Дулат Исабеков: Жазушы – зейнетке шықпайтын жанкешті жұрт

Бұл кездесу бұрынғы кездесулерден өзгерек. Себебі де жоқ емес. Жақында Азаматтық авиация академиясында белгілі актер, Қазақ КСР-нің халық артисі Нұржұман Ықтымбаев пен жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтерменен кездесу ұйымдастырып, болашақ ұшқыштармен сыр-сұхбат өткізді. Кездесудің басы әдеттегідей қарсы алудан емес, стюардесса студенттердің сыйлы қонақтарды аэропорттағыдай тіркеуден өткізіп, ұшақ бортына қабылдаудан басталды. Қонақтар бірден ұшақтағы жолаушылардың отыратын бортына емес, пилоттар отыратын алдыңғы жаққа өтіп, ұшақты басқарудың тізгінін қолға алды. Ұшақтың алдыңғы айнасынан ұшу жолағы ап-айқын көрініп тұрды. Пилоттың нұсқауы бойынша қажетті кнопкаларды басып, қонақтар әп дегеннен-ақ ұшу жолағын жүріп өтіп, аспанға қарай самғай жөнелді. Егер де дәл осы сәттегі ұшақ ішіндегі дыбыс пен әйнектегі көрініп тұрған сырттағы әлеммен бағамдар болсаң, өзіңді құдды бір әуеде қалықтап ұшып бара жатқандай сезінеді екенсің. Қонақтар да сондай шынайы сезімді бастарынан өткізіп, арнайы құрылғыда отырғандарын ұмытып та кетті. Әрине, болашақ ұшқыш мамандарды даярлауда жасалған арнайы құрылғы-ұшақтар студенттердің бойындағы алғашқы қорқыныштарын жеңіп, әуені басқарудағы талпыныстарына мүмкіндік береді.

Сейдахметов Бекен Канелұлы басқарып отырған Азаматтық авиация академиясы Орталық Азиядағы ұшқыштар мен инженер-механик, стюардесса сияқты т.б. мамандарды даярлайтын жалғыз оқу орны. Академия ұжымының халықаралық дәрежедегі мамандарды даярлауда алға қойған мақсаттары да үлкен. Болашақ мамандардың отансүйгіштік, танымдық, жауапкершілік сезімдерін нығайта түсу үшін ұйымдастырылған кездесуде Н.Ықтымбаев пен Д.Исабековтер студенттерге өздерінің шығармашылықтары мен бүгінгі қоғамдық өмірге, әдебиетке қатысты сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. Алғашқы сөзді актер Н.Ықтымбаев алып, өзінің балалық шағы мен өнерге қалай келгеніне шолу жасап, жалпы өнер адамына, талантқа керек табиғи дарынның роліне ерекше тоқталып өтті. Студенттер де өз кезегінде актердің шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауаптарын алып, алғыстарын білдірді.

Кездесудің келесі бөлімінде Дулат Исабековке сөз беріліп, студенттер жазушының айтқан танымдық сипаттағы рухани азық боларлықтай қызықты әңгімесін ұйып отырып тыңдады. Төменде сол кездесуде айтылған әңгіме-сұхбаттың бірсыпырасын беруді жөн көрдік.

Қазір ойландыратын шығарма керек

– Бұл кездесу мен үшін ерекше кездесу болып отыр. Талай кездесуге барып жүрміз. Біздің қос қанатымыз – Азаматтық авиация академиясы. Өзім де кездесуге келер кезімде сәл жүрексіндім. Ол жігіттерменен қай тілде сөйлесу керек? Ол жігіттер мен қыздарға қай тақырыпта айтуға болады? Тақырып деген көп. Олар оны қабылдауға дайын ба, дайын емес пе? Және олардың менталитеті басқа гуманитарлық университеттерден басқашалау. Олар нені қабылдағысы келеді? Нені естігісі келеді? Жалпы әдебиет туралы айтудың оларға қажеті де жоқ болуы мүмкін. Өйткені, оларға сен қалай жазып жатырсың? Оның қандай проблемасы бар? деген сұрақтар олар қызықтырмайды және дұрыс та істейді. Егер де оқитын уақыт табыла қалса, олар шығармамен бетпе-бет келеді. Қазір біздің жазушылар қауымы дегеннің өзі Абайша айтқанда. «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой» сияқты болып қалды.

