оның Пушкинді өлтіргені үшін өкінішті өмір сүріп жатпағаны көрінеді. А.Онегиннің айтуынша, Пушкин өсіп тауға айналды, ал Дантес әйелдерге өтімді кербез кавалергард mentalite (фран.) деңгейінде қалып қойды. Демек, оның рухының өсуі мүмкін емес. Демек, Пушкинді өлтіргені үшін ол өкінбейді. Ал, Гончарова ше? Ол Пушкиннің өліміне қайғырды ма? Жалпы, ол әубаста Пушкинге сүйіп қосылып па еді? Пушкиннің көзі тірісінде ол Дантеспен кездесіп жүрді ме? Олай болмаған жағдайда Пушкин оны тектен-текке дуэльге шақырмас еді ғой. Замандастарының айтуынша «Пушкин Дантесті дуэльге Гончарованың Дантеске деген махаббаты үшін емес, Дантестің Гончароваға деген махаббаты үшін шақырды. Қан тамырларында қызғаныштың құрамы мен қызуқанды арам, Дантесті Наталияға деген махаббаты үшін ғана емес, оған тастаған бір көзқарасы үшін де жекпе-жекке шақырған болар еді».

Қит етсе ұнатпаған адамын дуэльге шақыратын Пушкин ақыры дуэльде өліп тынды. М. Цветаеваның айтуы бойынша, «Пушкин өз өлімімен ешқашан өлмес еді, сондықтан оны атып өлтірді”. Оны шын мәнінде өлтірген кім? Дантес пе? “Жоқ,-дейді сол кездегі және соңғы кездегі сарапшылар. – Оны өлтірген – император Николай І. Ал, Дантес орындаушы ғана». «Қит етсе қарсыласын дуэльге шақыратын қызбалығын пайдаланып, оның әйелінің сыртынан әртүрлі сөздер айтып, бұл әрекеті өзі күткендей ақынның намысына тиіп, Дантестің атына ашу-ызаға толы сөздер айтуына мәжбүрледі. Бүгінгі көпшіліктің санасына сіңіп қалғандай, дуэльге Дантесті Пушкин емес, Дантес Пушкинді дуэльге шақырды. 1884 жылы Мәскеуде Пушкин ескерткіші ашылған кезде ескерткішті көруге келген қарақұрым жұрттың арасында әр түрлі алып-қашты  әңгімелердің тиегі ағытылған көрінеді. Жұртшылықтың көкейінде 45 жыл бойы қордаланып қалған сол әңгімелердің бірі – «Бұл жерге екі ескерткіш қою керек еді. Бірі – Пушкинге, екіншісі – оны өлтірген Николай Біріншіге. Екеуінің беттесіп тұрғаны тарих үшін құнды құбылыс болар еді. Бірі – Ресей  тағындағы уақытша патша, екіншісі – мәңгілік Пушкин. Орыс тағына Николай І болмаса екіншісі, үшіншісі, оныншысы отырар еді. Ал, Пушкиннің орнына Пушкиннің өзінен басқа ешкім отыра алмас еді. Өйткені, «Пушкин – біздер үшін – БӘРІ (Пушкин для нас все»). Пушкин болса болғаны, императорлар мен Гончаровалар өзінен-өзі табылар еді».

«Өлең – сөздің  патшасы, сөз сарасы» деп Пушкин өлген соң уақыт жағынан да, жер жағынан да тым алыста жатқан Абай өлең өртінен жаралған Пушкиннің дауыл-талантын көре білді, тани білді, жанына серік ете білді. Оның өлеңдеріне ғана емес, өміріне де қанық болды. «Басында ақылы мен ашуы шарпысып, тына жанған аға бар, тынғанынан не пайда тауып ек деп жұлысып өлген іні бар. Сол аға – Пушкин, сол іні Лермонтов еді» деген сөзді ұлы Мұхтар Әуезов «Абай» романында Абайдың аузына тегін салмаса керек. Анасының құрсағында пайда болған бір жапырақ етке өлең-сиқырдың бір ұшқыны жан кірмей тұрып еніп алған сияқты. Сол ұшқын өсе келе шоққа айналды, ержете келе өлең өртіне айналды. «Туғанда өмір есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенде Абай  жүре біткен ақындар емес, өлеңмен өртене білетін, туа біткен Пушкин секілді ақындарды мегзеген болса керек. Жалындаған өлең өрті ішке симай сыртқа тепкенде «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған, еркімен өзі-ақ отқа барады да» деп Мағжан жырлағандай, ол от ақынның өзін өртеп тынады, немесе, бұл дүниенің азабы мен жеңілістерінен құтқару үшін Гомердің «Илиадасындағы» Паристі бұлтқа орап алып Трояға алып қашқан Афродита сияқты аспанға алып ұшады. Құдай адамды өзі жаратады, аларда адамдармен бірігіп алады. Бұл жолы да солай болды. – Пушкинді Құдай өзі  жаратты, аларда Дантеспен бірігіп алды. Оның аржағында Пушкиннің «жеке цензоры» Николай Бірінші, жеке аңдушысы А.Х.Бенкендорф, «сүйікті жары» Гончарова тұрды, Дантес тек пистолетінің шүріппесін ғана басты. Вашингтондағы Форд театрының ложасында бейғам отырған Американың 16-президенті Авраам Ликольннің дәл желке тұсынан кеп оқ атқан 27 жасар актердың да бар кінәсі пистолеттің шүріппесін басуы ғана болатын. Оған шүріппені бастырған – Оңтүстік  конфедерациясының құл иеленуден бас тартқылары келмеген ұйымдасқан топ еді. Линкольнді олар құлдарға азаттық әпергені үшін жек көрді. «Өзінің құл екенін сезінген құл енді құл емес» (раб, который осознал, что он раб он больше не раб) (мұндай анықтама К.Маркста да бар) деп ұран көтергені құлдарға азаттық, өзіне ажал боп жабысты. Комедия аяқталып, жұрт ду қол шапалақтап жатқанда оның дәл желке тұсынан, қол созым ғана жерден пистолет шүріппесі басылды. Мергендік мылтығының қарауылын Дж. Кеннедидің желкесіне бағыттап Луй Харви Освальдта шүріппе басты. Актер Джон Бут та, кавалергард Дантес те, Освальд та тек шүріппе басушылар ғана. «Ат деген кім, атқан кім?» (Ә.Тәжібаев). Атқандардың кімдер екенін анық білеміз, «ат!» дегеннің кімдер екені әлі күнге дейін андромеда тұманындай бұлыңғыр. Бұлтартпас дәлел жоқ, күдікті сейілтер сәуле жоқ. «Сквозь  волнистые туманы, пробирается луна, на печальные поляны, льет печальный свет она» деп Пушкиннің өзі жазғандай,  күдік пен сауалды ашып берер айқын сәуле әлі жоқ. Болмайтын да сияқты. Сол адамдардың өздері о дүниеден кеп айтып бермесе, басқалардың шын сөзінің өзін бүгінгі таңда таза шындық деп ешкім бірауыздан қабылдай қоймайтыны аян.

«Ат» деген кім, атқан кім?» деген сұраққа Пушкин өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған қыруар еңбектерді  екшеп оқып шыққанда осы сұраққа Пушкиннің өзі жазып кеткен әлгі өлеңіндегідей тұман арасынан ай сәулесі өлегізіп түсетін де сияқты. 1892-28 жылдары жарық көрген В.В.Вересаевтың «Пушкин өмірі» атты очерктері жинағының 1-4 сандарында анық болмаса да көп оқиғалар тұспалдап қана айтылады. 1833 жылы 30 желтоқсанда Николай І Пушкинге камер-юнкер деген атақ бергені белгілі. «Камер-юнкер» деген атақ алғаныма бүгін үшінші күн,-деп күнделігіне ащы мысқылмен жазады Пушкин. – Менің  жасыма жараспайтын-ақ атақ. Мен 15-16 жасар бозбала емеспін ғой. Бұл сұрақтың ар жағында қандай ниет тұрғаны да белгілі. «Бәрі де Наталья Николаевна үшін! Оның патша сарайындағы Аничковада сарай сәнін кіргізіп, би билеуі үшін» (1-қаңтар, 1834 жыл). Егер Пушкинде кішкентай болса да ондай  атақ болмаса патша сарайының заңы бойынша ерлі-зайыпты екеуін императордың қабылдауына шақыра алмайды. Сарайға Пушкин емес, Гончарова керек. Пушкин Гончароваға қосымша ғана.

Пушкин өлді. Арада екі жыл өтті. «Мен өлген соң екі жыл қаралы күн кеш (траур). Сонан соң басқа күйеуге шық, бірақ ол қуыс кеуде даңғаза біреу болмасын» деп өз аузынан өсиет айтып кетсе де, ең жоғарғы биліктің атынан Натальяны сарай салтанатына шақырушылар жиілей бастады. «Ұлы мәртебелі император кезекті қабылдауында Натальяны көргісі келеді». Қабылдау  салтанатына Гончарованың қатысуы – зор мереке, ерекше қуаныш, сұлулық тәңірісі араларында жүргендей кәрі-жас қонақтардың бәріне романтикалық арудан романтикалық рух тарап жатқандай айрықша әсерде болатын.

«Наталья Николаевна мен Николай Бірінші қайта табысты…» (В.Вересаев).

«Спящий в гробе мирно спи,

Жизни радуйся живущий»

«Жена моя прелесть, и чем долее я с ней живу, тем более я люблю это милое, чистое и доброе создание, которого я ничем не заслужил перед богом». «Люблю тебя, не устаю любить. Целую тебя, не устаю целовать и целую даже где попало» деп Гончароваға үздіксіз хат жазатын, махаббаттан басы айналып қалған Пушкиннің өзіне арнаған хаттарындағы «махаббат құлының» лапылдаған сөздерін Николай патшамен билеп жүрген кезінде романтикалық ару бір рет болса да есіне алды ма екен? Ол жағы белгісіз. «Қартайған» шағымда берілген камер-юнкер деген атақтан бас тартамын, мені отставкаға жіберіңіз» деген Пушкиннің өтінішін император неге қабылдамады? «Жоқ, отставкаға кетпейсің. Есесіне, құпия архивтерге баруыңа жол ашамын»-деді Николай І. Пушкинді отставкаға жібермеуінің ар жағында не тұр? Әрине, Гончарова тұр. Осылайша император Гончарованы «жабық архивке» айырбастады. Пушкин  государьдің түпкі мақсатын сезбей қалған жоқ. Сезді. Көнді. Көнбеске де лажы жоқ еді. Оның үстіне үлкен архивтің үлкен есігі ашылғалы тұр. Көптен көкейінде жүрген Пугачев тарихын зерттеудің мүмкіндігі туды. Пушкин де өз тарапынан Гончарованы Пугачевқа амалсыз «айырбастады».