Мен жазушыларды екіге бөлемін. Біреуінің кітабы баспадан шығатын жазушы, екіншісінің шығармасы сәби сияқты дүниеге келетін жазушы. Ал сәби сияқты дүниеге келетін кітап өте аз. Осы сияқты мәселелердің бәрін айтып, бастарыңды қатырғым келмейді. Бізде қазір не бар? Немен өмір сүріп жатырмыз. Жазушы деген еш уақытта зейнетке шықпайтын, өле өлгенше қолында қаламы бар, тіпті, қаламақы төлемесе де жазатын жазушылар бар, штраф салса да жазатын жазушылар бар. Өйткені, ішінде тыңжысы бар. Жазбай отыра алмайды. Юрий Олеша деген мықты жазушы болған. Соның айтатын «Ни дня без строчки» деген сөзі бар. Бізде де солай. Әлі күнге шейін кітап оқудамын. Оқыған сайын ештеңе білмейтініңді түсінесің.

Баяғыда, өздеріңдей студент кездерімізде Ғ.Мұстафинмен кездесу өткізген едік. Сол кезде ол кісі алпысқа келген екен. Қазір біз жетпістен асып кеттік. Сонда айтып еді: «Біз енді қартайдық, балалар. Жеміс салатын әрбір алманың, әрбір өріктің өзінің кезеңі болады. Сол кезеңнен өтекеннен кейін оның түбіне су құйсаң да, май құйсаң да, тыңайтқыш құйсаң да артық бұрынғыдай жеміс бере бермейді. Анда-санда бір-екі түйін салып қоюы мүмкін» деп еді. Сол жасқа біз де келдік. Енді Абай айтқандай «аз жасадық па, көп жасадық па, аз жұмыс істедік пе, көп жұмыс істедік пе, әйтеуір тырбаңдап біраз жерге барған сияқтымыз». Арман дегеннің өзі адамның көзі жұмылғаннан кейін бірге жұмылады. Менің де арманым өте көп. Жазатын нәрсем өте көп, бір өмірің жетпейтін сияқты. Заман өзгеріп жатыр. Маған ылғи да журналистердің қоятын сұрағы бар «Не істеп жатырсыз?», «Мына заманға сәйкес бір нәрсе жазасыз ба?» деп сұрайды. Ал бұл қай заман? Қазақстанның заманы ма, әлде әлемнің заманы ма? Қазақстан, әрине, әлемдік қауымдастықтан бөлініп қала алмайды. Ал біздің қазақтың кейіпкері қазір қандай болуы керек? Міне, мына Нұрекеңдерге (Н.Ықтымбаев) роль жазу үшін қандай кейіпкерді арнауым керек? Бизнесмен бе,  саясаткер ме? Оған да барғым келмейді. Типтік бейне қайда? Естеріңізде болсын, біздің көп жазушыларымыз Европаға еліктейді, Латын Америкасына еліктейді. Орыс керек, француз керек, италиян керек дейді де, түсініксіз кейіпкерді тауып алады. Не қазақ емес, не орыс емес, не француз емес. Аттары қазақша.  Анеля, Жанеля деген сияқты мағынасыз аттар көбейіп кетті ғой. Міне, солай етіп алады да, қай ұлттың адамы екенін ешкім білмейді. Ал шетелде тек қана сенің шығармаңнан өз ұлтыңды іздейді. Біздің жазушылар махаббатты жазамыз дейді де төсекті майқамдап жібереді. Одан Европа баяғыда өтіп кеткен, қызық емес. Немесе қыздарымыз бенен жігіттерімізді шешіндіріп, сүйістіріп қояды. Оларға ол тақырып жиіркенішті. Ал біз әлі соған еліктейміз. Біреудің қаңсығын таңсық көреміз. Олар бізден тақиямызды іздейді, шапанымызды іздейді. Осындай әлемдік өзгерістерде қазақ қалай өмір сүріп жатыр? Оның көзқарасы қалай, махаббаты қалай? Адамгершілігі, кісілігі қалай?  Білімі, менталитеті қалай? Ұлттық жан-дүниесі қалай өзгеріп жатыр? Әлемдегі шындық қазақтың жүрегі арқылы қайтадан қағазға түскенде ол қалай түсіп жатыр? Олар соны білгісі келеді. Ал, жаттанды кейіпкердің керегі жоқ. Міне, қиындығы да осында. Мен де типтік кейіпкер таба алмай жүрмін дегенді көп айтамын. Өйткені, бүкіл қоғамның жүгін арқалайтындай Абай сияқты кейіпкер таба алам ба қазір? Немесе Шолоховтың «Тынық Донындағыдай» Мелоховты таба алам ба? Және сондай кейіпкерді бүгінгі оқырман керек ете ме? «Анна Каренина» сияқты роман жазсам немесе Толстойдың «Воскресенье» деген романындай шығарма жазсам, ондай романды қазір жұрт оқи ма? Және соның кейіпкерін идеал тұта ма? Міне, осындай сұрақтар өте көп. Оның бәріне жауап беру қиын.