Тағы да «Пушкин в жизни» кітабынан.

«Мен бүгін Россияның ең ақылды адамымен әңгімелестім» деді Николай І сарай қызметкерлерінің алдында. Аудиенция 1826 жылы 8- қыркүйекте Пушкиннің айдаудан келген құрметіне арналған болатын. «Россияның ең ақылды адамымен» сөйлесіп отырғанын мойындаған император жас шамасы келіп тұрса да Пушкинге бұл жолы камер-юнкер атағын беруді ойламап еді. Өйткені, ол кезде Пушкин сұлуларға жаңғақ жемісін (экзотика) сыйлап жүрген бойдақ болатын. Әу баста Петр І-нің тапсыруымен Калугада желкен жасау үшін ашылған Полатнай заводының қожасы Николай Гончардың кенже қызы Наталья ол кезде әлі сегіз жаста ғана еді. Арада сегіз жыл өткенде Гончарова Пушкинаға  айналды (опушкинилась. 1834). Император «кекселігіне» қарамастан Пушкинге камер-юнкер деген кішкентай атақты үлкен «мейірбандылықпен» «қия» салды. Себебін  жоғарыда айтып өттік.

Патшалардың талантты тұлғалардан қауіптенетіні, олардың өмірін қалт жібермей бақылап отыратыны, реті келсе қамауда ұстап, арынын басып отыратыны, тіпті, көзін жоюға да баратыны бізге сонау-сонау көне дәуірден Аристофан мен Еврипид, Овидий мен Эсхилл, Сократ пен Платон бертін келе Рим империясының ғұлама ойшылы, философ, драматург, император Неронның тәрбиешісі, мемлекет қайраткері, стойцизм ілімінің негізін қалаушы Луции Анней Сенекадан бері үзбей жалғасып келеді. Барлық билеуші өз әлінше диктатор. Олардың жазалау әдістері де заманға сай өзгеріп отырады. Мәселенің түп-төркіні – әр  қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар санасының деңгейіне байланысты. Адамзат бойындағы ең баяу, ең мардымсыз, ең шабан өзгеретін қасиетінің бірі – сананың өсуі екен. Ен далада жүріп келе жатып жерге түкіріп үйренген адамның қалаға келіп, көшеде жерге түкіру ерсі екенін өз санасымен түсіну үшін ондаған жылдар өтеді екен. Жалпы, адамзат   санасының өсіп-жетілуі де бұдан баяу болмаса жедел бола қоймапты. 1610 жылы телескоп ойлап тауып, «жер айналады» деп жар салғаны үшін Г.Галилейді отқа өртеген қоғам санасының жетілуіне 382 жыл керек болды. 1992 жылы ғана Ватикан Галилейді «Құдайға қарсы шыққан еретик» деген айыптан ақтап алды. Ал, «Орлеандық бейкүнә қыз» – Жанна дэ Арктің жанпида ерлігін еретикке тән қасиет деп 19 жасында отқа өртеп жіберген қауымға үш жылдан соң ғана ес кіріп, оны ұлттық қаһарман деп тауып, 1920 жылы, арада 489 жыл өткен соң католиктік шіркеу оны әулиелердің қатарына қосты («лик святых»). Мұндай тағдырдан Пушкин де тысқары қалмады. Оны жерлеуге он-шақты ғана адам қатысты. Гончарова күйеуін ақырет сапарға шығарып та салмай, үйінен шықпай жатып алды.  Шығарып салушылардан гөрі полицайлар көп болды. Осы қаралы қоштасу сәтін В.А. Жуковскийдің жазбасынан оқып көрелік… «Дәл жаназасын шығарар кезде шіркеу уақытты өзгертіп, ақынның денесін асқан бір құпия істі жүзеге асырып жатқандай түн ішінде үйден алып шығып,  ешқандай шырақсыз, жарықсыз, дауыссыз сыртқа беттегенде, шығарып салатын дәстүрлі шіркеу қызметкерлерінсіз, қаптаған жандармдардың қоршауында Пушкиннің ең жақын  достары ғана үйден шықтық». Ал, П.А. Вяземский болса: «Бейнебір ұрыны ұрылар алып бара жатқандай жалмаңдаған жалаңтөс, жалпақ бет жандармдар жан-жағымызды қоршап алды. Бәріміз өзімізді тұтқындағыдай сезіндік».

Жалпы жұртқа жарияламай, түн ішінде жаназасын шығаруға өңкей жандармдар жиналуының ар жағында не тұр? Күйеуімен соңғы рет қоштасып қалу үшін Гончарова не себепті табыт жанына жоламады? Қара өзеннің жағасында ішіне оқ тиіп, қарға құлап бара жатқан Пушкин қарсыласына оқ ата салып, атқан оғының тигенін көріп “Браво!” деп айғай сап, артынша “Мен оны кешірдім!” дегенде, Дантестің сақ-сақ күліп: «Сәлем айтыңдар, мен де оны кештім!»-деп аяғын алшаңдай басып, қолпаштаушыларының қолтықтауымен шанасына жеңімпаз ретінде масайрап мініп бара жатқанының ар жағында не тұр? Сәл ғана емеурін танытса болды, Мәскеудің кез келген дөкей шенеуніктері мен асқақ ақсүйектері, князьдар мен генералдардың кәрі-жасы ойланбастан жар етіп алуға дайын Мәскеудің бірінші аруы Гончарованың қайдағы бір қаламақымен күн көріп жүрген қара нәсілге күйеуге шыққаны үшін қайтқан кек пе әлде, тапсырманың сәтті орындалғанына қуану ма? Пушкинді Дантес улы оқпен атты деген қаңқу сөз рас па, өтірік пе, оны әлі ешкім дәлелдеген жоқ, әйтеуір атыс жанында жалғыз атты шана, той емес, атысуға келе жатқанын біле тұра өздерімен бірге жара таңатын дәке де алып шықпаған, оның үстіне, жаралыны санитарлық бөлімшеге емес, бірден үйіне алып кеткен секундат білместік жасады ма, әлде білмегенсіді ме? Қалай болғанда да Дантес Пушкиннің енді қайтып тұрмасына анық көзі жеткендей атыс алаңынан асығыс аттанып кетті. «Іс бітті, қу кетті» (И.Крылов) боп, ол қара өзен («Черная река») жағасынан алды-артына қарамай қанағаттандық сезіммен масайрап кетіп бара жатқанының түпкі сыры неде? «Мен бүгін Россияның ең ақылды адамымен сөйлестім» деп масаттанған Николай І арада 8 жыл өткен соң, 1834 жылы «Мен Пушкиннен қауіптенем. Ол декабристердің рухани көсеміне айналып бара жатыр. Бұдан былай оның шығармаларын өзім бақылап отырамын. Ақынды арқадан қаға беруге болмайды, «Сақтық – патшалардың қорғаны» («страх» – стража царей» (Сенека),- деген сөзі мен патша сарайындағы қабылдау қарсаңында Гончароваға арнайы шақыру жіберіп (әрине, Пушкинді қосып. Оған камер-юнкер деген атақты бекер берген жоқ қой) оны сарайдағы салтанатты кештің көркі болуын көргісі келетінін білдіріп жатуында да Тесей жібінің бір ұшы шұбатылып осы Қара өзенге жетіп жатқан жоқ па екен? Немесе, мына бір тарихи екі диалогты еске алып көрейік.

«Дар ағашының түбінде, желмен тербеліп тұрған өліктердің астында шай ішіп отырып Пугачев Гриневқа: – Егер мен сені бостандыққа жібере  қойсам, сен маған қарсы бас көтермеймін деп уәде бере аласың ба?-деген сұрағына Гринев: – Мен саған ондай уәде бере алмаймын»,-деп жайбарақат жауап берді.

Николай І – Пушкинге: – Егер қалада  болсаң, 14-декабрьде қай жерде болар едің? Пушкин: – Сенат алаңында, мәртебелі тақсыр!»

Самозванец шындықты айтқан батылдығы үшін жауын бостандыққа жіберді.

Самодержец шындықты айтқаны үшін ақынды айдауға жіберді. Сол кешіре алмаудың аяғы Пушкин өліміне әкеп тіреді. В.Вересаев пен Л.Соболевскийдің меңзеуіне сүйеніп, Пушкин найтиесін (өзегін) өзге тілге баз қалпында жеткізу мақсатымен ақын өлеңдерін француз тіліне өзі аударған М. Цветаеваның «Қара дәптерге» төмендегідей қатал пікір жазып қалдыруы – ақынның ақын өліміне деген аянышы мен ашу-ызасы ғана емес, тасада тығылып жатқан шындықтың үстінен түсіп, оны жұрт назарына іліктіру ниетінен болса керек. «Тұрған тұғырынан жұлып тастауға лайық бір ескерткіш бар, ол – Пушкиннің  ажалына жеткен Николай І. Алда-жалда Ж. Клодтың еңбегін бұзуға жанымыз ашыса: «Самодержавиенің Пушкинді өлтірушіге қойған ескерткіші» деп жазып қойған жөн болар еді». Пушкин өлімінің сырына сәуле шашпақ болған зерттеушілердің бәрі В.Вересаевтың «Наталья Гончарова мен Николай І қайта табысты» деген шолақ сөйлемін еске алуды ұмытқан емес. Бірақ, олардың бір де бірі бұл тұжырымды ары қарай таратып айтқан жоқ. Тек үлке-е-н күдік қана бар.

«Пушкин өлді, оны өлтірген, Құдайға шүкір, өзіміздің орыс емес француз» деп орыс ақсүйектері мен зиялы қауым өкілдері іштей қанағат етіп жүргенде, орыс поэзиясының екінші бір шыңы – арғы тегі шотландттық М.Ю. Лермонтовты 27 жасында орыстың өзі өлтіріп тынды. Негрді атып өлтірген – француз.  Шотландықты өлтірген – орыс. «Прощай, немытая Россия, страна рабов и господ, и вы мундиры голубые, и ты им преданный народ» деп Кавказға айдалып кеткен Лермонтов Пушкиннің өліміне қайғырып, «өлді ақын, ар тұтқыны» деп қасірет-наласын жазды да, өзі де «ар тұтқыны боп» оның соңынан кете барды.

Бірі арап, екіншісі ағылшын жылқыларының текті тұқымдарынан шыққан екі дүлдүл, орыс поэзиясының  сықырлауық шанасын бұрын-соңды адам аяғы баспаған бас айналар биікке көтеріп, екеуі де жат жерде қапыда қазаға ұшырады. Ата-баба жерінен топырақ та, табыт та бұйырмады. «Любовь к родному пепелищу, любовь к отеческим гробам» дегенде Пушкин қай топырақты, қандай табытты қалады екен? Бұл да жұмбақ.

Сонымен, Пушкин өлінді,  бәрі де баяғыдай көрінді (Абай), тірі тіршілігін жалғастыра берді. Гончарова Пушкиннің дуэльдегі киімдері мен жеке заттарын Даль бастаған  жақын достарына үлестіріп беріп болған соң «қаралы сұлу» (Әуезов) жан-жағына қарап, сырт жақтан естілер «сыбдырға» құлақ түре бастады. Талай сыбдыр естілді, бірақ олардың бәрі өзі іштей дәмеленген “сыбдыр” болмай шықты. Қандай жағдайда болмасын Николай І «Nathalie estun Anqe!» (франц), «Наталья періште!»  деп оны зор қошеметпен кезекті би сеансына шақырудан әріге жібермейтін тақ (трон) тарамысымен шандулы болса, «оған ешқандай күдік келтірудің керегі жоқ» деп қаныққан тоят сезіммен жайбарақат жауап беріп отырған кавалергард та, Пушкин өлімінің басты себебі өзіне түп-түгел аударыларын, сонан соң халықтың  ашу-ызасы өзіне төнерінен сескеніп, «қаралы сұлудан» әуелі торғай адым, сонан соң қарға адыммен бірте-бірте алыстай бастады да, ақыры шетел асып тынды.

Сұлулық, сұлулық, тағы да сұлулық: аяқ, қол, кеуде, мойын, бөксе, бел, көрген адамның есін алар тұла бойдағы тұнған әсемдік Гончарованы бәрібір бақытқа кенелте алмады. Замандастарының айтулары бойынша, сарайда сұлулық періштесіндей кадриль билеп, өмір сүріп жатқанына мейлінше риза кейіппен әсем көбелектей қалықтап жүрген Гончарова-Пушкина сондай кештерден соң үйіне кеп ебіл-дебіл боп жылайтын көрінеді. «Сұлулық әлемді құтқарғанмен» (Достоевский) өзін-өзі құтқара алмайды екен.

Пушкин айтқан екі жылдық траурдан соң Наталья сырттан естілер «сыбдырға» – бақыт  сыбдырына шындап құлақ түре бастады. Бітпестей боп көрінген бас айналдырар бақыт құсы басынан табан астында пыр етіп ұшып, күйеуі Наполеон Бонопарт «Әулие Елена» аралындағы қапасқа қамалғанда француздың атақты аруы Мария-Луйзаның есеңгіреген басы Австрия генералы Нейпергтің иығына құласа, Ресейдің бірінші аруы Гончарованың қайғылы басы кәрі генерал Петр Ланскойдың иығына құлап, грек мифологиясындағы Аврора арудың қаусаған шал Тифонның иығына амалсыз бас қоюмен өткен өміріндей сүреңсіз аяқталды.

(Аңыз бойынша Афродита Құдайларға күні-түні жалбарынып күйеуіне мәңгі өмір сыйлатады, бірақ, жастық шағын  сұрауды ұмытып кеткен).

Замандастарының айтуы бойынша, Пушкина Ланскойға адал жар бола біліпті. Заңды некемен өмір сүріп жатса да ерлі-зайыптылардың жарасымды өміріне сызат түсіріп тұратын бір жағдай бастарынан арылмай-ақ қойыпты. Жұрт Гончарованы «Ланскойдың» әйелі деп емес, «Пушкиннің жесірі» деп айтуын қоймапты.

Кәрі иықтар ару бастардың бір де біріне бақыт сыйлай алмады. Өмірде сұлулығынан басқа ештеңе айтылмайтын, 51 жылдық ғұмырында жұрт еске алатындай бір қылық, бір мінез көрсетпеген, Пушкин жаңа өлеңдерін оқып жатқанда «оқи беріңіз, оқи беріңіз, бәрібір мен тыңдап отырған жоқпын» дегеннен басқа не бір ауыз сөз қалдырмаған, («безмолвная красавица». Цветаева) Гончарова Ланскойдың  иығына күдігі мен үміті аралас ауру басын сүйегенде: «Жан-дүнием енді тыныш тапты» деп тағы бір сөз айтқан екен.       Ланскойдың  иығында «жан-дүниесі тыныш тапқанға дейінгі» жеті жыл аралығында ол әкесінің Полатынай заводында «монах» әйелдің күйін кешпепті.

Пушкин өлген соң 9 ай өткенде, яғни, 1837 жылдың 8 сәуірінде А.Н. Карамзиннің Е.А. Карамзинаға жазған мына бір хатында қандай сырдың ұшы көрініп тұр? «Наталья Николаевна туралы айтқан хабарыңыз мені шын мәнінде қайран қалдырып отыр. Мен оның ауыр қайғысына ортақтасып, шын көңілден оған ұстамдылық пен сабыр сақтауды тілеп едім, бірақ менің тілегім осыншама аз уақыттың ішінде орындала қояды деп ойламаппын». Демек, генерал Ланскойдың «иығына басын сүйегенге» дейінгі жеті жыл аралығында Гончарова Грибоедовтің жесірі Нино Чавчавадзе сияқты күйеуінің моласының басына күнде барып, оның құлпытасын сипап, мұң құшағында өмір сүре қоймапты…

 *   *  *

Пушкин жоқ, Дантес жоғалды, Николай І тақ заңының шырмауынан шыға алмады: романтика өлді. «Романтика умирала, вместе с ней художник Кипренский» (И.Н. Крамской). Біздің Абайша айтқанда – «Махаббат  кетті дос кетті». Пушкинмен бірге тарих сахнасына атойлап шыққан ұшы-қиыры жоқ шұбырған бір қора қауым да өмір сахнасының сыртындағы қараңғылыққа сіңіп, көзден де, көңілден  де тыс қалды. Қауіпті сапардан аман қайтып келе жатқан баласы Тесейдің алыстан көрінген кемесіне жартас басынан қуана қарап тұрған әкесі баласының қара туды ақ туға ауыстыруды ұмытып кетуінің салдарынан, тек қара туды көріп, балам өлген екен деп, өзін-өзі теңізге тастап жіберген Эгей сияқты, бәрі де өмір теңізіне батып жоқ болды.

Эгей теңізі қалды.

Мүсінші Онекушиннің қап-қара шөгеннен (чугунь) құйған ескерткіші қалды. «Евгений Онегин» романындағы «Под небом Африки моей» деген жолдарды еске салып тұрғандай, оның төбесінен ауық-ауық қара бұлттар ұшып өтіп жатады.

Қара бұлт, қара ескерткіш, қара шляпа, қара негр, қара шынжыр. Оған табынып отырған ақ нәсілді орыс қауымы. Сол заманның өзінде алғашқы белгілері көріне бастаған Ресейдегі расизмге (Мәскеудегі француз, неміс театрларына тиым салу) қара ескерткіш жалғыз өзі қасқайып қарсы күресіп тұрғанджай. Петербургтегі «Мыс салт атты» орыс рухын көтерумен бірге расизмнің тууына себепкер боп тұрса, Мәскеудегі Пушкин ескерткіші расизмді «жөргегінде өлтірді» (М. Цветаева). Осының бәрін еске ала отырып, «орыс халқы Пушкин үшін кімге алғыс айтуы керек?» деген сауалға тірелесің? Абиссинияға ма, әлде, «Алдымен Абай сияқты ұл тудырып ал» деп Абайға айтқан Құнанбай сияқты  «өткір көзді» ұрпақ сыйлаған нағашы атасы Ганибалға ма?

Абиссиния көсеміне ме, әлде, сол ұлды ұрлап әкеп орыс патшасы Петр І-ге сыйға тартқан Түрік сұлтанатына ма, әлде, ұлы Петрдің өзі тәрбиелеген арап Ибрагимнің баласы Осип Абрамович Ганибалды Мария Алексеевна Пушкинамен некелестіргені үшін бе, әлде, Абиссиниялық «аманат» баланың «қап-қара, тұп-тұнық,  ойнақы, сонымен бірге ызғарлы да ызбарлы көзіне» Бірінші Петрдің алғаш рет зер сала қарауының нәтижесіне ме? Қалай болғанда да, Петрдің осы көзқарасында «аманат» балаға деген сүйіспеншілік пен зор ықыласы орыс жерінде негрден шыққан болашақ ұлы орыс ақынының туылуына «жарлық» бергендей болды («Быть Пушкину!)

«И шаг, и светлейший из светлых

Взгляд, коим поныне – светла…

Последнии – посмертный – бессмертный

Подарок России – Петра» (М.Цветаева, Петр и Пушкин», 1931).

 

*   *  *

Пушкин өмірі мен шығармашылығы шалқып жатқан теңіз. Ол туралы ондаған, жүздеген кітаптар жазылды. Біз оған ешқандай жаңалық қоса алмаймыз. Оның өмірге келген күнінен бастап ақырғы сәтіне дейін әр жылы, әр күні қағазға түскен. Пушкинтанушылардың айтуы бойынша оның өмірінде белгісіз боп келген үш-ақ күн бар екен, қалған күндерінің бәрі тарих бетінде сайрап тұр. Біздің мақсатымыз – сол кем-кетікті толтыру емес. Пушкин өмірбаяны мен өлеңдеріндегі, жолжазбалары мен күнделіктеріндегі, романдары мен естеліктеріндегі  жол арасында «байқаусыз» айтылып кететін  өзінің ата тегі туралы, христиан бола тұрып ауық-ауық исламға бүйрегінің бұрылуы жайлы, шығыс поэзиясы, әсіресе, Хафиз бен Саадиді «ақындардың ақыны» деп атап, «Евгений Онегин» романының соңында «Иных уже нет, а те далче, как сказал Саади» деп Саадиден үзінді алып, олардың шығармаларына ерекше құрметпен қарауы, көптеген орыс зерттеушілерінің неге екені белгісіз, оның өміріндегі трагедиялық сәттері мен қайшылыққа толы кезеңдеріндегі шындықтың басын бастап, аяғына дейін анықтап айтпай, көп нүкте қойып кететін тұстарына, Пушкин замандастарының естеліктері мен бір-біріне жазысқан хаттарында кездесетін батыл, немесе, жанамайлап айтылған пікірлерді тергіштеп, қазақ оқырмандарына белгісіз боп келген жәйіттерге өзімізше сәуле шашу. «Қазақ оқырмандарына оны білудің қажеті қанша?, – деуі мүмкін бұл мәселеге үстірт қарайтын кейбір қаламгерлер. – Пушкин шығармаларын білсек болды емес пе, оларды ол қалай жазды, қай жерде жазды, неден күйінді, неге сүйінді, қандай ой қай кезде айтылды, неге айтылды – оларды тізу не керек?». Бұл – дилетанттық көзқарас. Күні кеше арамыздан кеткен ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылық жолын тыңғылықты зерттеп, бір ізге түсіруде орашолақтық танытып алатын зерттеушілеріміз үшін көңіл бөлуге тұрарлық құндылық деп ойлаймын.