Енді менің бір арманым бар. Өткен жолы «Қазақ әдебиетіне» берген сұхбатымда келесі романымның бас кейіпкері Американың өмірлік түрмесінде жатқан қазақтың қызы жайлы болады деп айтқан екем. Ол туралы баспасөз беттерінде көп материалдар шықты. Неміс жазушысы Эрих Ремарктың «Тени в раю» деген романы бар. Бақыт іздеп Америкаға кетіп еді, ажал тауып қайтты. Бақыт іздеп біздің қазақтың қызы да сол жаққа кетіп еді, өмірлік түрмеге түсті. Бақыт деген не? Шетелге мүмкіндігімізді ашып едік, ал бақыт іздеген қыздарымыздың тағдыры анау болды. Міне, осы сияқты өмір деген өте күрделі. Ендігі шығармамның мақсаты не? Бұрынғы шығармалар қалай жазылды? Ендігі көркем шығарма қандай рухта жазылу керек? Міне, жазушылардың да алдында тұрған мақсаты осы. Бұрынғыдай арзан күлкі, арзан махаббат, қыз бен жігіт жүріп, қыз екіқабат болып қалатын сияқты сентиментальды сезімдерге құрылған шығармалардың қазір қажеті жоқ. Қазір ойландыратын шығарма керек. Жылатып, күлдіре білгеннен гөрі адамды ойландыратын ғана шығарма керек. «Мен кіммін? Мына қоғам қайда барады? Мына қоғам кімдікі?  Мәселен, мен Қазақстанда тұрсам да «осы Қазақстан кімдікі? Менікі ме, жоқ басқа біреудікі ме?» деп ойлаймын. Байлығымызды не істеп жатырмыз біз? Игілігін кім көріп жатыр? Осы отырған жігіттердің ертең болашағы қалай болады? Олардың балаларының болашағы қандай болады?» – Жазушылардың алдында осындай сұрақтар тұруы керек. Бізді осындай ойлар қинайды қазір.

“Ұлтшыл” деген сөзден қорқудың қажеті жоқ

Мені ұлтымның тағдыры көп ойландырады. Кешегі Уханьда он төрт миллион халық екен. Ал бізде қазақтардың саны бар-жоғы он екі-ақ миллион. Бәрін қосқанда он сегіз ғана миллион. Дүние жүзінің байлығының 10/1 бөлігі Қазақстанда. Сөйтіп отырып аз ғана халқымызды асырай алмай отырамыз. Он сегіз миллион адамға жұмыс тауып бере алмай отырамыз. Сәл ауыра қалсақ, шетелге барып емделеміз. Кореяға, Израильге барамыз. Ал неге олар бізге келіп емделмейді? Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды. Тәуелсіздік алған жылы туылған бала қазір отызда. Оның хирург болатын, жақсы дәрігер болатын кезі болды. Ал біз әлі сондай кадрларды дайындай алмай жатырмыз. Неге? Сіздер ойлап қалмаңыздар, Дулат Исабеков келіп үкіметті жамандап кетті деп жүрмеңдер. Оны айту – жазушының міндеті. Жазушы шындықты айтпаса, кім айтады? Ол біреудің жағасынан алу үшін емес, ол өмірде болып жатқан шындықты айту ғана, мойындау ғана. Жаңағылардың бәріне «Неге?» деген сұрақ сұранып тұр. Неге кішкентай ғана 92000 кв км. бос жері бар Израиль қу мекиен қу дала, қиыршық тасы бар ел, өлі теңізі бар, тұзы ащы суды тазартып егістік егіп отыр. Біз ұялмай солардан помидор сатып алып жатырмыз. Қандай ұятсыз мемлекетпіз! 3000000 кв.км жеріміз бар. Бір жарым миллиард Қытайдан күріш, ет, алма, жұмыртқа сатып аламыз. Ал біз ше? Неге қарап отырмыз? Осынша жерде, сулы жерде, егінді жерде. Біздің мемлекеттің басында отырған адамдардың елдің болашағынан гөрі қара басының болашағын көбірек ойлайтыны мазалайды. Ішкен-жегендерінің бәрін қалай бойына сіңіремін деп ойлап жатқанына, алған ақшаларының шетінен офшорный зоналарда қалай қалыптастырамын деп ойлады? Оның бәрі газеттерге шығып жатыр, мен бүгін жаңалық айтып жатқан жоқпын. Осыларды қалай болдырмаймыз? Болдырмау – сіздердің қолдарыңызда. Мен жаңа ұрпақтан осыны күтем. М.Жұмабаев айтпақшы «Мен жастарға сенемін». Осы сендер келіп өзгертулерің керек. Егер де ана жақта бір кетпен топырақты лақтыра алсаңдар, сол бір кетпен топырақтан менің халқыма не түседі? Бір шым-шым пайда түсе ме? деп ойлайтын мемлекетшіл адам керек, ұлтшыл адам керек. Ұлтшыл деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. «Ұлтшыл» деген сөз ол – мақтаныш. Ал неге мен ұлтымды сүймеуім керек? Неге мен басқа біреуді сүйіп барып ұлтымды көзге ілмеуім керек? Алдыман маған ұлтым, сонан кейін барып басқалар. Алдыман өзіңді сыйла, сонан кейін артылып бара жатса, басқаларды сыйла. Біреудің аяғын сүрткізбей, біреуді төрге шығарып әбден үйретіп алдық. Соған олар да үйреніп алды. Басынып жатқандар да осылар. Неге вьетнамдықтар келіп мұнай заводтарында қазақтарды сабайды? Неге қытай келіп өзіміздің жерімізде мұнайымызды иемденіп алып, қазақтарға айлыққа 500 доллар, қытайға 2000 доллар береді? Ал сол жақта біздің адамдар сөйтіпі істей ала ма? Біз көрінген адамды министр қойып жатырмыз. Мына біздің авиакомпаниялардың басшыларының бәрі шеттерінен шетелдіктер. Неге өзімізді өзіміз басқара алмай келе жатқан байғұс халықпыз? Отыз жылда жоқ жерден мемлекет құратын кезіміз болды. Кадрларды дайындайтын кезіміз болды. Біз әлі осыған селсоқ қараймыз. Жазушының міндеті – осыларды жазу. Романда жазу қиын болса, мақала жазу.

Неге шетелдегі азаматтарымызды әкеле алмаймыз? Неге қиындатып жібердік? Төрт жыл бойы сандалтып қойып, әрең дегенде азаматтықты береміз? Осы ма біздің ұлтшылдығымыз? Францияның президенті Шарль де Голль кезінде шетелдегі француздарды көшіретін бөлек министрлік құрды. Көшетіндерінің бәрін түгел әкеліп алды дағы, сосын барып министрлікті жапты. Осындай нәрсені біз неге қолға алмаймыз?

«Рухан жаңғыру» дейміз. Рухани жаңғыру деген не? Қазір осы сөз ұранға айналып кетті. Кез келген нәрсе ұранға айналғаннан кейін оның мағынасы жойылып кетеді. Қазір бір кітаптың тұсау кесерін жасасақ «рухани жаңғыру» деп жазып қоятын болдық. Кеңес үкіметінің кезінде де кітаптың тұсау кесері болды. Сонда ол да рухани жаңғыру ма? Бір әншіміз шетелге барып келсе немесе бір елге барып концерт қойса, «рухани жаңғыру» дейді. Ол – рухани жаңғыру емес. Бұл кезекті гастроль, кезекті іс-шара. Рухани жаңғыру сіз бен біздің жан-дүниеміздің жаңғыруы, өмірге көзқарасымыздың жаңғыруы. Оның бастысы – «мен кіммің?» деген сұрақ. Мен қазақпын ба, қарақалпақпын ба, өзбекпін бе, дұңғанмын ба, шешенмін бе? Абай айтқандай «Осыс мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам еді» дейді. Сондықтан осы қазақтың қандай қасиеті бар? Француздан қандай айырмашылығым бар? Менің халқымның өнері қандай? Біздің қазақ халқының өнеріндей бай өнер, айналайын, ешкімде жоқ. Шетелге барып, көріп жатырмыз. Қазақ халқындай талантты халық жоқ. Қазақ халқындай жалқау да халық жоқ. Осы жалқаулығынан сәл ажырайтын болса, көп нәрсе тындырар еді. Бір Димаштың өзі не істеді? Қазақты әлемге танытып кетті және барған жерінің бәрінде қазақша сөйлейді. «Славян базарында» да, Қытайда да, Нью-Иоркте де, бәрінде қазақша сөйлеп жатыр. Қытайда болған кездесуінде «Абай» романын сүйікті кітабым деп айтып еді, бар қытай сол романды оқуды қолға ала бастады. Міні – патриотизм, міні – ұлтыңды сүю. Қай әншіміз барып солай деп айтып еді? Кешегі Ресейдің өзі таң қалып, қандай қазақы тәрбие деп мақтап жатыр. Қалай көкірегіңде мақтаныш сезімі оянбайды? Бұл – біздің ұлымыз. Сол үшін мақтанасың. Осындай ұлымыз көбейсе дейсің.