Осыдан біраз бұрын «Егемен Қазақстанда» жарияланған Аристофан туралы мақаламда ұлы дарматургтің ауырмай-сырқамай кенеттен қайтыс болуына байланысты (оның өлімі де құпия) Платонның қоштасу сөзіндегі мына бір сөйлемді оқырман есіне салу қажеттілігі туып отыр. «Поэзия музасы өзіне лайықты киелі храмды ұзақ іздеп, ақыры оны Аристофанның кеудесінен тапты». Жалпы саналы адамзатқа ортақ сол поэзия музасы қазақ аспанында да қалықтай ұшып, өзіне құтты қоныс болатын киелі храмды, бізше айтқанда, киелі ұяны Абайдың кеудесінен тауыпты.

Әрідегі емес, берідегі Пушкин заманының өзінде қазақ ақындары орыс ақындарынан молырақ болды. Оның бәріне тоқталып өту мүмкін де емес, тек, Мұхтар Мағауин құрастырған «Бес ғасыр жырлайды» деген халық ақындарының антологиясын еске алсақ та жетіп жатыр. Сол ақындардың арасынан Платон айтқан поэзия музасы Жидебайда  «мыңмен жалғыз алысып жүрген» Абайдың кеудесіне ұя салып, сол ұядан басқа да ақындар мен жазушылар ұшып шығып, бұл өңірді «Әдебиет Меккесіне» (А.Сүлейменов) айналдырды. Пушкин поэзия шыңына өрмелемей, поэзия шыңының өзіне айналса, Абай да өлең сөздің патшасына – поэзия шыңына айналды. Анна Ахматованың айтуынша, Пушкиннен соң орыс поэзиясына қадам басқан әрбір жас ақын бұрынғы селдір-салақ құрылым мен анайы сөздерден іргелерін аулақ салып, бәрі Пушкин стилінде, Пушкин рухында жазуды мақсат ете бастады. Абай да өзінен кейінгі ақындар үшін бағыт сілтеуші жарық жұлдызға айналды.

Абайдың 175 жылдығына орай, оның туған күнін жоғары деңгейде атап өтуге байланысты республикалық, халықаралық деңгейде ғылми-конференциялар, оның шығармаларын өзге тілдерге аудару мәселелері кеңінен қолға алынып, газет-журналдарда ұлы ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы көлемді де ауқымды мақалалар бірінен соң бірі жариялана бастады. Осындай ұлы дүбірдің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кеңінен қолға алынып отырғаны барша қазақтың көңілінен шыққан рух мерекесіне айналды. Біз Абаймен қайта қауышып, қайта табыса бастадық. Айта кетерлік бір жай – Абай туралы мақалалардың көпшілігі – Абай данышпан, Абай кемеңгер, Абай философ, Абай жаңашыл ақын деген сарында жазылып келеді екен. Ара-арасында Абайдың дүниеауи ойшылдармен иықтасып жататын сәттеріне де ой жіберіп қалу талпыныстары байқалып қалады, бірақ, оларда нақты салыстыру жоқ, бетінен қалқу ғана бар.

Сонымен, Абай несімен данышпан?

Ол үшін Аристотель, Платон, Сократ, Эпикур, Сенека, Пушкин, Гете, Лермонтов т.б. сияқты әлемнің ұлы философтары мен ақындарының ой-тұжырымдары Абай өлеңдері мен қара сөздерінде үндестік тауып жататынына айрықша назар аударып, мыңдаған тонна құмнан бір грамм алтын ажыратып алатын старательдер секілді, әр шығармада шашылып жатқан ой ұшқындарын ерінбей теріп, ерінбей екшеп, бір қарағанда елеусіз айтыла салғандай боп көрінетін өлең жолдарының астары мен тамырына тереңірек үңіліп, бәрін бір философиялық діңгекке тізіп шыққанда ғана Абайдың шын данышпан ақын екендігіне көзіміз жете түспек.

Әлемге әйгілі ойшылдар мен ақындар арасынан қазаққа ең жақын тұрғаны – Пушкин десек артық айтқандық бола қоймас. Оны қазаққа жақын еткен – Абай. Абай арқылы Пушкин қазақ даласына қазақтың төл ақынындай боп кең тарады. Ақшоқыда туған «Татьянаның қырдағы әні» қазақ арасына қазақтың өз әніндей боп, қазақ қыздарының махаббат жырындай боп аспандата шырқалды. Солай шырқатқан ұлы Абай, өйткені Пушкин рухы мен Абай рухы бір-бірімен үндес, өлең сөздің бар құдіреті мен бар сиқырын ақыл мен санаға, жүрек пен қанға бір-бірінен алыс жатса да бірдей сіңіре білген, бірінің ата-бабасы Африкада, бірінің ата-бабасы Азияның ешкімге белгісіз Жидебай деп алаталтын бір түкпіріндегі аядай шеңберден әрі аспай тіршілік етіп жатқан Homo Sapiens бола тұра, Платон айтқан поэзия музасы екеуінің де кеуделерінен құтты қоныс тапқан өлең сөздің алтын ұясына айналды. Бірі – негр, бірі қазақ. Тегі негр бола тұра Пушкин орыс тілінің ескісін жаңғыртушы, жаңа сөздің жаратушысы боп, небары 37 жасында поэзия шыңына айналды. Царское селодағы лицейді бітірушілердің соңғы емтиханына поэзияның сол кездегі көзі тірі тәңірісіндей боп келген В.А. Жуковский де, Г.Р. Державин де ата-бабасынан бері орыс тілі мен әдет-ғұрпының барлық бояуын бойларына сіңіріп өссе де, Пушкин секілді поэзия шыңының өзіне айнала алмай, поэзия шыңына  шыққан ақындар дәрежесінде қалып қойды. Қазақ тілінің барлық бояуы мен әдет-ғұрпын, ұшан-теңіз аңыз әңгімелер мен ертегілерін, батырлық жырлар мен сан-алуан қиссаларды Абайдың құлағына жөргектегі кезінен бастап құйып отырған әжесі Зере болса, ондай әже Пушкинде болған жоқ, күтуші әжесі Арина Родионовна ғана болды. Арина Радионовнаны Пушкин өмір бойы қастерлеп өтті. Сағынып өтті.

«Подруга дней моих суровых,

Голубка дряхлая моя» деп оған жүрек шымырлатар өлең жолдарын арнаса, «Қысқы кеш» деген атақты өлеңінде

«Что же ты, моя старушка,

Приумолкла у окна?

…Или дремлешь под жужжаньем

Своего веретсно?»-деп тәрбиешісін сағынышпен тағы есіне алады. Абай әжесі Зереге өлең арнаған жоқ, есесіне, М. Әуезовтің «Абай» эпопеясында Зеренің немересіне деген ерекше мейірімі мен сағынышы Арина Родионовнаның мейірімінен асып түспесе кем түспейді.

Пушкиннің  бала кезіндегі орыс ертегілерінің бәрі дерлік таза орыс өмірінен алынбаған, олардың басым көпшілігі араб, парсы, қала берді шығыс халықтарының сюжеттік желілеріне құрылған боп шығады. Батырлар жыры да қазақ жырындай бай емес. Былинадағы Илья Мурамецтің өзі 33 жыл пеш үстінде мешел боп жатып, «Құданың құдіретімен» аяғына мінген соң «Қарақшы бұлбұл» мен «Ажалсыз Кащейді» өлтірумен ғана бітеді. Ал, орыстың «Кащей бессмертный» деп жүргені, Олжас Сүлейменовтің түсіндіруінше, қырғыздың «Қосшы баласы» екен. (Қосшы бала деген өзіміздің ертегілерде де толып жүр еді, Олжекең, амал қанша, оларды еске алмапты). Реті келгенде айта кету артық болмас, жас балаларды өжеттікке, тапқырлыққа тәрбиелейтін орыс ертегілерінің аздығын сезген Екатерина Екінші алты жасар немересі Александрға (кейін император) арнап «Пелица» деген ертегі жазған екен. Ол ертегінің де оқиғасы орыс пен киргиз-кайсақ қақтығысының кезінде каисак ханының тұтқыныныа түскен 14 жасар принц Хлор, ханның қойған орындалмастай талабы – «тікенсіз раушан гүлін тауып әкелсең босатамын» деген талабын орындаудың жолын білмей көп азапқа түседі. Өзінің жайдарлылығымен, ақылдылығымен ханның қызы Пелицамен достасып, сол достықтарының арқасында екеуі тау басынан тікенсіз раушан гүлін тауып әкеледі (әсте, Эдельвейс болса керек). Немересін болашақта Ресей императорлығына ертегі арқылы тәрбиелеген Екінші Екатерина ертегісін былай аяқтайды: «Ел басқару үшін адам жастайынан төзімді, жігерлі, ақылды, айлалы, қасыңды досқа айналдыра білетін қасиеті болуы керек. Сол қасиеттерінің арқасында Хлор киргиз-кайсақ ханының талабын орындап, басына бостандық алады. Ханның қызы Пелица да онымен бірге кетеді». Ертегінің авторы ІІ-Екатерина ханның атын атамайды, бірақ, Н.С.Лесковтың «Әулие» деп аталатын дәл осы кезеңге арналған әңгімесінде «Хан Джангир» деп анық айтылады.