Азаматтық авиция академиясында оқып жатқан студенттер, сіздер – біздің болашағымыз, қанатымызсыңдар. Адамдардың тағдыры сендерге байланысты. Ол да қиын нәрсе. Біз үйімізде отырып алып самолетпен ұшсақ та, ұшпасақ та сіздерді, ұшқыштардың қамын ойлап отырамыз. Анда-санда біз ұшқанда қорқамыз, ал самолет сендердің жұмыс орындарың. Сендерді қайда жүрсеңдер де Алла сақтап, періште қақсын. Мен бұл тақырыпта шығарма жазған жоқ едім. «Актриса» деген пьесамда ұшқыш кейіпкерім бар. Сонда актриса ұшқыш күйеуіне айтатын «Сен аспандасың, мен жердемін. Екеуіміз екі жақта жүріп арамыз аспан менен жердей болып кетті. Бір-бірімізді байқамаппыз» деген сөзі бар. Сонан кейін екеуі ажырасып, спектакль соңында қайтадан қосылады. Бұл тақырыпқа барғаным осы ғана болатын. Сондықтан сіздерді жерде жүрсеңіздер де, аспанда жүрсеңіздер де періште қақсын. Аман-есен болыңыздар.

Қаламгердің міндеті – шешім айту емес, Абай сияқты сұрақ қоя білу

Бұдан кейін жазушы студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Жазушылыққа деген қызығушылығыңыз қай жасыңыздан басталды?

– Кім біледі оны? Барлық адам алдымен өлеңнен бастайды ғой. Ауылда өлең жазғам. Ол кезде қазіргідей электр шамы жоқ, білте шамманан көзің талғанша кітап оқу мақсат болатын. Абайдың «Қыс» деген өлеңін ағаларымнан бұрын жаттап алатынмын. Сол кездерде әдебиетке деген қызығушылығым ашыла бастаған шығар. Кейін өсе келе бірдеңе түрте бастадық. Тоғызыншы класқа келгенде өлең жаздым, сосын қойдым.  Ол кезде оныншыны бітіре салып, жоғарғы оқу орнына қабылдамайтын. Міндетті түрде екі жыл жұмыс істеп келуің керек. Сол жақсы еді. Мен монтер боп жұмыс істедім. Екі жылда өмірдің мәнін түсініп келесің, есейіп келесің. Адам дегенді, жолдастық дегенді. Сонан кейін ақша дегеннің не екенінің қадірін біліп келесің. Міне, сол кезде өзіңмен өзің болып, еркіндік тиіп жаза бастадық. КазГУ-ге түстік. Университетке түскесін шындап кірісіп кеттік қой. Бірақ, қай күні бастадым, оны айта алмаймын. Әйтеуір, кеудемізге ұрық па, дән бе түскен болуы керек. Сол кейіннен өніп шықты. Ол кезде қазіргідей телефон жоқ, үйде де телефон жоқ. Қыздарымызға хат жазамыз, ол хатты бір-бірімзден беріп жібереміз. Қыздар бірден жауап бере салмайтын. Сарғайтып барып бір жауап алсақ, соған мәз болатынбыз, ғашық болатынбыз. Мен тоғызыншы класта ғашық болдым. Ғашық болу деген адамды поэзияға жетелеп, адамды ақын қылып жібереді екен. Ана қызға деген ғашықтық сезімдеріңді қағазға түсіргің келеді дағыны, әдебиетке сол жетектейді екен. Содан бастадық.

– Қай шығармаңызда өзіңіздің өміріңізді арқау еттіңіз?

– «Қарғын» романында бар шығар. Осы романдағы Жасынның прототипіне байланысты журналистер, оқырмандар әлі күнге шейін сұрақ қояды.  Жасын автордың өзі ме, әлде Асқар Сүлейменов пе? Мен айтам, қалағандарыңды алыңдар. Бірақ, мен үшін Асқар Сүлейменов. Ол романды да жазуыма себепкер болған «Жазушы деген кім? Қандай категорияның адамы? Оның психологиясы қандай? Өмірлік көзқарасы қандай?  Махаббаты қандай? Білімі қандай дәрежеде?» Міне, осындай сұрақтарға жауап беремін деп талпынған шығарма. Бұл 1979 жылы шықты. Содан бері қарай әлі оқылып келе жатыр, қайта басылып та шығып жатыр. Мүмкіндіктеріңіз болса, оқып көріңіздер. Негізінен, барлық шығармада автор жүреді. Фантастика жазсаң да, космос тақырыбын жазсаң да, авиация тақырыбына барсаң да автор жүреді. Автор араласпайтын жері жоқ. Өйткені, қалай болғанда да автордың жанының ұшқыны сонда. Адамның жаны барлық жерде, аспанда да, жерде де бірдей.  Сондықтан автордың оған қатыспауы мүмкін емес.

– «Қарғын» романының құндылығы неде?

– Оны мен қайдан білейін? Оқырманның өзі айтсын. Бұл роман жайлы көптеген мақала шықты. Аяғын жерге тигізбей мақтағандар да болды, даттаған да мақала шықты. Шыға берсін. Жазушының шығармасы, еңбегі тек қана мақталуға тиіс емес. Датталуға тиіс, жамандық жағы да көрінуге тиіс. Роман шыққан кезде «Жұлдыз» журналына үлкен бір мақтау мақала шығыпты. Ана мақаланы оқып шыққасын қарным ашты.  Осындай да мақтау бола ма екен? Білімсіз мақтау. Ал егер де осы романды менің өзіме жамандық жағын жазып берші деп берсе, қатырып тұрып жазып берер едім. Өз кемшілігімді өзім білем. Жұрттар «іштен шыққан шұбар жылан» деп айтып жатады. Жазушының өзінен басқа ешкім де ол шығарманың кемшілігін білмейді және жетістігін де білмейді. Жазушы солай болу керек және өзіне өзі аямай қарау керек. Өз шығармасына бөтен шығарма сияқты қарауы керек. Міне, сол кезде ғана шын шығарма туады деп ойлаймын.

– Жазушы болсын, ұшқыш болсын, кім болсын, әр адамның шабыты болады дейді. Сіз жазушы болғасын кейбір уақытта шабытыңыз ашылып, оянуы мүмкін. Сондай сәттерде не істейсіз? Бізге де келешекте алдымызда сондай сынақтар күтіп тұр. Сол үшін шабыт дегеннің не екенін білгіміз келеді.