А.Пушкиннің Пугачев көтерілісінің тарихын зерттеу үшін Орынборға келген сапары кезінде «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» оқиғасын қағазға түртіп алып, кейінірек ол жөнінде поэма жазбақ бопты деген ауыз-екі әңгімені көп естіп өстік. Пушкиннің он томдық шығармалар жинағында ол туралы бір де бір дерек жоқ. Күнделіктерінде де, естеліктерінде де, Орынбор сапары жөніндегі жазбаларында да, достарына жазған хаттарында да, алдағы жоспарларында да ол туралы мәлімет кездеспейді. Шығармаларының толық жинағында Пушкиннің бітпей қалған сөйлемдеріне шейін жарияланған, бірақ, Қозы-Баян туралы ештеңе жоқ. «Пугачев көтерілісінің тарихын» жазу үстінде ол қазақ пен қалмақ соғысына тоқталып өтеді. Бірақ, Пушкин бұл жолы қазақтарды бұрынғыдай «киргиз-кайсақ» демей, «киргиз-казаки» деп атаған. «Но киргиз-казаки… вооружились с величайшей ревностию. Их ханы, Нурали в Меньшой, Аблай в Средней и Эралы в Большой Орде, один за другим нападали на калмыков со всех сторон… Весной следующего (1772) года кыргызцы (буруты) довершили несчастье калмыков, загнав в обширную песчаную степь по северную сторону озера Балхаш, где голод и жажда погубили у них множество и людей и скот…». «Киргиз-казақ» деп атаса да, қазақ өміріне бұдан гөрі кеңірек тоқталуына оңтайлы сәт туа тұрып, Пушкин ол оқиғаларды сыдыртып өте шықты. Бәлкім, оның жанында қазақ тарихын білетін, ол халықтың бай ауыз-әдебиеті, батырлар жыры, лиро-эпостық поэмалары бар екенін айтып бере алатын адамның болмағанынан шығар. Дәл осы тұста Пушкиннің 1820 жылы император Александр Біріншімен кездескен сәті еске түседі. Император Пушкиннің өлеңдеріндегі теріс саяси ағымдарына қатал сын айта отырып: «Егер осы бағыттан таймайтын болсаң, мен сені Сібірге жер аударамын» деп қорқытады. Сол кезде жасы енді ғана жиырма бірге толған Пушкин патшаның аудикенциясынан шыққан соң өзінше ойлана келіп: «Несі бар, Сібірге жер аударылсам Ермак пен Көшім хан туралы шығарма жазар едім» деп жан түбінде жасырынып жатқан ішкі жоспарынан хабар беріп өтеді. Демек, Пушкин Ермак пен Көшім ханның тарихын жақсы білген деген сөз. «Әттең!»-дейсің осы тұста амалсыз езу тартып, – Александр І-ші, немесе, одан кейінгі Николай І-ші ақыры айдаудан көз ашпай жүрген Пушкинді Кавказға емес Сібірге айдамаған екен!» – деп.

– Бәлкім, оның құдіретті қаламынан Көшім хан туралы «Борис Годуновпен», немесе, «Бақшасарай фонтаны» поэмасымен деңгейлес трагедия туып қалуы ғажап емес еді ғой. Оның үстіне, Көшім-ханның 18 жасар әйелі Сүзгенің аспандағы ай мен күн ғана таласа алатын сұлулығы жайлы тамсана поэма жазған әйгілі «Конек-Горбунок» ертегісінің авторы П.П.Ершовтың «Сүзге» поэмасында суреттеген тәкаппар Сүзге жайын естіген Пушкиннің сұлу әйелге деген әрқашан «есігі ашық» жүрегі ғашық болмай қоймас еді. Көшім-хан жеңіліп, қайтадан әскер жинауға кеткенде шатырында жалғыз қалған Сүзге: «Егер елімді Ертістің ар жағына аман өткізсеңдер, мен Ермакқа күйеуге шығуға уәде беремін» деген айламен елін құтқарып болған соң ол у ішіп өледі. Ермак келгенде оны тірі екен деп аяғына жығылады. Бірақ, ол бүкіл сән-салтанатымен сұлу қалпында өліп кетіпті. Егер Көшім-хан туралы поэма жазатын болса Пушкин мұндай тәкаппар өлімді аттап өте алмас еді. Грек аңызындағыдай, өзі өлтірген Амазонкалардың патшайымы Пенфезилияның шлемін сыпырғанда, ай мен күндей сұлу әйелді көріп, өзі өлтірген әйелге өзі ғашық болатын Ахилл сияқты, Сүзгенің өлі денесіне Пушкин де ғашық болар еді. Троя соғысында адам өлтіріп үйренген Ахилдің алапат сезімін оятқан сұлулық, ақын жүрегін неге оятпасын!  Осы оқиғада айтпай кетуге болмайтын тағы бір ерекше деталь бар. Амазонкалардың патшайымы Пенфезиляның шлемінің маңдайында бүкіл ислам әлеміне ортақ жарты айдың  рельефі болғаны жайлы аңызда ат-үсті ғана айтылып өтеді. Тарихи  болжам бойынша, Грекияны ең алғаш түркі жұрты мекендеген деген аңыз рас па? Оған нақты дәлел жоқ, тек аңыз ғана бар. Аңыздың ар жағында шындық жатпаса ол бекерден-бекер тумайды ғой. «Легенда не всегда лжет, иногда она правдивее истины» деген Эдмон Ростанның пікірі осы аңыздың ар жағында шындық жатқан шығар деген ойға жетелейді. Троя соғысының өткен кезі б.з.д. 13-12 ғасыр, ал, ислам дінінің пайда болуына әлі бір жарым ғасырдан астам уақыт бар. Амазонкалардың патшайымы Пенфезилияның шлеміндегі мұсылман символикасы қайдан жүр? Бұл  да шешімі табылмайтын тылсым сұрақтардың бірі.

Абайдың романтикалық, философиялық өлеңдері мен қара сөздерін оқып отырып, басқа ақындардан гөрі оған Пушкин бәрінен жақын тұрғанын сезінеміз. Әлемдік ой-қазынасының «Тайқазандары» Сократ, Платон,, Аристотель, Эпикур, Еврипид, Сенека және басқалардың философиялық көзқарастарымен Пушкин шығармашылығы арқылы танысқанын да аңғаруға болады. Аталған ұлы философтардың еңбектерімен Абай мәтіндік нұсқалары арқылы танысты ма, әлде, Пушкин шығармалары мен хаттарында, күнделіктері мен жолжазбаларында, немесе, көне Грекия мифологиясы мен басқа да Еуропа елдерінің өткен-кеткен тарихы мен әдеби әлеміне өз тұрғысынан баға беріп отырған қыруар мақалалары арқылы танысты ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі біреу-ақ: әлемдік ойшылдар мен философтардың еңбектері Абайға етене таныс болған. Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі Адам, Болмыс, Махаббат, Ғадауат, өмір, өлім, қуаныш, қайғы, бақыт пен бақытсыздық, жауыздық пен ізгілік, жаратушы күш пен жаратылушының арасындағы эквиваленттік байланыс, тіпті, Л.Толстойдың “адамды дұрыс жаратпағансың” деп Құдайға реніш білдіретін ойларынан да бейхабар қалмағаны аян. Абайдың өзіндік ойлары жоғарыда аталған философтардың ойларымен ұштасып жататыны сондықтан болса керек. «Ұштасып жату» – ойды қайталау емес, адам мен қоғам, өмір мен тағдыр арасындағы сан түрлі шырғалаңдардан туындайтын әр ойшылдың өзіндік топшылауы. Мәселен, ежелгі Рим философы Луций Анней Сенека Луцилиге жазған кезекті бір хатында: «Сотвори сам себе счастье» деп кейіннен нақыл сөзге айналған ақыл-кеңесін айтса, Абай: «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деп өзінше өсиет айтты. «Қайғы келсе қарсы тұр» деген Абайдың сөзі Сенеканың философтар арасында нақыл сөз боп қалыптасқан сөз тіркесі секілді, қазақ арасында да мәтел боп тарап кетті. Бұл екеуінің де айтылулары басқа болғанмен мағыналары бір. «Пора, мой друг, пора! Покой сердце просит» деген Пушкиннің шаршаңқы өлеңі бар. Тіршіліктегі бітпейтін арпалыстан, ішкі күйзелістен туатын шарасыз сәтті білдірген жолдар. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп Абайдың өзі айтқандай, ойлы ақынды ой қажытпай жүре ме, Абай да Пушкин секілді ойдан қажыған кезінде: «Ауру жүрек ақырын соғады жай, өз дертін тығып ішке білдіре алмай» деп адамның қажыған сәтін Пушкиннен де әріге апарып тастапты. Ой арпалысынсыз бір сәт өмір сүре алмайтын ақындардың ішкі күйзелістері бір-біріне қандай ұқсас болса, жүректерінің импульстері де бір-бірімен солай ұқсас соғатын болса керек. Бұл екі жолдардың айтылуы екі бөлек болғанмен адам жанының күйзеліске ұшыраған бір сәтін екі ақын екі жақта жатып дәлме-дәл суреттеп отыр. Тек сөз басқа, мағына бір.

Қалай дегенмен де Пушкин жер жағынан да, уақыт жағынан да «өз ауылымыздың баласы» ғой, тіпті, Пушкин өлгенде Абай 9 жаста болатын. «Өз ауылымыздың баласы ғой» деп отырғаным да сондықтан. Пушкинді өзімсінсек, Абай ойларын Абайдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүріп кеткен Аристотель ойларымен салыстырып көрейік. «Адам баласы бақытқа ұмтылады, алдынан қайғы шығады. Ол қайғыны жеңіп, бақытқа қайта ұмтылады. Бақытқа қолы жеткенде алдынан тағы бір қайғы шығады. Осылай оның өмірі арпалыспен өтеді. Демек, мәңгі бақыт болмайтыны сияқты мәңгі қайғы да жоқ”,-деп қорытындылайды ойын Аристотель. Ал, Абай осы ойды әрі қарай дамыта түседі.

«Көңілімнің күйі өшкен соң,

Жалғанда болмас жұбаныш.

Өмірді қылдың Құдайым,

Қызығы жоқ қуаныш»-деп Л.Толстой сияқты Құдайға сәл реніш білдіріп, әлгі ойын әрмен қарай жалғастыра келіп.

«Жақсылық ұзақ тұрмайды,

Жамандық әр кез тозбайды» деп бақыт пен бақытсыздық жайлы ойын өзіне тән сабырлылықпен аяқтайды.

«Тьмы низких истин нам дороже

Нас возвыщающи обман»,-деп жалған мақтауға жаны құмар жаралған пенде біткеннің осалдығына Пушкин таңданыспен мысқылдай қараса, Абай Пушкиннің бұл ойын нақтылай түседі.