– Өзім соңғы кезде шабыт дегенмен араздасып жүрмін. Ол не еді өзі? деп. Шабыт, шабыт деп көп айттық. Сәбит Мұқанов: «Әнеугүні ұйықтап жатсам, шабытым келді дағыны дамбалшаң атып тұрып жазу үстеліне отырдым да қалдым» деп айтатын. Сол шабыттың не екенін білмеймін өзім. Түнде атып тұрып жазбаймын. Оған күй керек қой. Бір образды ойланасың, тақырыбыңды ойланасың, қалай жазамын деп ойланасың. Мен кейде таңға шейін отырып бір сөйлем жаза алмай тұрып кетем. Қазақтың тілін мүлде білмейтін адам сияқты сезінем. Өзіме жаным ашып кетеді. Өзімді өзім ұрсам «қайда кеттің? Неғып жүрсің? Мынау не, таңға шейін ұйқысыз? Сайрап тұр көкірегіңде, бірақ, қағазға түсіре алмайсың. Бұл не? Шабыттың жоқтығы ма? Әлде талғамның күшейгені ме? Осы екеуін ажырата алмай қаласың. Мәселен, «Дермене» деген повесім бар. Шығарманы жазуға отырған кезімде мен бірінші сөйлемге қатты көңіл бөлемін. Ол деген шығарманың бүткіл архитектоникасын, температурасын білдіретін сөз болуы керек. Ал ол маған қиынға түседі. Бірінші сөйлемді жаза алмай бірнеше апта жүрдім. Өте ыстық күнді суреттеу үшін барлық идиомдық сөздерді, барлық тұрақты тіркестерді «табаның күйеді, жыланның арқасы жидиді, шілде шырқырап тұр, аспан айналып жерге түскелі тұр» – бұлардың барлығы да жаңалық емес. Қалай бастау керек? Ешкім айтпаған бір сөзбен бастауым керек. Сөйтіп жүріп әйтеуір тапқан болдым «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс» деген. Осы сөйлемді журналистердің бәрі де өздері тапқандай пайдаланып жүр екен. Осы сөйлем ұнады дағыны ары қарай повесті бастап кеттім. Шабыт деген – адамның өзінің ой-қиялы мен фантазиясы, сонан кейін ішкі әлемінің қатпар-қатпар ойларының бір жерден шығып, екеуінің бір гармониялық ұқсастығы болуы керек деп ойлаймын. Сол кезде тілің де сайрап кетеді, бәрі де төгіліп тұрады. Мысалы, «Қарғын» романын жазғанымда бір айда жазып шықтым. Тағы бір пьеса жазып жатқан кезімде ол ұзаққа созылып кетті дағыны, Чеховтан кейін өзім жақсы көретін орыстың ұлы жазушысы М.Булгаков деген драматург бар. Ондай жазушы, драматург сирек.  Жастайымнан жаттап өскен адамым. Антисоветтік жазушы. Үйге келіп бұрынғы пьесамды жалғастырайын деп отыра беріп едім, бірден Булгаков жайлы «Тор» деген пьесамды жазып көрейінші дедім. Сол пьеса Лермонтов атындағы орыс драма театрында он екі жыл бойы көрсетілді. Ол пьесаны сегіз күнде бітірдім. Ал ана пьесам айлап жүріп алды. Шабыт деген, бәлкім, ішкі үндестік шығар…

– Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз жыл болды деп айтып жатырсыз. Сол отыз жылдағы шешілмей келе жатқан проблемаларын саусақпен санағандай айтып та шықтыңыз. Осы проблемаларды айту жазушылардың міндеті дедіңіз. Ал осы проблемалардың шешімі қалай?

– Ол мәселелердің шешімінің рецептін ешкім айтып бере алмайды айналайын. Жазушының міндеті – шешім айту емес, жазушының міндеті Абай сияқты сұрақ қоя білу. Абай сондай мақсат қойған. Газет-журнал, телевидениені қарап жүрсеңіздер, мақалаларым көптеп шығып жатады. кейде билікке жек көрінішті де болып қалам. Несі бар, айту керек. Президентпен бірнеше рет кездескен адаммын. Алдына көлденең сұрақты да қойғанмын. Латын әліпбиіне көшу кезінде де ақылдастық. С.Елубаев, Б.Нұржеке үшеуімізбен кездескенін білесіздер. Екі жарым сағат сөйлестік. «Нұреке, латын алфавитіне көшеміз. Ал содан кейін не болады?» деп осы сұрақты тікелей өзіне қойғанмын. «Егер де латын әліпбиіне көшетін болсақ, сіздің айтуыңызша орыс мектептері мен жоғарғы оқу орындарында кирилица қалады, ал қазақ мектептері мен оқу орындарында латын әліпбиімен оқиды. Бұл қалай болады сонда? Өзіміз онсыз да үш жүзге бөлінетін халықпыз. Бөлінбейік десек те бөлінеміз. Осыдан кейін төртінші жүзі келіп қосылады ғой. Кирилицамен бітірген жігіттердің бәрі кирилицамен бітірген адамдарды қызметке шақырады ертеңгі күні министр болып жатса, ал латынмен бітіргендер латын тілдіні шақырады. Сөйтіп, екеуі дайдай болмай ма? Сондықтан, менің ұсынысым, латын әліпбиіне анық көшетін болсақ, Қазақстанды түгел көшіру керек. Көшпейтін болса, кирилицамен қала берейік, жұрттың миын қатырмайық. «Жоқ, Қазақстан түгел өтеді» деген. Бірақ, олай болмайтын түрі бар. Тағы да жолығудың сәті түссе, тағы да айтамын. Бірақ, қазір кіммен жолығарымды білмей қалдым.