«Мақтан, жел сөз жанға қас,

Қошеметшіл шығарған…

Мен мақтанның құлы емес»

Пушкин заманы мен Абай заманын, Пушкин өмір сүрген орта мен Абай өмір сүрген ортаны еске алсақ, екеуінің арасында ғарыш пен жердей айырмашылық бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Жоғарыда аталған ұлы философтар білім мен ілім теңізіне еркін шомылып жетілген тұлғалар. Пушкиннің де Грек мифологиясынан бастап өз замандастарына дейінгі еуропа және орыс әдебиетінің бар жетістігін қадағалап оқып, бойына сіңіріп өскені белгілі. Ал, Абай қандай ортада өмір сүрді? «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім, мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма», «Сенісерге жан таба алмай сенделеді ет жүрек» деп, «Халқым надан болғасын қайтып адам болайын»,-деп қандай ортада өмір сүргенін байғұс Абай зар қып айтып кетпеп пе еді. Егер ол Пушкин, Гете, Сенека, Сократ заманында өмір сүрсе қалай болар еді? Бәлкім, Абай да солармен иықтасып тұрған әлемге аян ұлы тұлғалардың бірі болар ма еді? Сөз жоқ, оның есімі солармен бірге аталар еді. Мен айтар едім, Абайдың қара сөздері Сенеканың Луцилиге жазған философиялық хаттарынан кем түспейді. Сенека болса философиясы мен әдебиеті, қоғамдық құрылысы мен театры мейлінше қалыптасқан Рим империясының кезінде өмір сүрді (б.з. І-ғасыр). Оның ой тереңдігі мен шешендік шеберлігі император Калигуланың, одан кейінгі Неронның қызғанышын оятты. Сол қызғанышы қауіпке айналып, өзін тәрбиелеп өсірген Сенеканы Нерон өлім жазасына бұйырды. Бұйрықтың орындалу тәртібі бойынша Сенека әйелі екеуі бір бөлмеде қан тамырларын қиып қайтыс болды. Сократ та бұйрық бойынша у ішіп өзін-өзі өлтірді. Оның да жағаласқан адамдары жоғары билік иелері еді. Ал, Абай кіммен алысты? Надандықпен, қараңғылықпен, ата-атаға бөлініп, «бас-басына би болған» тобықтының тобырымен, қала берді арғын мен найманның арасындағы бітіспес даумен, оның арасында, орыс билеушілерінің қазақ даласын отарлауға келген ұсақ шенділерімен арпалысып өтті. Мемлекеті жоқ, ортақ билеушісі жоқ, мәдени сфера түгілі Семейдегі медреседен басқа білім ошағы жоқ, бір ауылдың, бір өңірдің шеңберінде өмір сүрген Абайдың адамзаттық философиясымен терезесі тең дәрежеде ұштасып жататын ойларын ерекше құбылыс – Абай  феномені деп атамасқа лаж жоқ.

Ресей статистикалық орталығының мәліметі бойынша, 1917 жылғы революцияға дейін Ресей халқының 87 пайызы сауатсыз болған екен. Ал, Пушкин заманында хат танитын адамдардың өзі  санаулы болған, тіпті, «Евгений Онегин» романындағы (кейде оны поэма деп атайды) Татьянаның өзі орысша хат жаза алмайды емес пе? Оқиын, білейін, оянайын деп әрекет етпейтін надандар менн тоғышарларға жаны күйген Пушкин:

«Паситесь, русские народы,

Для вас не внятен слова чести,

Не нужны вам дары свободы,–

Вас надо резать – или стрич!»-деп ашу-ызаға толы қатал үкім айтқан өлең жолдарын жазып еді. Өз халқыңды соқыр сезіммен сүйе берудің халыққа да, өзіңе де пайдасы жоқ, халқыңды шын сүйсең алдымен оның кемшілігін көріп ал, «мал сияқты жайыла беріңдер!» деп Пушкин күйінгендей, оның бейғамдығы мен бар кемшілігін бетіне басып айта біл. Құр мақтаудан гөрі айыбын ашып айтқан адам ғана халқына пайдалы. Пушкиннің әлгі ащы ойын Жидебайда жатқан Абай өзінің 41-сөзінде надандық һәм бойкүйездікпен күресудің амалын таппай шарасыздық халге түседі. «Бұ қазақты ақылменен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады. Енді не қылдық, не болдық!» – деп халқын қараңғылықтан шығарудың жолын таппай Пушкиннен де артық қиналды.

Ой бірлігінің ұқсастығы ойшылдардың бірін-бірі қайталауы болып табылмайды, әркім өзі өмір сүріп отырған қоғамның жоғары-төмен деңгейіне байланысты не күйініп, не сүйініп айтуынан туған мүлде дербес ойлар деп қарауға тиіспіз. Әсіресе, Абайдың жағдайында. Адамзат адамзат боп қауым құрғалы сол адамдардың аз ғана тобының көзі ашық боп, қалған көпшілігі тобырлық санада өмір сүріп келеді екен. Ой ойлау, сананы жетілдіру, ізгілікке ұмтылу, о дүние мен бұ дүние арасындағы жақсылық пен жамандықты оймен өлшеп көру, обал мен сауаптың бәсін түсіну – тобырдың есіне келмейді екен. Ақыл-есі толық топтан гөрі көңілі соқыр, өссем екен, жетілсем екен деп алға талпынбайтын тобыр көп болатын көрінеді. Олардың көңіл-көздері жақсылықтан гөрі жаманшылықты көруге құштар. Дәл осындай тоғышар топтың кесапат мінезіне күйінген Пушкин П.А. Вяземскиге жазған бір хатында: «Толпа жадно читает исповеди, записки и etc. Потому что в подлости своей радуется унижению высокого, слабости могущества. При открытий всякой мерзости она в восхищении». Өзгенің табысын көре алмау, араларынан ақылы асқан біреу шыға қалса «тәйірі», о да адам бола қапты ғой» деп кемсіту, озған адамның кемшілігін көруге құмартып тұратын Пушкин күйінген тоғышар топ қазақта да жетіп-артылатынын Абай 39-сөзінде айтып өтіпті. «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та аспай, тыңдауға да қолы тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден есітіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?»-деп өзі құлап жатып, елге сыйлы адамның сүрінгеніне күлетін, тағы бір сүрінгенін көруге құмар боп тұратын «күлкішіл кердең надандардың» өсекқұмар мінезіне Абай да Пушкиннен кем күйінген жоқ.

Осындай тоғышарлық пен топастықты өз елінен көп көрген Пушкин күйінішін одан әрі жалғастыра келіп: «Черт догодал,  с таким умом и талантом родиться мне в России» деп өкіне келіп. «Живая власть для черни ненавистна, они любить умеют только мертвых» деп ойын аяқтайды. Пушкин ойын жолма-жол қайталамаса да, алыста жатқан Абай да осымен үндес ойын өзінше өрбітіп, бір-ақ ауыз сұрақпен шектеледі. Пушкин сияқты сан түрлі мәдениетпен, сан түрлі ұлттармен араласып көрмеген Абай, тағы да сол қазағының өмірін  мысалға ала келіп: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінің жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?». Тіріні тілдеп, өліні пір деп қарайтын қасиет қазаққа да, орысқа да, басқаға да ортақ екен. Адам баласында қандай қасиет бар болса, ол қасиеттің бәрі қазаққа да ортақ екенін Абай тап басып айтып отыр. «Осындай ақыл мен талант беріп, мені Ресейде туғызуға қай сайтан түрткі болды екен!» деген Пушкиннің өкінішін оқып отырып, еріксіз Абай еске түседі. Көп қарғаның ішіндегі бір сұңқар, көп жабының ішіндегі бір тұлпар. Сол көп қарға мен көп жабы «өзі ермей, ерік бермей  қор етіп», «жапырағы қуарған ескі үміттей», «не  ол емес, бұл емес» боп, «мұңдасуға жан таппай» күй кешіп жүрген Абайға шын жаның ашиды екен. 14 жасында Жуковский мен Державиннен «орыс поэзиясының болашағы» деп мақтау естіген, 27 жасында император Николай І-нің: «Мен бүгін Россияның ең ақылды адамымен кездестім» деген сөзін өз құлағымен тыңдаған Пушкин әлгіндей деп өкінсе, Абайдың күйі қандай болмақ?

Пушкин өлген соң 9 жылдан кейін дүниеге келген Абайды Пушкиннің «замандасы ғой» деп өзімізге жақын тұтсақ, Пушкиннен екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген философтармен Абай ойлары қалай үндесіп жатқанына зер салып  көрейік.

Әлемді жаратқан Құдай туралы айта келіп Платон: «Каково было намерение бога создавая вселенную? Какова причина создать мир была у него? – Сделать добро, либо Бог добр». Өзі қойған сұраққа Платон кәміл сеніммен өзі жауап берсе, Абай да бұл сұраққа екі жол өлеңмен жауап беріп өтеді.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас…

Махаббатпен жаратқан адамзатты», -деп түсіндіреді Абай дүниенің жаратылу себебін.Бірі Құдай, бірі Алла деп отырса да,  екеуі де бар әлем  бір Жаратушының махаббаты мен мейірімінің арқасында жаралғанына шүбәсіз сеніп отыр. Сократ, Аристотель, Диоген, Еврипид, Аристофандардың арасында талғам мен таным (вкус и убеждение) жайлы таласа жүріп, Платон жаратушы мен жаратылушы жайлы осындай ғарыштық сұрақтарға жауап іздесе, Абай ауылдағы Оразбайлармен арпалысып жүріп-ақ Платон қойған сұраққа өзінше жауап тауып қойыпты.

Төмендер сыбырласады, биіктер сырласады деген осы болса керек.

«Не для одного уголка я рожден: все люди мне братья, весь мир мне отчизна» (Сенека).

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» (Абай)

«Әкенің баласы – адамның дұспаны,

Адамның баласы – бауырың» (Абай)

«Неумеренный гнев пораждает безумие» (Сенека)

«Сан-сан көңілім, сан көңілім!

Сабыр түбі – сары алтын», немесе, «Ашу – асау  ат, тізгінін тартып ұстамасаң орға жығады» (Абай).

«Мы почитаем всех нулями,

А единицами – себя» (Пушкин), «Единица нөлсіз-ақ, аз басымдық болар ол. Единица кеткенде не болады өңшең нөл» (Абай).

«Раньше ты умрешь или позже – неважно. Хорошо или плохо – вот что важно. Хорошо умереть – избежать опасности жить дурно» (Сенека).

Өлім жайлы көп толғанған Сенека: «Адам баласы анадан туа салып өлімге беттейді. Бірі – жақсы өлім, екіншісі жаман өлім, үшіншісі – ерте өлім. Жақсы өлім – Жаратушымен жақын болып, ізгілікпен іс тындырып өлген өлім, жаман өлім – қолынан келіп тұрса да бастаған ісін аяқтауға ерінген адамның өлімі, ерте өлім – өзі өлмей жатып өлу, яғни, ешнәрсе бітіре алмаған адамның жағымпаздық пен жарамсақтықтың арасында жалтақтап өмір сүрген адамның өлімі» (Сенека).

Сенеканың өлім туралы мұндай анықтамасына Абай өлім мен өмір жайлы барлық өлеңдерінде жеріне жеткізе айтып кеткен. Әсіресе, Оспанға деген өлеңі Сенеканың жақсы өлім жайлы айтқан анықтамасына дәлме-дәл келіп-ақ тұр. Үзінді келтірейік.

«Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

…Жақсы өмірің бұзылмай,

Жан біткеннен түңілмей,

Жайдары жүзің жабылмай,

…Жан біткенге жалынбай

Жақсы өліпсің, япырмай!».

Біздің дәуіріміздің І-ғасырында өмір сүрген философ, жазушы әрі ұлы драматург Луций Анней Сенека өлім жайлы  үш анықтамасын жалпы адамзат өміріндегі негізгі қағидаларға сүйеніп, философиялық тұрғыдан тұжырым жасаса, біздің Абай алысқа ұзамай-ақ өзі өмір сүріп жатқан ортадан ойып алып, қарапайым мысал арқылы биік философияға қара жерде тұрып-ақ өз анықтамасын айта білді. Сенека анықтап өткен «жаман өлім» жайлы да Абай қазақы тұрғыда дәл түсініктеме беріп өтеді. «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рахатының қайда екенін білмей, есіл өмірді жарамсыз қылықпен қор етіп өткізеді».

Абай шығармаларындағы асқақ ойлар мен биік философиялық тұжырымдар «Құдайлар мен Ерліктің елі» («Страна Героев и Богов») (Пушкин) атанған көне Грекия ойшылдарының еңбектерімен үндес келіп жатуы бүгінгі оқырманды сан түрлі ойға жетелемей қоймайды. Әлгі аталған ұлы ойшылдар мен ақын-жазушылар анадан шыр етіп туысымен ілім-білімнің ортасында ер жетті. Неше түрлі философиялық ағымдар мен таным теориясының негіздерін түпкілікті зерттеп, өз көзқарастарын ғылыми концепция ретінде әлемдік айналымға шығара білген, сол еңбектері арқылы адамзат қоғамының құрылымдық жүйесіне өзгерістер енгізген бірегей тұлғалар боп тарихта қалды. Ілім-білімнің бұлағынан еркін сусындап, әлемдік ой-теңізінде еркін құлаш ұратындай  Абайда мүмкіндік болған жоқ. Бар болса Семейдің жұпыны кітапханасы болды. Сол жұпыны кітап қоры арқылы Абай таным деңгейінің ғарыштық биігіне қалай көтерілді? Аталған  ғұлама философтардың еңбектерін мәтіндік нұсқасы бойынша оқып шыға алды ма? Сол кітаптар Семей кітапханасынан табыла қалған күннің өзінде (??)  оларды бас көтермей оқып отыруға «Сандалмамен күн кешкен» Абайдың мүмкіндігі болды ма? Әрине, болған жоқ. Оразбайлар оған жайбарақат кітап оқыттырып қоя ма? Үзілді-кесілді «болмады» деп айтайын десең, оның 37-сөзіндегі «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал»,- деген ғақлиясын, 27-сөзінде Сократ шәкірті Аристодимге (Аристотель. Д.И.) қойған:»өнерімен адамды таңқалдырған адам бар ма?» деген сұрағына Аристотель Гомердің ақындығын, Софоклдың трагедияларын, Зевксистің суреттері жайлы айтқан жауаптарына қарап, Абай Аристотельдің өнер, театр, драматургия жайлы «Поэтика» атты әйгілі кітабымен таныс болды ма екен деп те ойлап қаласың.

Луций Сенека өскен орта мен тәрбиенің адам өмірін қалыптастыруға зор ықпал ететіні жайлы айта келіп, мынадай қорытындыға келеді. «Если бы он (Нерон) родился в Парфин, то с младенчества натягивал бы лук, если бы в Германии,- то в детстве уже замахивался бы легким копьем, а живи он в времена наших пращуров, ему пришлось бы выучиться скакать верхом и биться врукопашную. Каждого повелительно побуждает к этому воспитание, принятое у его племени».

Біз білетін ортада «халқым надан болған соң, қайтіп адам болайын» деп шарасыз күй кешіп жүрсе де, Абай сол Сенека жеткен ой биігіне «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» жүріп-ақ қарапайым қазақы тұғыр арқылы көтеріле білді. «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп қазағының жер-жебіріне жетіп ұрысайыншы деп ұрысқан жоқ, оған жаны ашығаннан ұрысты. Адам  болса екен, санасы оянса екен деп «Жапырағы қураған ескі үмітпен», «Ауру жүрегі ақырын жай соққанға» дейін елін «Талаптың дәмін татуға» шақырумен болды. Әрі өздері ермей, әрі ерік бермей «қор еткен» жұртына «Қайраттан беркін, жігерлен сілкін» деп насихат айтудан қажыған кезде ашу-ызаға «шам жағып», сол ашуы жан түбінде жатқан қатпар-қатпар ой маржандарын кезек-кезегімен лықа серпіп көмейге әкеп тірейтін болса керек. Абай халқын сүйгендігінен ұрысты, сүйгендігінен жаны ашыды, сол күйініш пен жаны ашудың «аспандағы ай мен күннің шағылысындай» алапат жарқылынан бүкіл адамзатқа ортақ ой маржандары Парнаста емес, Афинада емес, Римде емес, алыстағы Жидебайда туып, әлемдік ой-санамен қанаттасып, ұштасып жатуын Абай ойының өзіндік жемісі, яғни, Абай феномені деп атауымызға жалтақсыз жол  сілтейді.

Осы мақаланы жазу үстінде жоғарыда аты аталған, немесе, тізімді ұзарта бермейін деген оймен біразының атын атамай кеткен батыс, шығыс ұлы ақындарының еңбектерінен жүзден астам ең асыл деген, бүгінге дейін мәнін жоймаған философиялық тұжырымдарын тізіп шығыппын. Мақсатым – сол  тұжырымдардың бәрін Абай ойларымен салыстырып, олардың ой бірлігін анықтау болатын. Әрине, жүзден астам ол тұжырымдардың бәрін тізіп шығуға орын жоқ. Ең бастысы – сондағы айтылған ойлардың бәрі Абай шығармаларынан табылады екен. Ал, Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі ойлардың көпшілігі берісі жүздеген, әрісі мыңдаған жылдар бұрын не латын, не көне грек тілінде жазылып, бертінде ғана орыс тіліне аударылған кітаптарда шашылып жүргенін байқайсыз. Байқайсыз да, Абайдың кеудесінен Платон айтқан «поэзия музасының қасиетті орын тапқанына» шүбә келтірмейсіз. «Жан қуаты дейтұғын қуат – көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды» – деп 43-сөзінде Абайдың өзі жазғандай, қағаз бетіндегі орынға қанша үнеммен қарасақ та, ұлы Абайдың бүкіл халықтық ұлы тойының тұсында Абайдың ұлылығын танытатын ойларының бағзы заман мен бетінгі заман ойшылдарының таным-түсініктерінен тым болмаса төрт-бесеуін айтып өтейікші.

«Человек рожден для смерти» (Сенека) десе, Абай: «Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ» деп екеуара сөйлесіп отырғандай оп-оңай ой тастай салады.

«Каждый уходит из жизни так, словно только что вошел» (Эпикур). Абай – 34 – сөзді қараңыз.

«Только тот достоин бога, кто презрел богатства» (Эпикур) Абай – 35-сөз.

«Поэзия как ангел утешитель,

Стала меня, и я воскрес душой»  (Пушкин)

Абай – «Өзгеге көңілім тоярсың».

«Всяки истинный человек добра причастен божеству» (Сенека). Абай: «Ұят кімде болса – иман сонда» – 36 сөз).

«Гордиться славою своих предков не только можно, не уважать оной есть постыдное малодушие» «Карамзин). Абай -24-сөз, немесе, «Қазақтың шығу тегі туралы бірер сөз».

«Луцилий, ты удивляешься, что человек идет к богам? Но и бог приходит к людям и даже – чего уже больше? – входит в люди» (Сенека). Абай-35-сөз.

«Страх – стража царей» (Сенека). Абай – «Уайым – ер қорғаны».

«Горе от ума» (Грибоедов). Абай – «Қайғы шығар тілімнен, ыза шығар білімнен».

Тізе берсек бұл секілді қатар ойлар толып жатыр. «Абай – данышпан» деп жалпылама айта бергенше, оның данышпандығын айғақтайтын өлеңдері мен қара сөздеріндегі ойларына там-тұмдап қана сілтеме жасап  өттік.

Қазақ өлеңінің өрісінде Абайға дейін де, Абайдан кейін де «ұлы» деп танылған, немесе, ұлы деп айтуға лайық ақындарымыз аз болған жоқ. Бірақ, солардың бәрінен биік тұрған – Абай.

Несімен? Өлең сөздің бар бояуы мен құдіретін жүрегіне ұялата білуімен, жазба әдебиетінің еуропалық классикалық үлгісін қазақ өлең құрылымына еркін енгізе білуімен, форма мен мазмұнның ішкі-сыртқы гармониясын қазақтың қара өлеңі дәстүрімен табиғи жарасым таптыра білуімен, өзіне дейінгі не батыстың, не шығыстың классикалық поэзиясында кездеспейтін жаңа теңеулер мен эпитеттерді көп ойлап қиналмай, қалыптасқан канондарды бұздым-ау деп жалтақтамай, жасқанбай еркін енгізуі – оны «Бар  жаңаның басы» (Ә.Кекілбаев) ретінде тануымызға мол мүмкіндік береді. Абай ой мен ұйқас іздемейді, ой мен ұйқас Абайды іздеп табады. Қазақтың байырғы сөздерінің өзі Абай қажет етсе жаңаша түр, жаңа бояуға малынып шыға береді екен. «Жас жүрек жайып саусағын», «Уақыт (время) күнді итеріп», «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой», «Ақыл – жүректің  суаты», «Жүрегіңе сүңгі», «Іші залым, сырты абыз», «Күлкінің ерні кезермес», «Балалық өлді, білдің бе?», «Менімен менікінің айрылғанын», «Іштегі ескі жалын», «Ауыр ойды көтеріп ауырған жан», «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар», «Шайтанның шәкірті», «Ұры сағат», «Ұйықтаған ой», «Ызалы жүрек, долы қол, ұлы сия, ащы тіл», «Қырық жамау жүрек», «Адамзат бүгін адам, ертең топырақ».