Осы жұрттар болмайтын бір нәрседен мені батыр етіп қояды. Ассамблеяның мүшесі боп жүрген кезімде бір жиында Монғолиядан келген 800 қазақ екі жыл бойы Қазақстаннан баспана таппай, мал қорада түнеп, квотасын ала алмай, қаңғып қайта қайтып кетті. Моңғол үкіметіне рахмет, олардың азаматтығын қайтадан қалпына келтіріп берді. Осы мәселені президент «кімде сұрақ бар?» деп сұраған кезінде сөз сөйлеп, айтып едім. «Нұреке, «қазақты қалай көбейтеміз?» деп жар құлағыңыз жастыққа тимей сіз жүрсіз. Ал жақында ғана қазақ, орыс газеттеріне мақала шықты. Монғолиядан елім-жерім деп келген сегіз жүз қазақ бұл жақтан пана таба алмай, қайта көшіп кетті. Жетімнің ақысын, оралмандардың ақысын жеген адамдарға жаза бола ма?» деп едім «Жаза болады» деді. Қуанып қалдым. Бірақ, ешбірін де жазаламады. Біреудің жазасын күтпеймін, бірақ, ол жазалауға тұрарлық адам еді. Міне, осындайды айтқаным үшін Қытайдан, Монғолиядан телефон соғып жатты. Ол үшін мені батыр етудің қажеті жоқ. Оны кез келген адам сұрауы керек. Қолына қалам ұстағаны бар, ұстамағаны бар айта алады. Ол азаматтық борышың, парызың.

Баяғыда 1995-97 жылдары қиын, бала-бақша жоқ кез болатын. Сол кезде «Аул уходят в небо» деген мақала жазып, ауылдағы біраз шындықты айтқан болатынмын. Қазақша жазып едім, ешқандай газет баспай қойды. Сосын орысша жазып шықтым. Ә.Нұрпейісев екеуіміз «Казправда» газетіне апарып бердік. «Мына мақаланы бассам, мен орнымнан кетемін» деді Дилдаев. Нұрпейісев қызық адам ғой, «кетсең, кете бер» деді. Мақала басылды. Екі айдан кейін алып тастады. Ол да ерлік жасады, біз де ерлік жасадық. Сонан кейін президент мені шақырып алды. Қызыл, көк қарындашпен сызып-сызып оқыпты. – Мынауың не? – Мақала. – Жала жаптың сен біздің қоғамға. Қайдан көрдің бұндай қайыршылықты? Комиссия құрамын. Егер де мақаладағы айтқан фактілеріңнің 30% расталмаса, мен сені сотқар беремін, – деді. –Тәуелсіз елдің өзінің репрессиясы болатын кезі болды ғой Нұреке. Нөмірі бірінші лауреаттың да түрмеге отыратын кезі болып қалған шығар. Мен, бірақ, шындықты айттым. Комиссияны құрыңыз, бірақ, аппараттан құрмаңыз. Ерікті журналистерден құрыңыз. – Сонымен, комиссияны құрды, жіберді. Бірақ, мені әлі сотқа тартқан жоқ, отырмын. Демек, менің мақалам шын болғаны.»

Студенттер жазушы Д.Исабековтің ерекше шабытпен айтқан жан-жақты жауабынан соң қол шапалақтап құрметтерін білдіріп жатты. Кеш соңында академия ректоры Бекен Канелұлы сөз алып: «Біздің бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, қонаққа келген ағаларымызға рахмет айтайық. Бұл кісілердің өмірлерін естіп жатырсыздар. Бағана азаматтық борыш жайлы көп айтылды. Келешекте еліме, жұртыма адам ретінде, кәсіби маман ретінде қандай пайда келтіремін? деген мәселені көтерді. Сондықтан да біздің даярлап жатқан мамандарымыз, ұшқыштар, инженерлер келешекте елімізге адал қызмет ететін, үлкен азамат боп қалыптасады деп ойлаймын. Жалғыз отбасыларыңыздың ғана қамын ойламай, Қазақстанның да келешегін ойлап жүрген азаматсыздар. Болашақта Азаматтық авиация академиясы түлектерінің жетістіктерімен қуантамыз деп сенім білдіреміз. Сіздер қорықпай ұшаққа отырып, балаларымыздың үлкен жетістіктеріне куәгер бола беріңіздер. Көп рахмет», – деді.

Ахмет АҚМОНШАҚ

“Қазақ әдебиеті” газеті, №11, 13 наурыз