Басқа ақындардың шығармаларынан қанша іздесең де «Арыстың суынан акула іздегендей» (А.Сүлейменов), осы теңеулерге ұқсас сөздерді таба алмайсың.

А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын бітпей қалған шығарма деп, ал, Онегинді «бола алмай қалған Дон Жуан» деп қаттырақ сынап тастаған Ф.В.Булгарин П.А. Вяземскиге жазған бір хатында: «Пушкин дуэльде  өлмесе оның аты осыншалықты аспандамас еді» деп ұшқары пікір айтып қалған екен. қазақ арасында да Абай жайлы: «Абай өз халқын жерден алып, жерге салып жамандай бермесе, мұншалықты аты шықпас еді» деген күңкілдерді есітіп қаламыз. Егер бәріне осындай принциппен қарайтын болсақ, Наполеон Бонапарттың: «Егер Иисус Христос крестке керілмесе – ол Құдай болмас еді» деген пікіріне бүкіл христиан әлемі мойынсұнып өтер еді. Алайда, олар осылай деді екен деп жалтақтап қалған ешкім жоқ, бәрі де «баяғыдай көрініп» (Абай), өмір көші жалғаса берді – Пушкин  поэзия шыңына айналды, Иисус Христос Құдайға айналды (немесе, айналдырды), Абай – қазақтың  Бас ақынына айналды ( А.Байтұрсынов).

Пушкин мен Абай туралы қатарластыра сөз қозғағанда «Татьянаның хаттары», «Татьянаның қырдағы әні» жайлы айтпай кетуге болмайды. «Евгений Онегин» романында Татьяна Онегинге хат жазбаған, өйткені, ол французша болмаса орысша хат жаза алмайды, тек Евгенимен өз үйінде екінші рет кездескен соң оны жан-дүниесімен құлай сүйген 15 жасар қыз ғашықтық азабын тартып, бар сезімін қиялындағы хатқа түсірмек боп, өз-өзімен арпалысқа түседі. Іште жалындаған махаббат отының әсерінен ол тершіген терезеге кеп «О.Е.» деп жазғанын өзі де білмей қалады. Татьянаның барлық «хаты» осы ғана. Ал, Абайда Татьяна жазған бірнеше хат бар. Абай шығарған «Татьянаның қырдағы әні» бар қазаққа қазақ қызының шерлі махаббатындай боп  кең тарады.

Бұдан шығатын қорытынды – Онегин  мен Татьяна хаттары ешқандайда аударма емес, романдағы сезім толқыныстары мен махаббат азабының поэтикалық керегесін кеңейтіп, жас кеудедегі арман мен амалсыздықты элегиялық-романтикалық биікке көтерген Абайдың төл туындысы деп қарағанымыз жөн.

Бірер сөз – Абайдың 175 жылдық мерейтойының қарсаңында шығып жатқан кітаптардың сапасы жайлы. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикалық Ұлттық кітапханасы бірлесіп шығарған Абай шығармаларының толық жинағы қайта басылып, оқырман қауымды қуантып тастап еді. Кітапты қолға алып оқи бастағанда толып жатқан текстологиялық, грамматикалық, техникалық қателерді көріп, алғашқы қуанышың бәсеңсіп қалады. Кітап мазмұнында «Өлеңдер мен аудармалар» деп көрсетіледі де, кітап ішінде бәрі мидай араласып кеткен. Аудармамен бірге Абайдың өз өлеңдері де жүр. Және, сол аударма өлеңдердің кімдікі екенін өзің ойлап таппасаң, бір де бір авторлары көрсетілмеген. Абайды енді оқи бастаған жас оқырмандар Крыловтың, Пушкиннің, Лермонтовтың, Гетенің өлеңдерін Абайдың өз өлеңдері екен деп қабылдауы әбден мүмкін. Ең бір дөрекі қателік – Абайдың «Есіңде бар ма, жас күнің» деген өлеңіндегі «Жағынасың, боқтайсың» деген қатардағы «боқтайсың» деген сөзі боп тұр. Бұл қателік Абайдың соңғы басылымдарының бәрінде қайталана беріпті. Қай басылым екені есімде жоқ, осы өлеңді біз былайша жаттап өсіп едік:

«Жалынасың, жақпайсың,

Сағынасың, таппайсың.

Махаббат кетті – дос кетті,

Жете алмайсың, тоқтайсың».

Жастық шағы артта қалған адамның сағынышын бұдан артық қалай айтарсың! Ал, бірінші жолдағы «боқтайсың» деген сөз қашан, қалай еніп кетіп жүр? Өткен өмірін сағынған адамның боқтағаны несі? Қайсымыз өткен өміріміздің қызық шағын боқтап еске алып жүрміз? Боқтай қалса, бейпіл ауыз боп дағдыланған баз біреулер боқтайтын шығар, ал, Абай ондай бейәдептікке,  Оспанханшылап айтқанда, «Өлсе де өйтпейді». Өйткені, Абай бәрімізден мәдениетті!

Қазір Абайды бірнеше тілдерге аударып жатырмыз. «Жалынасың, боқтайсың» деген жолды орыс тіліне қалай аударамыз? «Умоляешь, материшься» деп пе? Ұят-ай! Сонда, Абайды қай тілде қалай боқтатамыз? Орысша «маттан» ба, әлде, Шымкентше «шешеден» бе?Әрі-беріден соң, Абай осылай жаза қалған күннің өзінде «боқтайсыңды» «жақпайсыңмен» ауыстыра салсақ, Абайға жасаған қисынсыз қиянат боп табыла қоймас. Менімше, бұл қате араб орфографиясының заңдылығы бойынша, әріптердің жеке тұрғанда, сөз басында, сөз ортасында келуіне байланысты «б» мен «ж»-ның бір-біріне ұқсас таңбалануынан пайда болған қате болуы керек.

Кітап шығару керек, бөлінген қаржыны тез арада игеру керек, бірақ, сапаны да есте ұстау керек қой!

 

*   *   *

Пушкиннің Тройкасы, Абайдың Ақ кемесі

Ресейдегі қалың «ұйқыда жатқан» тобырына қанша ашу-ызасын төгіп бір кезде «Колокольчик однозвучный,  утомительно гремит» деп өлең жазған Пушкин ол тобырдың ерте ме, кеш пе әйтеуір бір оянып, көкірегі сезімтал, көзі ашық ұлтқа айналарына сеніммен қарады. Чаадаевқа жазған хатында ол: «Россия воспрянет ото сна» деп бұрынғы өкініш-күйініштерін бір сәтке ұмытқандай болды. Ұмытып қана қоймай оның зор болашағын да көзіне елестетті. «Уақыт өтер, ұлы орыс тройкасы қоңыраулатып, бар жұртты таңқалдырып, кейбіреулерінің қызғанышын оятып, ел мен елдің арасын қақ жарып өтіп бара жататын кезі де келер» деген үмітпен ескі қайғы-мұңын жуып-шайса, Абай да одан қалыспапты. М.Әуезовтің «Абай» романында мынадай көрініс бар.Биік жартастың  басына шығып алып Абай Ералы жазығына алыстан қарап тұр. Ералы жазығын тегіс тұмшалаған сағым кенеттен Абайдың көзіне шексіз теңіз боп елестейді. Сол теңіз бетінде Абайдың қиялдағы Ақ кемесі жүзіп бара жатыр. Онда ру да жоқ, бұру да жоқ, барымта мен бақай есеп бақталастық та жоқ, үлкен мақсатқа бет бұрып, басқа кемелермен қатарласып ашық теңізге шығып бара жатыр

Ол – қазақтың кемесі

Ол – Абайдың Ақ кемесі.

 

*   *  *

1995 жылы «Жазушы» баспасында директор боп қызмет істеп жүрген кезімде аты-жөні белгісіз бір кісі келіп: «Мынау Абайдың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған өлеңі» деп машинкаға басылған бір жапырақ қағаз ұсынды. Оқып шықтым. Абай стиліне ұқсайтын сияқты. Жалғыз өлеңді кітап етіп шығара алмайсың, газет-журналға ұсынуды асығыстық болар ма екен деп жүргенде мен баспадан кетіп қалдым. Бума-бума қағаздарымды үйге алып келдім. Бірақ уақыт өткен соң баяғы қағаз есіме түсіп, архивтерімді аудара қарап, ақтара тексердім – әлгі бір жапырақ қағаз табылмады. Жуықта  ғана сол папкаларды қайта қарап, басқа бір қағазды іздеп отыр едім, бір жоқты бір жоқ табады дегендей, үшті-күйлі жоқ боп кеткен баяғы сары қағаздың дәл осы мақаланы жазу үстінде табан астында табыла кеткені! Сол қағаздағы «бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған» Абай өлеңі мынау. Енді оның төрелігін абайтанушылар мен көзқарақты оқырмандар айта жатар.

 

Көкіректі шер кернеп көңіл қаяу

Елім бе деп жүргенде досым да жау

Сүйер кісім, сүйенер жақыным жоқ

Бір өзіңе сиындым, о, Құдай-ау.

 

Сөзге ерсем-ақ жолымнан адасамын

Көнбей жүрсем көп итпен таласамын.

Тек отырсам тепкілеп шыдатпайды

Енді қайтіп бұл елмен жарасамын?

 

Бір момынның ұстасам түзік ісін

Жөн демейді ғаріптің жөн жұмысын

Ардан безген, ары жоқ, өңшең залым

Ырылдатып жабады ит пен құсын

 

Көп төбетке жетеді қайдан күшім

Адалды құтқара алмай пысады ішім

Қабағыңды қаққанша қас болады

Жақыным деп жан тартып жүрген кісім.

                                                       

Мақаланың қысқартылған нұсқасы “Егемен Қазақстан” газетінің  2020 жылдың (мамыр) №95, 96 сандарында жарық көрді:

https://egemen.kz/article/235501-dulat-isabekov-pushkin-abay-dgane-basqalar жарияланды.